«МЫҢ АЛҒЫС»

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

«Қазақ радиолары» ғасырға жуық тарихында тұтас бір ұлттың тіршілік-үнін, қайталанбас рухани болмысын ұлағаттауды мақсат еткен. Ұлт мәдениетін ұлықтаудан жалықпайтын қарашаңырақ қайырымдылық жобаларды да жүзеге асырып келеді. Соның бір де бірегейі – «Мың алғыс» қайырымдылық концерті. 

Бұл игі шара бірнеше жылдан бері дәстүрлі жобаға айналып, енді, міне, Алматы қаласында да жалғасын тапты. Бұл жолы тағдыры ауыр бес адамды таңдап алған «Қазақ радиолары» негізгі кейіпкерлерін таныстырып та үлгерді. Оның бірі алматылық Болат Дияс.
Болат Тұңғатарұлы 1995 жылдың 28-ақпанда Алматы облысы Райымбек ­ауданы Шалкөде ауылында туған. 2004 жылы сол жақ аяғында өлі ет пайда болды деген диагнозбен Алматы қаласының облыстық ауруханасында емделіп, 2005 жылы сол ауруханада ота жасалған. ­Отадан кейін аяғының көлемі 2-3 есе үлкейіп кеткен. 2012 жылы Сызғанов атындағы ­ауруханада тағы да ота жасатқан. 2017 жылға дейін 3-6 ай сайын ота жасалып, содан бері оннан аса пышаққа түскен. Бірақ нәтиже жоқ. Онкологиялық ауруханада рентгенге түсіріп, қызыл тамыр мен көк тамыр қосылып аяғына 3 литрден астам қан жиналған, «артериовенозная мольформация левого бедра» (сол жақ жамбастың артериоберозды майы) деген диагноз қойылған.
– Адам денесінде 5 литр қан болса, менің сол жақ аяғымда 3 литрден астам қан жиналып тұр. Бұған күрделі отаны тек Оңтүстік Корея елінде ғана жасайды екен. Құны – 19 млн теңге. Менің барлық жағдайымды ескеріп, «Мың алғыс» қайырымдылық кеші арқылы қайырымды жандардан жылу жинап жатқан «Қазақ радиоларына» мың алғыс білдіремін. Оның ішінде Алматы студиясының ұжымына алғысым шексіз. Менің жағдайыма бейжай қарамай, күн-түн демей осы игі шараның басы-қасында шапқылап жүр. Мен аман-есен шауып кетеріме сенемін, – дейді Болат Дияс.
Болат отбасының үлкені. Қайырым­дылық кешіне қатысқан ата-анасы да алғысын жаудырып, көз жастарын жасырын сүртумен болды.
– Біз бүгін Болатты жылату үшін емес, жұбату үшін жиналдық. Мен жап-жас жігіттің ерік-жігеріне қайран қалдым. Жағдайым осындай еді деп жатқан жоқ, қолынан келген тіршілігін істеп, шапқылап жүр. Шама-шарқымыз келгенше көмектессек, бір жігіттің аяқтан нық тұруына себепші болсақ, мұнан асқан игі іс бар ма?! – деген «Қазақ радиолары» ЖШС-нің Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы осы шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген Қазақ радиосының басшысы Құрманбек Жұмағалиға, әріптестері мен игі шараға атсалысқандардың барлығына алғыс білдірді.
Алматылықтардың жүрегін қозғап, Алатауды әнмен тербеген қайырымдылық кешіне Өктем Алтаев, Еркін Шүкіман, Нұржан Жанпейісов, Нұрлан Еспанов, ­Роман Майғазиев сынды көптеген өнер иелері қатысты. Әрқайсысы Болатқа саулық тілеп, көпшілікті жарыса жақсылық жасауға шақырды.
– Мұндай жағдай менің де отбасымда бар. Сондықтан бұл жағдайды жан жүрегіммен сезіне аламын. Сен жігітсің! Сен мықтысың! Ең бастысы біз сенімен біргеміз, соны сезін! – деген Нұрлан ­Еспанов Болат Тұңғатарұлына барынша қолдау білдірді.
Тура бүгін 28 ақпан күні 24 жасқа толып отырған Болат Тұңғатарұлы Диясқа қолдау білдіріп, азғантай болса да жәрдем бергіңіз келсе, мына реквизиттер арқылы көмектессеңіз болады.
РЕКВИЗИТТЕР:
SBERBANK 54276200026499183
KASPI GOLD 5169493124475941
ИИН 950228301382
Дияс Болат Тұңғатарұлы
+77052691570
+77073642874

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.