«Іңкәрім»

Елімізде балабақшаға баратын балалардың саны жыл санап өсіп келеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы мектепке дейінгі ұйымдардағы бала саны – 758772, 2016 жылы – 807170, 2017 жылы 862305 болған. Оларды балабақшамен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Елбасы осындай бюджеттің қауқары жетпейтін тұсқа жеке бизнесті тарту керек екенін айтқан еді.

Қарағанды облысы бүгінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті орнатуда үлгі болар аймақтардың қатарында. Өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашу үшін 700 млн теңге инвестиция тартылған. Ал мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландыру 13,7 млн теңгеге өсіп, бүгінде 25,9 млн теңгені құрап отыр.
Облыста 537 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 230-ы – балабақша, 307-сі – шағын орталық. Мектепке дейінгі ұйымдардағы жалпы бала саны – 55956. Оның ішінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 89,8% (2017 ж.-88,3%), 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100% (2017 ж. – 98,5%) балабақшамен қамтылған. Осы ретте балаларды бұл көрсеткіш мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту есебінен ұлғайғанын атап өту керек. Осы уақытқа дейін өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 1555 орындық 9 жоба іске асырылған. Солардың бірі – «Іңкәрім» мектепке дейінгі академиясы.
Академия 2017 жылдың ақпан айында ашылған. Бүгінде онда 233 бала тәрбиеленіп жатыр. Олар жоғары білікті педагогтардың көмегімен қазақ тілі, ағылшын тілі, менталды арифметика, хореография сынды сабақтарға қатысады. Логопед те бар. Балабақшаның директоры Фархад Маденовтың айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы баланың қарапайым оқу дағдысы, жазу, есеп және адамдармен қарым-қатынас жасау қабілеттерін қалыптастырып, жеке даму және қоғамдық бейімделу міндеттерін шешеді; жүйелі және білім беруді қамтамасыз етеді; сонымен қатар бастапқы білім алудың стандарттық жағдайын қарастырады. «Мектепке дейінгі топтардың оқу жүктемесіне бес білім беру саласының мазмұны кіреді. Олар: «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық» және «Әлеумет» дейді Ф.Маденов. Мұның бәрі ай сайынғы төлемақы – 11000 теңгеге кіреді. Ата-ана баласын осы академияға орналастыру үшін жаңартылған жүйеге сәйкес білім басқармасы ашқан сайттан жолдама алу керек.
Жалпы алғанда облыста балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау автоматтандырылған электрондық жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл жүйенің артықшылығы: қашықтан өтініш беру, барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың тізімін көру, кезекті бақылау, т.б.
Дегенмен, аймақта бөбекжай және арнайы топтардың жетіспеушілігі байқалады. Осы мәселені шешу үшін ағымдағы жылы 1-ден 3 жасқа дейінгі балаларға арналған балабақшалар (топтар) ашу үшін бизнес-құрылымдарды тарту көрсеткішін 64-тен 64,5%-ға ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жеке түзету балабақшаларын ашу үшін де бизнес-құрылымдарды тарту деңгейін 30-дан 32%-ға дейін өсіру көзделген. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мемлекеттік тапсырыс сомасын да екі есеге дейін ұлғайту қарастырылып отыр.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.