Өсімдік майы өзімізге жете ме?

Үкiмет өсiмдiк майлары мен қарақұмық тұқымын экспортқа шығаруға ты­йым салды. Экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң мәлiмдеуiнше, бұл қажеттi шара аталған азық-түлiктiң нарықтағы бағасын тұрақтандыру мақсатынан туындап отыр. Биылғы ауа райының құрғақшылығынан көршiлес мемлекеттерде кейбiр ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiру едәуiр азайып кеттi. Табиғи апаттардың (өрт, су тасқыны) орын алуы агросекторға өз зардабын тигiзбей қойған жоқ. Мұның өзi жекелеген азық-түлiк түрлерiне сұранысты күрт арттырып, тапшылықтың туындауына себепшi болғаны анық. Соның бiрi — өсiмдiк майы.

Бұл, әрине, асханамызда күнделiктi пай­даланатын өнiм. Онсыз астың сәнi келмейдi де. Асқатық майды қаншалықты тұтынып жүрмiз? Ресми деректерге қарағанда, Германияда әрбiр адам жылына 41 келi сұйық май пайдаланса, Қазақстанда бұл көрсеткiш 13 келiден аспайтын көрiнедi. Өсiмдiк майларын өңдейтiн кәсiпорын басшыларының айтуынша, елiмiз бойынша мұндай қажеттiлiктi толық қанағаттандыра алмайды екенбiз. Сол себептi нарықты сырттан әкелiнетiн тауарлар жабатын көрiнедi. Демек, шектеу қоюда да үлкен мән бар. Өңдеу саласының мамандары асқатық майға сұранысты толық қанағаттандыру үшiн республикада майлы дақылдар егiстiгiн көбейту қажет деп есептейдi. Қазақстанда мұндай дақылдар өсiрумен Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Оңтүстiк Қазақстан облыс­тары айналысады. Жоғарыда аталған үш аймақта күнбағыс дақылы егiлсе, оңтүстiк аймақтар мақсары өсiруге маманданған. Биыл Ақмола облысы да 2500 гектарға майлы дақылдар өсiрiп, қатарға қосылуға ұмтылуда.
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның дерегi бойынша өсiмдiк майының бағасы әзiрге көтерiлген жоқ, өткен жылдың деңгейiнде тұр. Қазан айының ал­ғашқы бескүндiгiне дейiнгi мәлiметке көз салсақ, елiмiз бойынша күнбағыс майының литрi 236 теңгенi құраса, Шымкентте литрiн 230 теңгеден сатып аласыз. Ал Астанада – 296, Ақтөбеде – 245, Талдықорғанда – 210, Көкшетауда – 242, Атырауда – 203, Өскеменде – 238, Қарағандыда – 227, Қостанайда – 233, Қызылордада – 238, Ақтауда – 220, Павлодарда – 253, Петропавлда – 236, Алматыда – 270, Оралда – 220, Таразда 227 теңге екен.
Оңтүстік Қазақстан облысы мақсары, мақта және күнбағыс өсiредi. Өңдеу саласы да дұрыс жүйеге қойылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлiметiне жүгiнсек, мақта плантациясы аздап қысқарғанымен, мақсары егiстiгi жылдан-жылға көбейiп келедi. Атап айтқанда, былтыр облыс бойынша 64 мың гектар алқапқа мақсары дақылы өсiрiлсе, биыл ол 92 мың гектарға жуықтаған. Облыс бойынша барлығы 55320 тонна өнiм жиналып, гектар түсiмдiлiгi 6 центнерден айналған. Мамандардың есептеуiнше, жалпы түскен өнiмнен шаңнан тазаланып, басқа да табиғи ысырабын шығарып тастағанда 54200 тоннадай мақсары дәнi алынады. 2500 тоннадайы тұқымға қалдырылса, 49900 тоннасы өңдеуге жiберiлмек. Одан 15200 тонна өсiмдiк майы дайындалады. Мұны бiр деп қойыңыз. Екiншiден, облыс мақта өсiрушiлерiнiң 134 мың гектар алқаптан 255 мың тоннадан астам «ақ алтын» жинаймыз деген межесi бар. Бiр тонна мақта шитiнен 66 келi таза май шығатынын ескерсек, облыс бойынша қосымша 15 мың тоннадай өсiмдiк майы сатуға түспек. Бұдан басқа өңiрiмiзде 9900 гектар танапта күнбағыс егiлген. Жиын-терiмнен 8010 тонна өнiм түссе, оның да едәуiр бөлiгi өсiмдiк дақылдарын сығып, май айы­ратын кәсiпорындарға тапсырылады деген болжам бар.
Майлы дақылдарды өңдеу саласы облыста тәуiр жолға қойылған. Облыстық кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасының есебi бойынша әрбiр аудан мен қалада бар. Ал iрi кәсiпорындар арасынан Шымкент қаласындағы «Шымкентмай» АҚ, «Қайнар» ЖШС, Сайрам ауданында­ғы «Арай» және «КАРМУ» ЖШС-терi, Төлеби ауданындағы «Ленгiр май», «Бақдәулет» және Мақтаарал ауданындағы «Ақ май» мақта майын өңдейтiн жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерi бар. Ал жергiлiктi халықтың игiлiгiне жарап тұрған шағын цехтар қаншама?! Алайда шикiзат жетiспегендiктен олардың бiрқатары толық қуатында жұмыс iстей алмайды. Мәселен, «Қайнар» ЖШС-i тәулiгiне 400 тоннаға дейiн ши­кiзат өңдей алады. Өздерi 8500 гектар танапқа мақсары дақылын егiп, жинап алды. Ол бiрер аптаға ғана жетiптi. Қазiр шарулардан майлы дақылдарды қабылдап жатыр. Аталмыш зауыт жылына 120 мың тоннаға дейiн өнiм өңдеуге қабiлеттi. Өкiнiшке қарай, бұл меже 25-30 мың тоннаның айналасынан аса алмай тұр. Рас, Үкiмет майлы дақылдарды көптеп егу үшiн шаруаларды қызықтыру мақсатында субсидия төлеп, оларды қолдап жатыр. Алайда мұндай қамқорлық аздық ететiнiн егiн өсiрушiлер де, өңдеушiлер де айтып жүр. Оларды толғандыратын проблемалар жеткiлiктi. Жер жыртып, тұқым сеуiп, өнiмiн жинап алғанға дейiнгi шаруаны шаршататын мәселелер шаш-етектен сияқты. Атап айтқанда, дән сепкiштерге, тұқымға, өсiмдiктердiң зиян­кестерiне қарсы күреске қатысты түйiндi түйт­кiлдi тарқататын жағдаяттар көп. Оның бәрiн агроқұрылымдардың өздерi атқаруға дәрменсiз. Кешендi түрде қолға алатын шаруалар баршылық. Жаңа технологияны енгiзу – өз алдына әңгiме ететiн тақырып.

Полатбай Тастанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
— Болжам бойынша облыс көлемiнде өндiрiлген өсiмдiк майы тұрғындарды толық қамтамасыз етуге жетедi. Егiстiк алқаптары бұған мүмкiндiк бередi. Жекелеген өсiмдiк майын өндiрушiлер тiптi алыс және жақын шет мемлекеттерге өнiмдерiн шығарып сатуда. Шаруалардың осы дақылдарды өсiруге қызығушылығы артып келедi. Мұны жылма-жыл ұлғайып жатқан егiстiк танаптарының көлемiне қарап бағамдауға болады.

Қали Сарманов, «Қайнар» ЖШС-ның бас директоры:
— Үкiметiмiздiң өсiмдiк майларын сыртқа сатуға шектеу қойғаны дұрыс. Елiмiзде осы азық-түлiк түрiнiң жетiспейтiнi және рас. Нарық басқа жақтан әкелiнетiн тауарлармен әзiрге толып тұр. Шектеу қолдан тапшылық туғызып, пайда тапқысы келетiндердiң жолын кесетiнi сөзсiз. Бағаны тұрақты ұстауға септiгiн тигiзедi.
Өңдеу саласында жүргендiктен проблемаға жете қанықпын. Майлы өсiмдiктердiң жауы – бiзтұмсық, шегiртке. Зиянкестермен күрес мүлде ұмыт қалған десе де болады. Онымен ешкiмнiң шаруасы жоқ. Зертханалар жұмыс iстемейдi. Осы бағытта көмекке зәрумiз.

Тұрар Жақыпов, Төлеби ауданындағы «Ақсай» ӨК төрағасы:
— 340 гектар танаптың мақсарысын орып алдық. Түсiмдiлiк гектарына 10-11 центнерден келдi. Биыл майлы дақыл еккендерге субсидия екi бөлiнiп берiлдi. Бастапқысы гектар көлемiне қарай төленсе, екiншiсi өнiмдi жинап алғаннан кейiн қабылдау орындарына тапсырған соң салмағына сәйкес берiлдi. Мұның өзi қаймаққа жаймақ.
Бiздiң кооперативке 60 үй мүше. Жыл қорытындысына орай әрбiр отбасына 30-35 литр көлемiнде асқатық майы таратылады.

Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ
Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.