ҚҰШАҚТАР ҚАУЫШҚАН КҮН

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Өзіміздің, ұлтымыздың Жаңа жылы – Наурыз мейрамына да жақын­дап келеміз. Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге санаулы-ақ күндер қалды. Міне, осы айтулы мереке қарсаңында еліміздің батыс айма­ғында бағзыдан сақталып келе жат­қан ізгі дәстүр бар. Ол – Көрісу күні немесе Амал мерекесі деп те аталады.
Бұл күннің ерекшелігі – ертемен ұйқыдан оянған ауыл адамдары жасы үлкен кісілерге сәлем береді. Тұрғындар бір-біріне шынайы пейілмен «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ұзақ өмір сүр!» деген секілді тілектерін арнайды. Осы күні бұрыннан көңілде қалған өкпе-реніш болса, ол ұмытылатын сәт. Құшақтар айқара ашылып, жадыраңқы көңіл-күй, аманшылықты, жақсылықты ниет еткен жүрекжарды лебіздер салтанат құрады.

Көрісу – құшақтардың айқа­суы­мен, ақжарма тілектердің айтылуымен шектелмейді. Жарқын жолығысу үй ішіндегі дәмді тағамдарға толы дас­тарқанда жалғасады. Туыс-ағайынға сақталған соғымның шекесі де осы күні тартылады. Көрісуге барған балалар да бауырсақ, тәттілерге кенелгендеріне мәз болады.
Қыс айлары қазаққа кешегі күнге дейін оңай тимеген. Қазақ үшін байлықтың, тоқшылықтың көзі мал болғаны белгілі. Ал малды қыста шығынсыз сақтау – қатал сын. Қақаған аязы, ұйтқыған бораны, ойда-жоқта жауатын жауын-шашы­ны бар – кедергілері жетерлік. Мал баққан малшылардың мекені – қыстақ. Бір-бірлерінен бірнеше ша­қырым жырақта отырады. Жиі ара­ласып, қатынауға мүмкіндік жоқ. Көрісудің бір сыры осында жатыр. Яғни қысты артқа тастап, жадыраған көк­темге аман-есен жету, жақын-жұ­ра­ғатпен, көрші-көлеммен жүздесу – үлкен қуаныш.
Сол қысыңыздың бүгінгі күні де өзгергені шамалы. Баяғы қаһары, баяғы қытымырлығы. Жылуын төккен нұрлы көктеммен қауышқанымызға біз де қуанамыз. Демек, Көрісу қазіргі таңда да маңызды.
Расында да біз тілге тиек етіп отырған ұлтымыздың ежелгі дәстүрінің құны бүгінгі күні де түсе қойған жоқ. Көрісудің көздеген басты мақсаты – адамдар арасындағы татулыққа, ынтымаққа ықпал ету, өкпе-араздықты, сенімсіздікті болдырмау. Кекшілдіктің шоғына су бүрку, кешірімшіл болу.
Қазір көптің арасынан: «Адамдар бұрын жақсы еді. Бір-біріне мейірімді болатын. Қазіргідей қатыгездік, қаталдық жоқ еді» дегенді естіп қаламыз. Бұл айтылғандардың да жаны бар. Дәл қазір оның себеп-салдарын анықтамай-ақ қоялық. Мәселе бұрыннан қанға сіңген әлгі мейірімді, бауырмалдықты, жылы қарым-қатынасты өз «ауылына» қайтару болып отыр. Бұл бір қол жетпес арман деп айта алмаспыз. Қалпына келтіруге болады. Ол үшін Көрісу секілді өзге де қандастарымызды жақсылыққа, ауызбіршілікке, имандылыққа жетелейтін салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды жаңғырту. Оларды күнделікті тірлігімізде пайдалана білу.
Негізі адамдарды бірлікке, жара­сымдылыққа жұмылдыратын Көрісу дәстүрін тек бір өңірмен шектемей, ел көлемінде атап өтуді жолға қойсақ, мұның еш сөкеттігі болмас еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. QAZAQ

    «Көрісу күні немесе Амал мерекесі деп те аталады.» — осы қате ұғымды дәлитудің түк пайдасы жоқ, ол қазақ арасында араздық туғызады. Қазақстанның батыс және шығыс өңірлеріндегі қазақтар ежелден (орыс патшасы мен кеңестер одағы кезінде де үзіліссіз) қазіргі күтізбекпен наурыздың (ескіше «қамалдың») 14-де Ұлыстың ұлы күні салтанатты түрде жасы кішісі үлкендерін қыстан аман-есен шығуымен құттықтап аса құрметпен, көтеріңкі көңілмен өткізген. «Амал» дегеніңіз шын мәнінде «қамал» болып жүрмесін. Мейрам күні құттықтап келген адам міндетті түрде қос қолын созып көрісетіні анық…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.