Аудармашылар арқылы мәселе шешілмейді

Төбемізде тәуелсіздік аталатын киелі ұғымның көк байрағы желбірегеніне жиырма жыл толғалы отыр. «Аузы күйген үріп ішеді», осы тұста Елбасымыз асығыстық емес, байыптылық пен парасаттылық танытты. Алыс­пен де, жақынмен де татулықты, достастықты, түсіністікті басты нысана етіп ұстады. Өйткені «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп»…
Осы бір мақалдың өзіміз аса мән бермейтін астары тым тереңде екен. Өмір сүрудің, ел болудың заң кодекстерін қазекең мақал-мәтелдері арқылы қалдырған ғой. Қысқа әрі нұсқа.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ Елбасымыз өзінің тәуелсіз мемлекет қалыптастыру жөніндегі ілкі ғылыми еңбегінің бірін осы мақал негізіне сүйеніп, «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деп атаған еді… Иә, «бірліксіз тірлік болмайды».

Біз жоғарыда айтқан «Қазақ­станның болашағы – қоғамның идея­лық бірлігінде» атты бағдарлама социализмнің өмір сахнасындағы өшу дағдарыстарын толық ашып көр­сетеді. Еңбектің басты құндылығы да осында. Алдағы талай ұрпақ бір саяси қоғамдық құрылыстың жетістігі мен кемістігін, жойылуының себеп-салдарын осы еңбек арқылы оқып түсініп, пайымдайтын болады.
Сонымен зердемізде сақталып қалуы үшін социализмнің түбіне жеткен жайттарды тағы бір саусақпен санап, түсін түстеп көрелік. Бірінші – нарықты экономика алдында тізе бүгіп, басын иген жоспарлы экономика дағдарысы: екінші – демократияны қолжаулық етіп, білгенін істеген бюрократиялық саяси билік дағдарысы; үшінші – интернационализм деген атты бүркеншік етіп жамылып, ұлттың уыз қасиетін қылыш­пен қиғылаған ұлттық дағдарыс; төртінші – өзгенің жер-суын, қа­зына байлығын тонау мақсатында туындаған экологиялық дағдарыс; бесінші – адамдарды тілінен, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрінен, наным – сенімінен айырып, мәңгүрт еткен имандылық дағдарысы.
Елбасы осы саусақпен санап көрсетілген апаттардан шығу жолдарын бүкіләлемдік адамзаттық тәжірибемен байланыстыра отырып, бағдарлама сызып, республиканың өзіндік мемлекеттік идеологиясын ұсынады.
Басты мақсат – елдегі барлық саяси күштер мен қозғалыстардың күштерін халықты нарық күй­зелісінен алып шығатын бірлікке, ынтымаққа топтастыру. Ол – ұл­таралық бірлік. Өйткені Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Қай ұлттың өкілі болмасын Қазақстанда тұрады екен, оны қасиетті де киелі Отаным деп мойындап, оның гүлденуі үшін қызмет істеу, ол – ұлтішілік бірлік. Өйткені қазақ ұлтының өзі – жүзден, рудан, тайпадан, бөлімнен тұратын халық. Жікке бөлінемін деп шілдің қиындай шашырап тоз-тоз болып кетпей, «бір халықпыз, қазақпыз, өзгелерге өнеге-үлгі көрсететін ұлтпыз, мынау он сегіз мың ғаламның ортасынан біздің де алатын орнымыз бар» деген биік сенім, сезімде болу. Сөйтіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ең бірінші – әлеуметтік бағдарланған аралас нарықты экономика құру; екінші – ұлттық кәсіпкерлікті қолдау; үшінші – өндірісті құрылымдық жағынан қай­та құру; төртінші – халықты әлеумет­тік қорғау; бесінші – мемлекеттер­ден экономикалық, саяси серіктес­тер таңдау; алтыншы – республикада құқық мәдениеті мен құқықтық реформаны жүзеге асыру; жетінші – қазақ елінің қорғаныс қабілетін сақтайтын ұлт қауіпсіздігін нығайту; сегізінші – біздің барлығымызда бұрынғы КСРО-ның немесе ТМД-ның емес, тәуелсіз болашағы жар­қын Қазақстан мемлекетінің азаматы екенімізді жан жүрегімізбен түсініп, ұғынып, сөйтіп, әрбір адамды бала кезінен «Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бо­йына сіңіруге тәрбиелеу; тоғызыншы – тіл мәдениетін көтеру, оның ішінде өзге тілдерге көлеңке түсірмей, қазақ тілін мәдениеттің бір бөлігі ретінде, барлық қазақстандықтарды біріктірудің қосымша факторы ретінде қарастыру. Ол барлық ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін танытып, білді­рудің негізгі ұйытқысы болуы тиіс.
Осы сәтте қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан Момышұлының мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Бауыржандай әкем, оған серік шешем бола тұра мен тірі жетім болып өсіппін. Оны кейін аңғардым. Адам әке-шешесі жоқтықтан жетім болмайды екен. Адам халқының тілінен, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен бейхабар болғанда ғана тұлдыр жетім болады екен».
Оныншы – еліміздің көп ұлтты ғана емес, көп дінді екенін де еске­ріп, оған түсіністікпен қарау. Дінге идеологиялық қарсы тұрудан бас тарту, бірақ діни сезімдерді қоғамда жанжал туғызу үшін пайдалануға жол бермеу, ең соңында – осындай жаңа идеялық тұжырымдаманы жүзеге асыратын институттарды айқындау. Осылай қоғамды реформалау ісі насихатшылар мен идео­логтардың, оның ішінде бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің терең білімдар топтарына сүйенуі керек. Олар қалың бұқараға, әсіресе, жергілікті халыққа экономикалық стратегия мен тактиканы белсенді түсіндіріп, жеткізушілер болуға тиіс.
Міне, осы міндеттер «Қазақ­стан – 2030» ұзақ мерзімдік бағ­дарламасы­на негізгі өзек болып, олар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ендігі кезек – мемлекеттік тілдің мерейін асырып, аясын кеңейтуге келіп тұр­ғандай. Үкіметіміздің «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасының жобасының әзір­ленуі – осының айқын айғағы. Осы тұста тілді қолдану мен дамыту бағдарламасына қосар өз ұсыныс-пікірлеріміз де бар. Иә, мақсат – мемлекеттік тілді ұлт бірлігінің негізгі факторына айналдыру екенін жақсы түсінеміз. Бұл міндеттер бағ­дарламада нақты көрсетілген. Яғни мемлекеттік тілге сұранысты арттыру үшін оны оқыту, насихаттау, ынталандыру тәрізді формаларды қолдану жақсы көрсетілген. Бірақ бізге осы бағдарламаны жүзеге асырудың мерзімі ұзақтау болып көрінеді. Мерзімі ұзақ болған соң тіл үйренушілер мен оның орындалуын талап етушілер арқаны кеңге салады. Оны осының алдындағы 2000-2010 жылдарға арналған бағдарламаның жүзеге асырылуынан-ақ көргенбіз. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дарындағы мемлекеттік тілге деген құлшыныс өзгеше болатын. Кейін бәсеңсіп қалғаны рас. Оған басты себеп – әлгі онжылдық бағдарлама­ға сүйенген жергілікті атқарушы органдардың енжарлығы болатын. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген Президентіміздің ұсынысын да ескере бермедік. Мемлекеттік тілдің тағдырын кәсіпорындар­дың басшылары аудармашыларға ғана жүктеген. Ал аудармашылар арқылы мемлекеттік тіл мәселелері ешуақытта шешілмек емес. Бұл жолғы үлкен үміт күттіріп отырған бағдарламаның орындалуы «Қазақ тілі» қоғамына, жергілікті жердегі тілдерді дамыту басқармаларына ғана емес, біздің бәрімізге, еліміздің әр азаматына тікелей байланысты.
Тағы бір айтарымыз, мемлекеттік қызметке тек қана қазақ тілін толық меңгерген мамандарды ғана алу. Бізде қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері баршылық. Міне, соларды лауазымға тарту керек. Өзен, Бейнеу, Ера­лиев аудандық партия комитеттерінің бұрынғы хатшылары Клинчев, Салов, Черныйлардың пленумдарда қазақша баяндама жасағандарын талай көргенбіз.

Қазағым –түркі тілдің бір бұтағы,
Бір сөз айтып көңіліңді шалқытады.
Бір сөз айтып айбалта асындырып,
Бір сөз айтып бойыңды балқытады.
Күліп атсын әрдайым нұр таңымыз,
Достық әні дейміз тек шырқалыңыз.
«Адам» деген асыл сөз біздің тілде,
Болсақ егер Адам Ата ұрпағы біз.
Кім адал –шашылады соған арай,
Бауыр тұттық ешкімді алаламай.
Қазақ тілі – кемел тіл,
кемеңгер тіл,
Жүрген тек өзіміз ғой бағаламай!

Айтуар Өтегенов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Ақтау қаласы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.