Дайындығың қалай, асаба?

Қоғамда жиі сөз болып жүрген тақы­рыптың бірі – асабалар мен той мәдениеті. Осы мәселеге бірер ой қоса кетуді жөн көріп, қолыма қалам алдым. Менің байқауымша, кей аса­балар басқаратын тойына мүлдем дайындықсыз барады. Көп жағдайда той иесінің салғырттығынан той­дың бағдарламасы жасалмайды. Асаба той басталуға жарты сағат қалғанда, той иесінен қонақтардың тізімін алып жатады. Көбіне бір асабаның бас­қарған тойы, өткен тойдың аумаған көшірмесі болып шығатынын бәріміз де көріп жүрген болармыз.
Бұл ретте айтайын дегенім, асабалардың бұл мәселені назарға алып, той басқаруға арнайы дайындалып барғандары жөн болады. Кәсібіне адал қарайтын кәнігі асабалар үнемі солай жасайды. Олар күні бұрын той иесімен кездесіп бағдарламасын жасамай, дайындықсыз той басқаруға бармайды. Сондықтан мұндай асабалар елге де сыйлы болады.
Өкініштісі, тойларда ата салтымыз, дәстүріміз, суырыпсалма ақындық, шешендік сөздер, бүкіл той қонақтары болып қосылып айтатын халық әндері, терме, күй сияқты ұрпаққа үлгі болатындай өз ұлттық өнерлеріміз қолданыстан қалып барады. Асабалар батыстық той өткізу қағидасына өте үйір. Бастан аяқ селкілдеген батыстың биі. Құлақ жаратын қатты дауыс. Қазақи мәдениетке мүлдем қайшы: анайы сөйлеп, тұрпайы анекдоттар айтып, ерсі ойындар өткізгенде, кейде ұялғаннан жерге қарайтын күйге жеттік.
Тағы бір байқағаным, асабалар той өткізу бағасын шектен тыс шарықтатып жіберген. Жұрттың айтуынша 300-500 мың, тіпті оданда жоғары кездеседі. Қарапайым халықтың жағдайын бір сәт ескерсе деп ойлаймын. Әрине, бұдан өзге айтар түйткілдер баршылық. Ел боламыз десек, сауатты асабалар даярлау мәселесін қолға алуымыз керек. Жалпы, менің ойымша, мықты асабалар әлеуметтік желіде арнайы жазбалар жазып, сайт ашып асабаларға той өткізу жөнінде кеңес, тіл мәдениетінен сабақ, қазақтың той өткізу салтынан ақпараттар беріп отырулары керек. Осындай асабалар өзіне сай шәкірттер дайындаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мұхамбеткәрім ҚОЖЫРБАЙҰЛЫ
Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.