«Қызға қырық үйден тыйым» болмай тұр

Қарыштаған заманның қалтқысыз қимылы басым тұрған бүгінгі күнде әртүрлі халықтың талғамдары түйісетін жағдай орнауда. Былайша айтқанда, дінге, ділге, тілге қарамастан өзге ұлт өкілдермен неке құру жиілеп, қазақтың қаракөз бұрымдылары шет ел асуда. Өз елінің шырақ жағары болуды емес, өзге елдің келініне айналуға ынтық қыз-келіншектер мәселесі – бүгінгі қоғамдағы түйіткілді мәселе. Себебі, қыз – қоғам айнасы, ұлттың ең нәзік тұсы әрі ары мен намысы.

Бүгінде қазақ қыздары өзге ел азаматтарына, мәселен, түрік, америкалық, қытайлық, араб пен Африка елдерінің азаматтарына тұрмысқа шыққан. Кейбір қоғамдық ұйымдардың зерттеуіне көз жүгіртсек, 18-20 жастағы бойжеткендердің үштен бірі шетелдік жігітке тұрмысқа шыққысы келеді. Ең қылжылтатыны- бұл көрсеткіштің тең жартысы қазақ қыздары. Деректерге сүйенсек, өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуды таңдағандардың тең жартысы негізінен Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұрғындары. Ал 2008 жылдан бастап, 2017 жылға дейінгі көрсеткішке назар қойсақ, 2017 жылдың 10 қарашасына дейін елімізде 70207 аралас неке тіркелген. Елімізде 29299 қазақ қызы өзге ел азаматына тұрмысқа шыққан. Нақтылай кетсек, 2016 жылы 62-қытай, 189-түрік, 858- ресейлік азаматпен неке құруды мақұл көрген. Ал 2017 жылдың 10 қарашасына дейін қытайға 41, түрікке-126, ресейлік азаматтарға-786 қарагөзіміз жар атанған. Жоғарыда көрсетілген мәліметтер ұлт болашағын қалыптастырар қыздар мәселесіне бейжай қарамауды негіздесе, бұл көрсеткішке бізді не жетелеп отыр деген сауал туындайды. Осыбір тұста материалдық жағдайға баса назар қойып, елдікті емес, қалтаны ойлайтын қыздар қауымын әр үйдегі отанасы тәрбиелеп жатыр ғой деген ой туады. Кезіндегі тектілікке мән берген аналар, бүгінде теңгесіне көп алаңдайтындай. Отбасындағы қызға бөлінер аз уақыт, әке мен ананың рөлінің төмендеуі, «қарындасым» деп тоқтау қойып, қорған болар ағаның сөзі, яки өзін үлгі етерін еске салар інінің ісі бүгінде бұранғыдай емес.
Бүгінде көршілес ел, Ресей азаматтарына тұмысқа шыққан қыздарымыз көбеюде. Қою қара шашын шорт кесіп, сарыға тек шашы емес бойындағы бар қазақилық боялған. Айтқым келгені, орыстанып, өз ұлтын ұмытқандай. Ал олардың ата-анасынан қыздары жайлы сұрасаң, «жағдайлары жақсы, жеке тұрмысы біздегідей емес» деген жауапты естисің. Бұл тұста ата-ананың қыздың өзге елге, өзге ұлтқа кеткені еш қылжылтпайтынын байқайсың. Ал бұндай отбасылар бұрындары елімізде некен-саяқ болатын.
Ұлт тәрбиесінің әлсіздігі мен ұлттың рухани ақсақтығы, ғаламтордың торына іліккен шақ пен батыстың қаңсығын таңсық көрер қоғам — күлімкөздердің Алаш деп ұрандаған елдің болашағына бейжай қарауына әкеп соғуда. Қыз –ол қоғам айнасы, ұлт болашағы, қазақ ұрпағының анасы, қазақ елін гүлдендірер берекенің бастауы. Ұрпақ әкелуші, әрі оны тәрбиелеуші бойжеткендер шет елге кетсе, түп-тамырымен сол ұлттың адамына айналады. Оның тілі де, тарихы да қалмайды. Бұлай жалғасу біздің елді, ортаны жақсылыққа алып бармасы анық.

Дана ЕРЛАНҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.