РЕКТОР

Біз жуырда туғанына 110 толған, қажырлы еңбегі мен есімі еліміздің жоғары оқу орындарының флагманы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихында алтын әріптермен таңбаланып қалған тұғырлы тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі зерттеуші-ғалым, физика-математика ғылымының кандидаты, профессор Асқар Закарин туралы әңгіме етпекпіз.
Асқар Закарияұлы Закарин 1908 жылдың желтоқсан айында Торғай өңірінің бүгінгі Жанкелдин ауданына қарасты №9 ауылында дүниеге келген. 12 жасында тұл жетім қалған жас өркен өмірдің талай тауқыметін көріп, небір тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерген. Бұл қиын жол – ауыл мектебі, бастауыш партия мектебі, жас жеткіншектер мектебі, Орынбор жұмысшылар факультеті, Кеңестер Одағының көшбасшы оқу орыны – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университеті сияқты ізденіске толы кезеңдерден тұрады. Асқар Закарин – Мәскеу университетінің ең ауыр механика-математика факультетін тәмамдаған алғашқы қазақ баласы.

А.Закариннің балалық шағы мен жалынды жастығы қазақ даласында ғасырлар бойы орныққан ескі дүниенің қирауы мен революциялық қанды оқиғалардың айналымына түскен қиын кезеңіне тап болды. Дүние қайтып оралмастай, астан-кестеңі шығып жатқанда қазақтың бойына қанмен біткен ақылды, өзін-өзі сақтау инстинкті елімізді жалғыз ғана дұрыс жолға, талантты жастардан құрылған ұлтымыздың білімді және пәрменді буынының қалыптасу жолына алып шықты. Ұлт санасын оятқан Алаш арыстарының беделі мен ықпалының арқасында еліміздің әр өңірінен жаңа өскін, болашақтың өскіндері бүршік ата бастады. Қазақ халқының заманауи мәдениеті мен әдебиетін қалыптастырушы М.О.Әуезов, біздің ғылымымыздың негізін қалаушы Қ.И.Сәтбаев сияқты және т.б. Қазақстан мәдениеті мен білімінің, өнері мен ғылымының алғашқы саңлақтары өз өмір жолдарын осы қиын кезеңде бастаған-ды. Солардың ішінде шалғайдағы Торғай даласынан өзінің білім жолын қатарластары қызығарлықтай қажырлылықпен бұзып шыққан жетім-бүлдіршін Асқар Закарин де бар еді.
Ауыл ақсақалдары Закарияның жалғыз тұяғы Асқарды үйлендіріп, әкесінің сөнген ошағын қайта тұтатып, шаңырағын қайта түлеткісі келгенде, математикадан алғаш сабақ берген немере ағасы Әлмағамбет: «Дүниеге бала әкелу мен мал бағу әркімнің де қолынан келеді, ал ауыл балаларының ішінен ғалым болуға әлеуеті жететін тек Асқар ғана. Уақыты келгенде ол да отау құрады. Біз әлі онымен мақтанатын боламыз. Қазір Асқардың жолын бөгемейік. Оқуын жалғастырсын!» деп үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, батылдық танытқан. Сөйтіп, немере ағасы Әлмағамбет Қасымовтың жол сілтеуімен 1926 жылы А.Закарин Орынбор жұмысшылар факультетіне оқуға түседі. Бір өкініштісі, Закариннің білім-ғылымға жолын ашқан Ә.Қасымов 1937 жылы репрессияға ұшырайды. Ал Асқар Закарияұлы ұзақ жылдар бойы анкетасына жақын туысының халық жауы ретінде жазаға кесілгенін жазып көрсетуге мәжбүр болған екен.
Осы жерде кейіпкеріміздің сол кездегі жұмысшы факультеттерінің барлық оқушылары сияқты білімін үлкен ынтамен, зор жауапкершілікпен, шаршап-шалдықпай, талмай ізденіп жетілдіргенін айта кеткеніміз жөн. Закариннің ұрпақтарына мұра болып қалған 1930 жылы түсірілген суретті мұқият қарасаңыз, фотографтың өзінің алдында отырған жастың қарапайым адам емес, рухы мықты, жігерлі азамат екенін сезініп, бар өнерін салып еңбектенгенін көруге болады. Суретте бейнеленген небәрі 3-4 жыл бұрын алыс ауылдан келген жігіт деп айта алмайсыз. Басқа суреттерден де Сізге парасатты, байсалды, мақсатқа талпынған, асқақ арманға қол созған, намысқор жастар қарайды.
Жұмысшылар факультеттерінің маңызы аса зор еді. 1920-1930 жылдары Кеңестер Одағы бойынша мыңдаған, Қазақстанда ондаған әр түрлі мамандықтарға баулитын медициналық (Алматыда), геологиялық-барлау (Семейде), педагогикалық (Орал мен Орынборда), тіпті өнер жұмысшылар факультеті (Алматыда) сияқты оқу орындары ашылған болатын.
Орынбор қаласындағы жұмыс­шылар факультеті ерекше рөл атқарды. Ол түсінікті де – Орынбор сол кездегі еліміздің астанасы және намысқа тырысқан пәрменді қазақ жастарын өзіне қызықтырып, магниттей тартқан орталық болатын. Бұл жұмысшылар факультетін әр жылдары классик-жазушыларымыз Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов және т.б. ғылым мен мәдениет қайраткерлері де бітіріп шыққан.
Мәскеу университетінде оқу (әсіресе алғашқы екі жылда) орыс тілін нашар білетін жас Закарин үшін үлкен сынақ болды. Студенттер үшін қарапайым (элементарлық) математикадан жоғары математикаға өту әлі де оңай түспейді, ал өткен ғасырдың 30-шы жылдары ауыл мектептерінен соң, тіл білмей келіп маңдайалды жоғары оқу орнының ең қиын факультетінде білім жаңғағын шағудың не екенін елестете беріңіз… Сол кездегі жоқшылық, студентке берілетін азық-түлік қорының мардымсыздығы Асқарды түнде вагондардан жүк түсіруге, шеберханаларда жұмыс істеуге, қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүрледі. Бірақ осы қиындықтардың бәрі П.С.Александров, И.И.Привалов, Н.Н.Лузин сияқты кемеңгер корифейлерден білім алу бақытының жанында түк емес еді, екінші қатарға ысырылып кететін. Сондықтан, Асқар Закарияұлы жанкешті, жігерлі еңбектерімен студенттерді күрделі және қызықты математика әлеміне еліктіріп тартқан ұстаздарын зор құрметпен, шәкірттік махаббатымен және үлкен сыйластық сезіммен еске алатын.
Мәскеу университеті сол кезде де тек білім мен ғылымның ғана емес, ірі мәдениет орталығы да болып есептелетін. Студенттер мен оқытушы-профессорлардың алдында белгілі жазушылар мен ақындар шығармаларын оқып, талдауға түсетін, пікірталастар жүргізілетін, артистер өнер көрсетіп, көркемсурет көрмелері ұйымдастырылатын. Студент А.Закарин әлемнің жауһар құндылықтарын құмарта бойына сіңіре білді. Өнерге деген махаббатын өмір бойы сақтап, ұрпақтарына қоры өте бай кітапхана, фонетика, әлемнің ірі қылқалам шеберлерінің шығармаларынан тұратын баға жетпес альбомдар жиынтығын қалдырды. Жан-жақты талант иесі бола тұра, ол студенттік шағында қазақ тілінде бірнеше әдеби әңгіме де жазған.
Міне, осылай, таң қаларлық үйлесім тауып математика мен өнер болашақ мемлекет қайраткерін қалыптастырды.
Асқар Закариннің Қазақстанда ашаршылық басталмай тұрып, Мәскеуге оқуға аттанып кетуін, оның көп туыстарының тағдырын қайталамай аман қалғанын бақытты кездейсоқтық деп санауға да болатын шығар. Бірақ сол тұста Д.А.Қонаев Мәскеуде, М.О.Әуезов Ленинградта, ал Қ.И.Сәтбаев Томскіде оқып жатты. Ал мұны ұлтымыздың, біз жоғарыда айтып кеткен, өзін-өзі сақтау инстинктісінің тағы бір көрінісі-ау деп ойлаймыз.
Асқар Закариннің студенттік өмірін баяндағанда сол жылдары Мәскеу университетінің басқа да факультеттерінде оқыған қазақ студенттерінің өте тамаша тату тобын атап кетпесек болмас. Бұл топ мүшелері – Қазақстан ғылымының жарық жұлдыздары, болашақ ғылым кандидаттары мен докторлары, профессорлар мен академиктер – биологтар Т.Дарқанбаев, С.Ибрашева (А.Закаринмен бақытты ғұмыр кешкен асыл жары) мен З.Каипова, тарихшы А.Канапин, химик А.Шарифқанов, математиктер Ө.Жұмабаев, К.Игенов, М.Сәтбаев, С.Аяпбергенов, біздің кейіпкеріміз А.Закарин және біз аты-жөнін білмейтін басқа студенттер.
Осы топ мүшесі, соғыста қаза болған, марқұм Кәрім Игенов студент­тік фотолардың бірінің артына «Біздің міндетіміз жас тістерімізбен ғылым гранитін кеміру, ғылымды игеру ғана емес, келешекте осы ғылымды жасау – міне, Мәскеу универсиетінің мақсаттық бағыттамасы!» деп жазып қалдырған екен. Қандай арманшыл, отансүйгіш, жауапкершілігі орасан жас­тар! Қазақстанның соғыстан кейінгі жылдарда білім беру мен ғылым саласында қол жеткізген жағымды жетістіктері мен толағай табыстарының себебі осында болса керек! Профессор А.З.Закариннің жоғары білім алғаннан кейінгі өмірінің халқына жан аямай қызмет етудің ерен үлгісі екені де осыдан шығар!
Мәскеуде жинаған үлкен білім нәрін жастармен бөлісуді арман еткен Асқар Закарин 1937 жылы Қазақстанға оралып, Абай атындағы Алматы педагогикалық және мұғалімдер институтына (кейіннен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты, бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) ұстаздық қызметке кіріседі. Бірақ ол соғыстың бірінші күндерінен бастап Наманган­ қаласында орналасқан Орта-Азия әскери округінде қайта дайындаудан өтіп, 1941 жылдың қыркүйек айында лейтенант шенінде соғыс майданына аттанады.
Соғыс туралы А.Закарин өзі де көп ештеңе айтқысы келмеген, айтса да сирек еске алатын. Соғыс жайлы қойылған сұраққа қысқа ғана: «Соғыс – ол батпақ, қан және шексіз жолдар» деп жауап беретін кейіпкеріміздің майдан жолдарын қысқаша ғана айтып кетейік. Оның Ржев түбіндегі «Марс» операциясына қатысқанын, Великие Луки қаласын жаудан­ босатқанын, Невель қаласын азат етуге қатысқаны үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталғанын (соғыс кезінде басқа да орден медальдармен марапатталған), 1944-1945 жылдары капитан шенінде «Жауға қарсы аттан! (Вперед на врага!» газетінің әскери тілшісі болғанын, 1945 жылғы маусым – 1946 жылғы сәуір айы аралығында Забайкалье-Амур майданының «Суворовша тықсыру (Суворовский натиск)» газетінің корреспонденті ретінде Манчжурияны жапон басқыншыларынан азат еткен көптеген әскери бөлімдерде болғанын атап өтсек те жеткілікті шығар. Әскери-қазақтарға арналған газеттердің тілшісі болып қызмет етудің Асқар Закариннің тағдырындағы ерекше ролін де еске алғанымыз ләзім. Осы кезде ол әдеби қабілеттерін көрсету, әр деңгейлі білімі бар, түрлі әскери және азаматтық мамандықтарды игерген көп ұлттың солдаттарымен және офицерлерімен тату араласу мүмкіндігіне ие болды. Осында болашақ көрнекті жазушы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Георгий Марков, Кеңестер Одағының батыры, болашақ мемлекет қайраткері, ғалым-академик Мәлік Габдуллин, болашақ ғалым-экономист, академик Сақтаған Бейішев, атақты қазақ жазушысы Дихан Әбілев сияқты және т.б. өмірлік дос­тар тапты. Бүкіл Кеңестер Одағы Шығыстың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы А.Закариннің майдандық газетке жазған мақаласынан оқып, білген.
Асқар Закариннің бейбіт өмірі тек 1946 жылы Қазақстан Үкіметінің М.Ғабдуллиннің ұсынысы бойынша жөнелткен өтінішінен кейін басталған. Ол бес жыл соғыстан кейін өзінің білім байлығын жылдам қалпына келтіріп, 1948 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. Себебі соғысқа дейін профессор С.Д.Росинскийдің ғылыми жетекшілігімен біраз зерттеулерді іске асырып үлгерген болатын. Ғылыми бастамаларын соғыс кезінде де сақтап қалуға тырысқан. Полктастарының айтуынша, майданда аз ғана тыныштық орнап, жауынгерлер тыныстап жатқанда ол х, у белгісіздерімен шұғылдана берген.
Соғыс басталғанда Мәскеу, Ленин­град, Харьков сияқты ғылым орталықтарынан Алматыға эва­куа­цияланған математиктер К.П.Персидский мен Е.Г.Ким, физик­тер Л.А.Вулис, Г.А.Тихов, В.В.Чердынцев, биологтар Б.А.Дом­бровский, А.П.Полоухин, химиктер Д.В.Сокольский, М.И.Усанович сияқты белгілі ғалым-академиктер елімізде ұзақ жылдар жұмыс істеп, қалып қойды. Соғыстан аман қайтып, осындай ғылыми ортаға оралған Асқар Закариннің диссертация қорғауды кейінге қалдыруға қақысы жоқ еді.
1950 жылы сол кездегі Қазақстан ағарту министрі, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының коррес­пон­дент-мүшесі А.И.Сембаевтың ұсынысы бойынша А.З.Закарин педагог кадрларды дайындайтын жетекші жоғары оқу орыны Абай атындағы КазПИ-дің директоры болып тағайындалады. Себебі сол кездегі білім беру жүйесінің ең осал тұсы – мұғалімдердің жетіспеушілігі болатын. Осы мәселені шешуді қолға алған министрдің жас ғалымның қабілетіне, кәсібилігіне, күш-жігеріне көңіл аудармауы мүмкін емес-ті. Бұл қызметте Асқар Закариннің ұйымдастырушылық қабілеті ашыла түсті. Қабырғасында күндізгі бөлімнің 1500 және сырттай оқитын 2700 студенті бар (оның 50% астамы қазақ жастары) педагогикалық институттың басшылығына келген кейіпкеріміз бірден мамандар дайындау деңгейін көтеруге құлшына кіріседі. Ол педагог – аудиторияға нақты бір сала бойынша білім жеткізетін маман ғана емес, педагог – осы сөздің ең кең мағынасындағы, үлкен әріппен жазылатын Мұғалім деп есептейтін. Мұндай Мұғалім өзінің терең білімдарлығымен, жүріп-тұру мәнерімен, шешендігімен, дұрыс киіну әдетімен, тыңдау және жұрттың уайымын бөлісе білу қабілетімен оқушылардың сүйікті адамына, кумиріне айналуы тиіс деп санайтын. Осылай айтқанда ол алғашқы Мұғалімі Әлмағамбет ағасын, жұмысшылар факультеті мен Мәскеу университетінде білім нәрімен сусындатқан ақылшы ұстаздарын есіне алған шығар. Оның әскерде қалыптасқан түзу тұлғасы, мұнтаздай киінуі жұртты қатты қызықтыратын, ректор ретінде қызметкерлерімен ара қашықтықты ұстай білетін және студенттермен тең деңгейде, достарындай сөйлесе алатын.
Осы қызметтегі пәрменді жұмысы республика басшылығының назарын тағы да аударып, 1953 жылы А.З.Закарин С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры лауазымына алғаш тағайындалады. Профессор Закариннің қалған ғұмыры негізінен осы университетпен, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланысты. Ректор Закариннің университеттік білім беру саласына сіңірген еңбегі жайлы оның екінші рет басшылыққа келген кезінен бастап баян­даймыз.
Алдымен оның мемлекеттік қайраткер­лі­гіне тоқтала кетейік. Қазақстанда білім мен ғылымға баулудың «бастауыш мектеп – орта мектеп – ЖОО – ғылым» үздіксіз тізбегі өте үлкен жылдамдықпен жүзеге асырылды. Осы бағыттағы қабілеті мен пәрменділігі А.З.Закаринді ғылым, мәдениет және білім беру салалары мемлекет қайраткерлерінің алғашқы қатарына алып шықты. 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында ол Ағарту министрі болып тағайындалды да, күндіз-түні жұмыста жүріп, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап кетеді, жаңа мектептер ашып, ескі мектептердің дер кезінде жөндеуден өтуін қадағалайды, оқулықтардың уақытында басылып шығып, республика бойынша тиімді үлестірілуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде мектептер желісі кеңейіп, 1960 жылға қарай олардың саны 7400-ге жетеді, оның 3125-і қазақша оқытатын мектептер болса, 97 мектеп-интернатта 24 000 қазақ, өзбек және ұйғыр балалары тәрбиеленеді.
1958 жылы Закарин өмірінің жаңа белесі басталып, ол – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сонымен бірге оған Сыртқы істер министрі қызметін (ол кезде осындай хаттамалық лауазымдар да болған) қоса атқару міндеттелді. Бұл шешімдердің кездейсоқ қабылданбағаны анық. Білім беру, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтаумен байланысты мәселелер кешенін біріңғай шешуді жақсы дайындықтан өткен адамға ғана сеніп тапсыруға болатын. Мемлекет қайраткерінің жұмысын сипаттау оңай емес, күнделікті қарбаласта оның ұстанған стратегиялық бағыт-бағдары білінбейді. Жетістіктер ұжымдық жұмылып жасалған еңбекпен келетін болғандықтан, жоғарыда отырған шенділердің негізгі міндеті – талантты және ұлтына құлай берілген, жанындай жақсы көретін тұлғалардың құнды ұсыныстарын қолдап отыру болып табылады. Замандастарының пікірінше, Асқар Закарин іскер, білікті ұйымдастырушы екенін көрсете білді. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінің табысты өтуі де А.Закариннің арқасы дейді олар.
Өткен жүзжылдықтың 50-ші жыл­дарының аяғы мен 60-шы жылдарының басында (Закарин Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызме­тін атқарған кез) орын алған «интел­лек­туалдық жарылыс» нәтижесінде ЖОО мен техникумдар желісі дамып, пайда болған үлкен «шаруашылықты» басқару үшін Қазақстан жоғары және арнайы орта білім беру министрлігі құрылды, Ұлттық Ғылым академиясы жанынан ядролық физика, микробиология және виру­сология, тіл білімі ғылыми-зерттеу институттары ашылып, республикадағы алғашқы ядролық реактор, ұлттық теледидар орталығы іске қосылды. 50-ші жылдардың аяғында елімізде 45 ЖОО, 200-ден аса арнайы орта білім беретін оқу орындары мен 9000-ға жуық мектептер жұмыс жасады.
Закариннің Сыртқы істер министрі ретінде атқарған қызметі де ұшан-теңіз. Азия, Африка және Еуропа құрлықтарының көптеген елдерінің үкімет делегацияларын қабылдап, КСРО делегациясы құрамында шет елдерге шығып, абыройлы азамат республикамызды әлемге танытты. Профессор Закарин қоғамдық жұмысқа да аса үлкен көңіл бөлген. Неше дүркін Кеңестер Одағы коммунистік партиясы съездерінің делегаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше шақырылымдарының депутаты, осы заң шығарушы жоғарғы органның төрағасы болып та сайланған болатын.
1961 жылы А.З.Закарин екінші рет С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры болып тағайындалады. «Университет деген сөздің мәніне назар аударыңызшы, – дейтін ол, – осындай атауға ие оқу орны студентке, оның қай факультетте оқып жатқанына қарамай, әмбебап білім беруі керек! Әмбебаптық үш «китке» – білімге, шығармашылыққа (творчествоға) және мәдениетке негізделеді». Осындай қағида ұстанған ректордың ықпалымен барлық факультеттер Мәскеу, Ленинград, Киев, Новосибирск, Тбилиси университеттерімен тығыз байланыс орнатты. Жетекші академик-профессорлар Алматыға келіп дәріс оқып, келіссөздер жасалды, жоғары санатты мамандар дайындау үшін ҚазМУ студенттерінің үлкен тобы өзекті мамандықтар бойынша орталық пен бауырлас республикалардың үздік университеттерінде машықтанудан өтіп, аспирантураға оқуға жіберілді. Нәтижесінде, Қазақстанның біз білетін қуатты математикалық мектебі қалып­тасты, белгілі математик-акаде­миктер Ө.М.Сұлтанғазиннің, Т.Ш.Кәлменовтың, Ш.Смағұловтың, Н.Т.Данаевтың және т.б. таланттары ашылды.
Оқу үдерісінің тағы бір маңызды элементі – университетке мектепте жақсы оқыған оқушыларты тарту. Бүгінде дәстүрге айналған ашық есік күндері, пәндік олимпиадалар, дайындық курстары­ сол кезде пайда болып, оқуға түсу емтихандары талапкерлердің үлкен сайысына айналды, бір орынға он үміткер таласатын болды.
Студенттердің шығармашылық пен ғылыми жұмысқа қабілеттілігін арттыру үшін университетте академиктер жетекшілік ететін ғылыми-мәселелік зертханалар құрылып, Қазақстанда информатика мен сандық моделдеудің дамуы бастау алған есептеу орталығы іске қосылды, ботаникалық баумен келісім орнады, кітапхана жетілдіріліп, оның қоры өсті.
Ректор Закарин студенттердің жан-жақты дамуына, әлем мәдени құндылықтарын игеруіне де көп көңіл бөлді. Оларға белгілі артистермен, суретшілермен кездесу мүмкіндігін жасады. Оқытушылар студенттерді көрмелер мен концерттерге бастап барды. Жастар көркемөнерпаздар үйірмелеріне тартылып, өз таланттарын ұштады. «Физиктер күні», «Биологтар күні», «Химиктер күні» сияқты жаңа мейрамдар тойланды. Осы шаралардың заңды жалғасы ретінде өнер мен мәдениеттің үлкен жанашыры Бақтажар Мекішев жетекшілік еткен студенттердің «Жеті муза» қоғамы пайда болды. Өнерге ғашық осы ғажайып адам ұйымдастырған ұмытылмайтын кездесулер, пікірталастар, концерттер мен экскурсиялар сол кездегі студенттердің әлі есінде.
Университеттің оқу-тәрбиелік және ғылыми қызметін қажетті материалдық-техникалық базасыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сол жылдары университетке Үкімет үйі беріліп, механика-математика, химия факультеттерінің оқу ғимараттары, спорт кешені салынды.
Закариннің ректорлық қызметінің шырқау шыңы, әрине, бүгінде Алматының төрінде орналасқан университет қалашығы. Оқу орнының әкімшілік және оқу ғимараттары, ғылыми зертханалар, студенттер үйлері мен студенттер сарайы, оқытушы профессорлардың тұрғын жайы бір жерде ықшам орналасуы үшін ректор көп тер төкті. Сол кезде мұндай алып құрылысты жүзеге асыру тек мәскеулік орталықтың шешімімен жүзеге асырылатын. Республика басшылығы мен Қазақстан коммунистер партиясы орталық комитетінің қолдауына ие болған ғалым-ректор өз жобасын көп қарсылық көрсеткен КСРО Мемлекеттік құрылыс комитетінде қорғап шығып, күрмеуі қиын бұл мәселені өз пайдасына шеше алды.
Лауазымы төмендеп, қызмет ауқымы күрт кемігенде де қолын түсірмейтін, оптимизмін, пәрменді өмір салтын ұстап қалатын адамдар болады. Майдангер-ғалым, профессор Закарин сол адамдар санатынан. 1970 жылы оны ҚазМУ ректорлығы қызметінен босатып, осы оқу орнының кафедра меңгерушісі етіп сайлайды. Жастарға нені, қалай оқытуды білетін тәжірибесі мол ғалым-педагог білім беру ісімен қызу айналысып, 1984 жылға дейін бұл қызметті де үлкен абыроймен атқарды.
Ұлт даналығы «Өткенін ұмытқан елдің болашағы жоқ!» демейтін бе еді? Профессор Асқар Закарин аз ғана уақытта елімізді таң қаларлық интелектуалды деңгейге көтерген ұлы буынның жарық жұлдызы ретінде ұрпақ есінде қалуға тұрарлық тұлға екені даусыз.
Ендеше, сөз соңында айтарымыз – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғимаратындағы мәжіліс залына бірнеше жауапты мемлекеттік қызметтер атқарған, ғалым-педагог, жауынгер-журналист, ҚазҰУ-ді екі дүркін басқарған профессор А.З.Закариннің есімі берілсе, елі үшін майданда қан төккен, бейбіт күнде де жан аямай еңбек еткен ерен тұлғаға көрсетілген лайықты құрмет болар еді.

Болат ӘБЕНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

6 Пікір

  1. Камила

    Міне керемет,Болат ағай,қаламыңыз ұштала берсін!

  2. Мадина

    Керемет! Осындай туындыларыңыз көбейе берсін!

  3. Ләйла

    Иә, Болат ағай, дұрыс айтасыз, ҚазҰУға еңбегі ерекше сіңген Асқар ағайдың өмір жолын, еңбкгін ашып көрсетіпсіз!!! Рахмет. Мәжіліс залына атын беру туралы ұсынысыңыз да орынды!

  4. Орынгүл

    Керемет дүние жазыпсыз, Болат мырза! Рас-ақ. Жаза түсіңіз!

  5. Дариға

    Мақалаңыз өте керемет. Сізге де осындай жетістікке жету бұйырсын!

  6. Тәке

    Ғалым-қайраткердің бейнесі сондай ұғынықты сомдалыпты. Өте жақсы жазылған. Тұнып тұрған тарих. «…Д.А.Қонаев Мәскеуде, М.О.Әуезов Ленинградта, ал Қ.И.Сәтбаев Томскіде оқып жатты. Ал мұны ұлтымыздың, біз жоғарыда айтып кеткен, өзін-өзі сақтау инстинктісінің тағы бір көрінісі-ау деп ойлаймыз.» «Бүкіл Кеңестер Одағы Шығыстың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы А.Закариннің майдандық газетке жазған мақаласынан оқып, білген…» Керемет! Тұшынып оқисыз.
    Автор Б.Әбенов кім – ғалым, журналист… псевдоним?!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.