Кино саласына қамқорлық

Отандық киноиндустрия және шоу-бизнес саласында тың серпіліс беретін жоба қолға алынды. Ол «BILTE invest» инвестициялық компаниясы деп аталады. Компанияның ашылуына орай өткен баспасөз мәслихатына режиссер, кинодраматург, жазушы Сатыбалды Нарымбетов, актер, режиссер, сценарист Асқар Наймантаев, қаржыгер, продюсер, «Bilte invest» құрылтайшылары – Едіге Қожахмет пен Алжанбек Болысбекұлы, жапониялық инвестор Хироко Ямашита мен малайзиялық инвестор Хайрул Назим қатысты. 

«Соңғы екі-үш жылға дейін біздегі кино, шоу-бизнес саласы жеке бизнес индустрия ретінде жүйелі түрде қарастырылмаған болатын. Көбінесе табиғи түрде дамып келді. Соны зерттей келе, осы салада маманданған арнайы қаржылық инвестициялық компания құруды жөн көрдік. Осы ретте халықаралық әріптестерімізбен де күш біріктірмекпіз. Мақсатымыз – кино, шоу-бизнес, Youtube арнасындағы жобалар сынды мәдени шығармашылық ұжымдар мен инвесторлар арасында алтын көпір болып, отандық және әлемдік нарыққа қазақстандық сапалы туындыларды ұсыну. Балаларға арналған үлкен жобалар жасау да жоспар­ымызда бар. Жылына жүйелі түрде кемінде 5-10 фильмді Қазақстан және шетел нарығына шығаруды көздеп отырмыз» деді Е.Қожахмет.
Ал Сатыбалды Нарымбетов кино туралы заңның шығуын ұзақ күт­кенін айтты. «Кино туралы» Заңды қабылдап, осы саланы заңдас­тырғанына қуаныштымыз. Бұл заң қабылданбай тұрғанда инвесторлар киноға ақша құюдан тартынатын. Енді оның бәрі заңдастырылды. «Bilte invest» алғашқы болып қадам жасады. Шетелдік әріптестер де бізге қызығушылық танытып отыр. Бұл біздің нарықты кеңейтеді» деді ол. Режиссердің айтуынша, жоба жас, елге таныла қоймаған режиссерлерге мүмкіндік береді. Комедиядан бастап,­ трагедияға дейін әртүрлі жанр қамтылады.
Инвестициялық компанияның алғашқы тәжірибелік туындысы «Мама+Папа» деп аталады. Ол елі­міздегі кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Фильмге қаржы бөлген малай­зия­лық инвестор Хайрул Назим осы жобаға қатысқанына қуанышты екенін жеткізді. Болашақта да Қазақстандағы киноиндустрия, коммерциялық жо­баларға қолдау білдіруге дайын екенін де атап өтті.
Ал Асқар Наймантаев жобаға сәттілік тіледі. Осыдан бір жыл бұрын «BILTE өнер мектебі» құрылғанын атап өтіп, «Терісқақпай» театрының да осы компаниямен қаржыландырылатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстанның кино нарығы соңғы үш жылда қарқынды дамып келеді. Әсіресе, жеке компания­лардың қаражатына түсірілген ком­мерциялық кино саны артқан. Мысалы, 2017 жылы елуге жуық кино түсірілсе, биыл сексенге таяу картина таспаланады деп күтілуде. Сәйкесінше, билет сатылымы да артқан. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы – 23 миллион, 2017 жылы – 36 миллион, 2018 жылы 39 миллионнан астам билет сатылған екен. Ал 2019 жылдың алғашқы екі айында 6 миллион адам киноға барған. Бұл – 70-тен аса кинотеатр, 300-ге жуық кинозалы бар Қазақстан нарығы үшін жақсы көрсеткіш. Ендігі мақсат – кәсіби және жүйелі түрде осы салаға инвестиция құю жұмысын үйлестіру.

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.