Қазақ тілі тегін үйретілмек

Екібастұздықтардың арасында мемлекеттік тілді үйре­нуге ниет білдірушілер саны артуда. Бұл жайында қала­лық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Оның айтуынша, қазақ тілін үйрену курсына өткен жылы 100-ден астам адам қатысса, биылғы жыл бұл көрсеткіш екі есеге өскен. Жалпы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін биылғы жылы қала бюджетінен 4889,0 мың теңге бөлінген екен.
– Мемлекеттік қызметшілер мен барлық санаттағы азаматтарды мемлекеттік тілге оқытуға 1588,0 мың теңге қарастырылған. 10 сәуірден бастап Екібастұзда қазақ тілін тегін оқыту курсы басталады. Курсқа жазылғандар қазақ тілін қарапайымдылықтан жоғары деңгейге дейін үйреніп шығады. Сабақ кестесі курсқа қатысушылар үшін жұмыс уақытымен сәйкестендіріліп қойылады, – дейді А.Жұмабаева.
Қалада мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында өткізіліп жүрген түрлі сайыстар мен іс-шаралар жалғаса бермек. Жыл артса да өзгермейтін таныстыру, ресми аударма секілді талаптары бар бұл сайыстарға өзгерту енгізуге болмас па деген сауалымызға бөлім басшысы «Ұсыныс жасасаңыздар, өзгертуге дайынбыз» деді.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен сауда нысандарының көрнекілік жарнамалары, латын тіліндегі жазбалары келісіледі екен. «Елбасының қазақ жазуын латын ғарпіне көшіру жөніндегі тапсырмасын 2025 жылға дейін кезеңдеп орындау мақсатымен Екібастұз қаласында сәуір айынан бастап «Уақыт сұранысы» атты семинар өткізіледі. Жоспар бойынша 5 семинар қарастырылған. Айына 1 рет, 1 күн. Модератор ретінде Ертіс-Баянауыл өңіріне танымал филология ғылымының кандидаттары А.Зейнуллина, Ы.Шақаман, Б.Сағындықұлы шақырылады» деді бөлім басшысы.
Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы биыл қаладағы кәсіпорындар мен білім беру мекемелеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында семинарлар өткізбекші.

Айдана АЙТУҒАН
Екібастұз

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.