«Қыздарға әсемдік жарасады…»

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану-география институтында биылғы «Жастар жылына» орай Студенттік өзін-өзі басқару кеңесінің ұйымдастыруымен «ЖГИ аруы – 2019» атты қыздар арасындағы байқау өтті.

Шараны ашқан Жаратылыстану-­география институтының директоры Күләш Қаймолдинова өз сөзінде байқау тек сұлулық сынағы емес, институт студенттерінің басым көпшілігі қыздар болғандықтан, оқу орнының дамуына үлес қосып жүрген, оқуда озат әрі ақылды аруларды үлгі етуге арналғанын атап өтті. Байқауға алдыңғы іріктеу сынақтарынан өткен жеті қыз қатысып бақ сынады. Өздерін таныстырудан бастаған олар ән айтып, би билеп, өздері түсірген бейнероликтерін көрсетті, ғылыми жобаларын қорғады. Айта кетерлігі, жоба қорғау барысында жастар айналасына немқұрайды қарамайтындарын байқатты. Олардың жобалары қоршаған ортаны қорғау, жолдағы қауіпсіздік, денсаулықты нығайту сияқты өзекті тақырыптарға арналыпты. Осы жұмыстарын әзірлеу барысында жан-жақты ізденіп, әлемдік тәжірибеге үңілгендері де көрінді. Ал «Білгенге маржан» атты кезекті сынақта арулар қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл турда да қыздар тыңғылықты даярлықтарын көрсетіп, қазылар алқасының тарапынан лайықты бағасын алды.
Белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыш бастаған қазылар алқасы ару қыздардың өнерін әділ бағалауға тырысты. Сонымен, «ЖГИ аруы – 2019» байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдеге Гүлзат Қасенғазы ие болды. Жүлделі бірінші және екінші орындар Әйгерім Ибаділдаева мен Алтынай Оразбековаға тапсырылды. Үшінші орынға Мәдина Сәбитбек лайық деп танылды. Сондай-ақ «Көрермен көзайымы», «Қылықты ару» секілді ­аталымдар да өз иелерін тапты. Барлық қатысу­шылар дипломдармен, сыйақымен марапатталды.
Осылайша, байқау барысында еліміздегі жетекші университеттің бірінде жаңа заманға сай білім алып жатқан қазақтың қаракөз қыздары ақылына білімі сай екенін көрсете білді. Тал бойында бір міні жоқ, өнері мен әдебі, сұлулығы мен парасаты жарасқан ару қыздар көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Дина Имамбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.