Өлеңді өмірім деп еншілеген

Марфуға Бектемірованың есімі елімізге, ең алдымен, талантты ақын ретінде белгілі. Өмірдегі ақ пен қараның, жамандық пен жақсылықтың, адамгершілік пен арамдықтың арасындағы қайшылық туралы, адам табиғатындағы ерекше бір қасиет – ғашықтық пен махаббат, ана тілін сүйген қай қазақтың болмасын жүрегін ауыртқан тіл тағдыры, тәуелсіздігіміз жайлы ақын жазған өлеңдер талай жүректерді тебіренткені ақиқат. 

Өлең болып егіліп, сезім болып төгілген жыр жолдары санасында сәулесі бар кез келген кісіні бейжай қалдыра алмайды. Ақын сөзінің құдіреттілігі, тіл шеберлігі осыдан байқалады. Энциклопедиялық, шалқар білімі бар халқымыздың аяулы перзенті Ақселеу Сейдімбектің соңынан ерген қарындасы – Марфуға Бектемірованың дарынын байқап, «Дегдар ақын» деп бағалап, қадірлеуі содан шығар.
Өнердің көгінде шыңдалып, өлеңді өмірім деп еншілеген Марфуға Бектемірова тек ақын ғана емес, сонымен бірге қаламы жүйрік журналист, шебер аудармашы, сазгер еді. Ұзақ жылдар бойы түрлі ақпарат құралдарында, соның ішінде «Ана тілі» газетінде абыройлы жұмыс істеді. Орыстың атақты ақыны Анна Ахматованың өлеңдерін аударып, «Аударма» баспасынан «Жыр-жауһар» сериясымен кітап етіп шығарды. Оның редакторлық етуімен Марина Цветаева, Сергей Есенин сияқты орыс ақындарының, рим ақыны Публий Овидий, шотланд ақыны Роберт Бернс, ағылшын ақыны Биши Шелли, жапон ақыны Исикава Такубоку, француз ақыны Пьер-Жан Беранже секілді тұлғалардың кітаптары баспадан жарық көрді.
Марфуғаның өлеңдеріне бірқатар композиторлар ән шығарды. Сонымен бірге өзі де ән шығарып, сазгер ретінде танылды. Оның 20-ға тарта әндері бар. Мысалы, «Ақ қайыңға», «Махаббат мұнары» әндері жұртшылық тарапынан жылы қабылданды.
Еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында,Ұлттық академиялық кітапханада өткен Марфуға Бектемірованың «Өшпестей жыр жазамын» атты поэтикалық кешінде осы жайлар айтылды. Жиналған жұртшылық «Ұлттық мұрағат» РМК қызметкерлері ұйым­дас­тырған ақынның кітаптары, құжаттары, суреттері қойылған көрмемен танысты. Аталған кешті Қазақстан Жазушылар одағы қалалық филиалының директоры, «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлығының лауреаты, көптеген республикалық айтыстардың жеңімпазы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды. Оған есімдері елге танымал ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, бірқатар мемлекеттік меке­мелердің қызметкерлері, ­журналистер мен жұртшылық өкілдері, студенттер қатысты.
– Әйел адамға ақын болу оңай емес. Бала-шағасы, үй шаруасы бар, атқаратын қызметі бар. Бірақ соған қарамастан Марфуға Бектемірова өлең жазуға уақыт тапты, ақтық демі біткенше қолынан қаламын тастамады. Әдебиетке адалдығын танытты, өлеңді өмірім деп ұғынды. «Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім» деген өлеңі соның жарқын айғағы. Ұлбике мен Сараға дейін өлең жазған қазақ қыздарының аттары тарихта сақталмай қалды. Жалпы үлкен әйел ақындардың қатарында болудың өзі – бір бақыт. Солардың қатарында Марфуға Бектемірова да бар деп есептеймін. Ол әдеби байқауларға да қатысып, бағын сынады. Өзім қазылар алқасының мүшесі болған «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту» атты республикалық конкурста Марфуға Бектемірованың «Тәуелсіздік – тірегім» поэмасы жүлде алды. Оның қазынасы, байлығы – жазған жырлары, туындылары, әндері. Адамның рухын көтеретін, жүректі елжірететін Марфуғаның шығармалары ел тарихымен бірге жасай береді деп ойлаймын, – деп «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы Айгүл ­Кемелбаева пікірін білдірді.
Поэтикалық кеште ғалым Тұрсын Жұртбай, филология ғылымының докторы, профессор Сәуле Тапанова, ақын-жазушылар Көпен Әмірбек,Ораз Қауғабай, Қорғанбек Аманжол, Сәдібек Түгел, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Әлібек Асқаров, «Ұлағат» мәдениет және даму қорының төрайымы Қамажан Жұмақасова, әдебиетші Құндыз Саттарқызы сөйледі. Олар өмірден ерте кеткен Марфуға Бектемірованың шығармашылығы туралы тебірене сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Марфуғаның сүйген жары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Есенгелді Сүйінов ақынның 5-6 томдық кітап болатын қолжазбалары бар екенін, әзірше соның қос томдығын жариялау, әндерін нотаға түсіріп, аудиотаспа шығару жайлы, өмірден ерте кеткен дарын иесінің есімін есте қалдыру, Астана, Көкшетау, Қостанай қалаларындағы көшелердің біріне оның атын беру жөнінде айтты.
Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Үмітхан Мұңалбаева Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Марфуға Бектемірованың есімі мәңгілік халық жадында сақталатынын, жазған шығармалары қазақ әдебиетінде сүбелі орын алатынын атап көрсетті.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.