Сығанақ – аудан атына лайық

Нажмадин МҰСАБАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері

Кезінде Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында әкім болып қызмет жасағанымда ежелгі Сығанақ қаласына қатысты өткізілген талай мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүріп, қолдау көрсеткенім бар. Жаңақорған ауданының атын осыдан ондаған жылдар бұрын Сығанаққа ауыстырудың қажеттігіне байланысты республикалық «Казахстанская правды» газетіне сұхбат та бергенмін. Бүгін халық үшін аса қажетті бұл тақырып қайта қозғалып, ғалымдар мен жергілікті тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғандығына да қуанып отырмын. Енді өзімнің ой-пікірім мен ұсынысымды тарқатып айтып берейін.

Біріншіден, әлемнің тарихи дерек көзде­рінің барлығында Сыр бойынан орын тепкен Сығанақ қаласының тарихы мен мәдениеті, бұл шаһардан шыққан ортағасырлық ғұламалардың өмірі мен қызметі кеңінен жазылып қалдырылған. Ұлы даланың замана көшіндегі тарихында өзіндік орны бар Сығанақ географиялық карталарда, ғылыми зерттеулерде, археологиялық қазба жұмыстарында көрініс беріп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асып жатқан «Туған жер» атты мәдени іс-шараның жаңа бағыт алып отырғаны да белгілі.
Екіншіден, соңғы екі-үш айдың көлемінде Сығанақ қаласының мәртебесін арттырудың сара жолына қатысты бірнеше ой-пікірлер айтылып, бұл жайда бірнеше мақалалардың жарық көруінің өзі Сыр бойынан қоныс тепкен Сығанақ қаласына үлкен мән беріліп отырғандығын айғақтап тұр. Шындығында, Сығанақ қаласының қазақ мемлекеттігінің үш хандығының (Қыпшақ, Ақ Орда, Қазақ хандығы) астанасы болғандығының өзі ұлтымыздың рухани бастауының алғы шарттарын айшықтап тұрғандығын мойындаған дұрыс. Мәселен, Асан Сарқұлов есімді автор Сығанақ қаласының қазақ тарихындағы өзіндік орны бар екендігін айрықша атап, Х ғасырдағы араб жағрафиятанушысы, әл-Идрисидан бас­тап, Абу ар-Резғақтың дерегі келтіріледі. Сонымен қатар Сығанақ шаһарының зерттелуіне қатысты Қ.А.Ясауи атындағы Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Сәйден Жолдасбаевтың «Сығанақ қаласы аспан астындағы мұражайға айналуда» атты ғылыми еңбегіне сүйеніп, ХVІ ғасырдағы атақты тарихшы Фаззаллах ибн Рузбиханның Сығанақ қаласы маңынан Дешті Қыпшақ басталады» деген жазбасын да назардан тыс қалдырмаған.
Үшіншіден, филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы: «Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының атын Сығанақ ауданы деп ұсынып отырған жоғарыда аты аталған автордың жазған мақаласына толық қолдау білдіремін. Қатар жатқан Түркістан облысының Отырар, Түркістан, Қызылорданың Сығанақ аудандары, бір жағынан тарихи, рухани жадымызды жаңғыртып жатса, екінші жағынан, өңірлердің бір-бірімен өзара байланысын нығайтуда, туризмді дамытуда, ел экономикасының, мәдениетінің қайта жандануына септігін тигізетіндігіне, сөйтіп, өркениеттің басты бағытының сара жолы болатынына кәміл сенемін» дейді.
Ал әйгілі заңгер ғалым, ҚР ҰҒА-ның акаде­мигі, заң ғылымының докторы, порфессор Сұлтан Сартаев өз ойын былайша білдіреді: «Махмұт Қашқари «Диуани лұғат әт-түрк» атты еңбегінде ежелгі қалаға қатысты дерек қал­дырған. В.В.Бартольд, А.Ю.Якубовскийлер Сыға­нақ қаласына қатысты деректерді молынан жазған, тіптен ғылыми еңбек те жариялаған. Мен кезінде А.Ю.Якубовскийдің «Развалины Сыганака» атты зерттеу еңбегін 2008 жылы қазақ тіліне аударып, кезінде оқырмандарға ұсынған да болатынмын. Бір ескерте кетерлігі А.Ю.Якубовский­дің бұл еңбегі бірінші рет 1929 жылы «Хабар ІІ. Мемлекеттік тарих және материалдық мәде­ниеті» деген жинақта жарияланған. (Ленинград. 1929 г). Оның көшірмесін маған берген көрнекті шығыстанушы, филология ғылымының докторы, профессор Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі болатын. Күні кеше орталық басылым «EGEMEN QAZAQSТAN» газетінде ескімізді сақтап, рухымызды асқақтату үшін Жаңақорған ауда­нының аты Сығанақ ауданына өзгертілсе деген пікір де айтылған. Сығанақ қаласының атын Жаңақорған ауданының атына берудің де уақы­ты пісіп-жетілді деп ойлаймын».
Осы жайда көрнекті ғалым, филология ғылы­мы­ның докторы, профессор, Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Сығанақ қаласынан шыққан Сығнақи атты ғұламаларды алғаш рет ғылыми негізде зерттеген өзінің «Қазақ даласының жұлдыздары» («Рауан» баспасы, ­Алматы. – 1995 ж.) мен «Даланың дана перзенттері» атты ғылыми еңбектерінде Сығанақ қаласында ортағасырлық ғұламалар мекендегенін, ғасырлар парағынан талай ойпаздардың жарқырап шыққандығын дәйек ретінде халыққа жеткізген болатын. Біз де атақты ғалымның Жаңақорған ауданының атын Сығанаққа өзгертуіне қатысты пікірін сұрағанымызда: «Сығанақ қаласының ғұламалар мекенінің алтын арқауы болуы­мен қатар, ол жердегі халық ғылымның алтын күмбезінің үстінде отыр. Көне Сығанақ қаласының атын Жаңақорған ауданына беру мәселесі көтерілуде. Бұл өте құптарлық жағдай екен. Менің ­ойымша, өзімнің ғылыми-зерттеуімде атап өткенімдей, Сығанақ атауын осындай іргелі аудан атына беру лайықты деп тауып, оның атын ұлықтап жатсақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз» деген еді.
Ал Сығанақта туып-өскен, сол жерде білім нәрін алған Хусам ад-дин ас-Сығнақидың бүгінде 19 кітабының бар екендігі, оларды шетелдерде кеңінен оқытатындығы, ол жерлерде бүгінге дейін төрт докторлық диссертация қорғалғандығы да белгілі. Қазақстанда алғаш рет осы атақты ғалымның шығармаларынан «Хусам ад-дин әс-Сығнақи еңбектеріндегі «Усул әл-фиқһ» ілімінің лингвистикалық негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған, «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры, PhD докторы Қайрат Құрманбаев: «Бұл біздің тарихи жерлеріміздің қайта гүлденіп, өзінің ортасына қайта қауышуға жол ашып тұрған жоқ па? Олай болса, Қызылорда облысына қарасты, Жаңақорған ауданының атын «Сығанақ ауданы» деп атауға қатысты ұсыныстар өте орынды әрі қолдауға тұрарлық ой-пікірлер дегім келеді. Бұл мәселе оң шешімін тапса, «Отырар-Түркістан-Сығанақ» арқылы туризмнің жаңа бір қыры ашылып, еліміздің өзге жұртқа танылуына есігін айқара ашатын өзекті жолдың біріне айналып, экономикалық табыс көзінің де дами түсуіне жақсы ықпал етері сөзсіз» дейді.
Ендеше, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Сығанақ қаласын Жаңа­қорған ауданына ауыстыруға толық негіз бар. Бұл дегеніңіз, ауданның мерейін асырып, мәрте­бесін көтеріп, тарихи сабақтастыққа мән бергеніміз болар еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.