ЕДІГЕТАНУДАҒЫ ЖАҢА ІЗДЕНІСТЕР

Еліміздің егемендік алуы нәтижесінде көптеген тарихи тұлғаларды бүгінгі ұрпақ жадына оралтудың мүмкіндігі туды. Сондай ұлы адамдардың бірі — Жошы ұлысының беклербегі, көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы, Алтын Орданы 17 жыл билеген Ер Едіге. Ол туралы тарихи-қаһармандық эпостың 50-ден астам нұсқасы бар. 

Түркі халықтарының ортақ құрметі – осы нұсқалардың бәрінде «Едіге деген ер еді, Елдің қамын жер еді» деген сарын кезігеді. Шоқан Уәлиханов, Виктор Жир­мунский, Василий Радлов­, Қаныш Сәтбаев, басқа да көрнекті ғалымдардың зерттеу­лерінде әйгілі жырға жан-жақты талдау жасалды. Өкінішке қарай, кеңестік сұрқай саясат даңқты бабаны тереңірек білуімізді шектегені рас. Сөйтсе де едігетану турасында көршілес республикаларда ілгерілеу баршылық. Мысалы, Қарақалпақстанда бұл жыр мектептің 7-класының оқулығына енгізілген. Татарстан, Дағыстанда Едіге батыр есімімен ауылдар, көшелер аталады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласынан кейін Ақтөбе облысында ұлы бабаны зерттеу бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырыла бастады. Зерттеушілер Едігені Құмкентте туған дейді. Алайда Байғанин ауданында «Едігенің жалы» деген үлкен төбенің болуы, Ноғайты және Сағыз өзендері аралығында батыр есімімен жер аталуы, эпостың Қияс жырау нұсқасындағы: «Жерім жырақ үш айшылық шөл майдан, Шыққан жерім – Қарғалы, Елек, Кеңсайдан» де­ген жолдар есті адамдарға ой салар­лықтай. Аталған өзендер Ақтөбе өңірінде.
Филология ғылымының ­докторы, профессор Жұбаназар Асановтың, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, философия ғылымының ­докторы, профессор Бекежан Аханның, басқа да бірқатар ғалымдардың ұйымдастыруымен облыс аудандарында жұртшылықпен кездесулер өткізіліп, жаңа мағлұматтар жинақталды. «Ер Едіге» қоры құрылып, Банкте арнайы есепшот ашылды. Қор басшылары, кезінде атқарушы билік сатыларында лауазымды қызметтер атқарған Ахат Мырзалиннің, Қайыр­қожа Елеусізовтың ұйытқы болуы­мен облыс орталығында үлкен даңғыл­дардың біріне Едіге атауы берілді. Қазіргі күнде құзырлы орындар рұқсатымен ескерткіш орнатуға әзірлік жасалып жатыр.
Таяуда, сәуірдің үшінші аптасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың екі жылдығы мен «Едіге батыр» эпосының 600 жылдығына орай «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» деген тақырыпта ­халық­аралық конференция өтті. Кең ауқымдағы басқосуға Әзер­бай­жан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұрстан және өз еліміздің бірқатар өңірлерінен арнайы шақырылған қонақтарды облыс әкімі Оңдасын Оразалин қабыл­дап, ой-пікірлерімен бөлісті.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде өткен конфе­рен­цияға ғалымдар, өлкетанушылар, тарихшылар мен студенттер қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов сөз алып, облыс әкімі О.Оразалиннің құттықтау лебізін жеткізді.
Академик, тарих ғылымының докторы, профессор, республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озған­бай баяндамасындағы мағы­налы деректер қатысушылар назарын аударды. 1926 жылы Баку қаласында түркі әлемінің 130 білімпазы қатысқан, кезінде «бірінші съезд» деп аталған басқосуда қазақ ғалымдары түркі әлемінің мәселесін көтереді. Рухани көсеміміз Ахмет Байтұрсынұлы мінбеге екі рет көтеріліп, екі рет баяндама жасады. Біріншісі – қазақ орфографиясы, екіншісі – терминология мәселелері туралы. Естен кетпес қиянат – кейін сол 130 адам түгел тұтқындалған, атылған, асылған.
Әзербайжан ғалымы, ­филология ғылымының докторы, профессор Галиб Амирага оглы Сайылов Едіге батырдың Ақтөбе аймағында жерленгенін нақтылап, ғылыми айналымға енгізу, басына белгі қою жөнінде пікір айтты.
Конференцияға қатысушылар мектеп оқулықтарынан, жоғары оқу орындары бағдарламасынан алынып тасталған «Едіге батыр» жырын қайтадан енгізу мәселесін көтерді. Байғанин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкетанушы Ибрагим Ермекбаев, ғылым магистрі Мақсат Әуелбаев және басқалары түркі халықтарына ортақ мұраға жаңаша көзқарасты өрістету турасында ой қозғады. Қысқа метражды деректі фильм көрсетілді.
Түстен кейін шетелдік ғалымдар Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның ғимаратында этномәдени бір­лестіктер өкілдерімен кездесті. Келесі күні Байғанин ауданына арнайы сапар шегіп, зиялы қауым өкілдері­мен сұхбат құрды. Патшалық Ресей карталарында таңбаланған «Едігенің моласын» көрді, «Едіге» ойпатында болды, өзге де жәдігерлермен танысты.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.