Достық дастарқаны жайылды

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Достық дастарқаны» фестивалі өтті. Алматы қаласында тұратын әртүрлі этностар дастарқан жайып, ұлттық тағамдарын көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ әр ұлттың қонақ күту әдебі көрсетіліп, тағамдардың құрамы мен әзірлеу жолдары, пайдасы айтылды.

Ұйымдастырушылар мерекелік іс-шараның мақсаты көпшілікті Қазақстанда тұратын этностардың аспаздық ерекшеліктерімен таныстыру арқылы мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайту екенін айтады.
«1 мамырда еліміздегі ұлттардың бірлігі күнін атап өттік. Енді ұлттық тағамдардың фестивалін ұйымдастырудамыз. Бұл ұлттардың бірлігін нығайтып, татулығын арттыратын, бір-біріміздің мәдениетімізді терең танып, білуге жол ашатын шара деп білемін» дейді ұйғыр бірлестігінің мүшесі Абдулхалил Толкунтай.
Ал «Жаңғыру» неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Набокова осындай фестивальдердің мәдениетті сақтап, достықты нығайтуға септігін тигізетінін айтып, неміс халқының ұлттық тағамдарының бірі – картоп клецімен таныстырды. «Бұл тағам 12-13 ғасырдан бастап біздің ас мәзірімізге енген. Бұл бай-бағландардың емес, қарапайым халықтың тамағы болған» дейді ол.
Қытай мәдени орталығының жастар қанатының басшысы Ирина Чин де қытай халқының дастарқанымен таныстырды. Олар фестивальге тоғыз түрлі тағам дайындап алып келген. «9 саны Қытайда ұзақ өмір, өркендеуді білдіреді. Дайындаған әр тағамымыздың мәні бар. Мысалы, тұшпара отбасының бірлік-берекесінің нышаны болып саналады. Балық болса, жақсы нәрсенің бастамасы, сәттілік деген мағынада түсіндіріледі. Сол себепті де барлық мерекелік дастарқаннан табылады» дейді И.Чин.
Шараға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен өзге де қонақтар әр ұлттың әзірлеген тағамдарымен танысып, концерттік бағдарламасын тамашалады.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.