Жетім баланың мұңлы күйі

Біздің шаңырақ Қоңырат жайлауының баурайындағы Арқалық өзенінің жағасында орын тепкен. Қонысымыздың маңы аядай ғана ауыл. Бір күні өзен жағалап келе жатсам, көзіме Қызыл жақтан аттылы кісі шалынды. Жақындағанда дөңгеленген жүзін бірден тани қойдым: әкемнің аталас ағасы Жандос көкем екен. Той-жиындарда тамылжыта ән салғанын талай көргенмін. Ол Қызыл өңіріне танымал күйші, жыршы. Ел арасында Үстем жырау атанып кеткен.

Күн ұясына батып келе жатқан шақ еді. Көкеміз үйімізге қонақ болып түсті. Жылқының баппен асылған сүр еті буы бұрқыраған күйі табаққа салынып, сыйлы мейманның алдына қойылды. Ас-ауқат желініп біткен соң ол дастарқанға бата жасап, тілек білдірді. Сәлден соң қолына домбырасын алып, «Бозжорға», «Гәкку», «Жетімсай», «Бөршетау», «Мүлік», «Қаратау» күйлерін тартып, әндерін шырқады. Домбыраның балдай үні тұла бойыңды жігерлендіре түскендей. Жаныңды тебірентеді. Сондай бір ғажап, керемет күй кешкендейсің.
Бір уақытта домбыра үні кенеттен өзгеріп, тылсым жырдың әуеніне ауысты. Бұл сазды әуеннің көкемнің жүрегінен шыққаны бірден байқалды. Қос ішектің баяу тербелісінен желі тартқан мұңлы үн көркем оқиғаны көз алдыңа елестеткендей. Бұл жыр жетім баланың қасіретке толы өмірі жайында. Тереңге тартқан мағыналы сөздері тыңдаушыға ой салып, ерекше толғандыратындай аянышты, әсерлі…
Туындының мазмұны былай: Қаратереңнің жанында бір жетім бала өмір сүріпті. Әке-шешеден жастай қалып, туыстарының қамқорлығында ержеткен. Бірақ ол туыстары оның жетім екенін бетіне басып, түрлі қатыгездіктар жасаған соң зорлыққа шыдамай басқа жаққа бет түзеп кете барады. Қызылға барып мал бағады. Ата-ана мейірімін көрмей, аш-жалаңаш күйінде, жадап-жүдеп жүреді. Жанарында бір мұң, кеудесінде қасіреттің ауыр табы сезіледі. Тағдырдың қиыншылығы жүрегіне жазылмас жара салады. Қамкөңіліне жұбаныш болатыны – мінген аты мен домбырасы, қала берді – сағымдай кең дала.
Түнімен жымыңдаған жұлдыздарға қарап, ата-анасын, келешегін, бақытты отбасын елестетіп, әр таңды армандаумен атырады. Өмір зымырап өте берді. Ол жетіліп, өзінің жүрегінен жарып шыққан өлең-жырларымен елге танымал бола бастады. Күйші-домбырашы атанып, өз жолын тапқан бақытты жан ретінде ғұмыр кешті.
Бір уақытта Жандос көкемнің көркем жыры соңына жетті.
Домбыра үні тоқтады. Үй іші тым-тырыс. Бәріміз қалың ой құшағында едік. Әлгі жырдың сарынынан арылмаған күйі бір рақат сезімге бөленіп қалыппыз. Айналама көз тастасам, анам үнсіз ғана көз жасын сүртіп отыр, әкем де әлденеге мұңаюлы. Домбыра да, Жандос аға да, әкем мен анам да, үйдегілер де бәрінің ауызына құм құйылғандай, жым-жырт бола қалған. Жыр құдіреті, сөз құдіреті мұншалықты әсерлі болар ма?!.
Уақыт құптан мезгілінен ауып кетті. Анам төсек салып жайғастырып, барлығы ұйқыға жатты. Мен әлгі хикаяны ойлап, толғанумен болдым. Түнімен жырды жүрегіме жақын қабылдасам керек, дөңбекшіп жата алмадым. Таң сібірлеп атқанда ғана көзім ілініп кеткен екен. Күн сәскеге жеткенде бір-ақ ояндым. Тұрсам, бәрі шай-тамақтарын ішіп болған. Сыйлы қонағымыз Қызылға жүргелі жатыр екен. Анам ­Жандос ағаға шапан жапты. Атына мінгізіп құрметпен шығарып салдық. Кейінірек білдім, жетім бала туралы жыр-дастан Жандос ағаның өз өмірінен алынған екен. Кейіпкері де Үстем жыраудың өзі. Осынау ғажап жыр, домбырасының сазды үні, жетімнің хикаясы содан бері құлағымнан кетер емес.

Нұр-Алтай ӨМІРЗАҚ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.