ТАЛАПШЫЛ ДЕПУТАТТАН – ТАБАНДЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ ДӘНИЯ МӘДИҚЫЗЫ ЕСПАЕВА ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМҒА ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДА БІРІНШІ ҮМІТКЕР БОЛДЫ

ӘЙЕЛДЕН КАНДИДАТ ҰСЫНУ – АЙДЫ АСПАНҒА ШЫҒАРУ ЕМЕС

Саяси партиялар мен респуб­ли­калық деңгейдегі қоғамдық қоз­ғалыстар Қазақстан Республика­сының Президентін кезектен тыс сайлауға орай өз үміткерлерін атай бастағанда ең таңғалдырған шешімді «Ақ жол» партиясы қабылдады. Олар Қазақстан Республикасы Парламенті Мә­жі­лісіндегі өз депутаты Дәния Мәдиқызы Еспаеваның атын атады. Оған сенім көрсетті. Орталық сайлау комиссия­сын­дағы рәсімдерден өткен соң кандидат болуы үшін 120 мың адамның қолын жинап беру де – бұл партияға айтарлықтай қиын болмады.
Осылайша «Ақ жол» бұған дейінгі бірнеше кезекті және кезексіз сайлауларда кездеспеген тыңнан жол салды. Алғаш рет ең жоғары лауазымның саяси додасына әйел адамды қосты. Бұл нені аңғартады және кандидат мұндай сенімге қаншалықты лайықты? Осы мәселелерді талдап көрелік.
Қазақстан тәуелсіздік алған тұста оны қолдаған, өз ықпалын білдірген әлемдік саяси тұлғаның бірі Ұлыбританияның Премьер-министрі Маргарэт Тетчер болды. Қазір де ол елді әйел басқарып отыр. Германияда бірнеше сайлау бойынша тізгін Ангела Меркельдің қолында. Мұндай мысалды тізбектеу көп уақыт алар, осымен тоқталық.
Өркениет жолында жүрген, ең дамыған елдер қатарында тұруға ұмтылған Қазақстанға гендерлік саясатта төменгі орында қалуға болмайды. Өйткені даму таразысына тек экономика тартылмайды. Ондағы өлшемдердің бірі – әйелдерге көзқарас, олардың мемлекет ісіне еркін араласуына мүмкіндік беру.
Екіншіден, 2019 жылы 19 наурызда Қазақстан халқы да, әлем де күтпеген шешім қабылдап өзінің Президент қызметін тоқтатқан Тұңғыш Елбасы әйелдерге жол ашып, саясатта, экономикада оларды қолдау қажеттігін үнемі айтып отырды. Демек, Дәния Еспаеваны Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсынып отырған «Ақ жол» партиясы ешқандай Айды аспанға шығарған жоқ, бар болғаны өркениет жолын ұстанды, Елбасының өзі назар аударатын мәселені іс жүзіне асырды.

ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Дәния Мәдиқызы Еспаева – тәуелсіз Қазақстанның барлық даму жолының куәгері. Жай куәгер емес, осы даму ісіне жан-жақты үлес қосып келген тұлға.
Естеріңізде болса, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәния Еспаева Мәдениет және спорт министрінің атына депутаттық сұрау салған. Онда Бурабайдағы шаңғы трамплині Қазақстан үшін қаншалықты қажетін айқындап беруді талап етті. Бұл құрылыс бастапқы 2008 жылы 9 миллиард теңгеге бағаланып, ал 2016 жылы жобаны толық аяқтау ел бюджетіне 38,5 миллиардқа түсетіні анық болды. Одан кейінгі жылы әлгі 38,5 миллиардтың үстіне министрлік ел бюджетінен қосымша 23 миллиард теңге сұрады.
Міне, осы кезде депутат Еспаева аталмыш министрлікке орынды сауал тастады. Осынша қаржыны көмейге құйып жатқан трамплин қаншалықты атақ пен абырой әкеледі? Қанша чемпион шығарады? Халық оның қаншалықты қызығын көреді? Әрі оның құны неге жыл сайын өсе береді?
Бұл сұрау салу депутат Дәния ­Ес­паева­ның мемлекет қаржысына ­деген жанашырлығын байқатты. Егер ол ­Президент болса, бюджеттің әр ­тиыны есеппен жұмсалмақ. Бурабайдағы сияқты дарақылық тыйылмақ. Әркімнің ойына не келсе соны істеуін, туыстары мен таныстарының мүддесі үшін жалпы халыққа қажетсіз жобаларды тықпалауын, оны бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтатады. Жаман ба? Ел қаржысына келгенде аяқты есеппен басу үшін Қазақстанға дәл осындай Президент қажет-ақ!

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ҚОЛДАУШЫСЫ

Ақтөбе облысындағы бір емес бақандай үш банкті басқарған жылдары Дәния Мәдиқызы шағын және орта бизнес өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеді. Бұл сала екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландырылғаны белгілі.
Тұңғыш Елбасы еліміздің эконо­микалық болашағы кәсіпкерлердің қан­шалықты табысты жұмыс істеуіне тікелей қатысты деп әрбір алқалы басқосу сайын атап өтетін. Ондай жиындардың бір­нешеуіне Дәния Еспаева да қатысқан. Сонда Тұңғыш Президенттің сөзін көкейге түйген.
Дәния басқарған екінші деңгейдегі банктер Ақтөбе өңіріндегі мыңдаған жобаларды қаржыландырды. Бірер рет үкіметтің мақсатты қаржысын бөлсе, көбінесе несиелер банктің өзінің капиталы арқылы бөлінетін.
Осы тұста да Дәния табандылық танытып келді. Жобаның қаншалықты қажет екендігі, өзін қанша уақытта ақтайтындығы, құрылысқа берілген рұқсаттардың, оның ішінде жердің, табиғи ресурстарды игерудің заңдылықтары, тағы басқа толып жатқан мәселенің басын ашып алмай тұрып қисынсыз қаржы бөлмейтін. Содан болар талай филиалдарды, тіпті үлкен банктерді сорлатқан «қайтарылмайтын несие» деген қақпанға Дәния басқарған ұжымдар ешқашан түскен емес. Есесіне өңір экономикасына үлес қосқан, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орны мен табыс көзі болған, олардың белгілі бір тұрмыстық және әлеуметтік қажеттігіне жараған жүздеген шағын және орта бизнес нысандары іске қосылды.
Осылайша бір облыстың ажарын ашқан Дәния Еспаева Президент болып бүкіл Қазақстандағы кәсіпкерліктің бағын жан­дырса, барша халық игілігін көрмей ме!

ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ ҚАМҚОРЫ

Тағы бірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәния Еспаева сол тұстағы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің атына депутаттық сауал жолдады. Онда балалар емханаларын ересектермен біріктірудің қаншалықты қажет болғанын түсіндіруді талап етті. Педиатор мамандығы бойын­ша оқытуды неге тоқтатқандарын сұрады. Ақыр аяғында мемлекеттік емдеу орындарындағы дәрігерлердің жалақысын көтеру керектігін көлденең тартты.
«Ақ жол» партиясының депутаты ретінде ол уақытының біразын келушілерді қабылдауға арнайды. Сонда сайлаушылар емханаларда бір дәрігерге қаралу үшін аяғы ауыр әйелдер де, емшектегі баласы барлар да, қарт кісілер мен жас балалар да кезекке тұратынын айтып, шағымданған.
Сол сияқты қызметінен каникулға шық­­қанда Ақтөбе облысында болып, ондағы халықтың тыныс-тіршілігімен таны­сып келеді. Кездесулерде қарапайым халық тарапынан медицина саласындағы ол­қылықтар туралы көп естиді. Емханада халыққа қызмет көрсететін дәрігерлер же­тіс­пейді. Мұның себебі – білікті дәрі­герлер же­кеменшік клиникаларға кетіп жатыр. Ал мем­лекеттік емханаларда айлық аз.
Дәния тағы бірде жолдаған депутаттық сауалында үкіметке әйелдер мәселесіне терең көзқараспен қарауды ұсынды. Үй шаруасындағы әйелдерге де еңбек өтілін беру, жұмыс істейтін әйел-аналарға қосымша заңды жеңілдіктер қарастыру – Еспаеваның үнемі назарында. Алдағы уақытта Президент болуға қажетті дауыс жинап жатса, бұл мәселелер де түбегейлі шешімін табары даусыз.

Д.Еспаеваның сайлау қоры
қаражатының есебінен төленді

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.