Ақжайықтағы ақын тойы

Ақ ерке Ақ Жайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған ақын, көрнекті публицист, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгереева биыл 75 жастың биігіне көтеріліп отыр. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, халқы «Ақ шағала» деп құрметтеген ақынның осынау мерейтойына орай туған жері Теректі ауданының Ақжайық ауылында тұңғыш рет І облыстық Ақұштап оқулары болып өтті.

Ақынның құрметіне Ақұштап ­Бақ­ты­­ге­реева атындағы дәріс кабинеті ашылды. Ақжайықтық ұстаздар жерлес ақын қыз­дарына тосын сый ретінде ұйымдастырған аталған кабинеттің лентасын аудан әкімі Әділ Жоламанов пен Ақұштап Бақтыгереева салтанатты түрде қиды. Ақынға арналған әдеби кабинетте оның осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптары мен естелік суреттері, өмірі мен шығармашылығы туралы құнды мәліметтер, әдебиетшілердің пікірлері, арнау өлеңдер топтастырылған. Өз атындағы сыныптың тұсаукесерінде жаны нәзік ақын барлық тілеулестеріне алғысын жеткізіп, кабинеттегі меймандарға арналған қонақ кітапшасына алғашқы болып қолтаңбасын қалдырды.
Теректі ауданы әкімдігі мен аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен облыста тұңғыш рет өткен облыстық Ақұштап оқулары 3 кезеңді қамтып, онда қала мен барлық ауданнан келген 80-ге жуық жас талант бақ сынады. Әдеби байқаудың «Мені оқитын халық бар» атты ақын жайында эссе жазу кезеңі бойынша өзара сынға түскен оқушылардың арасынан жеңімпазды анықтау оңайға түспеді. Нәтижесінде қаратөбелік Гүлмайра Ерғожина бас жүлдеге ие болды. Оралдық Ақнұр ­Миханова І орын иегері атанса, Шұғыла Амангелді, Гүлсана Мақсұтова, Сәуле Дүйсенбаева, Жәнел Бақытова, Аида Оразова ІІ, ІІІ орындарға тұрақтады.
«Жырлау үшін, сүю үшін елімді, Мен қайтадан таңдап алам Жайықты» деп аталатын ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан бас жүлдеге ие болған жаңақалалық Ерсұлтан Құрмашев Ақұштап апасының 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі екен. Тізім бойынша кез келген өлеңді сұрасаңыз мүдірмейтін ол осылайша бәйгеде дара келді. І орынға оралдық Жібек Досымова лайық деп танылды. ІІ орынды Фатима Әділова мен Гүлназ Асқарова, ІІІ орынды Жанерке Ерменова, ­Айзада ­Жайлыбаева, Даяна Нұрланқызы бөлісті.
– Ақын апаларының ізін қуып, қаламды жанына серік еткен талаптылардың арасында өткен «Жырымды саған арнаймын» кезеңінде келешек ақындардың көзінен ұшқын көрдік. Сол ұшқын сөнбесін деп тілеймін, – дейді танымал ақын Айтқали Нәріков. Берілген тақырып бойынша белгілі бір уақыттың ішінде өлең шығару басты талап болған бұл кезеңде Жаңақала ауданынан келген Ізбасар Бақытов бас жүлдені қанжығасына байлады. Қазылар алқасы бірауыздан І орынды Аслан Ысмағұловқа, қалған орындарды Жұлдыз Тантыбаева, Дархан Мақсатов, Ақарыс Романқызы, Әдемі Күнқақова, Балсұлу Мәдениетоваға тапсырды.
Ал Теректі ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне Ақсай қаласынан келген Жанар Өмірзақова мен тасқалалық Інжу Қалбаева ие болды.
Сондай-ақ кеш барысында ақжайықтық жас ақын Айбек Әбілқалым Ақұштап Бақтыгерееваға арнауын оқыса, әнші Гүлнұр Қаражанова ақынның сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы» әнін шырқады. «Назерке» би ансамблі ақынның «Ана жүрегі» өлеңінің желісі бойынша арнайы композиция орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Енді Ақұштап оқулары келесі жылдан бастап республикалық деңгейде ұйымдас­тырылмақ.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист
Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.