Мәдениет – ұлт мерейі

Б.Римова атындағы Талдықорған драма ­театрында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын өтті. Жиында сала мамандарын облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, үздік деп танылғандарды марапаттады.
Театр фойесінде түрлі өнер туындыларынан, І. Жансүгіров музейі мен М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің кейбір жәдігерлерінен көрмелер қойылды. Жиынның басында мәдениет саласының бүгінгі бет-бейнесі туралы бейнефильм көрсетілді.

Сала мамандарын құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзінде қоғам өміріндегі мәдениет пен өнердің рөлін атап өтті. Оның айтуынша, 2019 жылдың басында облыстағы сала бюджеті 6,1 млрд теңгені құрады. Бүгінгі күні облыста 556 мәдениет пен мұрағат мекемелерінде 1500-ге жуық адам жемісті еңбек етіп, өңірдің рухани өмірін мазмұнды етуге өз үлестерін қосып келеді.
«Үздік мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша облыстың аудан, қалаларынан 20 қызметкер марапатталды. Олардың арасында артистер, ауыл­дық клубтардың, мәдениет үйлерінің, кітапханалардың, шығармашылық ор­­та­лықтардың, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қыз­мет­керлері бар. Әрбір жеңімпазға дип­лом мен 100 мың теңгенің сертификаты берілді.
Сондай-ақ 9 номинация – «Ха­лықтық, үлгілі атағы бар үздік ұжым», «Үздік театр артисі», «Үздік мәдениет үйі», «Үздік кітапхана», «Үздік музей», «Үздік әнші», «Үздік аспапшы», «Үздік биші», «Үздік облыстық мә­де­ниет мекемесі» аталымдары бойын­ша да топ жарғандар анықталды. Атап айтқанда, «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» ­номинациясын ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі жеңіп алды, музейге жүлде сыйы ретінде «Лада Гранта» автокөлігінің кілті тапсырылды. «Үздік биші» – Іле ауданының «Сармат» би ансамблінің жетекшісі Асхат ­Жамансариев, «Үздік ас­папшы» – Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның аспапшысы Айбол Құдайберген, «Үздік әнші» – Кербұлақ ауданы Күреңбел фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің әншісі Азамат Үмбетовке берілді. Жеңімпаздарға арнайы мүсінше, диплом және 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.
Облыстың мәдениет саласын да­мытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды. Олардың қатарында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшы артисі Мұхтар Стыбаев, Кербұлақ ауданы Алтынемел ауылдық мәдениет үйінің музыка жетекшісі Сәуле Қожаханова да бар.
Сонымен бірге 20-ға жуық маманға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары берілді.
Марапаттау рәсімінен соң ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы мінбеге шығып, әріптестерін мереке­мен құттықтады. Мемлекет қолдауының арқасында өңірдегі мәдениет пен өнердің ілгерілегенін, осы саланың дамуына әлі де өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін жеткізді.
Мерекелік шара концерттік бағдар­ламамен аяқталды.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.