ТАҢДАУЛЫ ОРФОГРАФИЯ – САУАТТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

2018 жылдың ақпанында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қабылдады. Қабылданған әліпбиге сәйкес жаңа емле ережесі жасалып, аталған емле Ұлттық комиссияда мақұлданып,емленің алғашқы жобасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Емле ережесі жарияланған күннен бастап, қазақ жазуының болашағы ғылыми ортада қызу талқылануда.  А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директоры Ерден Қажыбек емленің сапалы әрі сауатты болуы және жан-жақты талданып барып бекітілуі үшін Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының жетекші мамандарды тартып, Тіл білімі институты жанынан Сараптамалық топ құрды. Қазіргі кезде аталмыш Cараптамалық топта емленің алғашқы жобасы жан-жақты талқыланып жатыр. Талқылануға себеп болған мәселелердің ішінде ерекше мән беріліп, қызу айтыс-тартысқа негіз болған концеп­туал­ды проблемалардың бірі жаңа қазақ орфографиясының негізгі принципін белгілеуге байланысты. 

Орфографиялық принцип дұрыс таңдалмаса, сауатты жазуға, тілдің табиғи сипатына, болмысына да әсер етеді. Сон­дықтан бұл мәселені ғалымдар аса жауап­кер­шілікпен қарап, жіті зерделеп отыр.
Дұрыс жазуға бағыттайтын емле ере­жесі белгілі бір орфографиялық принципке байланысты құрылады. Ереже жасау­да орфографиялық принциптің дұрыс таң­­далуы аса маңызды. Себебі негізгі ор­фо­­графиялық принцип арқылы емле ере­жесінің басым бөлігінің жазылымы шешіледі.
Кез келген тілдің емлесінде бір емес бірнеше принцип басшылыққа алынады. Әлемде жазудың бір ғана принципі арқылы жазба тілін дамытып отырған тіл жоқ. Тілдің ұлттық ерекшелігіне, сипатына байланысты орфографиялық принциптің бірнеше түрі таңдалады және олар жазба тілдің стандартты болуына, жүйелі болуына қызмет етеді. Тіл білімінде орфографиялық принциптердің мынадай түрлері бар: фонетикалық, фонематикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлі, түпнұсқалық, семантикалық. Бұл аталған принциптердің барлығы тілдің ұлттық сипатына байланысты жазба сөзді кодтау (заңдастыру) үшін таңдалып қолданылады.
Тіл тілде тілдік жүйеге сәйкес тілдің ұлт­тық сипатына байланысты орфография­лық принцип, оның негізгі түрі де әртүрлі болады. Мысалы, ағылшын және француз тілінің басты орфографиялық принципі – тарихи-дәстүрлі. Ал орыс тілінікі – морфо­логиялық, қазақ орфографиясының басты принципі – фонетика-фонематикалық.
Латын графикасына негізделген әліпбиді қабылдаумен байланысты қазақ орфографиясының басты принципін белгілеу, оның терминологиялық атауын нақтылауға байланысты түрлі көзқарастар бар. Ғалымдардың бір тобы қазақ орфографиясы мен орфоэпиясының, яғни сөйлеу мен жазуда айырмашылық болмауы керек деп лас, рақмет, туралы, ми сияқты сөздерді ылас, тұуралы, мый, рақымет түрінде жазуды ұсынып, жаңа қазақ емлесінің негізгі принципі фонетикалық және морфологиялық болуы керек десе, ғалымдардың екінші тобы жазуда дыбыстың барлығы емес, тек мағынаға қызмет ететін, мағыналық жүгі бар дыбыстық бөлшектер, яғни фонема хатқа түседі деп, қазақ орфографиясының басты принципі – фонетика-фонематикалық болуы керек дейді. Бірінші және екінші топтағы ғалымдардың ұсыныстарын таразылау үшін ең алдымен аталған орфографиялық принциптердің жалпы тіл біліміндегі анықтамасы мен негізгі қызметін ажырату керек деп ойлаймыз.
Фонетикалық принцип деген не? Лингвистикада фонетикалық принцип деп тілдегі сөздердің дыбыстық заңдылықтарға сүйене отырып, сөздің айтылуы және естілуі бойынша жазуды айтады.
Орфографияның фонетикалық прин­ципі жазылған сөздің оның кез келген айтылым формасындағы дыбыс­талу үлгісіне барынша жақын болуын қарастырады. Мәселен нан сөзінің жазылуы оның айтылымына [нан] пара пар. Бір ғана графикалық нұсқаға сәйкес әріптік фонемалық құрам да толықтай графикаға тең келеді <нан>. Дегенмен орфографияның фонетикалық принципі «қалай естілсе солай жазылу» деген қағидамен сәйкесе бермейді. Айтылған сөзді сол қалпында жазатын болсақ, «орфографиялық принцип» деген мәселенің маңызы болмай, оның орнына фонетикалық транскриция (ауызша сөзді көшіріп жазу) болар еді. Бұл жөнінде 1929жылы шыққан Елдес Омарұлының «Емле мәселесі» атты мақаласында былай делінген екен: «Қазақша жазудың жолы дыбыс жүйесінше (дыбыс жүйесінше дегені фонетикалық принцип) дейміз. Бірақ таза дыбыс жүйесінше болып шығатын емле ешбір тілде де болған емес. Ондай емленің болуы мүмкін де емес. Біз өз еліміздің дыбыс жүйесінше дегенде, оны басқа тілдердің емлесімен салыстырып, басқа емлелерге қарағанда дыбыс жүйесінің жолына анағұрлым жуық болған соң, сонымен ғана дыбыс жүйесінше дейміз… Емле дегеннің өзі жазудың ережесі деген сөз ғой. Емле болған соң-ақ онда ереже болмай қалмайды. Жазу таза дыбыс жүйесінше болса, онда еш ереже де болмақ емес. Олай болған күнде «емле» деген сөздің өзінің де болмауы керек. Бірақ біздің жазуымыз дәл дыбыс жүйесінше болмағанмен, дыбыс жүйесіне жуық болған соң, біздің ережелеріміз аз болу керек» дейді.Е.Омарұлының мұндағы «дыбыс жүйесінше емес» деген сөзіне ерекше мән беру керек. Себебі фонетикалық принципті негізгі принцип ретінде қабылдаудың өз қиындығы бар. Тарихқа үңілетін болсақ, ХV ғасырдың 70-жылдарына дейін ағылшын тілі орфографиясының негізгі принципі фоне­тикалық болды (айтылымға негіз­делді). Сөз қалай айтылса, солай жазылды. Бұл жазуда едәуір қиындатып, жазбаша қарым-қатынасты күрделендірді. Орфографиялық қиындықтан шығу үшін АҚШ-та, Англияда орфографияны қарайтын бірнеше қоғамдық ұйымдар ашылады. Бірақ бұл ұйымдардың жұмысы практикалық тұрғыдан іске аспайды. Сөйтіп ХVІ ғасырда ағылшын баспагері Уильям Кекстон  (William Caxton)орфографиялық ережелер нұсқаулығын шығарады. Баспагер Кекстон сөздердің жазылуы тарихи-дәстүрлілікті сақтап, бір ғана диалект бойынша іске асады деп көрсетеді. Осыдан бастап қазіргі кезге дейін ағылшын орфографиясының негізгі принципі тарихи-дәстүрлі болып келеді. Қазіргі кезде дәстүрлі (этимологиялық принцип) принципке негізделген ағылшын орфографиясы жазарман үшін белгілі бір қиындық туғызатыны хақ. Ағылшын тілінде сөзді есту арқылы жазу мүмкін емес, дұрыс жазу үшін оның дәстүрлі формасын білу керек (How do you spell it? What is the spelling of this word?).Бұл қиындық о баста ағылшын тілі орфографиясының негізгі принцип түрінің дұрыс таңдалмауынан болды.
Кез келген тілде орфография мен орфоэпия болады. Олардың тілдегі қызметі екі бөлек, екі тұтастық. Егер біз қазақ орфографиясы мен орфоэпияның заңдылығын бір арнаға тоғыстырып, екеуін бір бүтін бөлшек қылатын болсақ, жазбаша қарым-қатынасты күрделендіріп, екі тілдің өзіндік заңдылықтары мен жүйесін бұзып, ең алдыменжазбаша сөйлесуді қиындататынымызды ұмытпауымыз керек.
Морфологиялық принцип.Емле жүйесіндегі морфологиялық принцип бүгінгі күнге дейін жетекші ретінде танылып жүр.Тілтанымда морфологиялық принцип деген – сөз бөлшектерінің түбір тұлғаларын сақтап жазу дегенді білдіреді.
Морфологиялық принцип орыс орфография­сының жетекші принципі. Оған мынадай мысалдар дәлел бола алады:
— воды, вода, водяной (түбірі – вод- дыбысталуы әртүрлі, бірақ жазылымы бір);
— поезд, поехал, поезжай (бұл сөздерде -по префиксі уақыт пен әрекетті білдіреді, айтылымда әртүрлі, жазылымда бірдей);
— дубовый, березовый ( -ов- сын есім жасаушы жұрнақ, бір нәрсеге тиесілі мағынасында жұмсалады, жазылымда бірдей, бірақ айтылымда айырмашылық бар;
— столом, стулом (-ом қосымшасы, айтылымы әртүрлі, жазылымы морфо­логиялық принцип бойынша) және т.б. Көріп отырғанымыздай, орыс орфографиясында морфологиялық принцип тек түбір морфемалар жігінде емес, ол сөз ішінде, қосымшаларда, жұрнақ, префиксті жазуда да қолданылып, жазбаша коммуникацияның бірізді әрі сауатты болуын қадағалайды. Ал қазақ тіліндегі морфологиялық принцип түрі осыған дейін тіл үйрету әдістемесінің тиімді жолы ретінде алынды. Мысалы, оқушыға басшы, жұмысшы, хатшы сөздерінің жазылымы башшы, жұмышшы, хатчы емес, негізгі түбір морфема сақталадыбас+шы, жұмыс+шы, қос+шы түрінде жазылады деп түсіндіру оңтайлы болды. Емленің негізгі принципі морфологиялық болатын болса, сөздік қордағы сөздердің шамамен 50/60 пайызы бұл принципке көнбей қалатындығы 90-жылдарда орфограф, грамматолог ғалымдардың еңбектерінде дәлелденген. Мысалы, қазақ, күрек, күшік сияқты сөздерге қосымша қосып морфологиялық принцип бойынша жазар болсақ, аталмыш сөздер түбірін сақтап жазылуы тиіс. Жоғарыда көрсетілген қазақ, күрек, күшік сөздеріне тәуелдік жалғауын жалғасақ, қатаң дауыссыз ұяңға айланбай, қатаң формасын сақтауы керек. Сонда қазағы, күрегі, күшігі емес қазақы, күрекі, күшікі болуы тиіс. Қазақ тілінде морфологиялық принцип түрі жоқ емес бар, бірақ аталған прицип түрінің қолданылым аясы сөздерді бірге жазуда (қолтықсабақ, құлаққап, құлақкигіш, майбалық) екенін ұмытпайық.
Фонематикалық принцип. 70-жылдарға дейін қазақ тіл білімінде фонология, фонематика, фонема деген термин белсенді қолданыста болмады. Аталған жылдары бұл терминдер қазақ фонетикасы курсын меңгерту үшін ЖОО филолог студенттеріне арналған оқу құралдарында (Ж.Аралбаев, З.Бейсенбаева) қолданылды. Ал орфография мен фонология саласын байланыстыра­ отырып зерттеу 90-жылдардан басталды. Алғаш рет (1993 жылы)профессор Р.Сыздықтың жетекшілігімен ф.ғ.д., профессор Нұргелді Уәлиұлы қазақ емлесінде негізгі әрі басты ұстаным фонематикалық принцип екенін дәлелдеді.
Қазіргі қазақ орфографиясының қалыптануына, заңдастырылуына көп еңбек еткен ғалым, профессор Р.Сыздық өзінің «Қазақ тілінің анықтағышы» (2002 ж.) атты еңбегінде «Қазақ орфографиясының негізі морфологиялық, фонематикалық және фонетикалық принциптер деп, фонематикалық принципте дыбыстардың бір сөз ішіндегі немесе сөз аралықтарындағы бір-біріне тигізетін әсерлері ескерілмейді, негізгі фонемдік түрі сақталып жазылады»(Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы. – Астана, 2000 жыл. 7-бет) деп көрсеткен болатын.
Жаңа емле ережесін екшеу барысында фонематика, фонема термині қазақ тіліне жат, терминдік атаудың өзі күрделі деген пікірлер айтылды. Біздіңше, латын жазуына­ көшу арқылы тілге түбегейлі өзгеріс жасау үшін ең алдымен дұрыс әрі сауатты терминологиялық атау қабылдануы керек. Шындығында да, фонематика деген терминдік атауды қазақша тұрпатта алу жағы қарастырылуы керек деп ойлаймыз. Түпнұсқасынша қабылданған -а-тик-а қосымшасын қысқартып «фонемдік принцип» деп те алуға болады деп ойлаймыз. Ал атаудың өзі мен қызметі сақталуы керек деп есептейміз. Себебі бұл принцип түрі қазақ орфографиясына сәйкес келетін бірден бір принцип.
Сонымен фонематикалық принцип деген не? Бұл терминнің қазақ жазуына қаншалықты қажеті бар? деген сауалдарға жауап берейік. Фонематикалық принцип– негізгі мәні бар мағыналық бөлшектерді хатқа түсіреді дегенді білдіреді. Мысалы, кез келген қазақ мәтінін алатын болсақ, сол мәтіндегі сөздерді принцип бойынша пайызға шаққанда фонематикалық принциптің негізгі әрі басқарушы екеніне көзіміз жетеді. Мысалы: Киізүйдің кереге, уық, шаңырақ сияқты бөлшектері бір жыл бұрын дайындалды деген сөйленістің 80/90 пайызы дерлік фонематикалық принциппен жазылды. Егер бұл сөйленісті фонетикалық түрге ауыстыратын болсақ былайша болады: Кійізүйдүң кереге, ұуұуқ, шаңырақ сыйақты бөлшөктөрү бір жыл бұрұн дайындалды болар еді.Жазуда дыбыстардың барлығын таңбалау шарт емес. Дыбыстартың саны шексіз. Дыбыс деген сөздің де беретін мағынасы кең. Жаратылыстағы серпінді мүшенің, бір нәрсенің қимылынан пайда болған, құлаққа естілетін үннің бәрі дыбыс деп аталады. Мысалы, бағанға керілген сымға желдің соғылып, сымның толқуынан, қозғалысынан белгілі дәрежеде монотонды үн (дыбыс) шығады, сондай-ақ домбыраның шегіне адамның қолы тиюінен шек толқиды да дыбыс шығарады. Бірақ бұл дыбыстар – физикалық, яғни бұл дыбыстар монотонды, олардың мағыналық сапасы болмайды. Сөйлеу тілінде дыбыстың мағынасы болады. Бірақ дыбыстың бәрі жазуда таңбаланбайды. Мағынаға қызмет ететін ең негізгі бөлшек жазылады. Мысалы, [д] дыбысының басқа дыбыстармен іргелес тұрғанда және ол жұмсалғанда әртүрлі реңкте айтылады. Мысалы, дала, дерек, дос, дөң сөздеріндегі [д] әрпі бірде жуан, бірде [д′] жіңішке, бірде [д˚] еріндік, бірде [д˚′] еріндік-жіңішке сипатта айтылады. Ал жазуда әріптің негізгі әрі мағынаға қызмет ететін бөлшегі ғана таңдалады. Яғни жазуда біз бір ғана д әрпін, яғни бір ғана д фонемасын таңбалаймыз.
Фонематикалық принцип дыбыс­тардың өзара іргелес келіп, бір-біріне әсерін де тексеріп, фонеманың негізгі мәні бойынша жазуға, яғни сауатты жазуға жетелейді. Мысалы, бала, ана, жер, азамат, қара, қызыл, кел т.б. сөздердің жазылуы мен айтылуында айырмашылық жоқ. Ал оқы, жанба, Нарынқол, басшы, Досжан деген сияқты сөздердің айтылымы мен жазылымында айырмашылықтар бар: оқұ, жамба, Нарыңғол, башшы, Дошшан түрінде өзгеріп айтылады. Бұл жерде [н], [ж], [с] фонемалары іргелес дыбыстардың әсерінен өзгеріске ұшырап [м], [ш], [ш] түрінде естіледі. Бірақ жазуда негізгі дыбыстық реңк қана қағазға таңбаланады.
Қорыта айтқанда, орфографиялық принциптердің ішінен біреуін не екеуін негізгі ретінде тану және алу үшін терминнің күрделі не жеңіліне қарамай, оның ғылыми мазмұнына қараған жөн деп білеміз. Сондай-ақ термино­логия­лық аппараттың арғы жағында «еуро­центристік» көзқарас емес, дұрыс білім жататынына үңілсек, қазақ орфографиясы ғана емес, қазақ графикасы (әліпбиі) да фонемдік принципке құрылғанына көзіміз жетер еді.

Назира ӘМІРЖАНОВА,
филология ғылымдарының
кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Оқушы

    ТанЫп
    ТанЫс
    ТанЫу
    ТанҰу емес

    БарЫп
    БарЫс
    БарЫу
    БарҰу емес

    КөрІп
    КөрІс
    КөрІу
    КөрҮу емес

  2. Жоба

    Aa — a
    Áá — ә
    Bb — б
    Cc — ч
    Dd — д
    Ee — е
    Ff — ф
    Gg — г
    Ǵǵ — ғ
    Hh — х
    İi — і/и
    Iı — ы
    Jj — ж
    Kk — к
    Ll — л
    Mm — м
    Nn — н
    Ńń — ң
    Oo — о
    Óó — ө
    Pp — п
    Qq — қ
    Rr — р
    Ss — с
    Śś — ш
    Tt — т
    Uu — ұ/у
    Úú — ү
    Vv — в
    Ww — ў
    Yy — й
    Zz — з

  3. Жоба

    QAZAQSTAN RESPUBLİKASINIŃ ÁNURANI

    Altın kún aspanı,
    Altın dán dalası,
    Erliktiń dastanı,
    Elime qaraśı.

    Ejelden er degen
    Dańqımız śıqtı ǵoy.
    Namısın bermegen
    Qazaǵım mıqtı ǵoy.

    Qayırması:

    Meniń elim, meniń elim,
    Gúliń bolıp egilemin,
    Jırıń bolıp tógilemin, elim,
    Tuwǵan jerim meniń — Qazaqstanım!

    Urpaqqa jol aśqan
    Keń baytaq jerim bar.
    Birligi jarasqan
    Táwelsiz elim bar.

    Qarsı alǵan waqıttı
    Mángilik dosınday,
    Bizdiń el baqıttı,
    Bizdiń el osınday.

    Qayırması:

    Meniń elim, meniń elim,
    Gúliń bolıp egilemin,
    Jırıń bolıp tógilemin, elim,
    Tuwǵan jerim meniń — Qazaqstanım!

  4. Жоба-2

    1. Aa — а
    2. Bb — б
    3. Cc — ш
    4. Dd — д
    5. Ee — е
    6. Gg — г/ғ
    7. Iı -и/й
    8. Jj — ж
    9. Kk — к/қ
    10. Ll — л
    11. Mm — м
    12. Nn — н
    13. Oo — о
    14. Pp — п
    15. Rr — р
    16. Ss — с
    17. Tt — т
    18. Uu — у/ў
    19. Yy — ы
    20. Zz — з
    21. Áá — ә
    22. İi — і
    23. Ńń — ң
    24. Óó — ө
    25. Úú — ұ
    26. Ýý — ү

  5. Жоба-2

    KAZAKSTAN RESPUBLIKESİNİŃ ÁNÚRANY

    Altyn kýn aspany,
    Altyn dán dalasy,
    Erliktiń dastany,
    Elime karacy.

    Ejelden er degen
    Dańkymyz cykty goı.
    Namysyn bermegen
    Kazagym mykty goı.

    Kaıyrmasy:

    Meniń elim, meniń elim,
    Gýliń bolyp egilemin,
    Jyryń bolyp tógilemin, elim,
    Tugan jerim meniń — Kazakstanym!

    Úrpakka jol ackan
    Keń baıtak jerim bar.
    Birligi jaraskan
    Táuelsiz elim bar.

    Karsy algan uakytty
    Mángilik dosyndaı,
    Bizdiń el bakytty,
    Bizdiń el osyndaı.

    Kaıyrmasy:

    Meniń elim, meniń elim,
    Gýliń bolyp egilemin,
    Jyryń bolyp tógilemin, elim,
    Tugan jerim meniń — Kazakstanym!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.