Ілеспе аударма мектебі

Елімізде ілеспе аударма (шет тілдерінен қазақ тіліне немесе керісінше тікелей аудару) мәселесі бар. Бұған дейін бұл мәселені ҚР Сыртқы істер минситрлігі алға тартып, ілеспе аудармашыларды дайындау туралы ұсыныстар жасаған.
Осы орайда Қазақстанның жетекші оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ілеспе аудармашыларды аталған университетте дайындауды қолға алу үшін Халықаралық қатынастар факультетінің деканы мен мамандарына арнайы тапсырмалар берген.

Ілеспе аударма мектебін қалыптастыру жоспары аясында факультетте Швей­царияның Қазақстандағы елшісі Урс Шмидпен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге ҚазҰУ ректорының оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов, Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Сағынғали Айдарбаев, Дипло­матиялық аударма кафедрасының мең­герушісі Алмаш Сейдикенова және факультеттің оқытушы-профессорлары мен аудармашылар қатысты.
– Бұл мектеп бүкіл Қазақстан бойынша ілеспе аудармашыларды дайындауға міндетті. Онда БҰҰ елдерінідегі барлық тілдермен қатар, маман ретінде оқытып отырған араб, хинди сияқты шығыс тілдерін де енгізбекшіміз. Ол үшін арнайы кабинет ашып, дайындық жұмыстарын бастап та кеттік. Дәл осындай кабинет Филология факультетінде де ашылған. Ал бұл кабинеттің ерекшелігі соңғы заманауи жабдықтармен қамтылып отыр, – деді А.Хикметов.
Бірер жыл бұрын басталған бастама бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуді бастаған факультет деканы алдағы уақытта Швецария аударма мектебімен тәжірибе алмасуды мақсат еткенін айта келе, Швей­царияның Қазақстандағы елшісіне факультет жұмыстары мен жетістіктерін таныстырды. Ал ілеспе аударма мәселесі бойынша кадрларды дайындау туралы ұсыныстарын жеткізді.
– Ілеспе аударма бойынша 5-6 үлкен халықаралық орталықтар бар. Оның бірі Санк-Петербургте болса, енді бірі Женева қаласында. Женева аударма мектебі дүние­жүзіндегі ең мықты мектептердің бірі. БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйым­дардың барлығы аудармашыларды дайындайды. Біз солармен тәжірибе алмасқымыз келеді. Мамандарын өзімізге алдырып, бірге жұмыс істеп, қазақстандық ілеспе аударма мектебін қалыптастырсақ деп отырмыз. Ол үшін бізге Сыртқы істер министрлігінің де, елшіліктердің де саяси және ұйымдастырушылық жағынан көмегі керек. Бүгін Швейцария елшілігімен арнайы кездесіп, ілеспе аударманы оқуға түскен студенттерді сонда тәжірибе алмасуға жіберсек, арнайы стипендиялар мен тәжіри­белерге көмектессе деген тілегіміз бар, – деді С.Айдарбаев.
Аталған ұсынысты қуана қолдаған елші Швецариядағы білім саласы мен аударма істері жөнінде әңгімелеп, бірлесе отырып жұмыс істеуге шақырды. Елшінің айтуынша, ілеспе аударма мәселесі қашанда болған және оны оң шешу үшін жұмыла жұмыс істеген жөн. Бұл мә­селеде Швейцария аударма мектебі­нің тәжіримесі мол екенін айта келе, сон­дағы министрліктермен байланысатынын жеткізді.
– Осы оқу орнындағы лингафон каби­нетінің ашылуына куә болғанымды біздегі Сыртқы істер минситрлігіне қуана хабарлаймын. Ілеспе аудармашылар дипломатия саласында өте қажет. Сондықтан сіздердің бастаған игі бастамалардыңызды әрдайым қолдаймыз, – деді елші Урс Шмид.
Кездесу аясында Дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі Алмаш Сейдикенованың бастамасымен құрасты­рылған дипломатиялық сөздіктің тұсауы кесілді. Аталған кафедрада сегіз шет тілі оқытылатынын айтқан меңгеруші А.Сейдикенова құрастырылған сөздіктің маңыздылығына тоқталды. «Біздің студенттер жай сөздіктермен жұмыс істеген кезде айтарлықтай қиындықтар туады екен, ал бұл сөздікте дипломатиялық терминдер француз, ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде біріктірілген. Оларды қалай қолдану керек, құжаттарды қалай дұрыс аудару керек деген мәселелерде қажет сөздік болып отыр»деді ол.
Айта кетейік, аталған факультетте аударма ісі мамандығы бойынша магис­транттар дайындалады, олар дәл осы дипломатия саласындағы аудармашы деген мамандықты алып шығады.
Лингафон кабинетін ашып, ілеспе аудармашыларды дайындауға кіріскен факультет арнайы кадрлардың алғашқы легін жақын арада дайындап шығаруды жоспарлап отыр.

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.