Азамат жолы

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Алғаш кездескеннен көңілге жылы шуақ ұялатып, жақсы әсер қалдыратын жандар болады. Кейін олармен ұшырасудың сәті түспесе де, елден сұрастырып, жеткен жетістіктеріне қуанып, алдағы шығар биіктеріне тілеуқор болып жүресің.
Сондай жүздесудің реті келмесе де көңілдің түкпірінде ұмытылмастай сақталып жүрген жігіттердің бірі Рысқали еді. Кәдімгі елге танымал ардақты азамат – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров.
Рысқалидың есімімен ол Жезқазған облыстық Саяси ағарту үйінде, содан соң Жезді ауданында істеген жылдары құлағдар едім. Жездіде аудан жастарына жетекшілік етті. Жүзбе-жүз жүздескеніміз – Ақадыр ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жүрген кезі.
Ол уақыттағы біздің қызметіміз – республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған облысы бойынша меншікті тілшілігі. Жай жүрмейміз. Газет жұмысымен жолға шығамыз. Әсіресе газетке жазылу ісі – қызу науқан. Сонда ең алдымен маңдай тірейтініміз аудан басшылары. Олардың қолдау-көмегінсіз шаруаның іске асуы қиын. Ақадырға келгендегі мақсат та – баспасөзге жазылу жайы еді. Жұмысымыздың мән-жайын түсініп, жергілікті тұрғындармен кездесуге жағдай жасаған, өзі бастап жанашырлық танытқан осы Рысқали болатын. Науқан соңында бұл ауданнан күткендегідей таралым жиналды. Орда бұзар отыздан жаңа ғана асқан азаматтың сөзден гөрі іске бейімділігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне, ұстамды мінезі мен адамгершілігіне сол кезде қанық­қанбыз. Газет шаруасымен кейін де телефон арқылы хабарласып тұрдық.

Азаматтың білімі мен біліктілігі, адалдығы мен іскерлігі бір-бірімен қабысып жататын болса қызметтің өзі іздеп келетіндей. Рысқали осы уақытқа дейін салмағы зілбатпан талай жауапты қызметтерді атқарды. Қарағанды облысының анау-мынау емес, іргелі бес ауданына – Ақадыр, Ақтоғай, Ұлытау, Шет, Осакаров аудандарына басшы болды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы мәслихатының хатшысы қызметтерін де абыройлы атқара білді. Осының бәрі бір адам үшін жеңіл жүк деп айта алмаймыз. Бір жерден барып, екінші жерге бейімделу де жүйкеге әжептәуір салмақ түсіреді. Адамдардың бәрі бірдей емес. Әрқай­сысының өзіне тән мінез-құлқы, қабілеттері бар. Соны танып, зерттеп, білуге де уақыт кетеді. Бес ауданның кем дегенде бес ерекшелігі болатыны белгілі. Соларды ескеріп, әрекет ету де – басшыға сын. Рысқали болса мұндай «өткелектерден» еш кедергісіз, іркіліссіз өте білді. Оған тірек болғаны – іскерлігі, әр жылдарда жинақтаған тәжірибесі.
Қарағандыда қызмет істеп жүрге­німізде: «Рысқали Жездіні жөнге келтіріпті», «Құмкөл», «Қазақмыс» сияқты алып компаниялармен тіл табысып, Ұлытауды біраз оңалтыпты» дегенді еміс-еміс естіп жататынбыз.
Кезінде Жездінің өзі жеке аудан болып тіршілік еткен. Аудандарды біріктіру кезінде ол мәртебеден айрылып, Ұлытау ауданының қарамағына енді. Осындай оңтайландыру салдарынан Жезді «жетім баланың» керін кешетіндей көрінген. Обалы нешік, Ұлытауға әкім болып келгендер бұл жақты назардан тыс қалдырмауға тырысты. Рысқали да алдындағы әріптестерінің игі істерін жалғастырып, қолдан келген көмегін аямады. Қанша дегенмен жалынға толы жастық шағы өткен жер. Аудан жастарымен қоян-қолтық араласып, көптеген келелі істердің басын қайырды. Енді міне, аудан әкімі. Жездідегі баса көңіл бөлінген мәселелердің бірі – жастарға қамқорлық жайы. Өйткені елді мекен­дердің келешегі – жауқазындай өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қолында. Тұрғындардың әлеуметтік жайғдайы да күнделікті бақылауға алынды. Жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру… секілді маңызды істер қатаң қадағаланды.
Ол қай қызметте жүрсе де қажырлы еңбегі арқылы адамдардың алғысы мен ризашылығына бөленді. Басшы ретінде атап өтер ерекшелігі қарамағындағыларға талап та қоя біліп, керек жерінде қолдай да білетіндігі.
Жақында Рысқалидың өткен өмірінен сыр шертетін «Арқа азаматы» деген кітап қолыма тиді. Авторы белгілі қаламгер Батырбек Мырзабеков. Осы кітапты оқыған кім-кім де азаматтың адамдық та, басшылық та қасиеттеріне көз жеткізе алады. Кітап парақтарын ақтарғанда өзіме жақсы таныс әрі ел-жұртқа сыйлы азаматтардың кітап кейіпкері жөніндегі жылы лебіздері жанарға ілікті. Солардың бірі – парасаттылығымен, ақыл-ой тереңдігімен көпке танымал ағамыз Қайырбек Сәдуақасов. Бұл кісі адам тани біледі. Оның үстіне жүрекжарды сөзін кім болса соған арнай бермейтіндігі де бар. Арнау сөзінің тақырыбын: «Үзеңгі бауырым» деп қойыпты. Бұл екі сөз де – «үзеңгілес», «бауыр» дегендер жайдан-жай ауыздан шыға қоймайды. Ең жақын деген, үкілі үмітті ақтап жүрген жандарға арналып айтылатын шынайы лебіз. Енді Қайрекеңнің сөзіне құлақ түрелік: «Менің үлкен әкем Сәдуақас «Жарқырап жүрген жігіттің ғана жолы болады» деп айтады екен. Айрықша мағыналы сөз деп білем. Шындығында еңсесі төмен, ұнжырғасы түскен азаматтың ісі өрге баса ма? Рысқалиды қашан көрсең жайнап, жарқырап жүреді. Бұл – жүрегі адал, пейілі таза, өз ісіне мығым, жасандылықтан ада жігіттің ғана несібесіне тиесілі қасиет. Көрсең көркіне көзің тоятын, сөйлессең сөзіне, байыптасаң ісіне риза болатын осы бір азамат қашанда жаныма жақын, бір менің ғана емес, табан тіреген жерлерінің барлығында алғысқа бөленіп жүрген, сүйсініп-сүйсінерлік жан». Қайраткер, ұлтжанды азаматтардың бірі Жұмағали Наурызбай да алғыр, елгезек, тындырымдылығымен көзге түскен сыйлас інісі жайлы ағынан жарылады: «Шеге тағаны ұстайды, таға тұяқты ұстайды, тұяқ атты ұстайды, ат ерді, ер елді ұстайды» деген халық даналығы бар ғой. Біреу менен Рысқали Әбдікеров жайлы пікір білгісі келсе, менің ойма осы қанатты сөз түседі. Шындығым сол. Сыншыл көз халық қой. Жезді, Ұлытау, Шет, Ақтоғай халқының атынан айтылғандай болған алғыс пен ризашылық ниеттерді талай естідім. Әсіресе адалдығы мен еңбекқорлығын дәріптейді олар. Азаматқа керегі, азаматқа лайығы осы ғой. Мен танитын Рысқали осындай жігіт, осындай басшы».
Осылардың бәрі жүректі жарып шық­қан ақ, адал сөз. Азаматқа деген риза­шылық сезім. Ал ол болса ағалар сеніміне қылаудай да нұқсан келтірген емес.
Қашанда сергек, қашанда батыл азамат белсенділік қасиетін бұл күндері еліміздің жоғары заң шығарушы органы – Парламент Сенатында да көрсетіп келеді. Оның елдік маңызы зор депутаттық сауалдарына да өзіміз куә болып келеміз. Солардың бірқатарына тоқталып өтейік. Қазіргі таңда заңмен бекітілген ережеге қарамастан жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары жиі кездесуде. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, еңбек дауларына қатысты сот істері көбеюде. Мәселен, 2017 жылы соттарда еңбекке ақы төлеу талаптарының бұзылуына қатысты 1783 әкімшілік іс, ал 2018 жылы 1939 іс қаралған, яғни мұндай істер бір жылдың ішінде 8,7 пайызға артқан. 2019 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 139 кәсіпорынның 6 мың 200 жұмыскердің алдындағы жалақы берешегі 1 млрд 9420 млн теңгені құраған. Оның 77 пайызы, яғни 105-і – банкротқа ұшыраған кәсіпорындар. Сенатор осыларды тілге тиек ете келе Үкіметке бірінші кезекте жұмысшылардың жалақысын уақытылы беру мақсатында, содан соң басқа да міндетті төлемдердің өтелуін қамтамасыз ету бойынша «Банкроттық және оңалту туралы» Заңға өзгеріс енгізуді, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңды «Жұмыс берушінің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан табысын жоғалтқан жағдай» деген мазмұнмен толықтыруды, бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу және оларды анықтау, азаматтардың еңбек саласындағы өз құқықтары жөнінде хабардар болу деңгейін арттыру мәселелерін қарастыруды ұсынды. Депутаттың тағы бір көтерген мәселесі – ауылға жас мамандарды тарту. Көпшілік жақсы біледі, Елбасының бастамасымен «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл жобаның іске асырылуы мамандардың ауылдық елді мекендерге көптеп баруына мүмкіндік береді. Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ауылдық аймақтарда әлеуметтік сала мен аг­роөнеркәсіптік кешендер мамандарына тапшылық бары байқалады. Осыны зерттеп, қорытынды шығарған депутат тиісті сарапшылардың қатысуымен мониторинг жүргізіп, ауыл мұқтаж болып отырған мамандықтар тізімін жасау, оның ішінде экономист-бухгалтер, агроном, технолог мамандықтарын қарастыру, ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту мақсатында көтерме төлемақының 70 айлық есептік көрсеткішін 150 есептік көрсеткішке дейін көтеру қажеттігін депутаттық сауалына арқау етті.
Парламент депутатына өзі туып-өскен, қызмет атқарған Қарағанды облысындағы өзекті мәселелер жақсы таныс. Сенат отырысында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі кәріз желілерінің тозып, істен шыққанын ашына баян­дады. Оларды жаңартпаса апатты жағдайға ұшырауы мүм­кін. Шахтинск қалалық әкім­дігіне қарасты Шахан кентінде орта­лықтандырылған қазандық салу тез арада шешілуге тиіс. Алдыңғы жылы аталған кенттегі көпқабатты үйлердің біріндегі жертөледе орналасқан автономды жылу қазандығы жарылып, адамдардың қазасына алып келген. Депутат кентте салынуға тиіс орталық қазандық құрылысына қажетті қаржы бөлу мәселесін күн тәртібіне қойды.
Қолына қызметтің тізгіні тисе бұрынғы таныстарын менсінбей, асқақтап кететін жігіттерді білеміз. «Шіркіннің, жаратылысы осылай болды ғой» дейсің ондайларды көріп. Басқа не дерсің.
Осындай пенделерге керісінше, Рысқалидың қарапайымдылығы мен кішілігі жөніндегі ақжарма сөздерді көп естідім. Жезқазғанда тұратын ақын дос Ғазиз бұл туралы сүйсіне әңгімелегені бар. Ұлытаудағы журналист ағамыз ­Елтынды Дүйсенбаев та бір жүздескенімізде: «Рысқалидың облыстық мәслихаттың хатшысы қызметінде жүрген кезі. Бір күні Ұлытауға келді. Үйге телефон шалып тұр: «Түсте үйде боламын. Кездеспегелі көп болды ғой» дейді. Риза болдым. Құдайға шүкір, оны күтетін үй табылады. Алайда кезінде партия мектебінде қатар оқығанымызды ұмытпай, достыққа, жолдастыққа адалдығын байқатып тұрғаны ғой» деп азаматтың бұл пейіліне ризалық танытқан.
Ақылды, арлы азаматтар өмірдің мәні елге, халыққа қызмет ету деп біледі. Біздің Рысқали да осындай тұғырлы тұлғалар қатарында. Жұртқа қызметі елеусіз қалып жатқан жоқ. Қайтарымы бар. Ол – ел-жұрттың өзіне деген алғысы мен селкеусіз сый-құрметі. Азамат үшін бұдан артық атақ-дәреже болар ма?!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.