АҚЫН МҰРАСЫ ТОЛЫҒА ТҮСТІ

Алматыдағы Орталық ғылыми кітапханада ХІХ ғасыр әдебиетінің   алыбы, жыршы, айтыскер Майлықожа Сұлтанқожаұлының толық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға ­тарихшылар, әдебиетші ғалымдар, кітапхана қызметкерлері және оқырман қауым қатысты.  

«Ғылым ордасы» мекемесіне қарасты Орталық ғылыми кітапхананың кітап қорында 6 миллионға жуық құжат бар, оның ішінде сирек басылымдар мен қолжазбалар ерекше орын алады. Рухани-материалдық құндылығы жоғары бұл кітаби ескерткіштердің әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін маңызы зор. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі таңда сирек басылымдарды зерттеп, ғылыми айналымға түсіру жұмысы жандана түскен. Соның бір айғағы – белгілі қолжазба жинаушы, шежіретанушы ғалым Сейітомар Саттаровпен бірлесіп құрастырылған Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармалар жинағы. Жиынды жүргізген М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Тоқтар Әлібекұлы ақын тұлғасы мен шығармашылығына тоқталды.
Белгілі жазушы Смағұл Елубай «Ақын шығармалары – орыс отаршылдығына қарсы жанайқай, халықтың зар-мұңы» дей келе, Майлықожа өлеңмен өз заманының шежіресін жазып кеткенін тілге тиек етті. Ал бала кезінен Майлықожа бабасының өлең-жырларын құлағына құйып, жаттап өскен Аманхан Әлімұлы Кеңес заманында ақынның есімін ауызға алудың өзі қиын болғанын еске алды. «Майлықожа шығармашылығын әдебиетшілер ғана емес, тарихшы да, дінтанушы да, географ та жан-жақты зерттеу керек. Оның мұрасы – тұнып тұрған қазына» деді ол.
Дәстүрлі қазақ қоғамында өмір сүрген ақындардың көпшілігі қайраткер, мемлекетшіл тұлға болғаны белгілі. Майлықожа Сұлтанқожаұлы да отаршылдық қамытын киген елінің тағдырын ойлап қамықты, одан шығудың жолын іздеді. Ол үшін ең алдымен адамның мінез-құлқын түзеу керек деп, өз өлеңдерінде дәстүрлі дінімізді насихаттады. Майлы ақын өлеңдеріндегі ой тереңдігі, өткір тіркестер ақын тұлғасын айшықтай түседі. Осы орайда жиынға қатысушылар Майлықожа шығармашылығын зерттеуде Кеңес кезінің өзінде-ақ ғылыми еңбек жазған Әсілхан Оспанұлының орны ерекше екенін атап айтты.
Дінтанушы ғалым Зікірия Жандарбек ақын шығармаларындағы қазақтың дәстүрлі діни танымы мәселесіне тоқталды. «Қазір біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін білмей отырмыз. Ислам діні Қ.Ясауи дәуірінен бастап Түркістан жерінде шарықтап дамыды. Маңғыстау жырауларының, Сыр сүлейлерінің, оңтүстік ақындарының бәрі дәстүрлі діни танымды жырлады. Бұл кейін Абай, Шәкәрім шығармаларында тереңдеп дами түсті. Біз осындай жауһарларымызды өзіміз танып-білуіміз керек» деді З.Жандарбек.
Жиында кітапты құрастырушылардың бірі, Әдебиет институ­тының ғылыми қызметкері Н.Елесбай жаңа жинақтың ерекшелігіне тоқталып, ғылыми аппаратымен таныстырды: «Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Толық шығармалар жинағы» Орталық ғы­лыми кітапхананың, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы университеттің Түркология қорында сақталған мұрасы, Мырзашөл, Сарыағаш, Отырар, Ордабасы аудандарынан табылған қолжазбаларын текстологиялық сараптаулардан өткізу және әр кезеңде жарық көрген кітаптары негізінде ұсынылып отыр» деді ол. Ал кітапхана меңгерушісі Қ.Қаймақбаева бұл кітаптың электронды нұсқасын сайт арқылы пайдалануға болатынын жеткізді.
Тұсаукесер рәсімінде өзге де ғалымдар сөз алып, Майлықожа ақынның мұрасын насихаттау жөнінде сөз қозғады. 2020 жылы ақынның туғанына 185 жыл толады. Демек, үлкен зерттеулер әлі алда.

Д.ХАЛЫҚ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.