ЖЫР ҚҰЛАГЕРІ

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада қазақтың ұлы ақыны, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай «Жыр құлагері» атты жиын өтті.
Оны ұйымдастырудағы мақсат – ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасай отырып, әйгілі «Құлагер» поэмасына жан-жақты талдау жасау. Сонымен қатар ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамы, Ақан Серінің өмір сүрген ортасы, ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы халқымыздың басына төнген ауыртпалық, аштық, репрессия, Ілияс Жансүгіровтің тағдыры – барлығы деңгелек үстелдің ортақ тақырыбына айналды.

Дөңгелек үстелді «Менің жолым» және «РБНСГ – Вести» газетінің редакторы Нұрлан Әбдібек пен кітапхана ісін дамыту, ­биб­лиография және тифлология бөлімінің кітап­ханашысы Марина Серікбайқызы жүргізді.
Іс-шараны өткізу барысында жүргізу­шілер ең алдымен Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен қыз­метіне тоқталды. Ақын өмір сүрген кезеңдегі ел басына түскен ауыртпалық жан-жақты сөз болды. Ілияс ақынның өмірі осынау дүрбелең жылдарға тап келді. Оның Мәскеуде білім алуы ақынға әлемдік әде­биеттің озық үлгілерін, сондай-ақ орыс әдебиетімен жан-жақты танысуына мүмкіндік берді. Ол алған білімін қазақ әдебиетін өркендетуге пайдаланды. Сонымен қатар Ілиястың науқаншылдық әдебиеттің майданында ақындық өнердің көркемдік болмысын сақтауға қаншалықты күш салғандығы туралы да айтылды.
Дөңгелек үстелдің басты тақырыбы – «Құлагер» поэмасы. Ақын бұл шығармасын 1936 жылы өмірге әкелді. Бұл – оның соңғы жазған іргелі шығармасы. Поэма кезінде ­«Ең­бекші қазақ» газетінің бірнеше ­санында жарық көрген болатын. Кейін ақын тұтқындалып, ­саяси айып тағылған шақта ­республика ­бойынша газеттің поэма жарық көрген ­сандары түгел тәркіленіп, жойылды.
Алдымен сөз алған ақын Олег ­Рябуха Ілиястың өмірбаяны мен кеңестік кезеңнің ақтаңдақтары туралы кеңінен тоқталды. Қазақ халқының ақынжанды халық екендігін, Ілиястың осындай елдің топырағынан жаралған парасатты поэзияның өкілі екендігін тілге тиек етті. Бұдан кейін сөз алған композитор Мүбәрәк Шәкіров те жиынға ыждағаттылықпен дайындалып келгендігін байқатты. Ол ақынның «Күй» поэмасы мен «Жетісу суреттеріне» де тоқталып, жалпы Ілиястың өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударды. Бұл арада Ілиястардың, Сәкендердің өлеңдерін кезінде жаттап өскен буынның өкілдері де болды. Қазақтың танымал ақыны Зейнолла Тілеужанов туралы осыны айтар едік. Ақын Ілияс туралы толқып сөйледі. «Ілиястың ескерусіз қалуы мүмкін емес. Өлең мен музыка туыстас. Ілиястың поэзиясы –музыка. Ілияс осы екі өнерді өз өлеңдерінде астастырып жібереді. Поэзияның тазалығын Ілияс шығармаларынан көремін. Ілиястың «Құлагері» – ағылып, төгіліп тұрған күй, музыкалық шығарма секілді. «Құлагер» поэмасының екінші бір ерекшелігі құлашының кеңдігі. Кезінде Мұқағали, Төлегендердің жанында көп жүрдім. Екеуінің де ақындық диапазоны кең еді. Олар осы ерекшелікті Ілиястан алған секілді. Ұрпақ жалғастығы деген осы» деді ол.
Бұдан әрі сөз алған Владимир Ивановский поэма мен оның авторы туралы төмендегідей ой айтты:
– Мені толқытқан ең басты мәселе ақын­ның дүниетанымының соншалықты кеңдігі болды. Поэмадағы табиғат көріністері, тау­ларды суреттеуі сүйсіндіреді. Оқиғалар ішінде мен үшін аса бір қызықты көрінгені – екі балуанның күресі. Таңғажайып ­суреттеу, балуандардың мінез-құлқы тамаша ­бейнеленген. Аударма сапасы өте жоғары.
Жоғарыда айтылған ойларды дамыта келе ақын Индира Мезикова сөзін былайша жалғастырды:
– Біз, зағип жандар, қазақ шығармашылық иелерінің еңбектерімен жақсы таныспыз деп айта алмаймыз. Бұл кеңестер кезінде қалыптасқан құбылыс әлі жалғасып келеді. Тіпті қоғамда қазақ тілі төрт аяғын тең басып тұр деп ешкім айта алмайды. Біздің жағдай да осының айналасында. Қазақ жазушылары мен ақындарының брайльға аударылғандары саусақпен санарлық. Зағип жандардың олармен танысуға мүмкіндіктері бола бермейді. Осы дөңгелек үстел болмаса біз Ілиястың шын мәнінде қандай ақын екендігінен хабарсыз қалар ма едік, кім білсін. Оны оқып берген оқу залының қыздарына рақмет. «Құлагер» мен үшін үлкен жаңалық болды. Мен жасым келгенде осы поэмамен танысуға мүмкіндік алдым. «Ештен кеш жақсы» деген осы. Қазақта осындай ақын бар екендігіне шын мәнінде таңғалып отырмын. Поэмада қазақ халқының өткен өмірі, халықтың тарихы, тұрмыс-дәстүрі көз алдыңа келеді. Бұл шындық деп айту жеткіліксіз. Оған ешбір бояма қосылған емес. ХІХ ғасырдың қатал тұрмысы. Осы бір қаталдықтың ішінде «Құлагер» поэмасы өз заманына нұрлы сәулесін түсіріп тұр. Автор туған жердің табиғатын жырлағанда өзі де құлагерге айналып, бауырын жазып жүре береді. Ақынның табиғатты суреттеуі керемет. Ән ырғағы ойыңа келеді. Бұл бір – сәбиді анасы бесікте тербетіп ұйықтатқандай құбылыс. Тіпті оянбай қалсаң да өкінбес едің. Қазақтардың, көшпенділердің тұрмысы мен табиғаттың үйлесімділігі астасып кеткені сонша, оқырманын ерекше бір әсермен тебірентіп аялағандай күй кешесің. Қоғамдағы болып жатқан ауыр қайшылықтарды табиғат суреттері жеңілдетіп, оқырмандарды өзге бір әлемге жетелеп ала кетеді…
Өз кезегінде Әбетхан Тоқтаған Ілиястың сөз қоры өте бай екені туралы сөз қозғады. «Ақын шығармаларын бүгінгі жастарға оқыту керек. Ілиястың ой оралымдарымен қанат­танған жастар қазақ тілінің жанашыры бола алады» деп аяқтады сөзін.
Жүргізуші Н. Әбдібек көркем шығарманың тарихи кезеңдеріне шолу жасады. Әнші-композитор Ақан Сері Қорамсаұлының ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген тарихи тұлға екендігіне тоқталып, көркем поэмадағы өзге де кейіпкерлер туралы баяндады. Сонымен қатар поэманың көркемдік деңгейі туралы әңгімеледі.
Кітапхана қызметкерлері Ж.Ажарбаева, Ж.Қосмырза, М.Шинжирхан, Ұ.Өтешова шығармадан үзінділер оқыды. Әрбір үзінді оқылғаннан кейін поэма мәтіні бойынша оқырмандар пікір білдіріп отырды.
Сонымен бірге Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева ақынның көпке беймәлім төлқұжаты мен жинақ кітапшасымен таныстырып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. «Құлагер» поэмасының неміс және ағылшын тілінде жарық көрген басылымын оқырмандарға ұсынып, туындының алдағы жылда қытай және француз тіліне аударылатынын мәлімдеді.
Ілияс Жансүгіровтың немересі Ажар Жандосова ақынның отбасы туралы айтып, халықтың қалаулы тұлғасының ұрпағы болғанын мақтан ететіндігі жайлы сөз қозғап, естеліктермен бөлісті.

Асхат Байұзақов,
Зағип және нашар көретін
азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.