ҚАСИЕТТІ ҚҰНДЫЛЫҚ

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Кеше еліміз Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Рәміздер күні осыдан жиырма жеті жыл бұрын, яғни 1992 жылы 4 маусымда бекітілді.
Мемлекеттік рәміздер – Көк байрақ, Елтаңба және Әнұран. Бұлар – еліміздің тәуелсіздігін, егемендігін айқындайтын нышандық белгілер.

Рәміздегі нақыштарда үлкен мән бар. Олар жайдан жай белгілене салынбаған. Көк байрағымызды алайық, түсі көгілдір. Аспанның түсін аңғартады. Ашық аспан астында бақытты өмір сүрейік дегенді меңзегендей. Көңіліміз әрдайым бұлтсыз аспандай жарқын, жайдары болса, кәнеки! Тудың нақ ортасында нұрын шашқан арайлы Күн, Күннің астында қалықтап бара жатқан қыран. Осының барлығы көп мағына береді. Аспанның түсі, жарқыраған Күн халқымыздың арман-мақсаты тек тыныштық, бейбітшілік екенін паш еткендей. Сол кезде ғана өсу, өркендеу ­болады. Қыранның да айтар ойы бар. Ол бір жағынан айбындылықтың, өрліктің белгісі болса, екіншіден, еркіндікті, кеңдікті білдіріп тұр. Өмірде тәуелділіктен, біреуге күнің қарағаннан, аяғың да, ойың да тұсауланғаннан сақтасын! Ал айбын мен өрлікке келер болсақ, бұл қасиеттер өте қажет. Жуастық, ынжықтық елдің қасіреті. Ондайларды кім көрінген басып, жаншып ­тастайды. Алған бетінен қайт­пайтын, бүгіннің ғана емес, ертеңнің, одан арғының қамын ойлап жүрген қайсар азаматтар – елдің де, жердің де тірегі. Олар барда мемлекеттің жұлдызы биікте жарқырайды.
Елтаңбадағы шаңырақ – отбасы­ның, мемлекеттің түпқазығы. Шаңы­рақ шаттыққа кенелсе, мем­лекеттің де төрт құбыласы түгел. Шаңырақтағы татулық, жарасым­дылық елдің бірлігіне, тұтастығына негіз. «Бірлік барда тірлік бар» дейді қазақ атамыз. Тұлпар – зырлаған уақыт. Уақыттан қалмай тек алға ұмтылу. Тұлпар – ол асқақ арман, табанды талап, өмірге құштарлық.
Әнұранымыз да көңіл сүйсінер­лік. Асқақтық, алдаспан-намыс ұшқыны менмұндалайды. Туған елге сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі арғымақ аттай атойлап тұр. Бойға мұқалмас жігер мен қажымас қайрат дарытады.
Рәміздер – ұлтымыз үшін қастерлі құндылық. Оларға бейжай қарауға болмайды. Мәселен, Туымыз желден тозып, ескіріп тұрса немесе қисайып, құлауға шақ тұрса ол бізге сын. Мұндай жағдайда олқылық дереу түзетілуі тиіс. Елтаңбаны да ондай кейіптен сақтай білген жөн. Қажетті жерінде әрі дұрыс орналасуына баса көңіл бөлінуі керек.
Көбіміз Әнұранның сөзін білмейміз. Бұл өкініш, әрине. ­Айтулы жиналыс-жиындарда бар дауыспен шырқаудың орнына, ләм деп ауыз ашпайтын жұртты көріп жүрміз. Әсіресе бұл – ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз үшін кешірілмейтін жағдай. Қайта солар үлгі көрсетсе, нұр үстіне нұр.
Кешегі соғыста неге кеңес жауынгерлері фашизмнің ордасы – Рейхстагқа Ту тігуге ұмтылды. Себебі Ту – жеңістің, мықтылықтың, күштіліктің белгісі. 1945 жылы Жеңіс күніне арналған шеруде фашистердің туы Қызыл алаңда аяқтың астына тасталды. Ел үшін бұдан асқан масқара жоқ. Тудың қасиеті осындай.
Мемлекеттігіміздің, елдігіміздің, халықтығымыздың жарқын белгісі, ар-намысымыздың көрінісі – Рәміздерімізді қастерлей білейік. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Елтаңбамыз ел еңсесін көтеріп, Әнұранымыз әуелей берсін дейік.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.