Қарақат ӘБІЛДИНА, әнші: Гүл мені сұлулыққа ғашық етті…

d0bad0b0d180d0b0d0bad0b0d182d182Қолы бос уақытта әркім шөліркеген жанының құштарлығының үдесінен шықпақ болып, әр нәрсеге құмартады. Біреулер көз майын тауысып, он саусағы майысып кесте тіксе, біреулер ағаштан түйін түйеді, енді біреулер бұлбұлды төрінде сайратып, құс өсіріп, бірі балық асырайды, кейбіреу ескі тарихи жәдігерлерді жинау арқылы жанының жала­уын желбіретсе, екіншілері ою өрнектеу арқылы көңіл құсын қияға сермейді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз – елінің «елігі боп еркелеген» ерке қызы, күміс көмей әншісі Қарақат Әбілдинаның біз білмейтін бір қыры, яғни әдетінен мінезіне айналған сүйікті ісі – гүл өсіру екен.Қарақаттың өзі «Гүл өсіру – анамнан дарыған дәстүр» дейді. Өзінің айтуы бойынша, ес біліп, етек жиғалы бері білетіні – анасы гүл өсірумен айналысып келеді екен. Жайқалған Жаңаарқаның жасыл желегі мен әдемі гүлдерін ерке қыз сәбиінен сүйіп өскен. Қысы-жазы терезенің алды түрлі-түсті гүлге жайқалып тұрады. Анасы бұл өнерге бұрымы желкілдеген қызын балауса шағынан баулыса керек.
Қазір жұлдызды жұптардың үйі жайқалған гүлден жұпар аңқиды. Қарақат аптасына бір рет арнайы гүл мамандарын шақыртып, гүлдерін тексертіп отырады. Шекесі торсықтай үш ұлдың анасы үйіндегі гүлдеріне де мейірім шуағын төгіп, балаларындай мәпелейді. «Гүлдер де өз иесіне дәл солай сезімдерін білдіре жа­уап қатады» дейді ол. Алатаудың бөктерінен Астананың қақ төріне көшер кезде де талай жыл жанынан табылған гүлдерін қия алмай, қоса ала кетіпті. Гүлдерінің арасынан «Махаббат гүлі», «Озалия», кактустың бірнеше түрлерін және атын мен мүлде естімеген, түсіңізде де көрмеген гүлдерді кезіктіруге болады. Ал осынау шағын «гүлстанның» иесінің өзіне ақ түсті гүлдер ұнайды екен. «Ақ – пәктіктің, адалдық нышаны ғой» деді ол ағынан жарыла.
«Гүл… бірінші кезекте – әуен», «Гүл – бәрібір азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азат­тықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі…», «Кiтап – ой ретiнде жалғыздықтың аясында дүниеге келетiн жұмбақ құбылыс, ал гүлдi серiк iздеген жаны нәзiк адам өсiредi. Гүл сезiмдi ой тудырады, кiтап ойдың сезiмiн дамытады», – деп жазады Дидар Амантай «Гүлдер мен кітаптар» романында. Кім біледі, шындығында, гүл мен әуен егіз ұғым да шығар. Елін әнімен әуелете тербеп жүр­ген Қарақаттың өзі жазира­ның жайқалған жауқазынындай ке­йіпте. Ал психологтардың ай­туынша, гүлді әдетте жаны нәзік, көбіне шығармашылықпен айналысатын, әдемілікке, сұлулыққа құштар, сырын сыртқа шашпайтын адамдар жақсы көреді. «Анам мені гүл өсіруге тәрбиелеп қана қойған жоқ, сол арқылы сұлулыққа ынтызар етті. Әр нәр­седен әдемілік көргім келіп тұратыны да содан шығар… Одан қалса, «сұлулық әлемді құтқарады» деген күллі адамзат мойындаған қағиданы еске түсіріңізші!..» – дейді Қарақаттың өзі.
«Он алты жасымда К.Бай­сейітова атындағы музы­калық колледжде оқып жүргенде құрбым туған күніме ыдысқа отырғызылған кішкентай тірі гүл сыйлаған болатын. Қуанғаным сонша, әлі күнге жадымнан шы­ғарған жоқпын. Бүгінде де дос­тарым, туыстарым маған мерекеде, туған күнімде қандай гүл сыйлау керегін біледі. Яғни ыдысқа отырғызылған тірі гүл сыйлайды. Олар – мен үшін «өткен күннен бір белгі», яғни есте қалған сәттердің ескерткіші секілді. Ал енді гүлдің әдемілігінен бөлек, оның үлкен пайдасы барын біз білдік пе? Бөлменің ауасын тазартып қана қоймайды, шын ықыласыңмен күтіп-баптасаң, ол өскен соң денсаулығыңа, отбасыңа оң әсерін тигізеді. Ал гүлдердің қасында бір сағаттай отырсаң, көңіл күйің көтеріліп, барлық жаман ойдан арылып, мерейіңді өсіріп, жаныңды жадырататын қасиеті де бар. Гүлді нәзіктіктің, тазалықтың символына тегін телімесе керек» дейді толқи сөйлеген әнші.
Қарақаттың кеңесіне жүгінсек, гүл өсіргісі келген адамның гүлді өз қолымен егіп, күтіп-баптағаны дұрыс. «Ұрлап өсірген гүл жақсы өседі» деген ырым бар ғой. Жасырғаным емес, менің де барған жерімде ерекше гүл көрсем білдіртпей, ақырын үзіп алатын кезім болады (күліп алды). Кейде Қыдырәлі гастрольдетіп келген кезінде: «Сен жоқта «Махаббат гүлі» мұңайып тұрды. Келіп едің – қайта құлпырып қоя берді» деп әзілдейтінім бар» дейді Қарақат. Айтпақшы, Қарақаттың әпкесі, «қазақты жанымен сүйетін, қазаққа жүрегімен ғашық» жазушы, «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілда апай да гүл өсіргенді қатты ұнататын көрінеді. «Жұмыс орнында да, үйінде де жасыл құрақты жайқалтып қойып, балаша мәз болады» дейді сіңлісі әпкесі жа­йында. Қос қарлығашқа біткен бұл өнер әдемілікке сүйіспеншілігі­мен қоса қаннан келген қасиет сияқты көрінді маған. Айтпақшы, естуімізше, режиссер Болат Атабаев та гүл өсіруді ұнатады екен.
Кенет «Ғұмыры қас-қағым, се­зімін жеткізіп басқаның, солатын оңай-ақ, гүлдерге обал-ақ…» деп келетін өлең жолдары еріксіз тіліме оралды. Біз сабағынан үзіп ап, сүйіктімізге сыйлайтын сол гүлдердің ғұмыры қанша? Аңызға жүгінсек, біреудің бір сәттік қуанышының құрбаны боп қыршыннан қиылатын сол гүлдер өздерінің екі-үш күндік өмірін ерлікке балайды екен. Иә, гүл – бәрібір гүл. Сезім болып ағылатын да, омырауларға тағылатын да – гүл. Мейірімсізді ерітетін де, тәкаппарды иілдіретін де – гүл. Ендеше өміріміз гүлге айналсын десек гүл өсірейікші, а?..

Ая ӨМІРТАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.