Балуан Шолақтың келіні

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

1999 жылдың жазы еді. «Бұланды ауданының «Капитоновский» кеңшарына қарасты Вознесеновка селосында Балуан Шолақтың туған келіні тұрады. Аты – Ғазиза. 1990 жылы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеп жүріп, батырдың зиратының басына соққаным бар. Сонда әжей баласы Хайролланың қолында еді. Ал, енді… Иә, олардың одан кейінгі тағдырынан қазір хабарсызбын, қарағым».
Астана қаласының байырғы тұрғыны, дербес зейнеткер Қасым Аппасұлы Тәукенов ағамыздың айтқан осы сөзінен кейін: «Тәуекел!» деп жолға шыққан едік. Мәшинеде екі адамбыз. Журналист әріптесім Асқар Ахметов және мен. Ақмола өңіріне 1985 жылы ҚазМУ-дың жолдамасымен келіп, облыстық телерадиода, одан соң «Арқа ажары» газетінде жұмыс істеген ол біздің редакцияға ауысқалы бері бәрімізге жолбасшы. Қазірде де көзі трассадан, қолы рульден босамаған әріптесім бұл аймақты бес саусақтай білетінін аңғартып, Астрахан тас жолының төңірегіндегі елді мекендерді жадуалдай жатқа соғып келеді.

Өстіп отырып Қажекең, Қажымұқан атамыздың кіндік қаны тамған Буденый бөлімшесін артқа тастадық. Одан кейін бір кездері осы облыс атқару комитетінің төрағасы болып зейнеткерлікке шыққан, қазір жүдеп кеткен Өндіріс атты қазақ ауылына келіп, оны арақ ішпейтін, темекі тартпайтын дәулетті де сәулетті селоға айналдырған Қайредден Кәрібаев ақ­сақалдың иелігіндегі елді мекеннен өттік. Содан соң алдымыздан Жалтыр эле­ваторының сұлбасы сорайып көрінді. Міне, осы жерге келгенде сәл аялдап, демалайық деген оймен «Нивамыздың» тізгінін тежедік.
Радиатордағы қайнаған суды ағызған Асқар қолына шелегін ұстап құдыққа қарай кетті. Мен келе жатқан бағытымыздың дұрыс-бұрысын анықтамақшы болып жол жиегіндегі буфетке беттедім. Іште қызыңқырап алған үш жігіт пен олардан бөлек үстелде шай ішіп отырған бір шалдан басқа ешкім көрінбеді. Қартқа барып сәлем беріп, жөн сұрадым. Бұл кісі осы жердің тумасы, сүйегі атығай Қапез есімді ақсақал болып шықты.
– Келе жатқан бағыттарың дұрыс, – деді қария. – Енді бірер сағатта Вознесеновканың да төбесі көрініп қалар. Бірақ Ғазиза әжең мен оның ұлы Хайролла онда тұрмайды. Олар содан 8 шақырым әріректегі кордонда. Бұрын Үйсін ауылы делінетін. Кейін Тастыөзек боп жүрді. Ал қазіргі атауы жаңағы… Кордон. Жә… Вознесеновканың өз басында кемпірдің кенже баласы Шайдолла тұратын болса керек. Ол сонда мектеп директоры деп естігенмін.
– Рақмет ақсақал! Сау болыңыз.
…Содан көп ұзамай Вознесеновкаға да келіп жетіп, Шайдолланы оп-оңай ­тауып алдық. Балуан Шолақтың бел баласы Құдайбергеннің отбасында 1958 жылы дүниеге келген, орта мектепті бітіріп, әскери-теңіз флотында жауынгерлік міндетін өтеген, одан соң Алматыдағы дене шынықтыру институтын тамамдаған ол ашық-жарқын жан екен. Амандық-саулық сұрасып, танысқаннан кейін: «Анам Астанадағы Есенбай деген інімнің үйіне кетіп еді. Мен сіздерді қара шаңырағымызды ұстап отырған үлкен ағам Хайролланікіне апарайын. Себебі әкемнің қасында ең көп жүрген де, сөйтіп, одан ­Балуан атамыз ­туралы ең көп әңгіме тыңдаған да сол кісі» деді аңқылдап.
Жазған құлда шаршау бар ма? Жүре-жүре Кордонға да иек арттық. Жұмыр қарағайдан қиып салынған шатырлы үйдің қақпасын төртбақ денелі, мығым мойын, балуан білекті жігіт ашты. Ішке кірген соң: «Хайролла!» деп таныстырды өзін. Жүзіне барлай көз жүгірттім. Қараторы келген ауыр мінезді адам екен. Іле Шайдоллаға қарадым. Ол көккөз, ақсары жігіт боп көрінді маған. «Демек, атасының өңінің жұқанасы мектеп директоры боп жүрген мына ұрпағына, ал денесінің бітімінен қалған белгі үй иесіне келіңкірей ме, қалай?» дедім Сәбең, Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесіндегі суреттеулерді көз алдыма ойша келтіріп. Сөйттім де: «Ағам – қыңыр кісі. Тіл табыспасаңыз, қайта қайрылмайды. Ана жылы бір жазушыға жақ ашпай қойған. Жаратпаса, жатып алады» деген Шайдолланың жолдағы сөзін еске алып, сақтықпен сөз бастадым. Жоқ, Хайролла қыңыр мінез танытпады. Бірден шешіліп, сұрақтарыма ынты-шынтымен жауап бере бастады.
– Атамыздың кіндігінен тараған бел балалары дейсіз бе? – деді ол жанарын маған тіктей қадап. – Менің білуімше, олар үшеу. Үлкен ұлы Исажар, қызы Бәтен, содан кейінгі менің әкем Құдайберген.
– Ол кісі, яғни сіздің әкеңіз сонда батырдың ең кенжесі болды ғой…
– Иә. Құдайберген Балуан Шолақұлы 1901 жылы осы Тастыөзекте туыпты. Атамыз қайтыс болғанда 18 жаста екен. 1937-1941 жылдары репрессияға ұшыраған. Қудалаудан ақталып, елге оралғанда Ұлы Отан соғысы басталады. Міне, сол кезде оны осы Макинкадағы Гомельден көшіріліп әкелінген әскери зауыттағы қара жұмысқа салған. Мұнда ұста, токарь боп еңбек еткен әкей елуінші жылдары атақонысы Тастыөзекті қайта тауып, орман, мал шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Алпысыншы жылдардың басында зейнеткерлікке шықты да, 1975 жылы ­наурызда қайтыс болды.
– Әңгімеңізге қарағанда әкеңіз аты аңызға айналған Балуан Шолақ қайтыс болғанда ержетіп, ес тоқтатқан азамат екен. Демек, ол кісі атаңыз туралы біраз жайларды біледі деген сөз. Олай болса…
– Түсіндім… Әкемнің әр кезгі сөздерінен менің есімде қалғаны төмендегідей жайт. Қай қиырға бармасын, кімдермен күреске түспесін… Міне, солардың бәрінде батырмен бірге оның аққошқар киесі қоса жүріп отырыпты. Жасыратыны жоқ: рух, аруақ, құдірет деген ұғымдарға күні кешеге дейін мен де онша мән бермей келген адаммын. Бірақ бертін келе Батыс, Шығыс әдебиеттеріндегі пайымдауларға қарап, жоғарыдағыдай мифтік жебеу күшке сенбеске әддім қалмады. Мысалы, орыс қолбасшысы Суворовтың жеңістеріне жігер беруші ежелгі славяндардың «рост» деп атаған аңы – аю екен. Ал жыр алыбы Жамбылдың көзге көрінбейтін киесі қызыл жолбарыс дейді. Осыларды ой елегінен өткізе келе соңғы кездері: «Балуан атамның аққошқары туралы әкем Құдайбергеннің де, жазушы Естай Мырзахметовтің де айтқандары рас-ау» деген пікірге табан тіреп жүрмін.
– Сонда ол белгісіз күш, яғни аруақ батырға қалай жәрдемдесіп отырған? Түсінде аян беретін болғаны ғой шамасы…
– Жоқ. Аққошқар қиын кезде атамызға емес, қарсыласының көзіне көрінеді екен. Сөйтіп, оған айбат шегіп, ықтырып отырған. Тұңғыш рет бұл кие Балуанның Тоқсанбай деген кісінің асындағы күресінде бой көрсетеді. Сонда жеңіліс тапқан түйе балуанға оның шашбауын көтерушілер: «Аты да, заты да белгісіз жас баладан аяғың аспаннан келіп, қирай жеңілетіндей не көрінді сонша?» дегенде, ол: «Мені жыққан Нұрмағамбет Шолақ емес, оның сүзеген аққошқары. Екеулеп жүріп діңкемді құртты» деп жауап беріпті. Соған қарағанда атамыздың киесі оның қарсыластарына аққошқар болып елестеп, мысын басып отырған болса керек.
– Жұрт аузында Балуанның ақбоз аты туралы да әңгімелер өте көп. Бұл жөнінде әкеңізден естіген ештеңеңіз жоқ па?
– Әкей ақбоз жөнінде естіп қана қоймаған, оны өзі кезінде көрген де жан. Ол кісінің айтуына қарағанда, бұл ­жануар өте белді және ақылды ат болыпты. Белді дейтінім, атамыз осы Тастыөзектің Аққұдық жайлауында қызы Бәтенді ұзату үшін той жасайды. Сонда жігіттер көкпар тартамыз деп оның үлкен ұлы Исажардан серке сұрайды. Мұны естіген Балуан оларға: «Жапырақтай жалғыз лаққа қайсыңның тақымың толады. Одан да тана тартыңдар» деп мүйізі шығып қалған торпақты бауыз­дап береді. Намысқа тырысқан небір атпал азаматтар әлгіні қозғалта алмай, әуре-сарсаңға түседі. Жігіттердің ақ тер-көк тер болғанын көрген атамыз түс қайта ақбозбен «көкпарды» жерден үзеңгі бойы көтерген күйі ауыл шетіндегі Айша ­деген жесір әйелдің есігінің алдына апарып, солқ еткізіп тастай салады. Сонда батырдың астындағы аты әлгі екі аралыққа дейін сымдай созылған күйі аяғын санай ­басып, сыр бермей жетті дейді көргендер. Ал оның ақылдылығын мынаған байла­ныстырып айтады. Өрістен қайтқан малды байқастаған үлкен кісілер төбе басына жиналып, әңгіме-дүкен құрмай ма? Немесе ауылдағы шал-шауқан жатарда дәрет алуға далаға шықпай ма? Міне, сондай кездерде егер олардың арасынан Балуанның қарасы көрінсе немесе оның дыбысын естісе жарықтық ақбоз өрісте жүрген жерінен желіп отырып келіп атамызға бір соғып кетеді екен. Ол кісі иығын тұмсығымен түрткілеп: «Мен келдім!» деп тұрған оның мойнын алқанымен қағып еркелеткеннен кейін ғана аты үйірдегі жылқыларға қайта барып қосылатын болған.
– Көп ретте біз: «Әке – балаға сыншы» дейміз. Бірақ өмірде баланың да әкеге сын көзбен қарайтын кездері болады. Сіз дұрыс түсініңіз. Мен мұны жақсы мағынада айтып отырмын. Ол мәселен…
– Біліп отырмын. Бұл сауалыңыз арқылы менен: «Балуан Шолақ қандай адам болған? Әкеңіз одан қандай ерекшеліктерді байқаған?» деген жайттарды сұрағалы отырсыз ғой. Естуімше, атамыз құстамақ, кірпияз кісі екен. Соншама алып күш иесі бола тұра тәбеті қатардағы адамның ас ішуінен аспаған. Дәл осындай ұқсастықты мен Қажымұқан туралы бұдан көп жыл бұрын шыққан бір жинақтан оқып едім. Сонда Қажекеңнің өмірінің соңғы кезеңінде отасқан зайыбы Мінәй әжеміз тура жоғарыдағыдай жайтты, яғни ол кісінің барға қанағат ететін жан екенін, асқа деген асып кеткен аусарлығы болмағанын айтады. Міне, біздің атамыз да осындай кісі екен.
Сосын… Иә, сосын Балуан Шолақ атты алып күш иесі денесі таудай дейтіндей соншалықты жойқын адам болмапты. Рас, сұсты еді, денесі ортадан биік сидам боп көрінгенімен, мойны мығым, жауырынында алапат күш жатқан жан еді дейтін әкем. Ғажабы сол, жай кездері атамыздың денесіндегі еттері тым бос, терілері салбырап тұрғандай олпы-солпы боп көрінеді екен. «Балуанмын дейсіз. Қолыңыздың терісін ұстап көрсем ылбырап созыла береді. Күшіңіздің қай жерде жатқанын көре алмай тұрмын батырекесі» дейді Үйсін ауылына күйеусініп ойнаған бір қыдырмашы. Сонда атамыз: «Ал, онда білегімді тістей ғой. Қырши алсаң – бәсіңе қырық серкеш. Оны үйіңдегі жиеніме бүгін-ақ айдатып жіберейін» депті. Мұны естіген күйеу білекке ауызды салып кеп жібереді. Байқайды, Балуанның еті манадағыдай бос емес, қатып қалған бір қаратас (Сөйтсе қандай да бір рефлекс туа қалғанда жай кездегі бос терілердің арасы буылтық-буылтық бұлшық етке толып шыға келуі ол кісінің денесінің туа бітті әдеті екен). Ақыры батырдың білегін қыршымақ түгілі, оның терісіне тісінің табын да түсіре алмаған қонақ ағат айтқан сөзі үшін атамыздан кешірім сұрапты. Жоғарыдағы тақырыпқа байланысты менің білетінім, міне, осындай әңгімелер.
– Ал, енді Балуан Шолақтың кенже ұлы – өзіңіздің әкеңіз ше? Біздің ойымызша, Құдайберген ақсақалда да атаңыздың бойындағы ән, күрес өнері сияқты қасиеттерінің болмауы мүмкін емес сияқты.
– Әкемнің ән айтып, домбыра шерт­кенін шешем Ғазиза білмесе, мен өз басым көргенім жоқ. Әңгімешіл еді. Сізге айтып отырғанымның бәрі менің жас кезімдегі сол кісіден естігендерім. Ал күш жағына келгенде әжептәуір қайраты бар екенін сеніммен айтуыма болады. Денесі төртбақ, кең иықты ол кісінің салмағы 130 килограмм еді. Аудан орталығы Макинкадағы «Сельпоның» қоймасынан тауар тасып жүргенде 100 литрлік сумай құйылған темір бөшкені машинаға бір өзі көтеріп қойғанын көрген жандар ауылда күні бүгінге дейін бар. 1963 жылғы Қайрақтыдағы бір көрініс есімнен кетпейді. Әкей сонда қолдан тоқылған алашадан жасалған 2 центнерлік бидай толы қапты қиналмай көтеріп, диірмен шанағына құйған еді. Соған қарағанда ол кісіде біраз қара күш болған-ау деп шамалаймын. Бірақ шаршы топтың алдына шығып күреске түсіпті дегенді көргенім де, естігенім де жоқ.
– Жазушы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде батырдың Қайрақты селосының старостасы Егор Пропадконың қастандығынан қаза тапқаны айтылады. Осы дерек дұрыс па?
– Жоқ. Әкемнің, көнекөз қарттар­дың айтуынша, атамыз өз ажалынан қайтыс болған. Революциядан кейін бір-екі жылдан соң, ел күздеуде отырғанда Балуанның түсіне кірген әулие-әнбиелердің бірі оның ақбо­зын жетектеп ала жөнеледі. Атамыз: «Таста, тастап кет атымды!» деп жалынады. Бірақ олар қайрылмайды. Жалбарын­ға­нынан ештеңенің өнбесіне көзі жеткен соң: «Ендеше ақбозбен бірге мені де ал… Ала кет жаратқан!..» деп жатып оянып кетеді. Таң атысымен ұлы Исажарды шақырып алып, қораға жұмсаса, ол үсті-басын тер басқан ақбоздың қалшылдап тұрғанын айтады. Содан бірер күн өтісімен әлгі жануар да, көп ұзамай Балуан да бақилыққа аттанады.
– Сонда Сәбең жоғарыдағы жайтты неге сүйеніп айтқан деп ойлауға болады?
– Менің пікірімше, ол мынадай жағ­дайға байланысты ғой деймін. Казак орыстардың қолынан Балуан емес, оның үлкен ұлы Исажар опат болған. Қалай дейсіз ғой… Атамыз көз жұмған соң Қай­рақтының қарашекпен мұжықтары Тастыөзектегі туыстарымызға қайтадан тізе батыруға көшеді. Сонда басынан бағы ұшқан Балуан ауылының намысын жыртатын жалғыз Исажар ағамыздан басқа ешкім болмайды. Міне, сол кісіні келімсектер 1932 жылы орманда аңдып жүріп атып кетеді. Басқасын білмеймін, маған кейде Сәбең «Балуан Шолақ» повесін жазғанда бас кейіпкерге қатысты оқиғаны қоюлату үшін осы детальды әдейі финалға шығарды ма екен деген де ой келетіні бар. Бұған аталмыш шығарманың «ұлы орыс халқының» басынан құс ұшырмай тұрған кез – 1940-1941 жылдары жазылғанын қосыңыз. Міне, заманның сондай уақытында жазушыға, мүмкін, Балуан Шолақты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне араластырып, ақтар офицерінің қолынан қаза таптыру, сөйтіп, шығарманы міндетті түрде таптық тұрғыдағы көзқарас талабымен алып шығу қажет те болған шығар. Бірақ қалай дегенде де Сәбеңе рақмет! Өйткені ол кісі жоғарыдағы повесті Балуанның өмір жолының ізі әлі өшпей тұрғанда, көзкөргендерінің мол кезінде жазды ғой. Демек, ондағы көптеген оқиға, эпизодтарда шындық бар деген сөз.
– Ендігі білейік дегеніміз мынау еді. Айтыңызшы, үйіңізде Балуаннан қалған бір зат, белгі, жәдігер бар ма?
– Оны Астанадағы апам біледі. Сол кісіден сұраңыз. Жасы сексенге жақындап қалған шешеміз: «Ескіден қалған көз» деп бірдеңелерді сандығына сақтап жүретін. Бар болса айтады. Көрерсіздер.
…Әңгіме осымен бітті. Шай ішіп, кәделі тамақтан ауыз тиген соң Балуан атамыздың басына баруға жиналдық. Зират Кордоннан 5 шақырым жердегі алаңқайда екен. Жан-жағын қарағай мен қайың көмкөрген ені 2 шақырым, ұзындығы 3 шақырым селеулі далада үлкен төбе тұр. Оның төңірегіне үйдей-үйдей 7 қойтас қойылыпты да 8-ші әйдік тас бейіттің басына шығарылыпты. Оған: «Балуан Шолақ. 1864-1919 ж.ж.» деп жазылған. Басқа ештеңе жоқ. Зираттағы 8 қойтастың сырын Хайролла мен ­Шайдолла: «Өз заманының сегіз қырлы, бір сырлы перзенті еді. Табиғат өзі берді, өзі алды. Енді, міне, жер қойнында жатыр деген ұғымды білдіреді» деп түсіндірді.
Хайролланың айтуына қарағанда, 1925-1927 жылдары батырдың артында қалған ел-жұрты оған күмбез орнатқан екен. Бірақ Балуанға қаны қарайған орыстар отызыншы жылдары осы белгіні екі рет қиратыпты. Үш рет далаға өрт жіберіп, төңірегін тып-типыл қылған. Қазіргі біз көріп тұрған үлкен төбе сол күмбезден қалған үйінді топырақ болып шықты. Неткен қатыгездік десеңізші.
Зират басында біраз тұрған соң біз қайтуға жиналдық. Хайролла мен ­Шайдолла жол айырығына келгенде түсіп қалып, сәт сапар тіледі. Сөйтіп, қайтадан Астанаға қарай бет алдық. Ендігі мақсат – Балуан атамыздың келіні, сексеннің сеңгіріне шыққан Ғазиза әжеге жолығу.
…Астанаға келген соң ертесінде біз Ғазиза әжейді іздеуге кірістік. Таптық та. Ол кісі Елордадағы Пушкин көшесінің 167-ші үйінде, кенже баласы Есенбайдың қолында ғұмыр кешіп жатқан болып шықты.
Біз келгенде апамыз үкінің ұясындай бір бөлмелі пәтерде жіп иіріп отыр екен. Байқаймыз, әжей әлі тың сияқты. Келген шаруамыздан хабардар болған соң ынты-шынтымен әңгімеге кірісіп кетті.
– Мен осы өңірге белгілі Мәтен деген ескіше оқыған діндар адамның қызы едім қарағым, — деді үй иесі алғашқы сұра­ғымызға. – Ол кісі атақты Науан хазіреттің алдын көріп, одан дәріс алған көзі ашық жан болатын. Мен, міне, сол отбасында тәрбиеленіп, өстім.
– Отағасыңыз, Балуан Шолақтың баласымен қалай таныстыңыз?
– Ұмытпасам, Ұлы Отан соғысының бел ортадан ауған кезі. Бұл уақытта менің жиырмадан жаңа асып, бойжеткен шағым. Ақмоланың базарына келдім. Сол жерде Құдайберген атты жігітпен кездестім. Аңқылдаған ақкөңіл жан екен. Артымнан қалмай іздеп келіп жүрді. Әкеммен танысып, келе-келе екеуі ұзақ әңгімелесетінді шығарды. Бір күні әкей шешеме: «Қызым менің айтқан тілімді алсын. Мына жігіттің етегінен ұстаса қор болмайды. Бұл әйгілі ­Балуан Шолақтың ұлы Құдайберген. Аруақты аттағандай болмайық. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы екенін ұмытпайық» депті. Ойлана келе келісімімді бердім. Әке-шешемнің ақылына тоқтағаныма кейін өкінгенім жоқ. Өйткені отағасы тұрмыста өте жайлы, өмірде қас-қабағыма қараған қайырымды адам болды.
– Ол кісіден қанша ұл-қыз бар?
– Құдайбергеннен 12 құрсақ көтердім. Солардың 5-еуі аман-есен, тіршілік кешіп келеді. Үлкен ұлым ­Хайролланы көрдіңіздер. Тастыөзекте тұрады. ­Шайдолламен де әңгімелесіпсіздер. Хамидолла – кәсіпкер. Есенбайым болса осы Астанадағы жөндеу зауытының шебері. Ал Асыл атты қызыма келсем, оның мамандығы есепші. Ол Ақмоладан 40 шақырым жердегі Мәтен стансасында бухгалтер болып қызмет етеді. Балуан Шолақ аталарыңның немерелері, ұрпағы, міне, осылар қарағым.
– Сіз қазақтың ардақты адамының келінісіз. Сол үйдің түтінін түтетіп, қазан-ошағын ұстаған жансыз. Көненің көзі ретінде айтыңызшы… Қара шаңырағыңызда Балуан Шолақ атамыздан қалған бір зат, белгі, жәдігер бар ма?
– Мен келін боп түскенде бұл үйде батыр атамыздың өзі ет жеп, қымыз ішкен ағаш табағы мен қайыңның безінен жасаған тостағы бар екен. Бертінде, яғни алпысыншы-жетпісінші жылдары оларға сызат түсіп, жарылып, пайдалануға жарамай қалды. Қазір сол ыдыс-аяқтың бір-екі сынығы бар. Ол шүберекке түйіліп, сандығымда жатыр. Содан кейін… иә, содан кейін Қаныке енемізден қалған асыл ­тасты жүзік бар. Оны мен ғұмыр бойы сақтап келіп, таяуда қызым Асылға бердім. Қазір бұл жәдігер соның үйінде тұр. Одан басқа атап айтар ештеңе жоқ.
– Сексенге келген осы жасыңыздың ішінде Балуан Шолақтың ұрпақтарын іздеп келген, оның қара шаңырағына ат басын бұрған атақты адамдар болды ма? Болса олар кімдер еді?
– Иә, ондай жандар болды. Бірақ аз. Солардың ішінде төртеуі мықтап есімде сақталып қалды. Олар: Алматыдан арнайы іздеп келген этнограф марқұм Әшімбек Бектасов, қарағандылық жазушы Жайық Бектұров, Көкшетауда тұратын қаламгер Естай Мырзахметов және Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Қасым Тәукенов. Бұлардың бәрі де біздің отбасының шын жанашырына айналған адамдар болды. Оларды ылғи да ыстық ықыласпен еске алып отырамыз.
– Ақмола өңірін Балуан Шолақтың туған жері деп айтамыз. Бүгінгі облыс, ­аудан басшылары аты аңызға айналған сол тұлғаны есте қалдыру үшін шаралар өткізгенінен хабарыңыз бар ма? Олар сізді, Балуан Шолақтың ұрпақтарын біле ме?
– Жоқ. Олай дейтінім, бұл өңірде бірде-бір елді мекенге, мектепке, олардағы көшелерге Балуан атамыздың аты берілген жоқ. Білсе, осылай істер ме еді? 1993 жылы Алматыдағы Спорт сарайы атамыздың есімімен аталғанын естіп қатты қуанғанбыз. Ал мұнда ондай игілікті істің қарасы әлі көрінбейді. Бұл бұл ма, Арқаның ардақтысы осы бір аяулы жанның басы әлі күнге қарайтылған жоқ. Биыл Балуанның қайтыс болғанына 80 жыл толған соң өз күшімізбен ас беріп, зиратын шама-шарқымызша жөндеген болдық. Елге, қарапайым халыққа, кәсіпкер Марат Нәбиевке рақмет! Көмектесті. Асқа келді. Бірақ облыс пен аудан басшылары қара көрсеткен жоқ.

P.S.

Бұл 1999 жыл еді. Әңгіме кезінде Ғазиза әжейден бұдан басқа да көптеген жайттарға қанықтық. Кейін редакцияға ертіп келіп, сұхбатымызды одан әрі жалғастырумен болдық. Содан соң Жамбыл облысы әкімдігімен, сол кездері аталмыш өңірден сайланған Парламент депутаты Арғынбай Бекбосыновпен хабарластық. Бұл істе халық қалаулысы ол ағамыздың еңбегі зор болды. Нәтижесінде 2004 жылы бір кездері Балуан Шолақтың туған бабаларының атамекені болған Тараздан Ақмола облысына делегация келді. Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бөрібай Жексенбин батыр баба басына мәрмәр тастан еңселі ескерткіш орнатқызды. Ескінің көзі Ғазиза әжей осының бәрін көріп, риза болып, 2010 жылы бақилыққа аттанды. 

Ақмола облысы
Бұланды ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.