ТҰҒЫРЫ БИІК ТАРБАҒАТАЙ

Тарбағатайдың етегінде халықаралық спорт және өнер фестивалі өтеді дегеннен, екі апта алдын ала дайындалдық. Жеңіл көлікпен шығатын болған соң, жолды картадан да, интернеттен де қарадық. Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен Қытай аумағында орналасқан Тарбағатай тауы мен Алматының арасындағы жолдың ұзақтығы бізді райымыздан қайтара алмады. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп жолға шықтық. Алматылық тілшілердің бар жағдайын жасап, ыңғайлы көліктерді ұсынған белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеев Ақсуат ауылында өткен үш күндік фестивальдің ұйымдастырушысы да, демеушісі де. «TasGroup» компаниялар тобының басшысы.

ЫРҒЫЗБАЙ ӘУЛИЕ БАСЫНДА

15-16 сағатқа жоспарланған жолды 28 сағатта жүріп, Тарбағатай тауларын асып өтіп, әуелі Ырғызбай әулиенің басына жеттік. Ырғызбай Досқанаұлы – 1787-1850 жылдары Шығыс Қазақстан облысында өмір сүрген тұлға. Жастайынан түрлі шипалы шөптерді пайдаланып, талайды дертінен айықтырған орта жүзге белгілі халық емшісі, көріпкел болған екен. Мұнда Әулие Ырғызбай кесенесімен, іргесінде абаттандырылған жерлер мен кітапханасын, «Аманат» мұражайын аралап, танысып шықтық. Бірінші күні Ырғызбай әулиеге арнап ас беріліп, «Ақсақалдар институты – имандылық мектебі» атты Шығыс Қазақстан облысы ақсақалдарының ІІІ форумы өтті. Форумға Шығыс Қазақстан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Манарбек Мұхамеджанов, Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Сәдуақасов, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай, облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы Бағдәулет қажы Мурсалимов, Өскемен қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаухан Аухадиев, Тарбағатай аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқан Сахариев және барлық ерікті ақсақалдар қатысты. Ақсақалдар форумына қатысушылар мемлекетіміздің негізі – отбасы тәрбиесіне алаңдаушылық білдірді. Отбасылық құндылықтар дұрыс қалыптасса, қоғам да түзеледі деп пікір білдірген ақсақалдар өмірлік тәлім-тәжірибелерімен бөлісіп, халықтық игі дәстүрлер мен салт-сананы үйретуге аталы сөз айтып, бірлікке үндеді. «Материалдық байлықты ғана күйттемей, рухани тәлім-тәрбиеге жіті назар аудару қажет. Сондықтан да облыс жұртшылығын, барлық ата-аналарды, ақсақалдар мен жастар ұйымдарын, мемлекеттік органдарды науқандық сипаттағы шаралармен шектелмей, отбасы тәрбиесіне жұмыла атсалысуға шақырамыз» деді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Манарбек Әзімбекұлы.
Осы күні облыс әкімі Даниал Ахметов ауданға сапар аясында алдағы үш күн қатарынан болатын мәдени-спорттық фестиваль туралы ойымен бөлісіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Алыстан ат терлетіп келген тілшілердің «Жол қашан жөнделеді?» деген сауалына, қалжыңмен жауап қатып: «Жол азабын татып келгендеріңізден бірден хабар бердіңіздер, түсінемін. Біріншіден жоба жасаймыз, содан кейін жолды жөндейміз. Талдықорған-Өскемен жолы 2022 жылы бітеді, ауданаралық ішкі жолдарды да жобалап саламыз» деп жерлестерін де бір қуантып қойды.
Сонымен қатар, облыс басшысы Ақсуат ауылында өтетін Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік Гран-при додасының деңгейін дүниежүзілік ойындар түрінде өткізіп, жарыстың форматын өзгертуге ұсыныс жасады.

ПАЛУАНДАР ЖАРЫСЫ

Иә, фестиваль аясында жеті жыл қатарынан қазақша күрестен Гран-при халықаралық турнирін өткізу дәстүрге айналып отыр. Бірінші күні палуандар салмақ өлшеуден өтіп, екінші күні 70, 80 және 80 келіден жоғары салмақта сынға түсті. Ақусаттағы Ырғызбай Досқанаұлы атындағы орталық стадионға мыңдаған адам жиналып, 28 мемлекеттен келген 60-қа жуық палуанның күш сынасуын тамашалады. Нәтижесінде 70 келі салмақта қола жүлдеге Молдова спортшысы Геордже Року, күміске қазақстандық Өскен Төлеубеков, алтын жүлдеге грузиялық Звиад Одошешвили ие болды. 80 келі салмақта бірінші орынды Тәжікстан спортшысы Хамроз Раджабо, екінші орынды грузиялық Каха Момулашвили, үшінші орынды қазақстандық Бекзат Манасбаев иеленді. 80 келіден жоғары салмақта тартыс қызу өтті. Қазақстандық Айбек Нұғымаров пен өзбекстандық Мухсин Хисомудиновтің жекпе-жегі оңай болған жоқ. Үлкен тартыс нәтижесінде грузиялық Георджи Катарадзе үшінші орынға (500 000 тг), Мухсин Хисомудинов екінші орынға (1 млн тг) табан тіресе, Халықаралық гран-приді Айбек Нұғымаров (2 млн тг) иеленді. «Шығыс Қазақстанға әлемнің 30-ға жуық мемлекеті келуі үлкен жетістік. Қазақ күресі танымал болып келеді. Бұл қуантарлық жайт. Біздің өңірде өтіп жатқан жарыс болған соң, ұйымдастырушылар қолқа салды. Бас тарта алмадым, елімнің намысын абыроймен қорғағаныма қуаныштымын. Маған қолдау білдірген Ақсуат жұртшылығына рахмет. «Тұғыры биік – Тарбағатай» атты өнер және спорт фестивалін өткізіп жатқан Талғат Мазбаев, Дулат Тастекеев ағаларыма алғыс білдіремін» деді А.Нұғымаров.
Халықаралық «Қазақ күресі» федерация­сының директоры Талғат Мәзібаев жеңім­паздардың Кореяға жарысқа жібе­рілетінін айтты. Тартысқа толы қазақ күресі турнирі аяқталғаннан кейін Qazaq Promotions компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтті. Осы кезде Ақсуаттың аспаны тосын мінез танытып, нөсерлеткен жаңбыр мен дауыл болып, көпшілікті де, спортшыларды да әуре-сарсаңға салды. Алайда, ақсуаттықтар спорт пен мәдениеттің шын жанашыры, шын жанкүйері екенін дәлелдеп, жауын мен нөсерге қарамастан уақытша тоқтатылған бокс кешін аяққа тік тұрып күтті. Мұның да арты жақсылыққа ұласты. Бокс кешінде қазақстандық Елдияр Қамшыбеков, Нұрлан Сапарбай, Нұрсұлтан Аманжолов секілді қазақ боксшылары шаршы алаңға шығып, жиналған жұртшылықтың үмітін ақтады.

ҰЛЫ ДАЛА ҚАЗАНАТЫ

Ақсуаттағы той мұнымен аяқталған жоқ. Фестиваль аясында Көкпекті-Ақсуат арасындағы «Ұлы дала қазанаты» атты тұңғыш рет 140 шақырымдық ат бәйгесі болды. Бір күні бұрын күрес пен бокс кешін тамашалап, делебезін қоздырып алған халық енді Қазақстанның әр аймағынан келген 160 шабандоздың шабысына көз тікті. Жарыстың шынайы әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында жылқылар GPS жүйесімен қамтамасыз етілді. «Жарысқа арнайы дайындалған жүйріктер қатысып, марафондық шыдамдылық танытты. Бүгін шабандоздар үшін үлкен мереке болды. Шабандоздар 8 сағаттан астам жол жүріп өтті. Жылқылар ұзақ қашықтықта жоғары шыдамдылықтарын көрсетті. Бұл күн қазақстандық ат спорты тарихына енері сөзсіз» деді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков. Сонымен қатар, аталған фестиваль аясында әр қашықтықта тай жарысы, жорға жырысы, тай бәйге және аламан бәйге өтті.

Тарбағатай тойы одан әрі айтыс пен мерекелік гала концертке жалғасты. Биыл төртінші рет өткізілген «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық жыр додасына Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Қанат Мырзахан, Аспанбек Шұғатаев, Сырым Әуезхан, Дулат Шідерин, Нұрмат Мансұров, Аруна Керімбек, Моңғолиядан Айдос Рашат, Қырғызстаннан Ақжолтай Қанатбекұлы, Қытайдан келген Ерлан Аманқожаұлы сынды ақындар қатысты. Ақсуаттың тыныш-тіршігімен қатар, құрдастар, қыз бен жігіт, аға мен іні айтысы тақырыптың аясын кеңейтіп, кеше өткен саяси науқан мен еліміздегі ауыс-түйістерді де айналып өтпеді. Кезекпен жұптасып шыққан алты жұптың үшеуі екінші айналымға өтті. Келесі кезеңде де ақындар шабытынан шатаспай, халық пен қазылар алқасының көңілінен шығуға тырысты. Нәтижесінде алматылық Рүстем Қайыртайұлы үшінші (500 мың теңге), оралдық Жансая Мусина екінші (700 мың теңге), тараздық Қанат Мырзахан бірінші (1 млн теңге) орынды иеленсе, Ерлан Аманқожаұлы (ҚХР) бас жүлдені (2 млн теңге) жеңіп алды. Ал жыл сайын табысталатын арнайы стипендия (2,4 млн теңге) биыл Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды.
Қас қарайғанша айтыс тыңдап, жырмен сусындаған халық одан әрі түн жарымына дейін МузАРТ тобының гала-концертін тамашалады. Өнердің серкелерін шашу шашып, әнге бөлеп қарсы алған ақсуаттықтар бұл тойды келесі жылға дейін тағатсыздана күтетін болды.

P.S.

Шекарамен шектесіп жатқан аудан мен ақкөңіл ауылдың қуаныштарына ортақтасып, біз де Алматыға кері қайттық. Көліктен терезеге қарап келе жатып, осындай ақжарма халқы мен жомарт азаматтары бар Тарбағатайдың тұғыры шынымен биік екеніне тағы бір көз жеткіздік. 

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ана тілі»

АЛМАТЫ-ТАРБАҒАТАЙ-АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.