Қамшы өріп, қалқан әзірлеген

Жаңатасқа жолымыз түскенде «Осы қалада қамшы жасайтын шебер бар» дегенді естіп, елеңдедік. Аздан соң ұлттық болмысымызға сай бұйымдар жасайтын ісмер Абзал Елемесовтың үйінде отырдық. Қалалы жерде қарыс қадам есептеулі. Үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесі оның шеберханасына айналыпты.

Жас болса да ұсталықты шебер меңгерген Абзалдың тындырғаны көп. Қамшының неше түрін жасайды. Алты өрім, сегіз өрім, он екі өрім дейсіз бе? Қалауыңызға қарай тапсырыс берсеңіз болғаны. Одан бөлек тартпа, жүген істейді. Қажеті болса қалқан, қылыш, садақ, найза, дойбы, күмістен зергер бұйым, сувинерлер жасайды. Абзалдың қалқанға, зергерлік бұйымдарға салатын ою-өрнегі де өзгеден бөлек, ешкімнің қолтаңбасына ұқсамайды. Ұсталық өз жағында да, нағашы жағында да бар екен. Қанмен келген қасиет қой. Әйтпесе, мамандығы да басқа. Жамбыл медициналық колледжін стоматология мамандығы бойынша бітірген. Әскери борышын өтеп келіп, Отан қорғау саласында да біраз жыл еңбек етіпті. Оның ұсталық жұмысына анасы Роза да, жұбайы Қаракөз де қолдау білдіріп отырады. Әкесі Артық та талабын құптаған. Бүлдіршін перзенттері Ернұр мен Айзере алты өрім қамшыны ат қылып мініп, ойнап жүр.
Абзалға тапсырыс берушілер аз емес. Елдің іші болған соң, қамшы, жүген, зергерлік бұйымдар жасататындар баршылық. Бірақ көпқабатты үйдің бір бөлмесі ұстаға қолайсыздық тудыруда. Он саусағынан өнері тамған азаматқа қолдау қажет-ақ.
– Болашақтағы жоспарым көп. Ағаштан астау жасасам деймін. Темірден, күмістен, қоладан ұлттық нақыштағы түрлі заттар дайын­дау қолымнан келеді. Енді маған қажеті – шеберхана. Қажеттілігім үшін жер телімі берілсе, кәсібімді дамыту үшін несие алар едім. Ұсталық жұмыс – менің өмірім, өнерім, нәсібім, – дейді жас ұста Абзал ­Елемесов.

Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл облысы
Сарысу ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.