ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІНЕ АЛАҢДАСАҚ…

«Әрбір ұлт, мейлі ол үлкен болсын,­ кіші болсын, мәңгілік болуды қалайды және бұл – оның табиғи құқы. Ал бұл үшін сол халықтың тілі өз топырағында тамыр байлап, өмір сүруге тиіс» (Шыңғыс Айтматов, «Социалистік Қазақстан» газеті, 25 қараша, 1989 жыл).
Иә, осыдан 30 жыл бұрын, «КСРО халықтарының тілдері туралы» заң жобасын талқылау бары­сында «Адамзаттың Айтматовы» атанған заңғар жазушының айтқан осынау сөздерінде қаншама ақиқат пен көрегендік жатқандығына біз бүгінде сүйсіне таңданамыз. Өйткені Елбасы,­ Тұңғыш Президент Н.Назарбаев егеменді қазақ ұлтының мәңгілік болу құқын жариялап, күні кеше «Мәңгілік Ел» ұранын ортаға тас­тады.­ Бұдан туындайтын міндет анық, ол – ұлттық мемлекетіміздің Ата Заңымен айғақталған мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілі де мәңгілік болуын қамтамасыз ету. Сондықтан қазақ тілі ата-бабадан аманатқа қалған өз топырағымызда, яғни Қазақ­стан аумағында тамырын байлап, то­лыса­ дамып, мемлекеттік тіл болып­ қалыптасуына бірінші кезекте мемлекеттік билік қажетті жағдайлар жасауы, ал, екіншіден, қазақтар ана тілін ардақ тұтып, оны толыққанды тұтына отырып, мемлекеттік тіл болуына­ жеткілікті міндеттердің бәрін ауызбіршілікпен іске асыруы тиіс.

Кезінде заң шығарушы биліктің – Парламенттің өз міндетін толымды атқара алмауының нәтижесінде мемлекеттік болып танылған қазақ тілі мен «ресми түрде қолданылатын» орыс тілінің мәртебесі күштеп теңестірілді. Түсіндірме сөздіктерге жүгінсек, оларда мемлекеттік тіл – «мемлекеттік мәні бар тіл», «мемлекетке тән тіл» деп, ал ресми тіл – «қызмет бабына сай, үкімет тәртібіне лайық тіл» деп түсіндіріледі. Сол бір тарихи тұста мемлекеттік құқықтың ешбір маман- ғалымдары бұл проблема турасында жақ ашпай қалған сыңайлы. Осының салдарын, қазақ халқының еңсесін түсіретіндей келеңсіз тірліктерді күні бүгінге дейін біз ұдайы көрудеміз: біріншіден, Ата Заңымыздың өзі әуелі орыс тілінде жазылып, содан кейін барып қазақ тіліне аударылғаны оның өне бойынан көрініп тұр – Конституцияның қазақша нұсқа­сындағы баптардың 7-2,11-1,14-1, 27-1, 27-2, 51-4, 52-5,3), 61-3,9), 62-6), 91-1, 91-3 тармақшалары қате аударылып жазыл­ған; екінші­ден, атқарушы биліктің дәрменсіздігі мен парықсыздығынан «қазақ тілі» деген атау бүгінгі күндері «мемле­кет­тік тіл» атауының тасасында қалып, заңдар мен қаулы-қарарларда, жарна­­маларда, дәрілік препараттардың нұс­қау­лықтарында «…на государственном и русском языках…» деп жаппай жазылатын болған.
Мемлекеттік тіл мен орыс тілін күштеп теңестірудің орынсыз екенін көрсететін парадокс осы тұста тағы көрінеді, өйткені сөздіктерде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде «Мемлекеттің мемлекет құрушы ұлтының мәртебесі Конституцияда бекітілген, қоғамның барлық салаларында, сыртқы қатынаста қолданылатын ресми (заңды) тілі» деп түсіндіріледі (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. ХІ/М-О/- томы). Құдды ат-арбаға атпен қабаттап басқа малды жеккендей нәтиже көрінеді, яғни біздің жағдайымызда Тіл дәлдігінің талабы сақталмай тұр, сөйтіп «ұғымға сөз мағынасының сәйкес келмеуі» орын алған. Шынында да, Ресейдің сөздіктерінде «официальный» сөзіне «установленный правительством, администрацией, должностым лицом» деп, ал «официальный язык» дегенге «свойственный правительственным документам, деловым бумагам» деп түсіндірме берілген (Словарь русского языка в 4x томах. Институт русского языка РАН.Т.2(К-О). М.,1983. -736 с.). Сонда орыстардың өзіне жүгінсек, біздің Ата Заңды және салалық заңдарымызды орыс тілінде жазуымыз олардың ережесіне томпақ келеді екен, себебі бұл жерде мемлекеттік құжаттар туралы айтылмаған. С.Ожеговтың сөздігінде де «официальный-правительственный или должностной» деп түсіндірілген.
Ұғымға сөз мағынасының сәйкес келмеуі туралы кезінде Адамзат ойы алып­тарының бірі, әрі математик және философ Рене ­Декарт былай деген: «Өмірде біздердің жіберетін қателеріміздің ең кем дегенде тең жартысы ұғымды анық­тайтын терминнің оның мазмұнына сәйкес келмейтіндігінен болады». «ҚР Білім және ғылым министрлігі» деген атауда да осындай қателік орын алған. Осынау мәселеге қатысы бар терең ойды әл-Фараби баба да әлдеқашан айтып кеткен: «Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр (логикалық негізделген) ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды».
Ата Заңымыздың 7-бабында әуелі «Қа­зақ­стан Республикасындағы мемле­кеттік тіл – қазақ тілі», одан әрі «Мемле­кеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі (қазақ тілінің алдына шығып кеткен!) ресми түрде қазақ тілімен тең (қатар) қолданылады» деп жазылған. Байқап қарасақ, бұл жерде саяси қате жіберілген, өйткені Ата Заңның орысша нұсқасында, 7-2 тармақшасында «… наравне с казахским официально употребляется русский язык» деп мемлекеттік тілге орыс тілі «жол беріп» тұр, ал біздің конституциялық комиссиядағы русофилдер өздерінің саяси сауатсыздығын және юриспруденциядағы «следовать духу и букве закона» деген басты ұстанымнан хабарсыздығын танытып, орыс тіліне сол кезден-ақ мемлекеттік тілдің алдында жүру құқын заңдастырған.
Турасына келгенде, Ата Заңның әрбір бабы, математикадағы аксиомадай, ақиқаттығы ­даусыз тұжырым болуға тиіс және Парламентте қабылданатын әрбір заң Конституция нормаларына сай даярлануы тиіс. Сонда барып, ҚР Конституциясының 4-бабында айтылған «ҚР-да қолданы­латын құқық (Конституцияның, соған сәйкес заңдардың… халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің… нормалары)» тағы да сол математикадағыдай, мағыналы аксиоматикалық теория құратын болады, ал мұндай теорияның (құқықтың) аксиомалар жүйесі (Конституция) қарама-қайшылықсыз, толымды және тәуелсіз болуға тиіс. Сондықтан Қазақстанның Ата Заңы көрсетілген үш талапқа (қайшы­лықсыздық, толымдылық, тәуелсіздік) сай етіп жазылуға тиіс (Ә.Тәжмағамбетов. «Сапалы математика» – компьютерді иге­рудің негізі», «Зерде» журналы, 2000, N4).
Ата Заңымыздың 98 бабының ақиқат­тығы даусыз аксиомалардан (баптардан) тұратын жүйе ретінде құрылғанда ғана Мемлекет өзінің тәрбиелеу функцияларын, қоғамның негізгі тәрбиешісі ретінде, толымды және ізгілікті (гуманды) мазмұнда атқара алатын болады. Сонда барып Қазақ Елі Мәңгілік Елге айналады. Олай болмаған жағдайда, Ата Заң талаптары аясында нарықтық қоғам үшін қабылданған заңдар жүйесі өз азаматтарын адал еңбекке, заңға бағыныштылыққа, мемлекеттік тілді қадірлеуге тәрбиелейтін мемле­кеттік тетіктерді тұжырымды етіп қалыптастыра алмайды.
Сонау тас түнек орта ғасырларда Махмұд Қашқари баба «Тәрбие басы – тіл» деген ақиқатты ту етіп көтергенде, ол қол астындағы бұқарасын хандық биліктің ортақ бір тілде – мемлекеттік тілде билеп-төстейтіндігін, ырқына көндіре тәрбиелеуі керектігін айтса керек.
Алайда қазіргі заманда әрбір мемлекетте, әрине, Қазақстанда да соңғы жүз жылдай уақытта атқарушы билікті іске асыратын шенеуніктердің бюрократиялық аппараты дербес әлеуметтік топ ретінде қалыптасып үлгерді. Олардың қарасы әжептәуір, тәуелсіздік алған елімізде халық қамын «жейтін» мұндай мемлекеттік қызметшілердің ұзын саны жүз мыңға жетіп жығылса, еш таңданбаңыз. Әрине, олар өздері отырған жылы да жұмсақ орынтақтардың пайдасы мен артық­шылықтарын жақсы біледі және өз мүд­десіне пайдалана алады. Атқарушы билік бірінші кезекте өзіне ыңғайлы және зияны тимейтін заңдарды Парламентке даярлап беретіні жасырын емес. Ал қазақ тілінде өз ата-тегін қатесіз жаза алмайтын қаншама шенеуніктің бүгіндері билік санатында жүргенімен, ал қаншама қазақтың жеке куәліктерінде «Асавбаев, Дусенов, Илиманов, Садвакасов, Утаганов, Увалиев» секілді қате жазулардың әлі күнге жөнделмей жүргенімен ешкімнің шаруасы жоқ секілді.
Еврей халқында айтылатын «ақыл­ды өзгенің, ал ақымақ өз басының қате­лік­те­рінен сабақ алады» дегенінен тәлім алып, біздің билік басында жүрген орыстілді қазақтарымыз неліктен ең болмағанда өздері пір тұтатын орыстардың XVIII-XIX ғасырларда бастарынан өткерген, бүкіл Еуропа жұртына мазақ болып өздерінің ана тілін аяқасты еткен тірліктерінен сабақ алмайды?! Әлде бұл мұндайлардың, ата-бабалары әлемнің сегіз бұрышын кезінде билеп-төстеген тегінің қораш емес, қысы-жазы киіз үйде тіршілік отын сөндірмей, дүниеге небір асыл азаматтарды, билер мен батырларды әкеліп тәрбиелеген, өз бастарының ерлігі ­Адамзат тарихында амазонкалар туралы аңыздар қалдырған задының асыл екендігін сезінуге әлі күнге тарихи сауаты жетпей жүр ме? Қазіргі заманғы ғылыми ортада қазақтар айтып келген ауызша тарихтың, оның негізгі тасы­малдаушысы тілдің мазмұнының шы­найылығы жазбаша тарихтан жоғары екендігі мойындалған. Себебі жазбаша тарихты билеушінің қысы­мымен өзгертіп қай­талап жазуға болатындығына дәлелдер көп.
Ата-бабаларымыз тұтынған қазақ тілі күні кешеге дейін құлағы барлар­дың құры­шын қандырып, сауаты барларды тәнті еткені тарихи құжаттарда хатталған. Солар­дың бір-екеуіне тоқталайық. Мысалы, 1833-1855 жылдары Сібірге жер ауда­рылған поляк ғалымы, бірнеше еуро­палық тілдерде еркін сөйлеген Адольф Янушкевичтің жоғары білімді филолог және адал ниетті жүректің иесі ретінде қазақ халқына, оның тілі мен өнеріне жанашыр көзқараста болғанын, зор ықы­ласпен қазақ тілін, жер-су аттарын те­реңінен зерттеп-білуге ұмтылғанын оның жазған күнделігі мен хаттарынан кө­реміз (Дневники и письма из путешествия по казах­ским степям. 2 изд. Астана, 2007. -384).
1846 жылдың мамыр айында Семей жерінде алғаш рет Қақ шатқалында Бейсеке болыс пен қарсыласы Қойшыбай байдың арасындағы бәсеке-даудың басы-қасында болған ­Янушкевич, айтыс барысында қазақ тілінің ерекше байлығына, би-шешендердің сөз саптауларына былайша тәнті болған: ­­«…некоторые из этих степных демосфенов зах­ватывали меня своей выразительностью и полной энергии речью. Старшина Токумбай и сам Бейсеке сгибались бы под тяжестью лавров, если бы жили в Древней Греции или Риме». Одан әрі Аягөзде шекара бастығы мен аға сұлтан Бөлен, Барақ сұлтан бас қосқан жиында Орта жүздің ақындары Орынбай мен Жанайдың айтысына куә болып, от ауызды суырыпсалма ақындардың айтыс өнеріне таң-тамаша болғанын былайша суреттейді: «… Началась борьба… Как на Олимпийских играх, два поэта боролись друг с другом. … Первый смело нападал, а второй мастерски защищался… Это была захватывающая картина… И все это ведь, думал я, слышу я своими ушами в степи, среди народа, который мир считает диким и варварским!.. ­Сегодня передо мной выступают поэты, не умеющие ни читать, ни писать, однако поражающие меня своими талантами, ибо песни их так много говорят моей душе и сердцу. …Народ, который одарен Творцом такими способностями, не может остаться чуждым цивилизации: …придет время, когда кочующий сегодня номад займёт почетное место среди народов, которые нынче смотрят на него сверху вниз» деп қазақ халқы мен қазақ тіліне, өнеріне адал жүрегімен тілеулес екенін білдіреді.
А.Янушкевичтің кітабын оқып оты­рып, оның халқымыздың жақсы қасиет­теріне қуана, кемшіліктеріне қапа­лана алатын ақ тілекті жүрегіне риза боласың, жазба тіл мәдениетінің байлығы мен шебер­лігіне тәнті боласың, сурет­теуі­нің шынайылығына сене­сің, сөйтіп, осыдан 160 жылдай бұрынғы қазақ халқы­ның рухани өмі­рінің қазіргі біздер­ден кем болмағанына баладай қуанасың. Ол кіта­бы­ның бірнеше жерінде терең тол­қы­ныспен, көрген-естіге­нін жаны мен жү­регіне жақын көріп қабыл­дағанын мойындайды.
Міне, осы бір шынайы білім мен мәде­ниет иесіне тән «жан-жүрегімен қабылдап түсіне алу» қасиетінен кейінгі ұрпақтар бірте-бірте қол үзіп бара жатқандай. Бұл қауымға енетіндердің қатарына ана тілін құрметтей алмай жүрген, бүгінгі билік басындағы орыстілді қазақтарды жатқызуға болады. Барлық гәп жүректе екенін бұрынғылар білген ғой. Алла жаратқан Адам Атаны барып көріп келген Ібіліс өз ұрпақтарына «іші қуыс екен, бізге орын көп, бірақ жүрегіне ене алмадым» дегені ислами танымда белгілі шындық.
Данышпан Абай атамыз да өзінің «Он жетінші қара сөзінде»: «…Осы үшеуің (қайрат, ақыл, жүрек) басыңды қос, бәрін жүрекке билет деп ұқтырып айтушының аты Ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табаны­ның топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол» деп Алланың ұлық сипат­та­рының бірі болатын Ғылымға жүректің адал ниетке ұя болатындығын айтқызады.
Қазақ тілінің өте бай тіл, көркемдік дәрежесі мен әлеуеті де керемет екендігін кезінде, түркі халықтарының әдеби мұрасын терең зерттеген В.Радлов та жоғары бағалап: «Киргизы отличают­ся от других своих соплеменников особенной ловкостью в выражениях и замечательным красноречием» дейді.
Негізінде, Баба түркі мен атамыз қазақ адамның кеудесінде ақ ниетті жүректің болғанын ерекше қадірлеп-құптаған. Сондықтан да болар, өзінің дидактикалық «Құтты білік» дастанында ғұлама Жүсіп Баласағұн (1068-1070):
Адамға екі нәрсе тірек тегі,
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі, – деп, ана тілін қастерлейтін адал ниетті (діл) жүрек иесін барынша ардақ тұтқан.
Әрине, мұндай қасиетті адам аспаннан аяғы салбырап түсе қалмайды, оны тәрбиелеу мен оқыту арқылы қоғамдық ортасы қалыптастырады, яки жас баланың азаматтықтың биігіне көтерілуі ұзақ уақытқа созылатын, бүгінгі күндері, әсіресе мемлекеттік билік ұйымдастыратын және тікелей оның жауапкершілігінде болатын процесс екендігі әркімге де айғақ шындық.
Исламның канондарында, беріде өткен ғасырларда ғылым мен білімге, білімділіктің түрлі сипаттарына жан-жақты назар аударылған. Бізге қажетті ақиқаттардың бірін атақты неміс философы, диалектикалық логиканың негізін қалаушы Г.Гегель: «Білімділіктің ең басты факторы туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады» дейді. Мұндай ана тілге деген ерекше құрмет біздің бүгінгі білім қуған жастарымызға ой салуы тиіс.
Енді бір сәт қазақ тілінің көне тарихи даму замандарына да көз салсақ, сонда ана тіліміздің мазмұн байлығының өте зор екендігіне, лексикалық танылмаған сөздердің жүз мыңдаған қабаты барына, қазақтардың үндеу аппаратының барынша жетілгендігіне көз жеткізетін боламыз. Шынында да, біздер адам баласы шығаратын кез келген дыбысты қиналмай-ақ үндеуге қабілеттіміз. Себебі түркі халықтары, соның ішінде қазақтар тарих сахнасына талайлардан ертерек шыққан. Осыған куә болатындай қазақ тілінде көне сөздер де, таңбалар мен ұғымдар да көп. Мысалы, Адамзат баласының балама тарихына жататын зерттеу еңбегі боп танылған, Үндістандағы ағылшынның отарлау әскерінің полковнигі Джеймс Черчвардтың 1868-1926 жылдардағы ізденістерінің нәтижесі ретінде алғаш рет 1926 жылы жарық көрген «Му көне континенті» атты кітабында таңбасы «Ахау Патша, Патшалардың Патшасы», «Ұлы Билеуші» деп түсіндіріледі. Бұл таңба туралы Олжас аға Сүлейменов өзінің «Атамзаманғы түркілер» атты кітабында «Егер Нүктелі Шеңбер – «бас­қа­рушысы патша» саналатын қоғам болса, онда орталық бұл сарай ғана емес, сондай-ақ әмір­шінің де символы… Сол кездегі мәде­ниеттерде ақиқаттың, әділдіктің бейнесі ретінде «орталық», «дәл ортасы» ұғымдары түсініледі» деп біздердің таным-түсінігімізді байыта түсетін ақиқаттың бетін ашады.
Шынында да, аталған таңба көне қытай, мысыр, шумер мен түркілерде Күнді (ra, re, er) білдірген және кейінде әлемдік таңбаға айналған. Ал Баба түркі танымында әділетті ханның Күнге баланатын ұстанымы болған­дығын Жүсіп Баласағұн біздерге «Құтты біліктегі» әділетті ханды Күнтуды «Елік» деп атап, Күнге теңеп жеткізбеп пе еді?! Осынау «Ахау» атауы қазақ тілінің лексиконында бар және қазақтар ән айтып, жыр жырлауды «Ахаудан» бастайтыны тағы белгілі.
Сонда «Ахау» деп қазақтың тамағын кернеп жыр жырлауы Д.Черчвард кітабын­дағы Ахау патшаға кезінде мадақ айтқан, оған одалар арнаған біздің бабалардан қалған және біздерге жеткен мұра сөзі болғаны ма?! Д.Черчвард бұл атау-сөздің тарихи жасын 10-12 мың жылдарға апарады. Дәл осындай өте көне, Д.Черчвард кітабында жиі кездесетін, екінші және қазақ тілінде мазмұны әлі күнге айқын­далмаған сөз – ол «тау». Д.Черчвард өз кітабында таңбасының «тау» деп оқыла­тынын және сол кездегі баба тілде оның «қайта түлеу, өмірге келу» (воскресение) дегенді білдіретінін айтады. Олай болса, қазақта ойын баласына ризалықпен марапат-мақтау айтқандағы «таудай бол!» деген алғыста көне замандардан біздерге дейін жеткен ақ тілек жатқаны ма? Дәл осы ма­ғынасында «тау» сөзі қазақта бүгінге дейін сақталып отырғаны таңғаларлық оқиға емес пе?! Сол сияқты, қазақ тілінде сақталған «от», «ну», «орал» сөздерінің де тарихи жасы 6000 жылдан әріде жатқанын Еуропаның лингвист ғалымдары ЮНЕСКО аясында жүргізілген «Еуропаның Лингвистикалық атласын» даярлау барысында қуаттап отыр. Бұл келтіргендеріміз аздық етсе, онда О.Сүлейменовтің 40 жылдан астам уақыт бойына жүргізген лингвистикалық зерт­теулері нәтижесінде алған бір маңызды қо­ры­тындысы – «Шумер тілінде көнетүркілік түбір сөздер бар және олар оғыздық, қыпшақ­тық тілдік орталарға сай құрылған» (Тюрки в доистории. А., 2002, 83-84 б.б.) дегенін ескер­тейік.
Осылардың бәрін зерделей отырып, Баба түркі тілін және оның лайықты мұрагері қазақ тілін қалайша Еуразияның байырғы тілі және оның ізбасары демеске?! Осы тұста қазақ тілінің сөзжасам әлеуетін, лексикалық қуатын сандық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік беретін Математикадағы комбинаторика аппаратын қолдану мысалына тоқтала кетейік. N элементті М жиынын алфавит деп, ал оның элементтерінің санын осы алфавиттің қуаты деп атайық. Лингвистикада, оның сөзжасам теориясында қуаты n-ге тең алфавит арқылы ұзындығы k-ға тең болатын әртүрлі қанша «сөз» жасауға болады деген маңызды сұрақ жиі туындайды. Пайда болатын кейбір сөздердің мағынасы болмайтындықтан, біз «сөзді» тырнақшаға алып отырмыз және мұндай «сөздерде» элементтердің (әріптердің) қайталанатыны белгілі. Теорема: Қуаты n-ге тең болатын алфавиттен жасалатын ұзындығы k-ға тең барлық сөздердің саны nk -не тең болады.
Қазіргі кириллицаға негізделген қазақ тілі алфавитінің қуаты 43-ке тең, бірақ одан дыбыс­талмайтын әріптерді алып тастап, n=40 болсын деп қабылдағанның өзінде, біз екі әріпті (k=2) 402=1600 сөз, үш әріпті (k=3) 403=64000 сөз, ал төрт әріпті (k=4) 404=2560000 сөз құрауға болатындығына көз жеткіземіз. Дәл осылайша, орыс тілі алфавитін қарастырып, n=30 болсын деп алғанымызда, орыс тілінің сөзжасам мүмкіндіктері үшін басқаша, әлдеқайда кіші сандық көрсеткіштерді аламыз: k=2 болғанда 302 = 900 сөз, k=3 болғанда 303=27000 сөз, ал k=4 болғанда 304=810000 сөздер шығады. Көріп отырғанымыздай, алфавиттегі дыбысталатын әріптер саны тілдің егесі болатын халықтың үндеу (дыбыстау) аппаратының қаншалықты дамығанын, ал ол өз кезегінде тілдің байлығын бағалап көрсете алады екен.
Бұл мақала оқырманға ой салу мақса­тында ғана жазылып отыр және қорыта айтқанда, қазақ тілінің байырғы сән-сал­танатынан, күш-қуаты мен тазалы­ғынан күннен-күнге айырылып, Ата Заңы­мызбен тағайындалған мемлекеттік мәртебе биігіне көтеріле алмауына сырттан кінәлілерді іздеудің ешбір жөні жоқ демекпіз. Кінә өзімізден. Жаһандану зама­нында ана тілінің тағдырына алаңдап ағылшын мен француз, неміс пен орыс, тағы басқа үлкенді-кішілі ұлттардың бәрі зар илеп жүр. Айта берсек, орынды да, орынсыз да әңгімелер көп. Бірақ «мың уайым бір борышты өтемес» деп атам қазақ дұрыс айтқан. Оның үстіне «Іздеу­шісі жоқ заңның – қауқары да жоқ» деген тәмсіл бар, яғни «Тіл туралы» Заңды жұмыс істететін қазақтілді қауым болмақ. Өйт­кені Қазақстанда қабылданған әрбір заң­нан өздеріне пайда мен жеңілдіктер іздей­тін екі тарап бар екенін біз білуіміз керек.
Хатқа түскен, толымды құжаттал­ған тарихы әлі жоқ қазақ халқы үшін, әсіресе, жаһандану дәуірінде өркениет көшіне еріп, одан лайықты орнын табу өте қиын болады. Мұны билік басындағы азаматтар білуге тиіс және олар арқаланып, Қазақстаннан тыс қайда қашып барса да, өздері де, ұрпақтары да барған жерде тұрақтай алмайды. Өйткені Адамзат баласының Жер планетасында құрған жел бесігі – қазіргі өркениеттің өзінің кемелдену шегіне жетпей жойылып кету қаупі үдей түсуде. Алғашқы соққыларды Америка мен Еуропа құрлықтары қабылдауы бек мүмкін дейді білетіндер…
Біздің қазақтың бар айтатыны ауызша тарихы, аңыз-әңгімелері деп кезінде қорланатын едік. Алайда қазіргі тарихшы, озық ойлы ғалымдар халықтың ауызша тарихы мен тілінде сақталған мәліметтердің шынайылығы мен құндылығы жазбаша тарихтағыдан көп жағдайда жоғары тұрады деп те ой айтуда. Сондықтан қазақ халқының тарихын оның тілінің тарихынан іздеу біздің ғалымдарымыз үшін ең дұрыс және нәтижелі де жол болар. Ал қазақ халқының тереңнен қазғанда 10 мың жылға дейін барар мазмұнды, сән-салтанатты, өкініші көзден жас ағызар тарихы бар десе таңданбас едік. Өкініштісі, сол тарихымызға қосып жазылуы тиіс небір оқиғалар мен мәліметтер өзгелердің тарихына «кірпіш болып қаланып» кеткен де жағдайлар көп кездеседі.

Арыстанбек ҚОНЫСҰЛЫ,
ҚР білім беру ісінің құрметті
қызметкері, физика-математика
ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.