Ұлттық домбыра күніне тарту

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Ұлттық домбыра күні» – нағыз рухани жаңғыру десек артық айтқандығымыз болмас. Бабаларымыздың көзіндей болған домбыра осы уақытқа дейін қасиетін жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Өскелең ұрпақ санасына  ұлттық өнерімізді, ән мен күйімізді күмбірлеген қоңыр үнді домбырамен жеткізе алсақ – одан асқан бақыт бар ма?! 

Көңілі даладай қазақты күллі әлемге танытқан – ұлттық аспапты Естай атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздары тегін үйретуді бастады. Екібастұз қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отырған игі бастама тұңғыш рет қолға алынды. «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» жобасын, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру бағытында музыка мектебінің «Домбыра» бөліміндегі ұстаздар 1 айлық курсты 7 маусымнан бастап кетті. Бүгінгі күні ұлттық аспапты үйреніп жүргендер саны – 85 адам.
Естай атындағы музыка мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Торғын Жақыпова:
– Қазақ ежелден домбыраны киелі аспап санаған. Домбырамен асқақтата ән салып, күмбірлетіп күй төккен халықпыз ғой. Сондықтан қазақтың ән-күйлерін кез келгеніміз бойға сіңірсек, ұрпағымыз нағыз қазақ болып өседі. Сол себепті домбыра үйретудегі мақсат – жеке репетитор жалдап, домбыра үйренуге мүмкіндігі жоқ немесе уақыты қолбайлау адамдарды жаппай қамту, – деді.
Домбыраны үйрену – тарихты құрметтеу деп ұғынатын мектептің «Халық» бөлімінің меңгерушісі Тоғжан Шәкенованың айтуынша, бүгінгі күні домбыра үйренуге келушілер саны күннен-күнге артып отыр. «Үйрену курсына қатысушылар ең алдымен ұстаздармен келісе отыра өздеріне оңтайлы уақытты белгілеп алады. Мәселен, бүгінгі күні бөлімдегі 12 ұстаз екі ауысымда жұмыс жасауда. Бір мұғалімге 9-10 адам жазылған. Сабақ – 40 минут. Бір айдың ішінде талапкерлер үш күй, атап айтқанда, «Жастар биі», «Нәр ағашы» және Нұрғиса Тілендиевтің күйі «Әлқиссаны» үйренулері керек. Нәтиже жаман емес, айлыққа қатысушылардың басым көпшілігі алғашқы екі күйді үйреніп алды. Жеке де, топпен де үйретеміз. Негізінен топпен үйренген қолайлы, өйткені, бір-бірінің домбыра қағыстарына қарап, тез үйренеді» деді Т.Шәкенова.
Домбыра үйрену курсы жүріп жатқанын әлеуметтік желіден көріп келген Амангелді ­Сильев домбыраны кішкентай кезінде еш нотасыз өздігінше үйренген екен. Енді ол домбыра үйренуге 10 жастағы Ақбала есімді қызымен бірге келіп жүр. Ал №24 мектебінің ұстазы Анар Адамова: «Домбыра­ курсына өткен бейсенбіден ғана келіп жүрмін. Сәуле ұстазымның арқасында бір аптаның ішінде домбыра шертісін әжептәуір үйреніп алдым. Игі бастама жалғасын тапса деген тілек те бар» деді.
Айлық соңында қатысушылар 7 шілдеде аталып өтетін «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне қатысып, өнер көрсетпекші. Қазақ елінің көнекөз шежіресі, ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі – домбыраны үйренуге әр қазақ талаптанса нұр үстіне нұр.

Айдана АЙТУҒАН
ЕКІБАСТҰЗ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.