«БЕКЗАТ»

Жуырда Елордада халқымыздың даңқты боксшысы, Сидней Олимпиада­сының чемпионы Бекзат Саттархановтың спорттық ғұмырынан сыр шертетін «Бекзат» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Аталған шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы­ Серік Сәпиев қатысты.  Сонымен қатар фильмді тамашалауға Түркістаннан Бекзат Саттархановтың ата-анасы да арнайы келді. 

Фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтыл­ған. Балалық шағы, бозбала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 1990 жылдар­дың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиын­дықтармен өтіп, Түркістан қаласын­дағы теміржолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді.
Туындының мазмұны жайында ­қыс­қаша айтар болсақ, бірде ата-анасы Бекзатты күреске қатыссын деп бапкерге апарады. Онда Бекзат өзінің сергектігімен көзге түседі. Дегенмен, күреске қатысқан баланың бойы өспей қалады деген түсінік­пен оны боксқа ауыстырады. Бапкерімен танысқан күннен бастап, бұл спорт түріне ерекше махаббаты ашылады. Күн сайын ерінбей жаттығып, алғаш рет Түркістанда өткен сайыста жарқырап көрінеді. Бозбала шағында Германияда өткен турнирде топ жарып, бапкерлер Олимпиадаға даярлау жаттығуларына қабылдайды. 1999 жылы Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болып, Олимпиада ойындарына жолдама алады. 2000 жылы Сиднейде тартысты ойындар өткізіп, алтын медальға ие болады.
Түсірілім жұмыстары Түркістан, ­Алматы және Ыстамбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақ­стан чемпионы болған. ­Сонымен қатар туындыға Ғалымбек Оспанов, Мұрат Жарыл­қасынов, Майра Мақұлбекова, Дулыға Ақмолда, Қуаныш Мұқатай, Бақдаулет Шаймахан және басқа актерлер ат­салысып, үлес қосты. Толық метрлі кар­тина күзде еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Картинаның режиссері – Мұрат Бидосов, сценарий авторы – Сержан Закерұлы.
Тұсаукесер шарасында боксшының әкесі Сейілхан Саттарханов: «20 жас ғұмырында қолынан келгенше еліне барлық күш-жігерін беріп кетті. Бекзатқа қандай марапат, қандай кино шығарса да артық болмас. Бекзатты жастардың алдына үлгі етіп қойса, оның имандылығы, үлкенді сыйлауы, қазақылығы, бірбет­тілігі, алға қойған мақсатын орындайтын мінезі қазіргі қазақ жастарына керек» деп, өз пікірін білдірді.
Фильмнің басты рөлін сәтті орындап шыққан Самат Әзімқұлов ­Бекзат Саттархановтың бейнесін сомдау өзі үшін мәртебе екенін айтады. ­«Хабар» телеарнасына берген сұхбатында спортшының өмірімен бала кезінен бастап таныс болғанын, Бекзатты жастайынан үлгі тұтқанын тілге тиек етіпті. Оның бойындағы қасиеттері мен мінез жағынан да ұқсастықтарының арқасында рөлді сомдау онша қиын болмады дейді актер.
Қазақ боксы әлемінің аспанында құйрықты жұлдыздай ағып өткен, бірақ соңынан көп өнеге мен тағы­лым қалдыра білген Бекзат Саттарханов­ халық жүрегінен мәңгілікке орын алған тұлғаға айналды. ­Бекзат бокс үшін жарал­ғандай әсер қалдыратын. Рингтегі қимыл-қозғалыстары, өзін-өзі ұстауы, соққы ­жасауы, даралығы, мінезі, намысы мен жігері – барлығы да бір арнада тоғысып, сондай жарасымды үйлесіп тұрушы еді. Бокстың тек қана екі қарсылас арасындағы майдан емес, шын мәнінде өнер екенін, өнер болғанда да әсемдігі өзгеше, дегдарлығы бөлек өнер екенін туабітті талантымен дәлелдей білді. Жарқын азаматтың ғұмыры келте болғаны өкіндіреді. Мүмкін, Бекзаттың есімімен қазақ бокс дәуірінің жаңа бір кезеңі ­басталар ма еді… Қалай болғанда да оның бойындағы тасқындап жатқан ­таланты осындай тұжырым жасауымызға себеп. Енді оның әзиз есімі тарихқа ­айналса да, осындай фильмдер арқылы насихаты жалғасын таба беруі керек. Бұл жас ұрпақ үшін қажет.

P.S.

Қазақ боксын өркендетуге сүбелі үлес қоссам деген асқақ арманы, биік мақсаты болған Бекзат Саттархановтың жолын ендігіде өзінен кейінгі ізбасарлары жалғайды деген сенім мол. Осының барлығы Бекзаттай бокс тарланының ғибраты мен өнегесі бәріміздің жүрегімізде, ой-санамызда бейне бір жарық нұрдай шұғыла шашып тұра беретінін білдіреді. 

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.