Зерделі жастар – Зеренде

Елімізде «Зерен – 2019» атты жастарға арналған республикалық танымдық жазғы лагерь ашылды. Аталған іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр.
Жазғы лагерь ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы ісі комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің жетекшілігімен салтанатты түрде өз жұмысын бастады. Сонымен қатар шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова мен Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәлiпов қатысты.

Лагерьдің мақсаты – жастарға Қазақстанның барлық өңірінде нақты іске асатын, орнықты, әлеуметтік бағыттағы бизнес жобаларды жүзеге асыруды үйрету. Мұнда жастардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік жасалады, соның ішінде ауыл жастарының экономикалық және әлеуметтік сатыларға қол жеткізуіне мән беріледі.
– Бүгін біз еліміздің ең көрікті жерінде көптен күткен «Зерен – 2019» жобасын бірге бастау үшін жиналдық. Сіздерді қызықты оқу үдерісіне толы күндер, ең бастысы – өз болашақтарыңызға қарай қадам жасау мүмкіндігі күтіп тұр. Лагерьде сіздерге жол көрсетіп, қай бағытта әрекет ету керек екеніне жол сілтейтін тәлімгерлермен, бизнес-спикерлермен емін-еркін араласа алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған. Сәттілік тілеймін!, – деді Мадияр Қожахмет.
Ұйымдастырушылардың деректеріне сүйенсек, ­лагерьге қатысу мүмкіндігі 18 бен 29 жас аралығындағы Қазақстанның кез келген азаматына және ТМД-ның әр елінен 5 қатысушыға берілген. Лагерь үш маусымға бөлінген. Әр маусымда 200 қатысушыдан болады. ­«Зерен – 2019» лагерінде тұру және білім алу тегін. Бірінші ауы­сым 3-11, екінші ауысым 13-21, үшінші ауысым 23-31 шілде аралығында өтеді. Барлық қатысушы өз идеясын жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізеді немесе лагерь тәлімгерлерінің жетекшілігімен жаңа жоба жасай алады. Негізгі бағыттар: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары. Жобаның бірегейлігі – ашық диалог алаңы болатындығында, онда танымдық үдерістің барлық қатысушысы сарапшылармен бірге стартаптар жасайды, орындалған жұмыс қорытындысы бойынша өз бизнес-жобаларын таныстырады. Білікті сараптамалық қазылар алқасы қатысушылар жасаған жобаларды іріктейді. Үздік 30 жоба қаржыландырылады, ал жалпы жүлде қоры – 15 миллион теңге. Алматы облысынан келген қатысушы Ақбота Жарылқасынның айтуы бойынша, осындай ауқымды әрі маңызды жобаға қатысу шын мәнінде болашаққа берілген жолдама.
«Мен Алматы облысынан өз жобаммен келдім. Қазір оны жасап жатырмын және маған қазір тәжірибе мен «жарқ ете қалу үшін» нақты не істеу керек екенін білетін білікті маманның кеңесі жетпей тұр. Зеренге келген соң, өзіме тәлімгер таптым. Жеңіске жетіп, жобамды еліме ­таныстыруды армандаймын және оған барлық мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Жастарды қолдауға арналған «Зерен – 2019» тәрізді жобалар мемлекет тарапынан бізге көрсетілген үлкен қамқорлық. Оның үстіне тегін қатысып, 9 күн бойы жемісті жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Жастарды қорықпай байқауға қатысуға өтініш беруге шақырамын, біз сонда ғана өзімізді көрсете аламыз» деді А.Жарылқасын.
Бірінші ауысымның соңында 10 жеңімпаздың есімі аталады, олардың жобаларына қаржы бөлініп, іске асу мүмкіндігіне ие болады. Осы ауысымда өз ісінің нағыз майталманы саналатын сарапшылар қатысушылар алдында сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөліседі. Олардың арасында қоғам қайраткері Әлихан Байменов, танымал альпинист Мақсұт Жұмаев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, «Bilim Media Group» компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, саясаттанушы Дос Көшім және т.б. бар.

Нұрдәрі ҚҰБЫЛАЙХАНҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.