ЖАНҚОЖА БАТЫРДЫ ҚАЛАЙ ТАНЫП ЕДІК?

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» деген болатын. Шындықтан туған бұл ақиқатты қазақ халқы да өз басынан өткен сан қилы тағдырмен дәлелдеп келеді. Алайда кешегі кеңестік жүйенің қайшылықты сипатынан кейде осындай ақиқат қазақ халқына қиындықтармен қызмет еткен кездер де тарихымызда аз болған жоқ.
Тарих төріне кеткен Әз Тәуке және Абылай хан заманынан кейін қазақ хандығының алып территориясы жеке-жекеге бөлініп, тұтас билік жойылған болатын. Кіші жүздің басым бөлігі Ресейге қарап үлгірсе, Ұлы, Орта және Кіші жүз қазақтары қоныстанған Шу, Іле өзендерінен бастап, Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауындағы қазақтарға Қоқан және Хиуа хандықтары өз үстемдігін орнатқан еді. Олар Сыр бойында көшіп-қонып жүрген қазақтарға бөлекше билігін жүргізіп, үнемі ұшыр, зекет жинап, кейде әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып отырды. Мысалы, қоқандықтарға қазақ қауымдары жылына түндік басы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 100 бау қамыс тапсыруға міндетті еді. Ал егіншілер егіс өнімінің үштен бірін төлеуге тиіс болған.
Қоқан хандығының Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністер салып, өз қарамағындағы қазақтарға жасаған сан түрлі ылаңдары тарихтан белгілі. Залымдығы шектен шыққан Қоқан әмірлері Ұлы жүздің ту ұстаған датқасы Байзақ Мәмбетұлын зеңбірекке байлап атса, Орта жүз датқалары Тұрғанбайды азаптап өлтіріп, Тұрсынбайдың қазасына тікелей себепші болған еді.

Хиуа хандығы да 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейте түскен. Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойы қазақтарына шапқыншылық жасап, бұл бағытта кешегі Кіші орда ханының ұрпақтарын тиімді пайдаланды. Осындай шығу тегі Әбілхайырға баратын сұлтан Елекей Қасымов пен Жанғазы басқарған хиуалық отряд 1847 жылы Кішкене шектілердің мыңнан астам шаруашылықтарын талан-таражға ­салып, бірнеше ондаған адамды өлтірген.
Қоқан мен Хиуа хандарының мұндай зорлық-зомбылығынан жапа шеккен халықты бастап, ұйыстыруға шыққандар аз болған жоқ. Міне, солардың ішінде жастайынан әділдігімен, батырлығымен ерекше көзге түскен Жанқожаның орны бөлек. Ол 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. Сондай-ақ ол жергілікті халықтың Қоқан хандығының алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтарына қарсы қазақтарды біріктіріп, 1830 жылдың күзінде Созақ бекінісіне шабуыл жасауға аттанып, онда тұратын Құрман бидің өтінішімен бекіністі қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған ­палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан кейін Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алады. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, оларды баласын өлтірген өтеуі үшін Құрман биге тапсырады. Созаққа барар жолда Жаңақорған, Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады.
Қоқан және Хиуа хандарымен­ осындай қайшылықты жағдайда табиғатында бейбітшіл, шынайы адами­ қарым-қатынасты ұстаным еткен­ Жанқожа батыр­ солтүстік шығыс Каспий­ теңізінен бастап, Арал теңізі мен Сырдарияның солтүстігіндегі қазақ жеріне жаңа бекіністер салып, Орталық Азияға қарай жылжудың қамына кіріскен Ресей империясының жергілікті әкімшілігімен алғашында түсіністікте болады. Ол Сыр бойына келген орыс әскерлері мен қоныс аударушыларына шын достық пейіл танытады. Жанқожа сол кездегі Орынбор генерал-губернаторы В.Обручевпен жолығып, жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтынымен қатар, хиуалықтардың шапқыншылығынан қорғайтындығына оның келісімін алады. Тіпті 1847 жылдың тамыз айында біріккен орыс-қазақ жасақтары Сырдың сол жағасында салынған Хиуа қамалы Жаңақаланы қиратады. Бірақ та қазақтар мен орыс әскерлерінің арасында байқалған бұл алғашқы «достықтың» көрінісі ұзаққа созылмайды.
Шындап келгенде, орыс бекіністері әскери-саяси қызметтер атқарған еді. Олар Ресей басып алған аймақтарда жаңа қоныстанушылардың жоспарлы әрі тиянақты түрде орнығуына және басқа мәселелерді шешуге көмектесумен бірге, Орта Азия хандарының жеріне иелік ету мақсатын да алға қойған. 1847 жылы Райым бекінісі салынып, оған жаңа иелер әкелінді. Осы жылдары Ақирек, Ақбай тәрізді шұрайлы жерде қоныс теуіп отырған қазақтың 3 мың үйі Сырдың арғы жағына зорлап көшірілді. 1850 жылдардан-ақ жергілікті халық тарапынан жаңа тәртіпке келіспеушілік айқын байқала бастады. Отарлық саясат күшейе түсті. Сөйтіп, 1837 жылы Ресей өкіметі тарапынан бағынышты ел ретінде қазақтардың әр шаңырағынан алынатын салық мөлшері екі есе көбейтілді. Салыққа ақша бере алмағандардың малы тартып алынды. Отырықшы жұртты ­суармалы әрі құнарлы жерлерден ығыстыру жалғасын тапты.
Сыр бойындағы Қоқан, Хиуа хандарының тікелей тонау, зорлық-зомбылық әрекеттері мен патшалық Ресейдің отаршылық саясатына қарсы Сырдария қазақтарының көтерілісі, өз халқын сыртқы жаулардан қорғауда көрсеткен ерекше ерлігі мен ел ішіндегі атақ-абыройы жетіп артылатын, бүгінгі күні бүкіл қазақ халқы мақтаныш ететін Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр­ ең алғаш орыс зерттеушілері Л.Мейердің, М.Н.Галкиннің және А.И.Макшеевтің қаламдарына ілінген. Ал И.В.Аничков 1894 жылы «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты көлемді очерк жазды. Тіпті кеңестік кезеңнің өзінде, 1940 жылы бұл тақырыпқа қалам тартқан кәсіби тарихшылар А.Якунин мен В.Ф.Шахматовтар көтерілістің ­себеп-салдарына ой жіберсе, 1950 жылғы желтоқсанның 25-і күні ­«Правда» газетінде шыққан «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деп аталатын мақала авторларының бірі Т.Шойынбаев «Восстание сырдарьинских казахов под руководством ­Жанхожи Нурмухамедова­ (1856-1857 г.г.) атты монография жазған болатын. Бірақ мұның барлығын кешегі кеңестік саясат мойын­дамай, қайта-қайта талқылауға салып, сан түрлі баға берумен болды. Оның айқын дәлелі, 2018 жылы баспадан шыққан тарих ғылымының докторлары, белгілі тарихшы К.Есмағамбетов пен А.Ахметтің «Бұғауланған тарих: бір құжаттың ізімен» атты алғы сөзімен шыққан «Движения под предводительством Джанхожи Нурмухамедова стенограмма» атты кітабы. Тарихи да, тағылымдық та орны бөлек бұл кітапты арнайы тақырып етіп қолға қалам алып отыруымыздың бірнеше себептері бар. Біріншіден, қай кез болмасын тарихқа, шындықты тануда объективті, бұлтартпас нақты көзқарастың болуы сияқты қағиданың қатаң сақталуының қажеттігі. Екіншіден, қандай тарихи оқиға болсын, оны бұрыннан дайын қалыппен, ізбен бағалаудың жарамсыздығы, зерделеудің жетімсіздігі. Үшіншіден, тарихын түгендемеген халықтың тарихы болмайды. Мұндай жағдайлар кешегі жалғыз коммунистік партия билеп-төстеп, ал оның бірінші басшылары тез көсемге айналып жатқан заманда жиі кездесті. Төртіншіден, мұндай жеке билік ешуақытта жақсылыққа бастамаған, қоғамды қажытып, мемлекетті мешел етіп отырған. Алып та әлемді дірілдеткен кеңес елінің тарих сахнасынан кетуінің принципті себептерінің бірі де осында жатыр еді.
Әңгіме өзегі болып отырған кітапта ХIХ ғасырдың ірі тұлғаларының бірі, халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сыр бойы қазақтарының отаршылдарға қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтерілісі жөнінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің білім және жоғары оқу орындары бөлімі құрған арнайы комиссия мәжілісінің хаттамасы түпнұсқа күйінде жарияланған. Бұл стенограмма Қазақстан Респуб­ликасы Президенті архиві (ҚР ПА) қорында сақталған. Кезінде негізгі құжат болған бұл жарияланымның бірден көзге ұратын ерекшелігі – тарихты тек таптық көзқарас тұрғысынан бағалау. Қандай шындық болса да, оның басы-қасында кім болды, ол кедей не пролетариат па, әлде үстем таптың өкілі ме, соған қарап саяси баға беру, барды осыған икемдеу кешегі кеңестік жүйенің дәстүрлі әрекеті болатын. Мұны Мәжілісте сөйлегендердің қайсысы болса да қатаң сақтауға тырысқанын стенограмма мазмұнынан айқын аңғарамыз. Отырыс басында-ақ тарихшы Х.Айдарованың «Бүгінгі мәселені Ұлттық Ғылым академия­сында талқылағанда комиссия марксизм-ленинизм классиктерінің қандай методологиялық нұсқауларын басшылыққа алды?» деп сұрауы жайдан-жай емес еді.
Мәжіліс 1952 жылдың 10 және 17 қазан күндері Қазақстан Комму­нистік партиясы Орталық Комите­тінің хатшысы М.Сужиковтың төра­ғалығымен, Тарих, археология және этнография институтының директоры С.Покровский, Экономика институтының директоры С.Толыбеков, Республикалық Орталық архив директоры И.Чумаков және белгілі тарихшылар, партия қызметкерлерінің қатысуымен Орталық Комитеттің Бюро залында өткен. Пікірсайыстың негізгі күн тәртібі – Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сыр бойы қазақтары көтерілісінің себептері мен сипатын анықтау, оған саяси партиялық баға беру.
Бұл құжаттың жарты ғасырдан астам уақыт бойы құпияда ұсталған тағдыры Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы туралы тұжырымнан, кеңестік идеологияның ұлт-азаттық қозғалыс туралы көзқарасының қай елде болуына байланысты екіжүзді саясатынан да туындаған. Мысалы, Англияның отарында­ болған Индия сияқты елдердегі ұлт-азаттық қозғалысты кеңестік саясат қос қолмен шапалақтап қуаттады, ал Ресейдің отарында болған елдер туралы жұмған аузын ашпауға дайын тұрды. Сондықтан пікірсайыс барысында оған қатысқандардың барлығының саяси төбенің қай бетінен көрініп қаламыз деп қиналғандары айқын аңғарылады. Өйткені көтерілісті кедей, марксизм-ленин­изм теориясы бойынша тек пролетариат басқаруы керек, ал феодалдар өкілі жетекшілік еткен қозғалыстар, ол кімнің мүддесін көздемесін, тек ұлтшылдық сипатта болады деген өлшемдермен 1943 жылы алғашқы шыққан «Қазақ КСР ­тарихы» қатаң сынға ұшырап, 1949 жылғы оның екінші басылымы да жарамсыз деп танылған еді. Қазақтардың солтүстік көршіміз Ресейдегі патшалық жүйеге қарсы күресі олардың бұл елге өз еркімен қосылды деген кеңестік тұжырымға әсте сәйкес келмейтін. Шындығында, бұл отаршылдық саясатты бүркемелеу, тіпті ақтауға ұмтылу еді.
Мәскеудің таптық күрес туралы­ қағидасын қатаң ұстанған 1947 жылғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы», 1951 жылғы 19 сәуірде «Казахстанская правда» газетінде басылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Правда» газетіндегі «Қазақстан тарихы мәселелерін марксизм-ленинизм тұрғысынан көрсету туралы» мақаласы жөніндегі» қаулыларынан кейін Қазақ КСР Ғылым Академиясының Президиумы құрған комиссия Жанқожа батыр бастаған көтеріліске «кертартпа»­ деген баға беріп, көпшілік дауыс­пен шешім қабылдаған еді. Бұған ­ко­миссия мүшелері Х.Айдарова мен В.Шахматовтар қарсы болды. Ғылым Академиясы өз қызметкерлері арасында осындай көзқарастың барлығын ескеріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінен көмек сұраған. Жоғарыда аталған комиссия осылай құрылды.
Отырысқа төрағалық еткен М.Сужиков алғашқы сөзінде шақы­рыл­ғандарды Ғылым Академиясы Президиумы құрған комиссияның шешімімен таныстырады. Онда Сыр бойы қазақтарының отаршылдарға қарсы көтерілісін бастаған Жанқожа Нұрмұхамедұлының Хиуа ханымен байланыста болғандығы, оның феодал екендігі, сондықтан терең қателіктер жіберген Т.Шойынбаевтың «Сырдария­ қазақтарының көтерілісі» атты кітабын айналымнан алып тастау туралы ұсыныс жасалынған еді. Сонан соң БКП(б) мүшесі Т.Шойынбаевқа баспасөз бетінде өзінің қате тұжырымын сынап,­ кемшілігін мойындауға ұсыныс жасалып, жоспардағы «Қазақ КСР тарихының» бірінші томында Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтерілісті кертартпа­ деп бағалау болатын.
Мәжілістің басында Т.Шойынбаев­тың өзі «Жалпы көтеріліс болған ба, жоқ, болмаған ба?» деп сұрайды. Осыдан бір ай бұрын «ешқандай көтеріліс болған жоқ» деген шешімді оқығанын, енді комиссия­ басқа қорытынды жасап, мұны феодалдар арасындағы өзара тартыс деп есептегенін ескеріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт бөліміне хат жазып, онда Кенесары бастаған феодалдық монархиялық сипаттағы көтеріліске Жанқожа көтерілісін де қосқандығын айтады.
Пікірталаста бірінші сөзді В.Шахматов алады. Ол Қазақ КСР тарихының тиісті тарауын талқылаған кезде тарихшылар Кенесары Қасымов көтерілісінің сипатын бағалау туралы сұрағанда атақты тарихшы А.Панкратованың өзіне «Сіз қазақ халқын ұлт-азаттық күреске құқығынан айырып отырсыз» деп ­реплика тастағанын ескертеді. Мұны еске түсіріп отырғанының себебін «Біздегі әрбір көтеріліс кертартпа сипатта болса, сонда бізде отаршылдыққа қарсы күрес болмаған ба? Ондай жағдайда біз қазақ халқын ұлт-азаттыққа деген құқығынан айырамыз» дейді. Алайда ол Жанқожа көтерілісін ұлт-азаттық қозғалысқа жатқызбайтынын айтып, себебі ол ұлттық тәуелсіздік пен дербес мемлекет құруды мақсат ете алмады деп кінәлайды. Сондықтан Жанқожаны патриархалдық рушылдық қалдықтары үстемдік ­еткен кездегі шаруалар наразылығының ­басында болған феодалдар тобының өкілі деп санайды. Ол бұған шағын шаруалар көтерілісі деген сипаттама беруді ұсынады.
Жиналыста көбірек сөйлеген және И.Сталиннің пікірлерін сөзіне жиірек саяси негіз еткендердің бірі И.Чумаков болды. Ол қолына түскен, өзінше ой бағытына бейімдеген мәліметтермен көтерілісті феодалдар арасындағы өзара билік үшін күрес етіп көрсетуге барын салады. Және бұл күрестің ешқайсысы да қазақ шаруаларының мүддесін көздеген жоқ, сондықтан мұны ұлт-азаттық күрес деуге болмайды дейді. И.Чумаковтан аз сөйлей қоймаған М.Ақынжанов бұл пікірді қолдайтынын танытып, артында шетелдік мемлекеттер тұрған ортаазиялық хандардың сілтеуімен және Ресейге қарсы бағыт­талған қаракүштермен байланыста болғандықтан, Жанқожа көтерілісін басынан аяғына дейін кертартпа деп бағалады. Ол тіпті жиырма шақты күнге ғана созылған жөнсіз және абстракты бас көтеру мәселесімен Қазақ КСР тарихының бірінші томының шығуын байланыстырудың өзін артық санады. Ал келесі сөз алған А.Нүсіпбеков Жанқожа көтерілісін арнайы зерттемегенін, комиссияға қосқаннан кейін тиісті материалдармен танысқанын, патша өкіметінің Сырдария қазақтарының қозғалысының себептерін тексерген арнайы құжаттар отаршылдық саясаттың салдарынан шаруалардың бас көтеруі, бірақ ол қысқа уақыттағы және жергілікті ғана мәні бар оқиға болғанын дәлелдеп, көтерілістің ұйымдастырушысы да, басшысы да болған Жанқожа батыр өзінің жеке мақсатын жүзеге асыру үшін Хиуа және Бұхара хандарынан қарулы көмек те сұрады, бұл еңбекші шаруалар тарапынан қолдау таппаған деген тоқтамға келеді. Ол көтерілістің қысқа мерзімін осымен түсіндірді.
Өзінен бұрынғылардан әлдеқайда ұзақ әрі ерекшелеу және өзінің алдында сөз алғандарға өз қатысын білдіре сөйлеген Х.Айдарова ғылыми қызметкерлердің өзіндік ойлауына және мәселе туралы шығармашылық шешім жасауына мүмкіндік бермейтін институт басшылығының біреуге сүйеніп жұмыс істеуін, тарихтың мәселелері турасында ОК шешімін күтіп отыратын әдісін сынға алады. Ол «Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрессивті мәселесіне әркез қарсы қоюдан кез келген ұлттық көтеріліс жиі кертартпа деп бағаланады, бұл ұлтшыл деген сынға ұшыраймын ба деп үрейленуден болып жатады, мұндай бағалау тарихи шындықты бұрмалауға апарады» деді. Ол бізде ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы көтерілістердің барлығы халыққа қарсы сипатта болады да, ал 1905 жылғы революция кезінде ғана қазақ халқы ұлт-азаттық ағымға қосылатынын ескертеді. Сонда отаршылдық күрестің даму заңдылығын қайда қоямыз деп өзінше басқашалау сөйлеуге тырысқан, бұрын басқа да көтерілістер сияқты Сырдария қазақтарының көтерілісі басынан аяғына дейін кертартпа деген пікірмен келіспедім деген Х.Айдароваға М.Сужиков «бұл көтеріліске қандай баға бересіз?» дегенде, ол «бұл жергілікті биліктің зорлығына, жұртшылықтың өзі арқалаған орасан зор борыштылыққа қарсылығын білдірген жергілікті көтеріліс» деген баға береді. Бұдан кейін сөз алған Т.Елеуов Жанқожа бастаған Сырдария қазақтарының қозғалысын Ресейден бөлуге күш салған кертартпа десе, А.Тұрсынбаев бұл бас көтеруді қысқа мерзімдегі және жергілікті ғана сипаты бар, сондықтан оны әсірелеп, ұлт-азаттық қозғалысқа жатқызуға болмайды, мәселенің осылай қойылуы орынды деп санайды.
Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының ­директоры С.Покровский марксизм-ленинизм классиктерінің нұсқауларын және И.Сталиннің нақты еңбектерінен бірнеше дереккөздерді басшылыққа ала отырып, Жанқожа Нұрмахамедұлы басқарған Сырдария «егіншілерінің» («егинши») қозғалысын патшалық отаршылдық қанаудан туындаған жергілікті ғана мәні бар және қысқа мерзімдегі қарсылықтың лап еткені, сондықтан бұл қазақ халқының тарихында аз-кем салмақты маңызға ие бола алмайды деп түсіндіріп, Жанқожа көтерілісінің сыртында ағылшындар тұрғанын, Хиуа және Бұхарамен байланысын дәлелдеу үшін барын салады.
Жиналыстағы соңғы сөз Т.Шойын­баев­қа ­тиеді. Ол Сырдария қазақтарының көтерілісіне берілген бағаға байланысты айтыс туралы бірер сөз айтып, «көтеріліс болғанға дейін бұл аймақтың Ресейге қосылғанына он жылдай болған, осы мерзімде мұнда отаршылдық қанаудың ауыр зардаптары қалыптасты, сол себепті көтеріліс туралы мәселенің басы ашық еді» дейді. Рас, Қазақстан мен Арал ауданы Ресейге қосылғанша бұл өңірге Хиуа хандығы басқыншылық жасағанда Жанқожа орыс бекіністеріне жақын орналасып, қажет кезде Ресейден көмек сұраған. Ал өзі Сырдария қазақтарының көтерілісінің себебі қандай деген сұрақ туады дей отырып, Т.Шойынбаев Қазалы бекінісі салынғаннан кейін қазақтардың отарлық қанауды басынан кешкендеріне нақты мысалдар келтіреді. Ол Орынбор шекара комиссиясының төрағасы В.В.Григорьевтің Сырдария қазақтарының көтерілісіне қатысты оң пікірін дәлел ретінде мәлім етеді. Ол ­отырыста сөйлегендердің бірсыпырасына өз пікірін айта келе, кейбіреулердің 1894 жылы Қазан қаласында жарық көрген В.Аничковтың «Киргизский ­герой ­Джанходжа Нурмахамедов (Очерк из первых шагов русских на Сыр Дарье)» деген кітабынан фактілер келтіргенін, «егер сіздер бұл кітапты оқысаңыздар, онда Жанқожа 95% жағымды болып, нағыз қазақ халқының батыры болған, ал мен Аничков сияқты қорытынды ­жасай алмаймын» дейді. Сөз соңында ол да көпшіліктің пікірін қолдауға мәжбүр ­болып, көтерілісті ұлт-азаттық қозғалысқа жатқызбай, отаршылдыққа қарсы көтеріліс деп есептейтінін мәлімдейді.

Қоқан мен Хиуа хандарының мұндай зорлық-зомбылығынан жапа шеккен халықты бастап, ұйыстыруға шыққандар аз болған жоқ. Міне, солардың ішінде жастайынан әділдігімен, батырлығымен ерекше көзге түскен Жанқожаның орны бөлек. Ол 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. 

Отырыс, шынына келгенде, отаршылдық езгіні мойындай отырып, оған қарсы шыққан көтерілісті біресе шағын, біресе уақыт жағынан қысқа, енді бірде жергілікті ғана мәні бар деп бағалап, болмаса тағы басқа реті келе қоймайтын себептер іздестіру, қисынсызды қиыстыруға ұмтылу болатын. Тіпті кейбір марксизм-ленинизм ілімінен үзінділерді шала жаттаған тарихшылар ХIХ ғасырдың ортасында болған сыртқы шабуылға, зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымдасқан көтеріліске ұлт тәуелсіздігі мен өз алдына мемлекет құруды мақсат етпеді деп талап қояды. Мұның барлығы сол заманның саяси жүйесінен туындаған, соған сәйкес келетін өзіндік сипаттар болатын. Бұл талқылау Мұстафа Шоқайдың 1931 жылы жазған «Бір ғылыми өтірікке қарсы (Қоқан автономиясына жыл толуына орай)» атты мақаласындағы мына бір ойларды еріксіз еске түсіреді. Ол тарихты жазудың тағылымды екі жолы болатынын атап көрсетіп, былай деген еді: «Бірінші жолы: зерттеуші өмірде болып өткен оқиғаларды көңіл қойып жинастырады. Оларды хронологиялық тәртібі бойынша заманның жағдайына, ахуалына қарай зерттейді. Мәліметтер мен ақпараттардың бұлақтар көзін іздейді. Жиналған мәліметтерді өзінің ғылыми зердесінен өткізеді, орнына салады және ол мәліметтерден өзін бейтарап ұстай отырып, талдау жүргізеді. Шын мәнісіндегі ғылыми тарих, міне, осындай тәсілмен жазылады. Екінші жол: зерттеуші көздеген мақсаттарын күні бұрын белгілеп алады да, соған жету үшін оқиғалар құрастырады. Тіпті мақсаты қажет етіп жатса, оқиғаларды ойдан шығарады. Мақсатқа қайшы келетін бұлақ көздеріне жуымайды. Мұндай тарихшылар өзін бейтарап ұстаудың орнына оқиғаларға партиялық тұрғыдан талдау жасайды. Кеңес тепкісіндегі халықтардың ұлттық қозғалыстары туралы жазып жүрген большевик тарихшылар осы екінші түрге жатады». Оқырман не айтқымыз келіп отырғанын өздері түсінер дейміз.
1894 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты көлемді очерктің авторы, этнограф И.Аничков: «Біз Орта Азиядағы иісі түркі тайпаларының бас бостандығы мен дербестігі үшін шыбын жанын шүберекке түйген, сырттан келген дұшпандардың әміріне көнбеген, өз мақсат-ниетінің жүзеге аса қоюының қиын екендігін көре біле тұрса да, қолайлы бір кезеңде орыс патшалығына қарсы ақ ту көтерген ­Кенесары, Көтібарұлы Есет, Садық және басқалар тәрізді атақты Жанқожа әулиені күллі қазақтың атышулы батырлары мен сахара қаһармандарының санатына толық жатқыза аламыз» деп жазса да, мұны кеңестік солақай жүйе бірден ­мойындай қоймаған.
Бұл еліміз тәуелсіздік алып, өз тізгінімізге өзіміз ие болғаннан кейін ғана мойындалды. 2010 жылы шыққан «Қазақстан тарихында» Арал өңірі қазақтарының көтерілісінің басында сынақтан өткен жетекші, жат жерлік отаршыларға өзінің ымырасыз көзқарасымен ерекше көзге түскен Жанқожа Нұрмұхамедовтің тұрғаны айтылып, «Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын Арал өңірі қазақтарының тәуелсіздігіне арнады» деп жазылған. Сөйтіп, халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған, отаршыл саясатқа қарсы шыққан көтерілістер мен қозғалыстар, оларды басқарған ардақтымызға тиісті баға берілген болатын. Адами азаттықты, кісілік еркіндікті қашанда ту еткен мұндай абзал жандар туған халқының жадына қайта оралатыны сөзсіз болса, оның рухани байлығын молайтып, ұлттық рухын көтерудің маңызды факторына айналатыны да даусыз еді.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.