Дауысты дыбысты жоғалтпайық

Кирил графикалы жазудан латын графикалы жазуға көшуге ниет етіп, осы жолда жасалуы­ тиісті жұмыстарды бастап отырмыз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2025 жылды шекті меже ретінде көрсетіп берді. Көшудегі басты мақсаттарымызды да айқындап алдық. Соның бірі – кирил графикасын қолданған кезеңде төл жазуымыздың табиғатын бұзып келген шарттылықтардан, заңдылықтардан арылу. 

Ең алдымен, мектеп оқулық­тарында дауысты, дауыссыз ды­быстардың құрамы әркелкі беріліп жүргендігін айту қажет. Осы мәсе­ленің шешімін біржақты қыл­маса болмайды. Себебі оқушы бала­ларымыздың қателерін күнде­лікті байқап жүрміз. 2002 жылы жарық көрген «Қазақ грамматикасы» атты академиялық басылымда ­дауысты, дауыссыз дыбыстардың құрамы анық, айқын көрсетілген: «Қазақ тілінің төл дауысты дыбыс­тарының жүйесі 9 дауысты дыбыс­тан құралады. Олар: А, Ә, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О, Ө» (14-бет); «Қазақ тілінің төл дауыссыз дыбыстарының жүйесі 17 дыбыстан құралады. Олар: Б, Д, Ғ-Г, Ж, З, Й, Қ-К, Л, М, Н, Ң, П, Р, С, Т, У (w), Ш» (21-бет).
Алайда осы кітаптағы дауыстылар туралы берілген деректердің ең соңында мынадай ескертпе бар: «Кірме әріптер. Қазақ тіліне енген (4-кесте) кірме әріптер жеке дауысты дыбыстардың таңбасы емес. Олар арқылы қазақ тіліндегі қысаң дауыстылар мен үнді Й, У (w) дауыссыздарының тіркесі белгіленеді. Мысалы: ми – мый, сирақ – сыйрақ, сирек – сійрек, бу – бұу, суық – сұуық, сурет – сүурет, т.б.» (21-бет). Бұл жерде кірме и, у әріптері туралы әңгіме болып отыр
Демек, бұл кірмелер бірі – ­дауысты, екіншісі – дауыссыз болып келетін қосар дыбысты бейнелеу үшін алынған. Бұлар, шынтуайтқа келгенде, атын атап, түсін түстеп айтар болсақ, орыс тілінен енген әріптер, яғни орыс тілінің әріптері. Олар орыс әліпбиі мен емлесіне еліктеу мақсатында алынған, өйткені «орыс тілінде қалай жазылса, солай жазу керек, қалай айтылса, солай айту керек» деген өзімшіл өктем (тоталитарлық) ереже болды. Өкінішке орай, мына егемен заманда,«қазақ тіліндегі сөз­дің тұрқын ықшамдау, үнемдеу» ­деген талапқа сай, келмеске кеткен ескі сүр­леуге қайта түскеніміз өкінішті-ақ.
Ал енді латын графикасына көшетін болсақ, осы жоғарыда көр­сетілген и, у тәрізді кірме әріптерден арылуымыз, құтылуымыз керек емес пе? Басты мақсатымыздың бірі осы емес пе? Осылай болған жағдайда, не өзгереді? Көп нәрсе өзгереді екен. Тілімізде кеңес кезеңінде орын алып келген жасандылықтан, тіліміздің төл табиғатын бұзып тұрған шартты құбылыстан құтылады екенбіз.
Себебі үнемдеу мақсатында табиғатына жат, кірме әріптерді қолдану тәжірибесі түрлі қиын­дықтарға ұшыратады екен. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде («Орфографиялық сөздік», Алматы, 2013) берілген сөздердің тұлғасы­на қараңыз: «у», «бу», «жу», «су», «ту»… Осылай санамалай беруге болады. Осындай сөздер өте көп. Осылардың латын үлгісін (ý, bý, jý,sý, tý) қазақы оқырман оқитын болса, бірден көзге түсетін, байқалатын жайт – сөздердің дауыссыздардан, тіптен жалғыз дауыс­сыздан да («ý») құралып тұрғаны. Іштерінде қазақ тіліндегі дауысты дыбысты бейнелейтін бірде-бір әріп жоқ! ­«Дауысты дыбыс араласпаса, сөз бола ма? Дауысты дыбыстың қатысынсыз, жалаң дауыссыздардан жасалған бұл не сөздер? Мұны мектептегі жас балаларға қалай түсіндіреміз?» деген сұраулар өз-өзінен туындайды. Сол кезде сізге осы жағдайдағы «у»-дың қолданым ерекшелігі туралы ­хабары бар маман тілші түсіндіріп береді: «Сіз байқамай отырсыз. Бұл жердегі «у» әрпі «ұу» қосарлы дыбысын білдіреді» дейді. Бұл «у»-дың қазақ тіліндегі дауыссыз «у» емес екендігін, оның кірме әріп, орыстың әрпі екендігін сонда ғана болжайсыз. Осылайша, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбысты бірге қосақтап, бір әріп қылып беретін, тіліміздің төл табиғатына келмейтін кірме таңбаны қабылдап алып, енді оның өзіне арнайы заңдылық ойлап ­тауып, шала бүлініп жатамыз. Осы неге керек? Байқасаңыз, орыс тілінен алынған кірме «у» әрпін тіліміздегі төл дыбысымызды – дауыс­сыз «у» дыбысын бейнелейтін «у» әрпімен де қабаттастырып, ­шабыстырып отырмыз. Екі «у» болып­ отыр. Осы екі «у»-дың қайсысы қажет бізге? Әрине, дауыссыз «у» дыбысын таңбалайтын «у» әрпі қажет. Орыс тілінен енген кірме әріп­тің қажеті шамалы.
Латын графикасына көшерде осындай келеңсіз заңдылықтардан арылып алу керек деп ойлаймыз. Сол кезде жоғарыда келтірілген сөздерді төл тіліміздің табиғатына сай етіп, дауысты дыбысын қосып «ұу», «бұу», «жұу», «сұу», «тұу» түрінде жазатын боламыз. Себебі дауысты дыбыс болмаса, сөз болмайды. Бұл жазылым­ тілдегі барлық фонетика-грамматикалық жүйелермен толық үйлесім табады. Ол – тіліміздің төл табиғатына сай жазылым.
Дыбыстардың үндесім заңдылы­ғын сақтап отырған түрік, әзербай­жан, түркмен, қырғыз тәрізді туыс­тас тілдердің бәрінде осылай. Біздің солардан ерекше, өзгеше болуымыз міндет пе?! Орыс тілінен алынған кірме әріптерді қолданып, тілдегі заңдылықты бұзу жолымен ерекшеленгеніміз жөн бола ма?!
Сөз соңында айтарымыз: латын­ графикасына көшкенде туған тіліміздің асыл табиғатын бұзбай, керісінше, сақтауға тырысайық. Әрбір төл дыбысымызға және оны бей­нелейтін әріпке қатысты тағдыр­шешті мәселелерде ақылдасып алғанымыз жөн болмақ.

Мырзаберген Малбақұлы,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. QAZAQ

    Үндес А-Ә, Ғ-Г, Ы-І, Қ-К, О-Ө, Ұ-Ү дыбыстарына ортақ таңба пайдаланып, жіңішке (немесе қатты) естілетін сөздің алдына (`) таңба қойып жазса латын таңбаларының саны біздің әліпбиімізге толық жетіп естілуі тым жақын қадір-қадыр, бірақ-бырақ, қазір-кәзір, т.с.с. сөздердің жазу емлесін жаңаша заңдастырып, жазуымыздағы У дыбысының сөзіміздегі естілу «мәселесін» де шешуге ықпал қылмай ма?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.