ХӘКІМ ӨЛЕҢДЕРІН ЖАТҚА ОҚЫДЫ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ана тілі»

Жуырда елімізде ұлы Абай өлеңдерін жатқа оқуға байланысты жақсы бастама қолға алынды. Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың қызы Ләйлім Рысқали  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абай өлеңін оқу эстафетасын жолдады. Бұл бастамаға Қасым-Жомарт Кемелұлы бірден үн қатып, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін жатқа оқыды. Әрі қарай бастама кеңінен қолдау тауып, эстафетаны кезегімен бір-біріне жолдаған министрлер мен әкімдер, қоғамның өзге де белгілі азаматтары жалғап әкетті. 

Адамзат ақыл-ойының жемісі – әлеуметтік желілердің мүмкіндігі зор ғой. Жақсы бастама, негізінен, осы әлеуметтік желілер арқылы тарады. Осылайша, Абай даналығына ел болып, қоғам болып тағы бір қадам жақындай түстік. Бұл Абайтану үрдісіндегі жаңа формат деп те айтуға болады. Өйткені бұрын-соңды Президенттен бастап үлкен-кішіге дейін Абай өлеңдерін жатқа оқып, бір-біріне эстафета жолдау қазақ руханиятында орын алмаған еді. Бәрі де жарасымды көрінді.
Әлемде, әсіресе ғаламтор кеңістігінде ­«челллендж» деген ұғым бар. Ол блогердің видеоролик түсіріп, оны желіге орналастырып, өзгелерден соны қайталауды сұрайтын үрдіс. Бұл қандай да бір тапсырма да болуы мүмкін. Бүгінгі таңда ғаламторда осындай челлендждердің түр-түрі көп тараған. Олардың бәрі де үлгі аларлық дүниелер деп айту қиын. Өйткені кейбір челлендждер көңіл көтеру, әзіл-қалжыңға да негізделіп жатады. Бірақ өнеге боларлық бастамалар да кездесіп қалады. Ол адамға көмектесу, жақсылық жасау, табиғатты сақтау, қоғамға пайдаңды тигізу дегендей. Ал енді тақырыбымызға арқау етіп отырған – Абай өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы да осындай тағылымды челлендждің бірі. Бір қызығы, өлең оқудан басталған үрдісті ақынның «Қара сөздерін» жатқа айтумен, сондай-ақ Рамазан Стамғазиев бастаған әншілер Абай әндерін орындаумен жалғастырып, аясын одан әрі кеңейте түсті. Мысалы, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетов Абайдың «Алтыншы» қара сөзін жатқа айтып, әсерлі жеткізді. Мұны ғаламтордағы желі қолданушылар ерекше атап өтіп, жоғары бағасын берді. Осылайша, қазақ рухания­тына ғұламаның шығармалары тағы бір рет серпіліс әкелді. Көп адамға қозғау салды. Абай туындыларымен бұрын-соңды таныс болмаған азаматтар да қызығушылық танытты. Сөз соңында халқымыздың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Абайды оқы, ерінбе» деген өлең жолдары еске түсіп отыр. Иә, бүгінде Абайды оқып жатқан жұрттың қарасы қалың. Лайым, игі дәстүр болашақта да жалғасын таба бергей.
Біз Абайды оқып, ойларын көкейімізге қондырған сайын ұлт ретінде өркениетке қарай нық қадам жасаймыз. Ендігі мәселе – Абайды әлі де тани түсу, танып қана қоймай, ойшыл айтқан құндылықтарды бойға сіңіріп, өмірімізде іске асыру. Абай дегеніміз – тіл, Абай дегеніміз – әдебиет, мәдениет, ғылым, өнер, еңбек. Осылай жалғасып кете береді. Біріміз өлеңінен нәр алсақ, енді біріміз «Қара сөздерін» оқып, терең ойға батамыз. Абайдың жекелеген нақыл сөздерін де қазақ арасынан көп естуге болады. Бұл ретте Абайға сүйенбеген, Абайды тіліне тірек етпеген ел ғалымдары кемде-кем.
Өйткені Абай даналығы белгілі бір қалыпқа сыймайтын, қазақтың дүниетанымындай кең. Сонысымен де ол құнды. Сол себепті Абай тұлғасының, әсіресе, қазақтың жүрегінен, ой-санасынан ойып орын алғаны анық. Өйткені ол өз ұлтын, қазағын сынай отырып, міндерін түзеуге тырысты. Адамшылық, кісілік мәселелерін көтерді. Ақылды, білімді болуды, ғылымды игеріп, адал еңбекпен өмір сүруді, мінезді түзеуді, қоғамға, елге пайдаңды тигізуді, өмірдің бос өтпеуін көкседі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.