Ұлттық жазу ұлағаты

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Халықаралық Түркітану орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Ұлттық жазу: түптамырдан қазірге дейін» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді институт директоры Ерден Қажыбек жүргізіп отырды. «Рухани жаңғыру» аясында өткен ұлттық жазуға арналған жиында көне түркі кезеңінен бергі қазақ жазуының тарихы мен тәжірибесі мәселесі қозғалды. 

Дөңгелек үстелде үш негізгі баяндама тыңдалды. Тіл мәдениеті бөлі­мінің бас ғылыми қызмет­кері Б.Момынованың ««Қазақ» газетінің емлелік ерек­ше­ліктері» тақырыбындағы баяндамасы ­А.Байтұр­сынұлы­ның жазу реформасына арналды. Автор араб таңбалы қолжазбалардан нақты мысалдар, үзінділер, мәтіндер келтіре отырып, қазақ жазуының тарихи тәжірибесіне тоқталды.
Екінші баяндамашы – Ахи Евран университетінің профессоры О.Қабадай баяндамасында латыннегізді түрік жазуы тәжірибесімен бөлісті.
Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі. Н.Әміржанова «Тарихи тағылым: орфо­графиялық ұстанымдардың таңдалуы» тақырыбында қазақ жазуының басты ұстанымдары мен оның түрлері туралы баяндады. Баяндамашы қазақ жазуында басты бір принцип өзек етілуімен қатар, өзге бірнеше қосалқы қағидаттар қатар жүретінін айта келе, бұл әлемдік жазу мәдениеті тәжірибесінде ертеден бар машық екені, бүгінгі таңда заман тала­бы мен әлемдік үрдісті ескергенде, қазақ жазуы фонемдік принципті негіз ете­тінін нақты дәйектер арқылы негіздеді.
Баяндама жасаған филология ғы­лымының кандидаты­ Ж.Абитжанова «Көне түркі жазуы мен жазба ескерткіш­тері» тақырыбында көне түркі жазула­рының түрлері, ондағы ерекшеліктер мен қағидаттар, жазу жүйесі арқылы кө­рініс тапқан көркемдік, стилисти­калық белгілер жайлы пікірін ортаға салды.
Баяндамашыларға қазақ жазуына қатысты сұрақтар қойылып, ғылыми тұщымды жауаптар алынды. Жиын қазақ жазуының тарихи тамыры қаузал­ған, тағлымы мен мазмұны бай, сали­қалы ғылыми басқосулардың бірі болды. Дөңгелек үстелге ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Е.МАРАЛБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.