ҰСТАЗ АҚЫН

Қазақ балалар әдебиетінің сарбаз-сардары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Құрмет орденінің иегері, ақын Сұлтан Қалиұлының арамыздан кеткеніне де, міне, бір жылдың жүзі болды.
Еңбек жолын Қазақ радиосында бастап, «Балдырған» журналында 17 жыл жауапты хатшы, «Ұлан» газетінде 19 жыл бас редактор болған Сұлтан Қалиұлы балалар әдебиеті мен балалар журналистикасының ­дамуына зор үлес қосты. 2008 жылдан 2017 жылға дейін Жазушылар одағында Балалар әдебиеті кеңесін басқарып, қоғамдық негізде Жазушылар одағы басқармасының хатшысы лауазымын атқарды.
Қым-қуыт жұмыстары болса да, ол қазақ балаларының рухани әлемін ұмытқан жоқ. Балаларға арнап әртүрлі жанрда тамаша туындылар жазды. Аудармалар жасады. Оның әр жылдары балаларға арналған «Сыныққа сылтау», «Өлеңдер», «Дүрбі», «Қасиетті тақия», «Сәлем, саған мектебім», «Кішкентай агрономдар», «Теміртесер», «Бақыт деген не?», «Мен мектепке барамын», «Баспалдақ», «Әйт шу, тұлпарым», «Қандай болып өсемін», «Айналама қарасам», «Армысың ауыл», «Ғажайып тас», «Әйәй әліппе», «Топ-топ басайық», «Біз шадыман баламыз», «Жыл құстары келгенде» жинақтары шығып, өз оқырманынан жақсы бағасын алды.
Сұлтан Қалиұлының аударуымен С.Маршактың, С.Михалковтың, Р.Киплингтің балаларға арналған кітаптары мен Бақытжан Момышұлының романдары, повестері қазақ оқырмандарына жол тартты. Балалар әдебиетінің сарбазынан оның сардарына дейін көтеріліп, бүкіл қазақ баласының сүйікті ақынына айналған Сұлтан ағамыздың есімі ешқашанда ұмытылмақ емес.

Балаларға арнап «Өлеңдер» (1968), «Дүрбi» (1970), «Қасиеттi тақия» (1972), «Сәлем саған, мектебiм» (1975), «Кiш­кентай астрономдар» (1977), «Бақыт деген не?» (1980), «Мен мектепке барамын» (1982), «Алғашқы баспалдақ» (1984), «Әйт, шу, тұлпарым!» (1986) секiлдi көптеген кiтаптар жазған белгiлi ақын Сұлтан Қалиұлы өзiнiң саналы ғұмырын бөбектер мен бүлдiршiндердiң, жасөспiрiм жеткiншектердiң арасында өткiзiп, олардың бейқам тiршiлiгiн бейнеледi. Тәлiм-тәрбиелiк маңызы зор тақпақтар мен сан алуан санамақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жазды. Кiшкентай оқырмандарын ұшқыр қиялдың жетегiне ертiп, ертегiлер елiне саяхат жасатты. Еңбек жолын 1957 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогтiк училищеге түсiп, оны 1961 жылы тамамдаған соң, Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiнде сырттай оқи жүрiп, сегiзжылдық ауыл мектебiне мұғалiм болудан бастаған болашақ қаламгер мамандық таңдауда да он ойланып, жүз толғанған сыңайлы. Бұл оның, В.Г.Белинский айтқандай, ­«балалар жазушысы болып туғандығын» да дәлелдей түседi екен.
«Балалар жазушысы болып туған» ақын ағамыздың шығармашылық еңбектерi сан қырлы. Ол поэзия, проза саласында қалам тербедi. Аудармашылық өнермен айналысты. Бiз бұл шағын мақаламызда оның шығармашылық келбетiн ашуды мақсат етiп отырғанымыз жоқ. Сұлтан Қалиев өлеңдерiнiң бiр ғана қырына оқырман назарын аударуды жөн көрдiк. Бұл – ақын өлеңдерiндегi әңгiмешiлдiк. Иә, әңгiмешiлдiк! (Әуелi мынаған зер сала қарағандарыңыз абзал: ақын өлеңде­рiндегi әңгiмешiлдiк деген сөз тiркесiн «поэзиядағы қарабайыр прозаизм немесе қарадүрсiндiк» деп қате түсiнбеу керек).
Балалар поэзиясына қойылар үлкен талаптардың бiрi – ұғынықтылық, түсiнiктiлiк. Яғни балалар ақыны бүлдiршiндердiң ойлау дәрежесiне лайық қарапайым тiлдi жетiк меңгеруге тиiс. Сол секiлдi ойлау жүйесiндегi күрделiлiк те кiшкентай оқырмандардың оқып отырған шығармасын жеңiл қабылдауына қиындық келтiретiнi шындық. Сондықтан балалар ақыны қолына қалам ұстағанда өзiн оқушылар алдында тұрған ұстаздай сезiнiп, ауыр мiндеттi мойнына алады. Бiрақ қарапайымдылықты, ұғынықтылықты ­балалар өлеңiне образдылық қажет емес екен деп түсiну зор қате де болар едi.
Сұлтекең қазақ балалары тiптi хайуанат­тар паркiнен де тiрi күйiнде көрмеген пингвиндi:
«Қатуланса қыс күнi,
Қарауылдап суатты,
Фрак киiп үстiне,
Ән сап тұрған сияқты» деп, көз алдымызға жанды қалпында әкеле алды. Бұл – ақынның әрi қарапайым әрi бейнелi ойлай алатындығының жарқын куәсi iспеттi мысал. Әрине, қағаздың обалына қарамасақ, ақынның мұндай сәттi шығармаларын жiпке тiзгендей тiзбектеп шығуға да болар едi.
Жоғарыда айтылған ақын өлеңдерiн­дегi әңгiмешiлдiк деген сөз тiркесiн бiз тегiннен-тегiн алып отырған жоқпыз. ­Сұл­текең­ өлеңдерiнiң денi, өлеңмен жазыл­ған ертегiлерiнiң бәрi дерлiк ­сюжетке құрылған. Әдемi оқиға аяқ астынан шиыршық атып, тапқыр шешiмiн тауып жатады. «Аққала» атты өлеңiнде ол мұзайдында аққала соғып, ойын қызығына кiрiскен балалардың психологиялық көңiл күйiн шағын сюжет арқылы сәттi бередi. Өлеңдегi балалар қолымен тұрғызылған аққала бейне бiр тiрiлiп кеткендей әсер етедi:
«Көне шелек – басында,
Сыпырғышы қолында,
Мұзайдынды аршуға
Келгендей-ақ ол мұнда».
Бiрақ қабағын түйiп алып, жабығып тұрған аққала өзiнiң тұнжыраңқы қалпы­мен балалардың да көңiл күйiне әсер етедi. Мұңайып тұрған аққаланың жүзiне жиi көзi түсе берген лирикалық кейiпкердiң де ойыны мүлдем қызбай-ақ қояды. Жүзiн мұң шалған әлдекiмнiң бiр бүйiрден қадала қарап тұрғаны, шынында да, мұншалық ауыр болатынын кiм ойлаған?!
Осы сәтте лирикалық кейiпкердiң iнiсi (мұндай сұрқай көрiнiс оған да ұнамаған болса керек) аққалаға ақырын күлiмдеп жақындай түседi. Ақын оның iс-қимылын былай суреттейдi:
«Қарады да анықтап:
– Сұлуын, – деп,– өзiнiң! –
Құлағына бағыттап,
Сызып қойды езуiн…».
Кенеттен әлгiнде ғана тұнжырап тұрған аққаланың жүзiне нұр жүгiргендей болады. Оның шат күлiп тұрғанын көрген балалар да көңiл күйi түзелiп, бөрiктерiн аспанға атысады. Ойын да қыза түседi…
Шағын сюжеттi өлең небәрi жетi буынды он бiр шумаққа емiн-еркiн сыйғызылған. Ақын шеберлiгiн аңғартатын тұстың бiрi де осы. А.П.Чеховтың мәтелге айналып кеткен: «Қысқалық дегенiмiз – таланттың сiңлiсi» дейтiн сөзi де осындайда еске түседi. Әрине, жазушының бұл сөзiн бiз шығарманың көтерген жүгiне қарай айтылған деп ұғамыз. Немесе бәзбiреулердiң «Соғыс және бейбiтшiлiк», «Абай жолы» секiлдi әлем жұртшылығы мойындаған ұлы шығармалардан «қысқа­лықты» талап етуi де ғажап емес.
Балаларға арналған өлеңдердiң көпшiлiгi екi-үш шумақтан артыла бермей­тiндiгi белгiлi. Алайда бiз олардың өздерiне арналған жүз шумақ оқиғалы өлеңдi де бiр деммен оқып шығатындығына күмән келтiрмеймiз. Бұның да ақыннан шеберлiктi, тiлiнен бал тамған шешендiктi, әңгiмешiлдiктi талап ететiндiгi анық. Ақын Сұлтан Қалиевтiң қарымды қаламы мұндай сыннан да сүрiндiрмей алып шыға алатындығына «Сауық» атты ұзақ өлеңi дәлел бола алады.
«Сауық», әлгiнде ғана айтып өткенi­мiз­дей, артық-кемi жоқ жүз шумақтан тұрады. Бұл өлең де жетi буынды (4+3 бунақты, шалыс ұйқасты) өлең түрiмен орындалған. Ақын өлеңнiң осы пiшiнiне әбден машықтанып алғанын да сөз арасында айта кеткендi жөн деп санаймын. Дегенмен, өлең пiшiнiнiң сан алуандығы бiркелкiлiктен қашып, кiшкентай оқырмандарды тым жалықтырып, мезi етiп алмау үшiн өте қажет екенiн балалар поэзиясына ат басын бұрған жас буын өкілдерінің назарына сала кеткіміз келедi.
Ақынның «Сауық» атты өлеңiн баяндап шығар болсақ, шығарманың әңгiме түрiндегi прозалық нұсқасы өмiрге келер едi. Сондықтан бiз оның барынша қысқа фабуласын ғана еске аламыз.
Лирикалық кейiпкерлердiң ағасы қарайлас оқудағы ауыл жастары демалысқа оралып, бiр күнi сауық кешiн жасайды. Сауық дегеннiң не екенiн бiлгiсi келген ол да ағасымен бiрге бармақшы едi, бiрақ «шақырылмаған қонақтың» әдеттегiдей үйде қалуына тура келедi. Бiрақ ол үйде қалай тыншып отыра алсын?! Сауық жайын бiлмекке Бектiң үйiне қарай ентiге басып жетсе, өзi құралпы балалардың бәрi де осында жиналыпты. Алайда iшке кiруге қайдан мұрсат болсын?!
«Тынбай iште ән бүгiн,
Өтiп жатыр көп қызық.
Бiздерге Бек барлығын
Қолма-қол тұр жеткiзiп…

Үйдегi ән тыйылып,
Қамданды жұрт тарауға.
Ағалардан тығылып,
Ғайып болдық табанда» дейдi ақын кейiпкерi.
Ағалар құрған сауық балаларды күрт өзгертiп, олар тез арада «есейiп» шыға келедi. Бiрде олар да ағалары секiлдi сауық өткiзуге бәтуаласады. Лирикалық кейiпкер де ағасына елiктеп, шалбарын үтіктеп, туфлиiн уәкiстеп, айнаға қаранып, шыттай киiнiп алады. Ол да ағасы тәрiздi апасынан рұқсат сұрап едi:
« – Саған сауық қайда әлi, –
Деп рұқсат бермедi. –
Одан гөрi
Пайдалы
Жұмыс iсте, кел берi».
Сөйтiп, ол күрiштiң күрмегiн тазартуға отырады. Осы тәрiздi халге душар болған басқа балалар да сауықтан қағылады. Ендi олар кештi құпия өткiзуге бел буады.
Әркiм өз үйiнен iшiп-жеуге тамақ ала келiп, оңаша бiр үйде думан өткiзбек болады. Бұл жолы олар көзге түсiп қалмаудың айла-шарғыларын ойластырып, сауыққа күнделiктi ойынға киiп жүрген киiмiмен келмек болып келiседi. Ақынның лирикалық кейiпкерi бiр кесек сары майды жалма-жан омырауына сүңгiтiп жiберiп, бес-алты жұмыртқаны кепкiсiне салып, оны басына келiстiре киiп алады да үйден шыға бергенде апасының қармағына қайта iлiгедi. Апасы оған:
«Қарашығым, бос тұрма,
Болыс бiзге, кел берi.
Кәне, қазан астына
От тұтата бер, – дедi».
Амал бар ма, ол ошақ алдында отырып алып, сүт пiсiруге кiрiседi. Кенет жалпылдақтың жалынымен қойнындағы ораулы сары май ерiп, балағынан аға жөнеледi. Мұны көзi шалып қалған қарындасы апасына ым қағады. Апасы болса: «О, оңбағыр!» деп басынан нұқып қалғаны сол едi, кепкi iшiндегi жұмыртқа да жарылып, сары уыз самайын бойлай жөнеледi.
««Бәрi бiттi ендi», – деп,
Тұла бойым дiр еттi.
– Апа, апа, өлдi! – деп,
Қарындасым шыр еттi.

Түлен түртiп сәл бiрде
Тәртiп бұзсам далада,
Жiпке тiзiп бәрiн де,
Жеткiзетiн анама.

Жазалатып,
Күнәмдi
Тазартатын ол менiң,
Батпас деушi ем бұған бiр
Ауырғаным, өлгенiм.

Жылағанда дауысы үдеп,
Толқып кеттiм бiртүрлi.
– Ойбай, сорлы басым! – деп,
Апам да ендi ұмтылды.

– Апа, басым аман, – деп,
Тұра қаштым орнымнан.
– Тоқта, күнiм, таңам, – деп,
Қуып бердi ол соңымнан.

– Мертiктi деп қалып па ең?
Саумын, апа, болма алаң.
Балаларға барып мен,
Бiраз ойнап оралам…

Зулап келем күлiп мен,
Тасқа табан тiлгiзiп.
Апамды бiр жүгiрткен
Осы болды шын қызық» деп аяқта­лады өлең. Өлең оқиғасы өзiнiң қызықты желiсiмен оқырманын жетелеп отырады.
Бiр қызығы, ақынның бұл «Сауық» атты өлеңiндегi кейiпкерлерi оның келесi «Намыс», «Ризамын түйеге», «Қара ешкiнiң лағы – қасқа лақтың лаңы», «Алдар мен шайтан», «Жалғыз жұмбақ», «Тоғайда» тәрiздi өлеңдерiнде тағы бой көрсетiп, басқа да оқиғалардың iшiнде бiрге жүредi. Бiр өлеңде баяндалған оқиғалардың келесi бiр өлеңде жалғасын тауып жататыны да ақынның өз кейiпкерлерiнен қол үзiп кетпейтiнiн, олардың бiрте-бiрте өсу үстiндегi iс-әрекеттерiн үнемi қадағалап отыратынын аңғартады. «Қонақ келгенде» атты өлеңнiң лирикалық кейiпкерi: «Көбейiптi бiлгенiм, өсу деген осы-ау, ә?!» десе, бiз оған сенемiз. Өйткенi оның әрекет үстiндегi әр сәтi бiзге ақын өлеңдерiндегi әңгiмешiлдiк арқылы жап-жақсы таныс болып қалып едi.
Ақын өлеңдерiндегi әңгiмешiлдiк оның кестелi сөзбен өрнектелген «Қоян неге қорқақ?», «Ғажайып тас», «Бақ атай туралы аңыз», «Аңғалдардың ажалы», «Бақыт деген не?» сықылды ертегiлерiнде ерекше көзге түседi. Бұл шығармалардың қай-қайсысында болса да Сұлтан Қалиев тек қызық қуып, оқиға желiсiнiң жетегiнде кете бермей, өзiнiң аллегориялық астарлы ойының кiшкентай оқырмандарына ұғынықты да түсiнiктi болуын жадынан шығармайды. Орыстың әйгiлi балалар ақыны С.Михалков: «Высказав мне ­несколько точных, проницательных суждений, он обычно добавлял в конце:
– И никогда не забывайте, голубчик, что по книгам детских писателей ребенок­ учиться не только читать, но и говорить, но и мыслить, чувствовать…» деп еске алады атақты Самуил Яковлевич­ Маршакты.
Осы жайды жадына жақсы тұтқан Сұлтекең – Сұлтан Қалиев өз өлеңдерiнде әңгiмешiлдiк арқылы жас оқырмандарды ана тiлiнде еркiн сөйлеуге, ойлауға, сезiнуге тәрбиеледi. Ол С.Маршактың балаларға арналған «Ақымақ тышқан туралы ертегiсiн», С.Михалковтың «Степа ағай» атты оқиғалы өлеңiн, Р.Ғамзатовтың «Менiң атам» атты шағын дастанын бекерден-бекер қазақ тiлiнде сөйлеткен жоқ. Оның бұл тәржiмелерi де Сұлтекең шығармаларының табиғатымен тамырласып жатыр деп түсiнемiз.
Қазақтың мемлекеттiк университетiн тамамдаған соң, 1967-1973 жылдар iшiнде Қазақ радиосының музыка,­ ­балалар редакциясының редакторы,­ 1973 жылдан «Балдырған» журналының жауапты хатшысы болып iстеген Сұлтекең кейін «Ұлан» газетiнiң бас редакторы болып қызмет атқарады. Оның қызметi мен шығармашылығы тiкелей ұрпақ тәрбиесiмен ұштасып ­жатыр. Әсiресе, қазiргi рухани жұтаңдық тұсында қазақ балалары Сұлтан Қалиұлы сияқты ­талантты, шын мәнiндегi ұстаз ақындардың қаламынан туған тартымды жаңа кiтаптарды аңсай күтетiнi ақиқат. «Детские книги пишутся для воспитания, а воспитание – великое дело: им решается участь человека» дептi В.Г.Белинский. Бұл – сан ғасыр қайталанса да ескiрмейтiн естi сөз. Сондықтан да Сұлтекеңнің артында қалған әдеби мұрасы бізге осыны аңғартады.

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.