БАЛА ТӘРБИЕСІ – БІР ӨНЕР…

90-жылдары Алматыдағы «Военторг» аталатын дүкеннің артқы жағында орналасқан «Меруерт» балабақшасының атағы дүркіреп тұрды. Біздің студент кезіміз. Студенттер арасында «бұл басында жүз пайыз орыс балабақшасы болған екен, басшысы біртіндеп-біртіндеп ақыр аяғында жүз пайыз қазақ балабақшасына айналдырыпты» дегенді естіп, риза болатынбыз.
Бірде Алакөлден қайтарда кезінде осы бала­бақ­шаның меңгерушісі болған Гүлжан апай­мен жолсерік болып, етене танысып-білістік. Кеңестік за­манның тосқауылынан жол тауып, ұрпақ тәр­биелеуде айтарлықтай еңбек сіңірген ұла­ғатты ұстаз, Ыбырай Алтынсарин атын­дағы медальдың иегері, Білім беру саласының үздігі Гүлжан Жұмалиевамен кейін еркін әңгімелесудің сәті түскен. Сол әңгіме оқыр­ман назарына ұсынылып отыр.

– Гүлжан Қуанышбайқызы, өзіңіз іргесін қалаған, қазақ бүлдіршіндерін ұлттық тәрбиемен сусындатып, ана тілін үйреткен «Меруерт» балабақшасының құрылуы тәуелсіздіктің бастапқы кезіндегі қиыншылықтармен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, ұлт келешегін қалыптастыру жолында ештеңеден тайынбай, білек ­сыбана іске кірістіңіз. Осы бір жанкешті еңбекті ­талап еткен кезеңге ой жүгіртіп, еске алсаңыз. «Меруерт» балабақшасы қалай дүниеге келді? Бәрі қалай басталып еді?
– Егемендік алған Қазақстанның болашағы үшін – жас ұрпақты азаматтық пен адалдық, отансүйгіштік пен мейрімділік рухында тәрбиелеу әрбір отбасының, балабақша мен мектептің, тұтас халықтың ең бірінші кезектегі міндеті. Уақыт өткен сайын тәрбиеші мен тәрбиеленушіге қойылатын талаптың да биіктей беретіні заңды құбылыс. Олай болса, балаларымыздың бойына халқымыздың ең асыл қасиеттерін сәби кезінен жан-жақты дарытып, ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, бүгінгі заманның қажеттілігіне сай дайындау өзекті мәселе.
«Меруерт» балабақшасын 1982-83­ оқу жылдары құрылысы енді ғана аяқталған бойында қабылдап алдым. Онысы Алматыдағы Түсті металлургия министрлігіне қарасты ведомстволық мекеме еді. Тиісінше, бастапқыда тек аталған министрлік жүйесінде жұмыс істейтін ата-аналарға арналған және 12 топтан құралған балабақша саналатын. Әрине, бұл саладағы қызметкерлердің басым бөлігі орыс, неміс, славян ұлтының өкілдері болғандықтан, біздің алдымызда балабақша орыс тілінде жұмыс істеу керектігі міндеттелді. Сол талапқа бағынып, жұмысымызды бастап кеттік. Алдымен қолға алған шара – тікелей міндетіміз болмаса да, балабақшаның іші-сыртын әрлендіру болды. Себебі бізге келген балдырған тек уақыт өткізу үшін емес, оны қызықтырып, сүйсіндіру маңызды екенін жақсы түсіндік. Осы мақсатпен министрлік арқылы екі вагон ағаш алдыртып, балабақша ауласында басқаларда жоқ керемет Ертегілер қаласын салдырттық. Аталған жұмысқа Политехника институты студенттерінің құрылыс тобы жұмылдырылды. Қысқа мерзімнің ішінде бақшаның айналасында түрлі ағаш егіп, әсем гүлзарлар мен су бұрқақтарын орнаттық. Балаларға арналған жазғы ­хауызымыз да болды. Өзіміз кәсіби дизайнер болмағандықтан, әрбір жаңа нысанды зор ыждағатпен, шығармашылық ойымызды ортаға сала отырып, өзіміз тұрғыздық. Бақшаны безендіруге мықты суретшілерді тарттық. Балалар бөлмелеріне қажетті жиһазды, жатын орындарды Украинадан алғыздық. Сөйтіп, 1982 жылдың 25 тамызында біздің балабақшамыздың тұсауы кесілді. Алғашында 2-7 жас аралы­ғындағы балаларды қабылдадық. Сәтті бастаманы өз көзімен көру үшін респуб­ликалық баспасөз бен теледидардан, тіпті Мәскеудегі атақты «Правда» газетінен тілшілер келіп, біз туралы мақалалар, хабарлар жария етілді. Әп-сәтте біздің балабақша қаладағы ең үздік деген бастапқы тәрбие беру мекемелерінің арасынан табылды.
– Кез келген жаңа дүниені қолға аларда іштей алаңдаушылық, қобалжу болатыны түсінікті. Қобалжыған сәттеріңізде сізге демеу, рухани күш берген не еді? Өзіңізбен мұраттас, мүдделес қандай адамдар жаныңыздан табылды?
– Менің өмірлік жолымда, Аллаға шүкір, ұлағатты да парасатты жандар аз болған жоқ. Қиын сәттерде жұбатып, тірек болған, ақылын берген, ең алдымен, тағдыр қосқан өмірлік жолдасым Берекет Жұмалиевке ризашылығым шексіз. Ол кісі де университетте ұстаз болып, білген-түйгенімен әркез бөлісіп, жөн сілтеп отыратын. Әрине, педагогиканың қыр-сырын меңгеруге зор үлес қосқан өзім оқыған Қазақ мемлекеттік университетіндегі ұстаздарымды, алғашқы ұжымымды ешқашан ұмытпаймын.
Негізінен алғанда, «кез келген мәселені ең алдымен кадрлар шешеді» деген сөз тектен-тек емес. Бақшаның жылдық ­жоспарын жасақтауда, педагогикалық кеңес өткізуде, ашық сабақтарды ­дайындап өткізуде білімді мамандар ­ауадай қажет. Ұстаздықтың өзі қатардағы мамандық немесе күнкөріс қамы емес, бар күші мен уақытын осы салаға арнауды қажет ететінін ұмытпау қажет.
Біздің ұжымда өз саласын жетік мең­герген серіктестерім қатарында Мейрамгүл Абылайханова, Күләш Ақжанова, Зәуреш Серғалиева, Галина Коротецкая, Тұрсынай Батырбаева, Роза Жұмабаева, Алтын Қондыбаева, Гүлнар Жәкенова, Мая Дүйсебаева, Елена Кистнер есімдерін ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Барлық тәрбиешілер I санаттағы мамандар, олардың бірталайы қалалық әкімшіліктің марапаттарына ие болды. Өз кезегімізде осындай құлшынысты ынталандыру үшін біз де аянып қалмадық. Мереке сайын демеушіміздің қолдауымен сыйақы беріліп тұрды. Тәрбиешілердің жалақысы онсыз да мардымсыз екенін ескерсек, бұл да олар үшін әжептәуір қолғабыс екені түсінікті. Оның үстіне көптеген қызметкерім жалғызбасты, үй-күйі жоқ қыздар болғандығын айтып өту керек. Министрлікке өтінішпен шығып, оларды жатақханаға орналастырған кездерім болды. Кейіннен сол қыздарым тұрмысқа шығып, үйлі болып, аяғынан тік тұрып кетті. Олардың біразының тойына куә болдық. Алайда осы жолда қаншама ауыртпалық көргенін айтып-жеткізу қиын. Сондай сіңлілерімнің қатарында Жанна Дәуренбекова, Кенже Кенесарина, Гүлнар Әубәкірова, Дәрия Машановалар болды.

Балдырғандармен бірге. 1982 ж.
Балдырғандармен бірге. 1982 ж.

– Жас ұрпақтың бойына алдымен қандай құндылықтарды сіңіруге баса көңіл бөлдіңіз?
– Басында айтып өттім, алғашында бақшамыз орыс тілінде қызмет қылды. Алайда жанымыз қазақ болғаннан кейін, арада бірнеше жыл өткенде, қарама­ғы­мыздағы 12 топтың ішінен 3-4 қазақ тобын аштық. Ол үшін қызметкерлерім, жеке өз басым ата-аналармен кездесу өткізіп, балаларына қазақи тәрбие беру қажеттігін жеткізумен болдық. Оларды тиісті өтініш хаттарды жазуға үндедік. Тиісті әдістемелік құралдарды қазақ тілінде, қазақтың болмысына, дәстүріне, аңыз-дастандары мен ертегілеріне сәйкестендіріп дайындадық. Екі тілді бірдей меңгерген тәрбиешілерім бұл жұмысқа етене араласып кетті. Бүлдіршіндерімізге өлең мен жаңылтпаш жаттаттық, олардың бойында ұлттық ойындарымызға әуестік ұялаттық. Асылы, жүре-бара біздің бақшаның түлектері қаладағы қазақ мектептеріне барды. Тіпті орын жетпей, орыс мектептеріне баруға мәжбүр болғандарының өздері сол бақшада алған қазақилығын сақтап қалды. Бұл біздің педагог ретіндегі зор мақтанышымыз. Кейінгі жылдары ата-аналары болсын, үлкен азамат болған кешегі бүлдіршіндеріміз болсын, бізге келіп алғыс білдіріп жатқаны – кезіндегі ізденісіміз бен еңбегіміздің бекер болмағанының айғағы.
Айта кету керек, осы бақшаны ашпас­тан бұрын мен Алматыдағы Тимирязев пен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан №163 балабақшаның меңге­ру­шісі­ Нәсібелі Шымырбаеваның жетек­шілігінде 19 жыл жұмыс істедім. Алдымен қатардағы тәрбиеші дәрежесінен мето­дист-әдіскер қызметіне дейін жетіп, тәжірибе жинақтадым. Ол кезде бала­бақ­ша­­ға арналған қазақ тілінде әдістемелік құрал жоқтың қасы еді. Осы олқылық­тың орнын толтыру мақсатымен, ұжыммен бірлесе отырып, бірнеше әдістемелік құрал дайындадық. Оларды жауапты орын­дардың табалдырығын тоздырып жүріп қорғап, ақыр аяғында басып шығарып, еліміздегі басқа ұлттық бала­бақ­шаларға жеткізе алдық. Атап айт­қанда, бұл еңбектердің арасында «Қазақ балабақшасында музыка сабағын өткізу әдістемесі», бүлдіршіндердің тілін дамы­туға арналған «Әйгөлек» хрестоматиясы, «Балдәурен» кітабы бар. Мәселен, соңғы еңбек «Қазақстан – менің Отаным», «Қазақ­тың ұлттық тәрбиелік тағылымы», «Бала­бақшадағы мерекелерді өткізу үлгілері», «Әндер мен өлеңдер (нотасымен)», «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар», «Спорт­тық сайыстар мен ойындар»,­ «Ертегі­лер мен хикаялар» сынды ­жеке-жеке тараудан тұрады. Осы кітап Қазақ­станның бірқатар балабақшаларына тара­тылып, ұжымдар мен ата-аналардан келген лебіздеріне қарағанда, пайдалы болды. Сонымен бірге «Балдәурен» жинағы бүлдіршіндер тәрбиесімен кәсіби түрде айналысатын мекемелер ғана емес, кез келген қазақ отбасына жарамды және ұғынықты тілмен жазылған еңбек екенін баса айтқым келеді. Сол себепті кезінде шектеулі таралыммен шыққан осы туындыны қосымша шығару ойда бар.
– Қазіргі таңда қазақ балабақшалары саны жағынан өсіп келеді. Алайда олардың сапасына байланысты көп сауалдың ­туындайтыны рас. Сіздің ойыңызша, бүгінгі балабақшаға нендей жаңашылдық ­керек? Қандай дүниелерді енгізген дұрыс?
– Соңғы жылдарда қазақ балабақша­ларының саны өсіп отырғаны, әлбетте қуантарлық. Оның ішінде мемлекеттігімен қоса жекеменшік, ведомстволық, аудан­дық, жартыкүндік болып бөлінеді. Одан шыққан түлектердің басым бөлігі қазақ мектептеріне барып жатқаны да жақсылық. Дегенмен, игі тұстарымен қатар, сол балабақшаға қатысты келеңсіз жайтты баспасөзден естіп те, көріп те жүрміз. Мәселен, балаларға қол жұмсау, жазалау, сапасыз тамақ беру сияқты жағдайлар көбейіп кетті. Оның арты түрлі дауға ұласып, қоғамда балабақшаға, жалпы педагогқа деген жағымсыз теріс пікірдің қалыптасуына әкеледі.
Осының бәріне дерлік әлгі айтқан кадрлардың салғырттығы, кәсіби деңгейінің төмендігі себеп. Сондай-ақ тиісті ұжым басшылығына бала тәрбиесінен хабарсыз кездейсоқ адамдардың келуі өз алдына бөлек әңгіме. Қарап отырсақ, елімізде білікті де білімді, қолынан іс келетін педагогтар жеткілікті. Алайда балабақшадағы жалақының төмендігі, әлеуметтік қолдаудың тапшылығы, жұмысқа қабылдағанда үміткердің жеке қасиеті мен қабілетіне емес, тамыр-­­та­ныс­тыққа жол берілуі секілді жағдайлар аталған кадр мәселесін шешуге, заман талабына сай мамандарды даярлау ісіне зор нұқсан келтіруде. Сорақысы сол, осы мәселелерге жауапты құзырлы мекемелер жылдар бойына келтірілетін сынға ­назар аудармай, жөні дұрыс ұсыныстарды елемей, бәз-баяғыша әрекеттенуге әуес. Нәтижесінде «баяғы жартас, сол жартас» болып қалуда.
Мағжанның бала тәрбиесіне қатысты «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» дегені бар еді. Осы айтылғанның өзі көп нәрсені аңғартады. Яғни ұрпақ тәрбиесі өте жауапты іс.
– Өзіңіз де бірқатар оқу құралдарын жаздыңыз. Көптеген ата-ана тарапынан «оқулықтардың тілі ауыр, түсініксіз, баланың зердесіне, қабылдауына қиын» дегендей әртүрлі сындар айтылып жатады. Жалпы бүгінгі оқу-құралдары жайында ойыңыз қандай?
– Келіспеуге амал жоқ, бүгінгі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Балалар тәрбиесіне арналған мардымды қазақ тіліндегі әдістемелік құралдар мүлде жоқтың қасы. Бұл жайында осы саланың мамандары, сараптамалық орталықтар, ата-аналар шағымдарын айтып та, жазып та жүр. Тек оған құлақ асып жатқан лауазым иелері байқалмайды. Бұған көптеген себеп келтіруге болатын шығар. Меніңше, негізгі гәп – білім беру саласындағы жауапкершілік пен ашықтықтың тапшылығында. Бай­қа­саңыз, әлгі оқулықтарды жазып шығаруға мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ тиісті авторларды іріктеу, олардың ішінен шынында да қабілеті жеткілікті мамандарды таңдау жабық есік жағдайында өтеді. Жүйенің өзі тұйық әрі қоғам тарапынан бақылаусыз қалғандықтан, жауапкершілігі мол іс көрінгеннің, білім беруді бизнеске айналдырған алаяқтардың қолында кетеді. Нәтижесі белгілі. Сондықтан жүйенің өзін түпкілікті оңтайландырмай, оң нәтижеге жету неғайбыл.
– Адамның тұлға болып қалыптасуына қандай қасиеттер керек? Сізді қазіргі қоғамда нендей мәселелер алаңдатады?
– Әлбетте, жастар өздерінен бұрынғы аға буын жинақтаған білік пен тәжірибені бойына сіңіріп, одан да биік белестерді бағындырғанын баршамыз армандаймыз. Келер ұрпақ алдыңғыларынан әлдеқайда алғыр, зерек, рухты болуы керек, бәлкім, өмірдің негізгі мәні осы болар. Ол үшін, әрине заманауи білім, жоғары сапалы балабақшалар мен оқу орындары, оқулықтар мен әдістемелер, оларды қамтамасыз ете алатын мықты, мемлекетшіл түйсіктегі мамандар қажет. Алайда бірінші орында қазақи тәрбие мәселесі тұру керек деп санаймын. Өйткені қазақ ұлтына сай үлкенге – құрмет, ата-ананы сыйлау, әділ сөзге тоқтау, басқа да игі қасиеттерді бойына сіңіріп өскен бала жаман болмайды. Оның азамат ретінде қалыптасуының діңгегі де осында жатыр. Ал енді мың жерден білімді болсын, бірнеше дипломы болсын, тіл мен діл арқылы келетін ұлттық болмыстан мақрұм жандар қалайша толыққанды азамат болмақ? Олардың бойында қайтіп Отанына деген сүйіспеншілік оянбақ? Рас, аталған іске ең алдымен әрбір отбасы жауапты ғой. Оған шүбә жоқ. Бірақ негізгі жауапкершілік мемлекеттік орындардың мойнында. Себебі елдің бүкіл әлеуеті де, қаржысы да солардың қолында. Тиісінше, балабақша мен мектептерді қолдау, ұстаздарға лайықты жалақы төлеу, ойластырылған бағдарламалар мен оқулықтарды ұсыну – мемлекеттің міндеті. Өкінішке қарай, бұл салада ­сауатты іс-қимылдарды байқап отырған жоқпыз. Керісінше, жыл сайынғы көретініміз біріне-бірі қарама-қайшы реформалар, басы бар да, аяғы жоқ жос­парлар, орын алған келеңсіздіктерге жауапкершіліктің жоқтығы сияқты жағдаяттар. Түптеп келгенде, аталғанның бәрі шешім қабылдаушы мекемелерде ұлттық сана-сезімнің жетіспеуінен.
– Қазақ тілінің бүгіні мен келешегі жайындағы ойыңызды білсек?
– Қазіргі қазақ тілінің болашағы жайлы ой кеудесінде ұлттық намысы бар адамды бейжай қалдырмайды. Мемлекетімізде қазақ тілінің әлі де өзінің заңмен бекітілген тұғырына орнықпай отырғаны кім-кімді де алаңдатады, жанымызға батады. Шындығында, соншама жыл тәуелсіз саналатын мемлекет үшін бұл үлкен сын. Бұған кім кінәлі? Менің ­пайымымша, мұндағы басты жауапкершілік – қоғам сенім артқан зиялылардың, шенділердің мойнында. Олардың бүгінгідей немкеттілігі, өз халқының тілін менсінбеуі болмаса қазақ тілі осындай аянышты хәлді басынан кешер ме еді? Ал енді биліктің өзі аталған мәселені мықтап қолға алар болса, жедел шешілетін мәселе деп ойлаймын.
Әрине, қоғамның өзінен де бар шығар. Ескі сарынмен ата-ананың баласымен, тіпті ата-әженің немересімен орысша шүлдірлесуі, ұрпағын орыс мектебіне беруі, жастардың, әсіресе қала жастарының қазақы болмыстан ажырауы сияқты өкінішті жайттар әлі де көптеп кездеседі. Айтпағым: көп нәрсе қарапайым отбасынан бастау алады. Ал енді ұлттық емес, бөгденің құндылықтарынан сусындап өскен ұрпақтан не шықпақ? Елдің тағдыры не болмақ? Мұны тек ресми орындарға сеніп қойып отырған жарамайды. Сондықтан үлкен және орта буын ел алдындағы, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіну керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.