ІІІ. ЖАЗУШЫЛАР ОРТАСЫНДА

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

80-жылдардың бас кезінде Садықбектің құрбылары алпысқа ­толып, мерейтойларын өткізіп, үкіметтен марапат көріп жатты. Сырбай мен Сафуан орден алды. Алдында Жұбанның өзі де орден алған. «Мені қайтер екен деп ойланып жүрдім де, Жұбанға бардым» дейді Садықбек. Жұбан: «Ой, қазіргі жалғыз қалған досым, Садықбек, сені ұмытпаймын ғой, бірдеңе жасармыз» деп, алдаусыратып шығарып салды. Бір күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының грамотасымен марапатталған Жарлық шықты. Соның артынша грамотаны алуға Жоғарғы Кеңеске шақырды. Бармауға ыңғайсызданып, барып алдым. Іштей оған риза емеспін. Не де болса, Жұбанға барып, грамотасын өзіне беріп кетейін деп одаққа соқтым. Бара жатқанда ойыма бір өлең жолдары түсіп, жазып алайын десем, қағаз болмай, грамотаның сыртына былай деп жаздым: «Сафуанға орден тапсырып, Маған мақтау қағаз жапсырып, «Жалғыз қалған досым» деп, Құшақтайсың қапсырып. Кешегі өткен заманда, Сырбай-лапша аманда. Айлы жаздың кешінде, Алаботаның ішінде, Құсығыңды итке жалатпай, Өзіңді шпанаға талатпай, Басыңды күзетіп отырған досыңа, Көрсеткенің осы ма?».

Келсем, Жұбан жоқ екен, Розаға (қабылдауында отыратын келіншек) тастап кеттім. «Жұбаннан хабар болмады, – деп жалғастырады Садықбек әңгімесін. – Алпысқа толған соң зейнетақы алайын деп, соған құжаттарымды жинастырсам, Жоғарғы кеңестің грамотасы бар адамға арнаулы зейнетақы тағайындайды екен. Енді грамота керек болды. Алайын­ деп Жұбанға барсам, Жұбан маңына отырғызбайды. «Иттің баласы, Өкіметтің наградасын күлкі етіп, сыртына өлең жазасың, мен сені сотқа берем» деп күпсінеді. Жалынып-жалпайып, ала алмай кеттім. Содан, жазған құлда шаршау бар ма, он шақты шөлмек сыра алып (Жұбан арақты қойып, сыра ішіп жүрген) үйіне барып, зорға сұрап алдым».
Осының бәрі шындық. Жас кездерінде бәрі қосылып ішіп, дәурен сүрген. Садықбектің тағы бір әңгімесі бар. – «Қазақ әдебиеті» газетінде істеймін. Сырбай – редактор, Жұбан – оның орынбасары. Шымкентке іссапарға баратын болдым. Сырбай шақырып алды да: «Іссапарға тиісті ақшаңды алған соң маған соқ» деді. Соқсам, Тахауи келіп отыр екен. Мен барған соң Жұбанды шақырып алды. – Ал, енді, – деді Сырбай. – Мына Садықбек Шымкентке кетіп барады. Осының жолын жумаймыз ба? Бәрі «мақұл» десті. Үшеуін ертіп, төртеу болып, Алматы-ІІ вокзалының мейрамханасына тартып кеттік. «Қалада көзге түсіп қаламыз» деп, Сырбай ылғи сонда апаратын. Төртеуміз отырып іштік, тамақ жедік. Сыртқа шыққан соң Сырбай менің екі қолымды Жұбан мен Тахауиге ұстатып тұрып, қалтамда қалған ақшамды тартып алды. – Бұл өз ауылына барады, оған ақшаның керегі жоқ, – дейді. Олар кетіп қалды. Мен жалғыз вокзал басында тұрмын. Пойыз жүруге бір сағаттай уақыт бар. Ойыма бір қулық түсе қалды. Дереу такси ұстап алдым да, Жұбанның үйіне келдім. Шешесі үйінде екен. «Апалап» амандасып жатырмын. – Садықбекжан, не қып жүрсің, таксилетіп, – дейді апам. – Ой, апа, қиын болды. Қысылып келдім. Жұбан алған ­гонорарларынан партиялық жарна төлемеді деп, Жазушылар одағының партия ұйымы қысып жатыр. Жұбан қысылып, маған: «Апама барып келші, несі бар екен» деп жіберді, – дедім. – Апам бұрын колхоз басқарған, партия мүшесі ғой, бірден түсінді. Қалтасына қол салып: – Қанша? – деді. – Екі жүз сом болса болады. – Ой, оған жетпейді. 150 сом ғана бар. – Болады, апа, қалғанын өзім салып жіберермін. Осылай ол үйден 150 сом алып, Сырбайдың үйіне бардым. Күлжамал да үрпие қарсы алды. – Не ғып жүрсің? – Сенің күйеуің жұмсап жіберді. Үйден ақша әкел, туфли алам деп, өзі дүкенде кезекте тұр. – Қой, соқпа, Сырбай дүкенге бармайды. – Бармаса, мені неге жібереді? Аяғын өкшесінен басып жүргенін білесің. Жолшыбай бір жақсы туфли сатып жатқанын көріп қызығып кетті. Бәріміз де ұнаттық, – дедім. «Бол, бол, такси күтіп тұр» деп асықтырып қоям. Одан да сұрағанымды алып, Тахауидің үйіне бардым. Тахауидің енесі татарша шүлдірлеп: – Бұл қазақтар алдайды, өтірік айтады, Тахауи жұм­самайды, – деп жуытпайды. Оның сөзін тыңдамай, Гүлшараны алдап, одан да ақша алып, вокзалға келдім. Пойыз жүруге 10 минут қалған екен. Вокзал басында Нүтфолла Шәкенов кездесті. Ол да ішіп жүретін жігіт. – Әй, Нүткен, саған мен бір жарты берейін. Менің айтқанымды істейсің бе? – деймін. – Жарайды, жарайды, – дейді Нүтфолла жылпылдап. – Істесең, былай, – деп, болған оқиғаны түгел айттым да, осыны одаққа барып тарат деп, бір жартының ақысын беріп, пойызға мініп кеттім». – Арты не болды? – деп сұраймын Садықбектен. – Сол күні шаршап барып жатып қалыпты да, Жұбан таңертең тұрған соң шешесі шай үстінде: – Қарағым, кешегі шаруаң не болды? – деп сұрапты. – Не шаруа? – дейді басы ауырып отырған Жұбан әңгімеге зауқы соқпай. – Кеше Садықбекжан бәрін айтты ғой. Садықбекжан адам ғой, жетпей қалғанын өзім төлеймін деді ғой, – дейді анасы. Жұбан іштей түсінеді де, үндемей тұрып кетеді. Содан Сырбай мен Тахауиға телефон соғады. Үшеуі де алданғанын біледі. «Енді оны мойындамайық» деп уәделеседі. Содан бері мойындамаған ­болып жүр. Мен кегімді қайтардым, – деп күледі Садықбек. Мұндай күлкі өлеңдер тарату дәстүрі одақта бұрыннан бар. Біз әдебиетке араласа бастаған 50-жылдары ондай қуақы, қалжың өлеңдердің көбін Жақан Сыздықов шығаратын. Жақан 20-жылдардың орта тұсында әдебиетке араласқан, Сәбиттермен дос, Сәкеннің тәрбиесін көріп, отызыншы жылдары өлеңдері көп шыққан ақын еді. Соғыстан соңғы жылдары ішуге түсіп, шығармашы­лығы біраз әлсіреді. Осы тұста оның әзіл өлеңдері кең тарады. Бірде соғыстан соң әдебиетке келген Қабыл Боранбаев, Төкен Әбдрахманов, Тахауи Ахтанов – үшеуі алдынан шыға келгенде, Жақан: «Қабыл-Сабыл, Төкен-Мөкен, Боранбай, Тахауилер – Ясауилер, ой-Алла-ай!» деп жағасын ұстапты. Жақанның Сәбитпен достығы, оны ішке теуіп қалғаны жайлы әңгімені мен өзінен естіп едім. Оны Сәбит туралы естелігімде келтіргем. Соғыстан соңғы дәуірде Жақан атынан тараған бір өлең «Жазушылар жазы» деп аталады. Жаздыгүн шілде болғанда, Көкорай шалғын бәйшешек, Ұзарып өсіп толғанда. Бөшкесімен пиволар, Паркке келіп қонғанда. Аңқылдаған көп ақын, Көкбазарға толғанда. Макентошы шылпылдап, Семіздер күлер ырқылдап, Арықтар басар тырпылдап, Ғабдолым жүр дөң мұрын, Көзәйнегі жылтылдап. Темір тісі сыртылдап. Әлжаппары Әбіштің, Е—дей бұлтылдап. Сала құлаш мойыны, Қуандық жүр қырқылдап. Қатындарға жағам деп, Сейфуллиннен мұрт ұрлап. Академик Мұхтарым, Маңдайымен күн тыңдап. Қазығыңды мықтадың, Аруа­ғыңды тұр-тұрлап. Айналайын, Ғабитім, Иіс майың бұрқылдап. Көрінгеннен түңіліп, Көрінгенге үңіліп, Сейтжан отыр тың-тыңдап. Арандадың Айтбайым, Сөрелерден құрт ұрлап. Тоңқалаң асты Тахауи, Мәңгі хатшы кім тұрмақ. Жұмағали, Сапекең, Насыбайды былшылдат. Қалмақанды қаңғырттың, Қамқор­лығың шипылдап. Әлімбаев зам болдың, Балапан едің шиқылдақ. Қашан түсіп қалам деп, Қалтқысындай қармақтың, Сансызбай отыр қылқылдап. Бұл өлең кейін әртүрлі редакциялық өзгерістер қосылып, толығып айтылып жүрді. Бірақ алғашқы нұсқасы осы. Жақан марқұм осыны маған айтып беріп тұрып, «осы өлеңдердің біразын Ғабдол шығарады, бірақ Жақандікі деп таратады» деген. Оның қайсысы кімдікі екендігін ел айырып жатпайды, Жақан атынан шығып, тарайды да кетеді. Жақанмен біз Жазушылар үйінде (қазіргі Мәуленов көшесі, 129 үйде) көрші тұрдық. Ішкенмен, жүріс-тұрысы сыпайы, момын, әдебі мол ақсақал еді. «Жақан ішіп бүлдіріп қойыпты» дегенді ешкімнен естігеміз жоқ. Аздап ішіп алса, үйіне кетіп жатып қалатын. Біз Жазушылар үйіне кіріп, осылар тәрізді адамдармен көрші болғанымызға жасқана қарап жүрдік. Бір күні Жақан қарыз сұрап келді. – Зейнетақымды алған соң әкеп берем, Серікжан, мазалағаныма кешірім ет, – деді ол. Қысылып тұрғаны байқалды. Мен сұрағанын бердім. Ар жақтан Әлия айғайлады: – Әкеп бермей-ақ қойсын! – деп. Мен оны қайталадым. Бірақ зейнетақысын алған соң, қарызын алып келді. Мен алудан бас тарттым. – Жақа, әкелмей-ақ қой деп ек қой. – Жоқ, болмайды, – деді Жақаң. – Біріншіден, мен қарыз деп алдым. Қарызды қайтару – парыз.­ Екіншіден, бүгін мен қайтармасам, ертең қайта қарыз ала алмаймын. Жолым кесіліп қалады ғой. Ақшаңды ал, айып етпесеңдер, кейін де қарыз сұраймыз. Жақаң айтқанын істеп, кейін де қарыз алып тұрды және уақытында қайтаратын. Жазушылар ортасында көп күлкі тудырған «Қалтайдың түсі» деген әңгіменің тууы еді. «Арақ ішпей жүрген күнім жоқ қой, сондай бір тойып алған күні қатты ұйықтап кетіппін де, о дүниеден бір-ақ шығыппын, – дейді Қалтай. – О дүние деген де қазіргідей өмір. Жүріп, көріп келем. «Тозақ», «Жұмақ» дегендер бар деп естуші ем, «Менің тегім – Қожа ғой, жұмақтан орын беретін шығар» деп, жан-жағыма жалтақтап келемін. Бір кезде бір ағаштың түбінде қолдарында бір-екі кепкен балығы бар, 2-3 шиша сырасы бар, Жақан Сыздықов пен Ғабдол Сланов отырғанын көрдім. Оларға аялдағам жоқ. Алдымнан шағындау бір өзен кездесті. Арық сияқты енсіздеу, суы да тайыз екен, аттап өтіп кеттім. Тұсына «Ақжайық» деп жазып қойыпты. «Е, Хамзаның «Ақжайық» деп күпілдетіп жазып жүргені осы екен ғой» деймін. Одан өте берсем, ақ арғымақ мінген ақ сақалды бір шал, түрі Құрман­ғазы­ның Ә.Қастеев салған суретіне келеді, Хамит Ерғалиевті аттың бауырына алып сабап жүр. – Жазсаң, анау Абайды жазған Мұхтарға ұқсап жазбайсың ба? Мынауың не масқара! – деп айғайлап, сорлы ақынның төбесіне қамшы ойнатады. «Араша сұрап, өзім пәлеге қалып жүрермін» деп оған да тоқтамай өтіп кеттім. Бір кезде маңдайшасында «Жұмақ» деген жазуы бар есік көрінді. «Е, таптым» дедім қуанып. Келсем, есік жабық. Алдында Жұмағали Саин тұр. «Мені әйелің орыс деп ішке жібермеді. Мұхтар Әуезовті шақыртып, күтіп тұрмын» дейді. Кешікпей Мұхтар шықты. Жұмағалиды көрді. – Неге кірмей тұрсың? – Кіргізбейді, «әйелің орыс» дейді. – Пәлі, осы да сөз боп па, менің әйелім қазақ па екен? Сен соғыста болған, жараланған, қан төккен адамсың. Сенің орның осында, – деп Мұхаң есіктің күзетшілеріне естірте бастырмалата сөйледі. Бірақ күзетшілер оны тыңдамады. – Бұл жазушы деген халық сөз тыңда­майтын, айтқанды түсінбейтін халық екен. Бәрі жұмаққа ұмтылады. Бәрің Жазушылар одағына барыңдар. Президиум шақырсын. Кім жұмаққа, кім тозаққа ­барады. Өздері шешіп, тізімін берсін, – деді іштен біреу айғайлап. Жұмағалиға еріп, Жазушылар одағына кеттім. Ел жиналып­ қалған екен. Жиналысты Сәкен басқарды. – Ал, халық түгел жиналды ма? – деді Сәкен жан-жағына қарап, өзі танитын­ адамдарын түгендеп. – Тәжібаев Әбділда көрінбейді ғой. – Әбділда аяғы қыл­көпірден өтуге жарамайды деп, соны тарттырып жатыр, – деді біреу. – Шахмет қайда? – Шахмет соны бетіне қонған шыбын­нан қорғап отыр. Осы кезде Мұхтар Жанғалин көзіне түсті де, соған қарап Сәкен: – Бар, Мұхтар, Әбділданың шыбынын­ қорғауға сен де жарайсың, мұнда саған не бар, не жазушы, не оңған аудармашы да емессің, барып Шахметті жібер, – деді. Осыдан кейін Сәкен бұрын өзі көрмеген жастар жағына бұрылды. – Біз кеткелі де көп болды. Жастар жағын білмейміз. Кім не жазды, аты-жөндерің кім, айта отырыңдар. – Сафуан Шаймерденов,­ – деді алға таяу отырған Сафуан. – Ондай жазушы естісем, құлағым керең болсын! – Әй, Сәкен, – деді ызаланған Сафуан, – Сен Рабиндранат Тагорды білесің бе? Мен соны аударғам. Оған Сәкен ұрсып тастады. – Сен Тагордың кітабын аударсаң, мен өзін көргем. Сонша неге өзеурейсің. Сөзді Ілияс Жансүгіров бөлді. – Менде бір ұсыныс бар, – деді ол. – Қандай ұсыныс? – Мен бұл жиналысқа Мұхтар Әуезовтің қатысуына қарсымын. Ол мен кеткеннен кейін әйеліме бала таптырған. – Қойшы, сен де қайдағыны айтады екенсің, – деді Сәкен Ілиясты тоқтатып. – Өлген сен түгілі, тірілердің әйелдерін айналдырып Ғабит те жүр ғой». Әңгіме осы жерде үзілді. – Менің осы сөзім пәле боп, Ғабит қатты өкпелеп, ренжіп қалыпты. Соны естіп, бір күні өзіне барып, түсімді түгел айтып бердім. Ол мәз болып күліп, «мынауың бір шыққан дүние екен» деп ризалығын білдірді. Біреулер теріс айтқан екен, өкпесі тарады, – деді Қалтай. Әрине, Қалтай әңгімесі бұдан гөрі көркем, бейнелі. Мен оның есте сақталған жобасын ғана кел­тірдім. Қалтайдың түсінде жазушылар­дың жеке басының қылығы мен шығар­ма­ларына деген өткір сын да аңғарылады. Жазушылар құдайдың ерекше жаратқан жандары ғой. Олардың табиғаты да, өмірді тануы мен бейнелеуі де, өздерінің өмір сүруі де – бәрі қызық. Бірақ оны қызық­таудың керегі жоқ, түсіну керек. Сонда ғана қанша қайшылықты болғанмен, олардың тіршілігі де үлкен өмірдің бір бөлігі, өмір дегеннің өзі де осындай қым-қуыт дүниеден тұратынын байқайсың. Бәріне де төзім керек. Мен соның бәріне үйрендім. Ақындар ішіп кеп, бірдеңе бүлдіріп қойса, мен: «Ақын ғой, қайтесіңдер» деп ара түсетін болдым. Кейде­ маған ағаларым: «Немене, ақынның бәрі жынды болуы керек пе?» деп қарсы шығады. «Ақын еркелетуді сүйеді» депті ғой Маркс. А.Луначарский ­В.Мая­ковский­дің өлімінде Маркстің осы сөзін келтіріп, біздің жүйенің ақынды түсінбегенін, түсінуге тырыспағанын ­сынап айтқан. «Біз Маркс емеспіз» деген. Бұл жағдай біздің де басымыздан өтті. Кешегі Қасымды да, Мұқағалиды да, Төлеужанды да, басқаларды да біз түсіне алмадық. Мүмкін, өмірдің өзі осындай қайшылық­тарымен қымбат шығар. Бәрі көңілдегідей болса, несі қызық! Қалижан ағам бірде мені боқтады. Кәдімгідей боқтау! Түркменстанда қазақ әдебиетінің күндері өтетін болып, соның қарсаңында түркмен-қазақ әдебиеттерінің байланысы жөнінде редакцияның сұрауымен мақала жазғам. Соның ішінде Қалижанның аты аталмай кетіпті. Аталуы керек еді. Қарақұм каналына барған, өлеңдер жазған. Бәрін білем. Бірақ есіме түспеген. – Сен әдейі істеп отырсың. Бәрін білесің, – деді ағам. Шыдадым, көндім. – Білем. Ұмытып кетіппін, – деп кешірім сұрадым.

Онымен төбелесе алам ба? Кейін дос болдық. Дос боп жүріп, үйіне қонаққа шақырып, ішіп алып, қуып та шықты. Оның бәріне күйіп-пісіп, араздаса берсем, нем қалады? Досты қайдан табам? Сәкен інім (Жүнісов), еш жазығым жоқ, талай боқтады. Алғашқы бір боқ­тауына жауап беріп едім. Кейін үндемей құтылатын болдым. Бар қолымнан келетіні – шатағы бар адамдардан алысырақ жүріп, алыстан сыйласу. Бұл – менің табиғатымда бар мінез. Доспын деп ешкімнің үстіне түсіп, өзеуреп кіріп кетпей, алыстау тұрып сыйласу әдетіме сіңген. Қайткенде де мен жазушылар ортасында үлкен мектептен өттім. Сынмен айналыстым. Сыншы болып танылдым. Сын деген әдебиеттің абыройсыз жанры ғой. Қай заманда болса да, сыншыны ешкім мақтаған емес. Мақтау былай тұрсын, мойындаған да емес. Өзі туралы жазбаған жазушының бәрі «сын жоқ» деумен келеді. Бірақ онымен сын өмірін тоқтатқан жоқ. Қазақ әдебиетінде сын отызыншы жылдардан бастап тұрақты даму үстінде. М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаевтар – осы жанрдың сол кезден бастап ыстық-суығына көнген адамдар. Елуінші жылдары өзінің шығармашылығын сыннан бастағандар көп болды. Бірақ олардың ішінде сол жанрда тұрақтап қалғандар аз. Рахманқұл Бердібаев пен мен ғана. Айқын Нұрқатов, Қалжан Нұрмаханов, Баламер Сахариевтер сынды кәсіби өнер тұтқан қаламгерлер еді, бірақ өмірлері қысқа болды. Бұл жерде мен әдебиеттің басқа жанрларында жүріп рецензиялар жазған, жекелеген мақалаларында әдебиет туралы ой қозғаған жазушылар мен әдебиетті зерттеу саласында еңбек еткендер жөнінде сөз қозғамаймын. Жалпы сынды әдебиеттің бір жанры деп қарап (мен сынның ғылымдық та рөлі барын жоққа шығармаймын, шын сыншы әрі ғалым болу керек. Әдебиеттің бүгінгісі жайлы айту үшін тарихын да, теориясын да білу парыз), оған өмірін арнаушы шығып жатқан кітаптарға пікірін білдіруді, әдеби процестің даму бағытын байқап отыруды парыз санауы қажет. Біз сыншы міндетін осылай деп түсініп, қызмет етуге тырыстық. Елуінші жылдардың орта кезінде басталған «жылымық» сынның дамуына да әсер етті. Сыншы кітабы шыға бастады. 60-жылдары Ш.Елеукенов пен Р.Нұрғалиев сыншылар тобын толықтырды. Бұл жерде әдеби сынның дамуына партиялық идеологияның мүдделі болғанын айтудың артықтығы жоқ. Партия әдебиеттің идеялық және көркемдік ізденістерін бақылап отыру үшін сынды пайдалана білді. Сыншыларды бұл саладағы партияның көмекшілері санады. Осы мақсатпен алынған Орталық партия комитетінің 1972 жылғы «Көркем әдеби сын туралы» қаулысы қазақ әдебиеті сынының дамуына да көп көмегін тигізді. Басқа жазушылар сияқты сын кітаптары да көптеп шығарыла бастады. Газет-журналдардың редакцияларын сынға айрықша көңіл бөлуге міндеттеді. «Жазушы»­ баспасынан жыл сайын шығып тұратын «Уақыт және қаламгер» атты жинақ пен «Сөзстан» жинағы тұрақты басылымға айналды. Сағат Әшімбаев пен Төлеген Тоқбергенов дәл осы тұста өздерінің ойлы сыншылық қабілетімен танылды. Осы дәстүр ары қарай жалғасып, 70-80 жылдары Асқар Егеубаев, Бақытжан Майтанов, Бекен Ыбырайым сияқты сыншы­лар аренаға шықты. 60-жылдардың ішінде одақтық және республикалық ­Жазушылар одақтары қасынан сын секциясы ашылды. Кейін бұл кеңейтіліп, сын кеңесіне айналды. Қазақстандық кеңестің төрағасы болып Мұхамеджан Қаратаев сайланды. Ол Одақтық кеңестің құрамына кірді. Кейін мен Одақтық кеңеске кірдім, республикалық кеңестің төрағалығына ие болдым. Сын кеңесі қазақ әдебиетінің көркемдік (және идеялық) ізденістерін саралап, жинақтап отыруға едәуір мұрындық болды. Онда сын еңбектермен бірге әдебиеттің өзекті проблемалары талқыланды. Сынның дамуы мәселесі одақ басқармасының пленумына шығарылды. Басқа да жанрлармен бірге съездердің талқылауына ұсынылды. Қазақстан жазушыларының VІІІ-ІХ съездерінде мен сын жөнінде баяндама жасадым. Одақтық VІІ съезге (1981) соңғы жылдардағы «Көпұлтты кеңес әдебиеті дамуының әдебиет сынында көрінуі» атты комиссияның мәжілісінде сөз сөйледім (Седьмой съезд писателей КСРО. Стенографический отчет. «М., Советский писатель» 1983). Сын кеңесінің одақтық жиналыстарына да барып, пікір алысуға қатысқаным өз алдына. Әдеби жыл қорытындыларына арналған жиналыстарды ұйымдастыруға сын кеңесі белсенді қатысты. Қазақ әдеби тіліне арналған (1984 – Ғ.Мүсірепов баяндама жасайтын) конференцияны ұйымдастырған да сын кеңесі болатын. Оны мен ашып, кіріспе сөз сөйлегем. Осы конференцияның ­материалдары кітап болып басылғанда да алғы сөзді мен жаздым. Бүгін бұрынғы кеңес кезіндегі Жазушылар одағының шығарма­шылық жұмыстарын ұйым­дастыру тәжірибесі ұмыт бола бастады. Әдеби процестің беталысы, жанр­лардың дамуы, сынның осы процестегі рөлі, жеке шығармалар жөнінде пікір алысулар ұйымдас­тырылмағалы қашан. Шығарма­шылық мәселесі пленумға да шығарыл­майды. Соның қатарында сын да әлсіреп кетті. Қазіргі әдебиетшілердің «сын жоқ» деп жүргені де содан. Сыншы деген жас­тарымыздың өзі қуланып алған – керегін ғана жазады. Әдеби процесті қадағалауды, жақсының табыстарын, жаманның неге олай болғанын талдап көрсетуді мұрат тұтпайды, парыз санамайды. Осы тұрғыдан өткен тәжірибелерге де аздап мойын бұрып қойған артық емес. Әдебиет ісі жеке бастың мүддесіне емес, қоғамға қызмет етсе ғана халықтық маңыз алады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.