ҰРАНҒА АТЫ ШЫҚҚАН БАТЫР

Асылы, батырлық – біздің халқымыздың қанында бар асыл қасиет. Оның анық та, айқын куәгері – тарихтың өзі. Ал тарих нақтылық пен дәлдікті қажет етеді. Әсіресе, тарихи тұлғалар хақында қалам тербегенде ақиқат ауылынан алшақ кетуге болмайды. Мұны тарихшылар мен зерттеушілер үнемі айтып та келеді. Тіпті ел ­аузынан естіген, дерек көздерінен алынған, оқыған әңгіме, сөздердің де қисынды-қисынсыз екендігіне тағы бір көз жеткізіп, оларды ой сүзгісінен мұқият өткізудің еш артықтығы болмас еді. Өйткені оқиға кейіпкері, яғни тарихи тұлға туралы тың туынды жазудың жауапкершілігі тым жоғары екендігін ұмытуға болмайды. Атақты батыр Арыстанбай туралы ойда жүрген дүниені қағазға түсіргенде осы талап тұрғысынан шығуды жөн көрген едік.

Сыр бойы және еліміздің батыс өңірі жұртшылығына кезінде батырлығымен, шешендігімен танымал болған, сан ғасырлардан бері халық жүрегінен ұмы­тылмай, ерлік салты, атақ-даңқы аңызға айналған айбатты батыр Арыстанбай Айбасұлы туралы не білеміз? Әрине, бұл батыр баба жайлы жұрттың бәрі бірдей көп біле бермеуі мүмкін. Өйткені батыр өмірі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Бір ғана Арыстанбай батыр емес, қазақтың көп батырлары жайлы нақты деректер табу уақыт өткен сайын күрделеніп бара жатқаны байқалады…
Арыстанбай батыр, міне, осындай, көзге толық түспей, яғни көп еңбегі еленбей келе жатқан тұлғаның бірі. Қазақ ­тарихында оның жерін, жайбарақат жатқан момын елін жаулап, басып-жаншып, оларды бодан, құл етуді көздеген арам ойлы, жымысқы ниетті басқыншылардың құйтұрқы жоспарларын күл-талқан еткен қанды шайқастардың көп болғаны белгілі. Солардың ішіндегі ең әйгілісі әрі ең шоқтығы биігі де 1727 жылы болған «Қалмаққырған» шайқасы екендігі белгілі. Қазақ пен қалмақ арасындағы осы қырғын шайқаста шешуші рөл атқарған Кіші жүз ханы Әбілхайыр жасағының бас қолбасшысының бірі – Арыстанбай Айбасұлы еді. Бұл батырдың жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен шайқасқаны туралы жазушы Әбіш Кекілбаевтың ертеде жарық көрген «Елең-алаң» кітабында (Алматы, 1984. 263-бет.) айқын да анық жазылғанын байқау қиын емес. Көзі қарақты оқырман оны жақсы білуге тиіс.
Кіші жүздің ханы, қазақ сұлтан­дарының соңғы буыны Өсекенің ұрпағы Әбілхайырдың маңына кезінде жауға қарсы қол бастаған және оның ел билеу ісіне, әсіресе, Ресей сияқты алпауыт елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуына көмек, жәрдемдерін тигізген батырлардың жиі шоғырланғаны белгілі. Сол оқиғалар төңірегінде Арыстанбай Айбасұлы туралы белгілі зерттеуші, журналист, этнограф Тынышбек Дайрабай мен батырдың жетінші ұрпағы, ақын әрі шежіреші, Қармақшы өңірінің қадірлі қарты, марқұм Әлімбай Әлиасқаровтың кезінде біршама зерттеу және насихаттық жұмыстар жүргізуге мұрындық бол­ғандарын атап айтуға болады. Бұл сөз салмағын, ер қадірін бағалайтын екі зерттеушінің де деректеріне қарағанда, Әбілхайыр хан да, Арыстанбай батыр да бір жылда, яғни 1693 жылы дүниеге келген. Хан өзімен құрдас болғандықтан да Арыстанбай батырға кейде қысылған сәтте өзгелердің қолынан келе бермейтін кейбір шаруаны әдейі тапсырады екен. Соның бірі – Әбілхайыр хан жасағының жорықтан оралған кездегі күзгі қара нөсерге тап болу оқиғасы. Жоғарыдағы Тынышбек зерттеушінің жазбасында да бұл оқиғаның шып-шырғасы шынайы суреттеледі. Ал батырдың тікелей ұрпағы Әлімбай қарияның үйіндегі магнитофонына жазып алынған өз дауысын бірнеше мәрте тыңдағанымызда біздің Арыстанбай баба туралы ұғымымыз одан сайын кеңейе түскен еді. Әлекеңе мұндай әңгімелердің өз ата-бабалары, сондай-ақ кеудесі алтын сандық ел ақсақалдары арқылы жеткені анық.
1700 жылдан бастап Ресей патшалығы, оған қоса көршілес Қоқан, Хиуа хан­дықтары қазақ жеріне көз алартуларын үдете түскен-ді. Жан-жақтан қыспақ көбейіп, қазақ жұртының тынысы­ ­тарылып, тынышы кете бастайды. ­Ресей мен қазақ арасындағы қатынастар ­туралы құжаттарда және Әбілхайыр хан жайлы кейбір деректерде Арыстанбай Айбасұлының есімі арагідік кездесіп қалатындығын Тынышбек Дайрабай орынды көрсеткен. Осы алмағайып кезеңде Арыстанбай батырдың Кіші жүз ханы Әбілхайырдың жанынан ­табылуы кездейсоқ емес. Хан маңына ел мүддесін ойлайтын игі жақсылар, батырлар мен билер ғана жиналады. Өйткені «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегенді бұрынғылар бекерден-бекер айтпаған. Әрі ол Ресей мен Кіші жүз қазақтары арасындағы қарым-қатынастың бір жүйеге түспей жатқан кезі болатын. Бір жағынан құба қалмақтардың, екінші жағынан мына тұстағы башқұрттардың тасалап келіп, тарпа­ бас салудан тайынбайтын райлары жиі байқалатын. Мына іргедегі түрікпендердің де бөріктерін шошайтып, қайқы қылыштарын жалаңдатып тұрғандары үрей тудыратын. Осының бәрін ескерген Әбілхайыр хан 1730 жылдан бас­тап терістіктегі Ресеймен қарым-қатынас орнатуға батыл әрекеттер ­жасайды. Бұл көпшілікке белгілі жайт қой. Біз бұл жерде Ресей еліне жіберілген елшілердің арасында аға батыр Арыстанбай­ Айбасұлының да болып, көп шаруа тындырғандығын айтқымыз келеді.
Деректерге сүйенсек, Арыстанбай­ бабамыз ірі сүйекті, ұзын бойлы, көрнекті кісі болған. Батырлығымен қоса, өте епті, айлакер кісі болғаны да ел ­аузында жиі айтылады. Тілге ұста, сөзге шешендігімен де хан көңілінен шығып отырған. Мұндай кісіні қай жерге болмасын ұялмай жұмсауға болатын еді. Өйткені істің сәтімен бітуі адамына байланысты. Хан мұны жақсы білген. Ол әр кезеңде Арыстанбай батырдың жорық кезінде жасаған ерліктерін сарбаздарына үлгі етіп, көтеріңкі көңілмен айтып отырған.
Міне, осындай тұлғаның сол кездегі тарихи оқиғалардың нақ ортасында ­болуы – оның қайраткерлік қызметінің де бір қырын аңғартады. Тарихтан белгілі, 1731 жылдың 10 қазанында Ырғыз өңірінде, Майтөбеде Кіші жүз қазақтары Ресейдің қоластына кіруге келісім жасап, ант қабылдайды. Кіші жүз елінің 27 рубасылары антқа қол қою рәсіміне қатысады. Осы бір қазақ даласына үлкен өзгерістер әкелген тарихи оқиғаға қатысып, Әбілхайыр ханның тапсырмаларын бұлжытпай орындап отырған батырлардың бірі – Арыстанбай Айбасұлы болғандығын басқа да дерек көздері растайды.
Арыстанбай батырдың жойқын жорық кездерінде сарбаздарға дем беріп, олардың жігер-қайраттарын жанитын жалынды өлең-жырлары, шешендік сөздері де көп болған.
Қазақта есімі ұранға шыққан батырлар көп. Бұл жай беріле салатын немесе кім көрінгеннің қанжығасына байланатын құр атақ емес. Ол – ұлт, ел рухын көтеретін қасиетті ұғым, намыс байрағы! Рух, ­Намыс бар жерде халықтың еңсесі көтеріледі, Жеңістерге қолы жетеді. Қырандары қияны шарлайды, бәйге аттары озып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, 1727 жылы болған «Қалмаққырған» ­шай­қасындағы ерлігі мен ептілігін, қолбасшылық қасиетін жоғары бағалаған Әбілхайыр хан Арыстанбай батырдың атын сонау Сыр бойындағы 2000 үйлі Қожагелді тайпасына өз пәрменімен ұран ғып қабылдатқан екен. Содан бері қанша ғасыр өтсе де бүгінде өсіп-өнген Қожагелді елі ас, тойларда, мерекелерде жүйрік аттарын аламан бәйгеге «Арыстанбайлап» қосып келеді. Ел тәуелсіздігі тойында да осы үрдістен батыр ұрпақтары жаңылған емес.
Арыстанбай Айбасұлы – Дөйт ұранды Шөмекейден тараған атақты батыр. Кіші жүздегі Шөмекей руы, негізінен, кезінде алыс-жақын елдерге көп тараған. Оның себептері де көп. Шайқалып тұрған заман желі кезінде кімді қайда жөңкілтпеген?! Жаугершілік, үргіншілік, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс сияқты кесапаттар мен қасіреттердің зардабын көп тарт­қандардың арасында жауынгер халық шөмекейлер де бар. Оларды кең байтақ республикамыздың әр өңірінен жиі кезіктіруге болады. Арыстанбай ­батыр ұрпақтары Қызылорда облысының Қармақшы ауданында жиі шоғырланған.
Ел сыйлаған ақын, Сыр сүлейлерінің маржандай сөз мұраларын жинақтаушы әдебиет жанашыры әрі білікті шежіреші Әлімбай Әлиасқаров көзі тірісінде ­«Арыстанбай айтқан екен» деген шешендік сөздердің бір парасын, т.б. ақын, жырау, би, шешендердің және өз шығармаларын ерінбей екшеп, жинап, қағазға, таспаға түсіріп, ұрпақтарына аманаттап кеткен еді.
Баға жетпес осы мұраларға қазір Әлекеңнің Қызылорда қаласында ­тұ­ратын немересі, ҰҚК бұрынғы жауап­ты қызметкері, отставкадағы подполковник Сәруар Сайлауұлы Әлиасқаров иелік етуде. Ал Қармақшы ауданының Ақжар ауылында тұрған марқұм Сақтаған Әлімбаевтың да Арыстанбай бабасы, басқа елдің игі жақсылары хақында көнекөз, құймақұлақ қарттардан естіген әңгіме сөздері көп болатын. Олардың бірқатарын қағазға түсіріп үлгердік.
Арыстанбай батырдың туған жылы белгілі, Әбілхайыр ханмен құрдас екендігін жоғарыда айттық. Ол ханнан 29 жылдан кейін, яғни 1777 жылы, 84 жасында қайтыс болған. Бейіті Ырғыз өңіріндегі хан қорымында, Әбілхайыр ханның ­жанында жатқандығы кейіннен белгілі болды. ­Батыр бейітінің басында бір үлкен қисық ағаштың өсіп тұрғандығын көзі тірісінде қасиетті орынға зиярат ете барған жетінші ұрпағы Әлімбай ақсақалдың өзі көріп, сол жерден еліне бір уыс топырақ алып оралған еді…
Баһадүр бабасы жайлы деректерді жинап, жадына тоқып, оларды кейінгі жас ұрпаққа таратып, насихаттауға көп еңбек сіңірген Сақтаған Әлімбайұлының ­айтуынша, республикалық «Ана тілі» газетінің тоқсаныншы жылдардағы жарық көрген алғашқы сандарының бірінде қазақтың аға батырларының ұзын тізімі берілген екен. Сонда Арыстанбай Айбасұлының да аты жазылған.
Қазақ елінің бостандығы мен тәуел­сіздігі үшін басқыншы жауларға қарсы ерлікпен шайқасқан Арыстанбай батыр­дың есімін әрдайым қастер тұту – ұрпақ парызы. Өйткені Тәулсіздіктің түп тамыры тым тереңде жатыр. Бабалар ғасырлар бойы армандап өткен, соған жету жолында қан төккен көк байрақты Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, оның баға жетпес құндылығын бүгінгі жас ұрпақтың жанындай ұғынатындығына және оны айрықша мақтан тұтатындығына кәміл сенуге болады. Өйткені қанда бар қасиет мәңгі жоғалмайды ғой!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.