АБАЙ СӨЗІНІҢ СӘУЛЕСІ

Жазбақ ойымды «Абай» атты Аспантау» деп үкілегенмін. Ұлы ақынның өмірі мен асыл мұрасына жан-жүрегімен бауыр баспаған адам, хәкім Абайдың арманындай, шырқау биік Аспантауға етегінде тұрып құр тамсанғаннан аса алмайды. Сол сияқты, дала данышпанының мұңындай, түпсіз тұңғиыққа текке телміріп, таңданудан аса алмайды. Бірақ жанарын суарып, жалаң таңдай қағатындарды былай қойғанда, тіпті даналық теңізіне бойлағандай «Абай тұнып тұрған философия» деп күпінетіндер аз емес. Шындығында Абай сөзінің сәулесін жан-тәніңмен сезіне алмайынша, «Абай» аспантауына­ көз түгілі көңілдің жетуі неғайбіл. Тым биік, бір халықтың ауқымы тарлық етер ғұлама. Биылғы 24 сәуірде киелі Жидебайға Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев арнайы келіп, ұлы даланың ұлы ақындары – Абай мен Шәкәрім рухтарына тағзым жасады. Ақын шаңырағының бас шырақшысы ретінде мемлекетіміздің бірінші басшысын қарсы алып, Абай елінің ақсақалдарымен ақжарқын кездесуінің куәсі болдық. Қасым-Жомарт Кемелұлының әрбір сөзінен, тіпті қас-қабағынан да Абайға, оның туған жеріне деген ерекше құрметті көріп, қанаттана түстік. Ұлы ақынның 175 жылдығының ЮНЕСКО аясында тойланатынын естіп, туған халқы төріне шығарған елжанды Тұлғаға шын жүректен табыс тіледік.

«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ КИЕСІ»

Абайдың соңғы мекені – Жиде­бай­­дағы ақын кесенесінің ішкі қабыр­ғасындағы «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі – Ұлы Абайдың аруағына басымды­ идім (Н.Назарбаев)» деген алтын ­жазулар – ұрпаққа мәңгілік ұлағат. ­Елбасы сонау 1995 жылы, Ұлы Абайдың халықаралық деңгейде атап өтілген 150 жылдық торқалы тойы қарсаңында Алатаудың «Абай» шыңына арнайы көтеріліп, ұлы ақынның Семейдегі музейіне ескерткішке жолдаған «Абай» энциклопедиясындағы «Алатаудың Абай атындағы шыңында тұрып, Ұлы Абайдың рухына тағзым етемін!» деген сөздер бізді әрқашан ризашылыққа бөлейді.
Алатаудың Абай шыңы.
Биіктігі 4010 метрлік қызыл граниттен тұратын үш қырлы Абай шыңы Кіші Алматы өзенінің оң жағалауында, Іле Алатауы жотасының тау сілемінен мен мұндалайды. Оның жартасты алқабы шыңыраулар ажыратқан тіп-тік құлама құздармен қаусырылған. Солтүстік беткейінде шың жотасы күрт шөгіп, Школьник биігіне қарай жайыла жазылады. Аталмыш шыңның Кіші Алматы аңғарын Богданович мұздағымен жалғастыратын мейлінше төмен, ортаңғы бөлігінде Абай асуы (3650 м) тосады. Абай шыңынан өзара терең шатқалдарымен ажыратылған тау жоталары солтүстікке, солтүстік батыс пен оңтүстік батысқа қарай өрмелей өрлейді. Шыңның солтүстік батыс ­жотасы 300 метрлік жартасты қабырғамен тұйықталып, етегінде мәңгі, байырғы мұздақ жарқырайды. Бұл қабырға Кіші Алматы аңғарына құлдилай келіп, Тұйықсу қақпасын қағады. Шыңның солтүстік беткейінде шағын Абай мұздағы күн нұрына малынады. Құзар шың тұңғыш рет Г.Белоглазов деген альпинистің басшылығымен 1932 жылы бағындырылған екен.
Көріп отырсыздар, ілуде біреудің ғана аяғы ілінер шың. Тымағын қар шалып, үкісіне бұлт қонақтаған Алатаудың қатпар-қатпар Абай шыңы. Ал адамзаттың қабат-қабат Абай шыңына көз түгілі көңіл жетуі екіталай. Ұлы ақын мұрасына арқатірек болған және «Абай» аспантауын алғаш бағындырған Мұхтар Әуезов екені – жұрт мойындаған шындық. «Ақынның шығармашылық мұрасын жан-жақты әрі тиянақты ғылыми талдаудың, оның заманын табандылықпен зерттеудің арқасында Абайтану қазақ әдебиетінің дербес және мейлінше өміршең ­саласына айналды. Абайтанудың на­ғыз ғылыми пән ретінде қалып­тасуында ұлы адамгершіл-ақын ­шы­ғармашылығының әлемдік мәдениеттің қазынасына үндесе қосылуына зор қажыр-қайрат жұмсаған жазушы-академик Әуезов Мұхтар Омарханұлы тарихи шешуші рөл атқарды» (М. Мырзахметұлы. «Восхождение Мухтара Ауезова к Абаю», Алматы, «Санат», 1994г.).
Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғаларымыздың тарих қойнауына ұзаған зерлі сөзі мен зерделі ісін «іші алтын, сырты күміс» қалпында ұрпаққа аманат ету – ұлт болашағы үшін аса қажет. Ғалымдар, жазушылар мен журналистер заманалар керуенімен жеткен асыл мұраны жаңғыртуға қал-қадерінше атсалысуда. Хәкім Абай туралы айтуда да, жазуда да кемшін жоқтай. Дегенмен, «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау», оның жанының «нені сүйіп, неден күйгенін» сырт көзден жасырған сырсандықтың «ішін түгел көру» екінің бірінің маң­дайына жазылмаған. Абай мұрасын зерттеу, біздіңше, Мұхтар Әуезовтен кейін өзінің түп-тамыр – арқатірегінен ажырап қалғандай. Ақынның сырлы да сәулелі сөзі жан-жақты «уәзінге салынып» сараланғанымен, соның бәрінің сабақтастырып тұрған алтын арқауы үзіліп кеткен секілді.
Олай болса, Абай қазынасының кілті қайсы?
Байқап қарасақ, санамызды сейіл­тер асыл мұраның жұмбақ сырын ақын сөзінің «судай тұнық» сәулесінің өзі-ақ мегзейді. Міне, біз іздеген жасампаз жырдың темірқазығы да осы – Абай сәулесі… адамдық талабы, адам бақыты үшін күрескен, адамды сүйген жүрек лүпілі. Ақын туралы естеліктер – мұның жарқын айғағы. Олар ұлы тұлғаға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің терең адамгершілік деректері болып табылады. Абай сөзінің алтын өзегі де, ең ­алдымен, адамгершілік пен адам бақыты. ­Асылы, адамзат қоғамында «бақыт» алғашқыда «қолайлы жағдай» немесе «жолы болғыштық» деп ұғынылған көрінеді. Айталық, ежелгі Грецияда «бақыт» «мейірімді тағдыр» ретінде қабылданған. Демек, философиялық және психологиялық таным бойынша бақыт – адамның өз өмірінің қызығы мен қуанышына, яғни рақатына қа­нағаттану дәрежесін танытатын ең байырғы этикалық ұғымдардың бірі.
Ал діни шығармалар мен аңыз­дарда «бақыт» ұғымы – «эвдемония» Құдайдың қамқорлығындағы «мейірімді тағдыр немесе сәтті тағдыр» дегенді білдіреді екен. Осы тұрғыдан ислам тек қана дүниетаным емес, Құрандағы моральдық жазбалары­ қоғамдық өмірдің сан-саласын қамтитын адам тағдыры мен бақыты жайлы ғылым. Абайдың айтар ұлағаты да осы: «Адамды сүй, Алланың хик­метін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!». Сондықтан адам бақыты көп ойландырған ежелгі философтар мен саяси экономистердің адамгершіл рухы әрқашан бас игізеді. Абайдың «Ескендір» дастанындағы данышпан Аристотель «жан қызметі – бақыт қайнары» десе, Абай өзінің жетінші қара сөзінде «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық… Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік» деп толғанады.
Адамзаттық білім мен мәдениеттің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) адам бақытын «теориялық жағынан кемелдіке жету» деген тұжырым ­жа­саған. Ол бақыт ұғымын әрбір адамның «өмірде алға қойған мақсаты» ретінде түсіндіреді және «адам бұ дүниеге бақытты болу үшін келген» деп дә­ріп­тейді. Ал Абай қырықтан асар-аспас шағында «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек… қайрат қайтты, ұлғайды арман» деп шерленеді. Бұл да, бірақ қартайған жанның емес, адам бақыты жолындағы майданға білек түре араласқан біртуар қайраткердің берік байламы еді. Ағалы-інілі, «жүрегі қырық жамау» қос ақынның мына бір өсиеттері-ақ сол жанпида күрескерлік пен терең адамгершіліктің жарық ұшқынындай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», «адам баласының бәрі – бауырың» (Абай), «Адамның бәрі бір, болмайды аласы», «Ойласаң, барша адамзат туған бауыр, Бірін-бірі шұқылап, қылды жауыр» (Шәкәрім).
Бірін-бірі шұқылап… шынында да пендеңе не жетпейді!? «Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз… Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» (жиырма төртінші сөзден). «Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын, Тыныштықпен ішпейді тақта шайын» немесе «Тыныш жатсам, тепкілеп шыдатпайды» (Шәкәрім). Адам баласында, әйтеуір тыным жоқ. Байлықтың да, мансаптың да… бәрінің де өткінші екенін түйсініп, көзді ашып-жұмғандай ғана жалғанда бақытқа жету үшін іскерлікті, ілкімділік пен ізгілікті, яғни «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай» алсақ ғанибет?!

«АРЫ МЕН НАМЫСЫ»

Қазақ өмірдің өткіншілігін «бес күндік дүние», «қамшының сабындай» деп пайымдаса, Еуропа жұрты «жарты тыныс» деп зарлайды. Сондықтан дана Абай қай тақырыпты жырласа да адам мінезінің әр қырына ой жүгірте саралап, тірліктің көрген түстей ғана мезетінде адам мен оның өміріне, еркіндігі мен теңдігіне, ары мен намысына, яғни адам бақытына тең келер ештеңе жоқ екенін түйсінтеді. Бұлай болуы да заңды еді. Бағзы замандарда-ақ небір ғұламалар адамды ерекше ардақ тұтады және оның бақыты үшін жүректері сыздайды. Абай адамзат данышпандарының, оның ішінде шығыс ойшылдарының бірталайын оқыған: «Фзули, Шәмси, Сәйхали, ­Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу һәммәси, Мәдәт бер я шағири фарияд» (Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2016 ж., 1/36). Сондықтан тумысынан жаны жарық Ибраһим Құнанбайұлы да адамды және оның өз бақыты жолындағы қам-қарекетін, ар-намысын жаннан да қымбат санайды.
Хәкім бақытқа жетудің жолдарын талмай іздеп, тарата көрсетеді: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап… Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме»(2/13). Еңбек, білім, адамгершілік, адалдық, әділдік… егер бақыт өз өміріңе қанағаттану болса, соның бірі – тірлікте «Бір тәуір дос, Тым-ақ керек, Ойы мен тілі бөлінбес» (2/55). Бірақ «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп өкініш білдіреді ақын. «Дос алады бермесең бұлт берем деп, Жауыңа қосылуға серт берем деп» (1/46), «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда, Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп, Бірге тұрып қалады кім майданда» (1/50). Басқаша болуы, бірақ мүмкін бе еді? Әттең, «Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң, Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?»(1/51), «Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед деген» (1/65).
Нағыз дос табудың пендеңе қаншалықты сын екені ұлы ақынның «жүрегіндегі жалынды көзден жас қып ағызады»: «Сеніскен досым да жоқ, асығым да,.. Құдай берген бұл достық – кәннің бірі,.. Сол досты сая таппай іздейді жан» (1/66). Ақын өмір шындығын ашына отырып­ жайып­ салады: «Бір сөз үшін жау болып,­ Бір күн үшін дос, Жүз құбылған салт шықты (1/67), «Жау көп болса­ басыңда, Бірі қалмас қасыңда» (1/69) немесе «Әркімде-ақ бар ғой туысқан, Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда, Күн ашықта мойныңда» (1/70). Өйткені «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа, Аларында шара жоқ, алдамасқа… Үш-ақ­ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (2/3), «Қызығы зор қайран дос, қайран тату, Сендер өлдің, мен дағы өлсем керек!» (2/49), «Досты қайдан табасың, Кеңесерге адам жоқ» (2/50), «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі» (2/59).
Ақын сөзіне одан әрі ден қойсақ, өмір пендең үшін ғажайып сый ғана емес: «Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық». Ендеше, дүние қызығы дегеніміз, атымызды «адам қойған соң» замандас бағасын білуге және ар-ұятты әрдайым есте ұстауға тиіс тіршілік мәні. Демек, адам деген атқа лайықты өмір сүргісі келген жан үшін ақын аманаты әрдайым жарық сәуле: ­«Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» немесе «Бұл өмірдің қызығы махаббатпен, Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен. Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де, өлмегенмен боласың тең» (16-б). «Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма? Бір бес күннің орны жоқ аптығарға» (2/21-б), «адамдық парызды әрқашан есте ұста» дейді хәкім.
Ұлы Абайдың өлеңдері мен ғақлия сөздері қай тақырыпқа арналса да, жаңа айтқанымыздай, олардың баршасының арқауы – Адам мен оның мұң-мұқтажы, яғни Адам бақыты. Хәкім жақсылыққа сүйіне, жамандыққа күйіне отырып ой толғайды. Бақытқа бастар білім мен өнерді, адал еңбек пен адамға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қараңғылық пен надандыққа найза ұшын кезейді. Бірақ ақынның «Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң ­жарар» деген ескертпе сөзін құлаққа ілмейтін кейбіреу Абай «қазақты өл­тіре сынайды» деп ділмарсиды. Бұл да, амал қайсы, қазақты жұрттың бұ дүниедегі ең қоры етіп көрсетуге жанталасқан қызыл диктатура ­апиынымен уланғандардың сыбағасы еді. Шындығында Абай «қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы» («Қазақ әдебиеті», 20.05.2017 ж.) ­болатын. Ол, сондай-ақ, «қайран сөзім қор болды» немесе «көп пысыққа молықты» десе, бұл жерде де ақынның нақты Тобықтының, яғни жалқының емес, жалпы жұрттың ортақ мінін көрсетіп отырғанын түйсінеміз.
Абай, тіпті айналасындағыларға арнау өлеңдерінде де аты аталған қарындастарына ғана емес, қалың қазағына және барша адам баласына тән кемшілікті сын тезіне алады: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентілерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (парсыша – ескерткіш) қалдырайын… Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен». Ақын басқаға қарата айтқанымен, шындығында туған жұртының тағдырына алаңдаған жеке басының уайымын да улана жайып­ салады. Мысалы, «Сорлы Көкбай жылайды» деген өлең туралы ақын шәкірті Көкбай: «… мен қылып қойып, (Абай) өзін айтып еді» дейді (1/205). Сол сияқты «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым» деп, «ғаділетті жүректің әділетін бұзған» замандас­тарымен сырласа отырып-ақ барша адам санасына сәуле түсіреді: «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар… Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар… Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,.. Cөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?» деп іштей булығады ақын. «Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар… Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой… Сәулесі бар жігіттер бір ойланар» (1/58).
Ұлы тұлғалар адам бақытын ойлап жандары ауырса, заманынан әлдеқайда озып туған Абай да қараңғылық қапасындағы еліне сардар сөзі арқылы өсиет айтады. Алайда ол өз замандастарынан бұрын келешекпен тілдескенге көбірек бейіл. Ақынның жас ұрпаққа аманаты өмір мен өнерді, білім мен ғылымды, еңбек пен табысты, достық пен адалдықты, жүрек билеген ақыл мен қайратты бақыт қайнарлары ретінде тануға көмектеседі. Ақын «Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп, өз келешегімен сырласады, егер түйсігің болса, бақытқа кенелуің үшін «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек». Абай сәулесі «көзімізді ғана емес, көкірегімізді де ашатын», дүбірлі дүниеде дұрыс бағдар сілтейтін темірқазық: «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез. Нұрын, ­сырын көруге, Көкірегінде болсын көз… Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл… Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі» (1/86,93,126-бб).­ Ұлы ақынның сәулелі жыры «іштегі кірді қашырып», адам кеудесін «хикметке» бөлейді: «Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!.. Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс, Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып» (1/54). Демек, өнер атаулы, оның ішінде сөз патшасы – поэзия да бақытты өмірдің жаршысы болып табылады.

«АҚЫЛЫ МЕН ЖҮРЕГІ»

Зерттеушілер әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» және басқа трактаттарында ғұламаның бақытты кемелдікке теңей отырып, оған жетудің білім арқылы мейлінше мүмкін екенін атап көрсететініне назар аударады. Олай болса, ең алдымен, адам бала­сының көзін ашу, надандықтың құр­құдығына жарық түсіріп, пендеңді қараңғылық құрсауынан құтқару керек еді. «Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп қамығады ақын: «Бұл маһрұм қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?» (1/45-б.). Алайда кінәлі жалғыз өзі ғана ма еді?! Өкінішке қарай, «замандасы болмады сөзді ұғарлық» (Шәкәрім). Адам болған соң «өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді» деп күрсінеді одан әрі Абай. «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің ­хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз» (жетінші сөзінен).
Өскен ортасында жас Ибраһимге ақыл қосып, жөн-жоба сілтер жарық солғын: «Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың?.. Мұң­дасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік» (бірінші сөзден). Тағы да сол надандық етектен тартып, қол байлайды. «Ағайын табылмаса, ой саларлық… Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?» (54), «Ойшылдың мен де санды бірімін деп, Талап ойсыз, мақтанды қалдым күтіп» (1/65-б). Мұны да, бірақ ақынның өзіне деген қатаң талабы ретінде қабылдаймыз. Сондықтан Абай жастарға зор үміт артып, ел келешегімен кеңеседі: «Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық…», ендеше, «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық…» (1/53). Сонда кімге қарап ой түзейміз? «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор» (1/57). Яғни тірлік талабына ерте бастан көңіл қойып, оның терең мәнін ертерек түй­сінген абзал: «Керек іс бозбалаға талаптылық… Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» (54-б), «Иждихатсыз, михнатсыз, Табылмас ғылым сарасы» (1/58).
Оқымаған, тоқымаған жанға бақыт жолы тым алыс: «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім» (1/92), «Жастықтың оты, қайдасың, Жүректі түртіп қозғамай? Ғылымның біліп пайдасын, Дүниенің көркін болжамай» (1/102), «Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді» (1/84), «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық» (1/53), «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» (2/48). Олай болса, білмекке ұмтылып, ғылымға талап қылу әрбір жас үшін адамдық парыз: «Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ» (1/127). Демек, өмірге келген соң, жатпай-тұрмай білім ізде деп ақыл айтады ғұлама: «Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз… Сөз мәнісін білсеңіз, Ақыл – мизан, өлшеу қыл» (1/61), «Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді» (1/84). «Аспаса ақыл қайраттан, Тереңге бармас, үстірттер… Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?» (2/23).
Атымды адам қойған соң… Хәкім Абайдың өсиетін қазақ ауқымымен ғана шектеу, мұны жоғарыда да айттық, ақын мұрасын бетінен ғана қалқу болмақ. «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық, Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық. Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» (2/6). Кемеңгер «адамның баласы – бауырың» деп кеңес бере тұрып та, ең алдымен ауызбірлікті қарындастарына аманат етеді: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» (1/89). Өйткені бірте-бірте орыс патшасының отарына айналған қазақтың тағдыры тал қармағандай тым мүшкіл еді. Аласапыран заманда адамдық азайып, болашақ буалдыр тартқан: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың… Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,.. Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын» (1/49). Дарқан да еркін даланың тынысы Абай заманында барған сайын тарылып бара жатты. Орыстың заңы, әсіресе болыс сайлауы­ қалың қазақ ортасына оңдырмай жік салды: «Болды да партия, Ел іші ­жарылды» (2/20).
Ұлттың турашыл, әділ, қайсар, мәрт әрі жомарт мінезі «құрт» түскендей іріді. Өтірік пен өсек өңмеңдеп, арызқойлық пен жалақорлық алқымнан алды: ­«Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып… Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім, бір ит сақтап жүр ырылдатып» (1/50). Бас көтерер игі жақсының көбі орыс патшасының билігіне жалтақ күй кешті: «Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды… Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды» (1/71), «Орныңнан тұра шабасың, Атшабар келсе қышқырып. Ояз келсе, қайтер ең, Айдаһардай ысқырып» (1/79). Қарындастарының күйкі тірлігіне күйінген ақынның тілегі біреу-ақ: «Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұқсап» (1/115). Алайда атқамінерлердің ойына шен-шекпеннен өзге ештеңе кірмей, бос мадаққа мас: «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап… Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап… Оңашада оязға, Мақтамаймын елімді, Өз еліме айтамын: «Бергем жоқ – деп, – белімді» (1/81), «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға» (1/85).
Абайдың, тым болмаса кейінгі ұрпақ ойланар деген сабыры да, өкінішке қарай, сарқылып бара жатты: «Көк тұман – алдыңдағы ­келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» (2/12), «Заманақыр жастары, Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа – Қойнына тыққан тастары» (1/126), «Пысық кім деп сұрасаң – Қалаға шапса дем алмай, Өтірік арыз көп берсе, Көргендерден ұялмай» (1/79), «Құтырды көпті қойып аз ғанасы, Арызшы орыс – олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» (1/103). Хәкім аса қапалы, жан сырын өлеңге шағады: «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен (1/135), «Жалын мен оттан жаралған, Сөзді ұғатын қайсың бар? Партия жиып пара алған, Пейілі кедей байсыңдар» (2/60). Өмірді шынайы жырлап, адам бақытын ардақтаған ақынның «өлең – сөздің патшасы» сырлас та мұңдас серігіне айналды. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» (2/22), «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек?» (2/22).
Абай ғақлиясының он жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінетіні есіңізде болар. Ғылымның осы үшеуін де тыңдап алған соң айтар тағылымы да терең: «Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді… Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді… Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет… Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» (2/104-105). Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке бөленіп, оның бақытын аңсап, өлең сөзбен жырлап өткен Абайдың ақындық асыл мұрасы адамзат ілім-білімінің сан қырын терең саралай отырып, қайран қазағының өзге жұртпен терезесі тең болуына жол көрсетер Жарық сәуле.
Міне, Абай сөзінің сәулесі санамызды әрдайым шайдай ашады. Ұрпаққа ұлағаты мол асыл мұраның шуағын енді біз де ептеп қана сезіне бастағандаймыз. Бірақ сол аздың өзі-ақ ерекше рақат. Ұлы ақын сөзінің сәулесі, тіпті құлазыған көңілді жалғыздықтан арашалап алып, тірлік мәнін санаға құяды. Абай жалғыз болғанымен, Сіз енді жалғыз емессіз. Шіркін, жаратқанның Алты Алаштың маңдайына Абайдай құдіретті жазғанын жете ұғына алсақ қандай! Әлде, бұл ақын сөзінен уланған өзім секілді жанның жеке сыры ғана ма? Қателесіппін. Ақын жырынан жазылмастай дертті жанның бірі – Абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедханов ол сауалдардың ­жауабын баяғыда беріп кеткен екен. «Абайды танып білген, сондай-ақ Абай өнегесімен сусындаған адамға, өмірдің тауқыметін жеңіп шығу жеңілірек болмақ. Оған басқадай моральдық кодекстің қажеті шамалы» деп толғанады ғалым аға. Көрдіңіз бе, Абай мұрасы – Жан азығы. Ол, ең алдымен, Сіз бен бізге керек екен. Абай сәулесі – адам бақытын ардақтап, жалқыға емес, жалпыға ой салар ұлы сабыр.

Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.