Мәні әулие (Аңыз-дастан)

2004 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы құрылғанда мекеме басшысы болып Сексенбай­ Күлімбетов тағайындалды, бұл қызметті – зейнет демалысына шыққанша, яғни 2011 жылғы тамыз айына дейін атқарды. Марқұм, сонымен бірге Қазақстан Журналистер одағының облыстық ұйымына төрағалық етті. Бірге жұмыс істеп жүргенде байқағанымыз – Сәкеңнің қызмет бөлмесіне әртүрлі шаруамен алуан қызмет адамдары, тіпті зейнет демалысына шыққандар да жиі келіп жататын. Бастығымыз қай-қайсысының да тілек-сауалын байыппен тыңдап, мүмкіндігінше орындауға құлықты болды.
Бірде Әйтеке би ауданының Бөгетсай ауылынан (қазіргі күнде Хромтау ауданына қарайды) Қызмет Нұралин келді. Кеңшарда ұзақ жыл ірі қара бақташысы, шопан болып жұмыс істеген ағамыздың айтарлықтай ақындық таланты бар еді, әңгімені де иінін келтіріп айтатын. Ақиық ақындар Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Құрманалин кезінде Нұралиннің шығармашылығын жоғары бағалады. Өлеңдері, поэзиялық толғаулары бірнеше жинақтарға енгізілді. Хромтау ауданының әкімі қызметін атқарып жүргенінде Әділше Ермұханов өлеңдерін жинақ етіп, баспадан шығарып бергенінде қатты қуанғаны бар. Сексенбай өзіне арнайы сәлемдескен Қызметті ықыласымен қабылдап, ашық-жарқын әңгімелесті. Сонда облыстық басқарма жанынан аптасына бір рет «Менің тілім» атты газет шығару ниетін айтты. Жағымды бастамаға балаша шаттанып, Нұралин екі дәптерді толтырып жазып әкелген «Мәні әулие» атты аңыз-дастанын «Жаңа газеттің алғашқы санына жарияларсыңдар» деп, басқарманың бөлім басшысы қызметіндегі маған ұсынып еді.
Тағдырдың жазуына кімнің шарасы бар?! Сексенбай да, Қызмет те жалғанның көшіне ілесті. Облыста мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға септігі тиер деген үмітпен арнайы газет шығару ниеті осылайша жүзеге аспай қалды. Нұралиннің жаңа шығармасы баспа жүзін көрмей, менің жеке мұрағатымда біршама уақыт сақталды. Марқұмның аманатына қиянат болмасын деген оймен «Мәні әулие» аңыз-дастанынан үзіндіні «Ана тілі» газеті арқылы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист

Қызмет  НҰРАЛИН

Болмайды Алла жолын білу күнә,
Сыйынам Мәні әулие рухына.
Тірліктен тебірене тіл қатайын,
Тәу етем жатқандарға ұлы ұйқыда.

Мен бүгін басыңызға аялдайын,
Өзіңе жыр арнауға даяр жәйім.
Ел сөзін сен туралы асыра айтпай,
Ғасырдан сырлар тартып баяндайын.

Сарапшы болмасам да сан ізді аңдар,
Із кесу, оймен шолу – парыз-бағдар.
Ұрпақтан ұрпақ өсіп, бізге жетіп,
Тарихқа көгенделген аңыздар бар.

Ой тастап, қиял серпіп қарасаңыз,
Шындыққа бергісіз боп тараса аңыз.
Жыр ету жүрегіңмен – шүкірлік ол,
Биіктер шөгіп қалған аласамыз.

Сенгенмен дүниенің жалғанына,
Пенде көп «жетем» дейтін арманына.
Қуалап қу тіршілік тыншытпады,
Төздіріп қиындықтың салмағына.

Дап-дайын істің әр кез қолайы жоқ,
Әр істің қиындықсыз оңайы жоқ.
Талайы талпынса да қай талапқа,
Күрессіз келетұғын орайы жоқ.

Күрессіз ала алмайсың жауыңды да,
Күрессіз көтермейсің ауырды да.
Күрессіз махаббатқа жол таппайсың,
Күрессіз бетін бермес дәуір мына.

Қайранмын қайсар қалың қазағыма,
Тағдырдың тап болған көп азабына.
Басына нелер келіп, не кетпеген,
Сырт жұрттың ұшырап көп мазағына.

Өшкенді өзімше бір түлетейін,
Ұрпаққа ұран тастап жыр етейін.
Жасырсаң білгеніңді неге қажет,
Ойымды өздеріңмен бір етейін.

Жатыр ғой, біз сыйынар сан Әулие,
Солардың біреуі қыз – Мәні әулие.
Өшірмей рухына жыр арнайық,
Оларға аяқ асты қарау күнә.

Әйгілеп көне заман сұмдықтарын,
Анықтап тасаларға кім бұққанын.
Аңыздың ар жағында шындық барын
Айтайын алдарыңда сарқып бәрін.

Болсам да баласы мен шаруаның,
Көңілмен сайратайын ару әнін.
Ал енді аз әңгіме махаббаттан,
Жар болсын Мәні әулие, аруағың.

Қашан да ұлтым үшін тілек бөлек,
Кешуі айқын оның мың өткелек.
Тарихын қазағымның оқуға да
Селт етпес тайсалмайтын жүрек керек.

Түрткілеп түмен қалмақ, жоңғар-ойрат,
Көрсетіп орысың да жолдан айбат.
Аңдысып қылыш оғын тасқа қайрап,
Шығыпты іргемізден андағайлап.

Сондай бір жаугершілік заманында,
Батыпты ұлан-байтақ дала мына.
Қазағым қасарысып қан төксе де,
Сөнбеген жасын ойнап жанарында.

Тұс екен жаугершілік етек алған,
Әйтеуір қолға түсіп қате болған.
Арқадан біздің жақтан қазақ бала,
Қалмаққа тұтқын болып кете барған…

Жігіт те өріс бойлап қой жаяды,
Қыздар да жолығуды ойланады.
Аңдысып қойда жүрген соңына еріп,
Жігітке қыздар жіпсіз байланады.

Байқайды қойшы жігіт аңдап бәрін,
Жақсысын, жаманы мен жалдаптарын.
Мақтайды кейде жорта келгендерге,
– Қыздары сұлу ғой, – деп, –
қалмақтардың.

Бәрі де – Бай қыздары, Бек қыздары,
Тиетін сөзі суық бетке ызғары.
Жандарды маңайлаған менсінбейтін,
Шетінен бейбастақ та, тексіз де әрі.

Өзгеше салт-дәстүрі, ғұрыптары,
Шолжаң ба, ерке ме әлде қылықтары.
Жігітке қой соңында жүрген олар,
Жүрегін жылы ұстап, суытпады.

Жігітің қыздан теріс кеткендіктен,
Шегіне шыдамдықтың жеткендіктен.
Қыздардан «Маған қосыл» деген үндер,
Жетіпті құлағына өктемдікпен.

Жалғыз ғой – жігітке жоқ түбі қорған,
Қыздардың ғашығы емес, пірі болған.
Ақыры ғашықтықтың дертке айналып,
Насырға шабатындай түрі болған.

Ғашықтық бейнет пе, әлде сәніміз ба?
Жетіпті осы хабар Мәні қызға.
Бір үміт жігіттен де туындапты,
Араша керек деген жанымызға.

Жүрегі желбіреген жалау кие,
Жүзіне батылданып қарау кие.
Әр сөзі мәнді оның болғандықтан,
Атанып кеткен екен «Мәні әулие».

Мәні айтса сөзі оның мәнсіз емес,
Қуаты аруағының әлсіз емес.
Дейді екен ауыл біткен аузына алып:
– Мәнісіз бітпейді еш шаршы кеңес.

Әдеті жөн білерлік көпті құптар,
Ойында досқа бейім оттылық бар.
Қазаққа жиен бе екен, бөле ме екен,
Түбінде қазақылық тектілік бар…

…Білмейді көп ішінде Мәні қайсы,
Қыздардың істерінің бәрі қайшы.
Қарайды қамқор болар сол қызды іздеп,
Ей батыр, Мәніні анық танысайшы.

Күнбе-күн топ-топ қызды көріп жүрді,
Ойынға, мазағына көніп жүрді.
Бай қыз қайсы екенін біле алмай,
Менсінбей бәрінен де безіп жүрді.

Саны көп ақ қыз, қара қыз, сары қыздың,
Білмейді қайсы екенін Мәні қыздың.
Қарайды, қарайды да түңіледі,
– Қайсысы болар дейсің, – қамы біздің.

Мәні қыз бұл қыздардан бөлек пе екен,
Болуы мүмкін оның ерек бөтен.
Не істесін серік етіп серілерді,
Бәрі де бұл қыздардың желөкпе екен.

Мен үшін, ары келіп, қаны қызған,
Тым артық кім бар дейсің Мәні қыздан.
Мәні қыз маған қорған болар енді,
Әрқашан табылатын жанымыздан.

Осылай тәтті ойға беріледі,
Ісінен қалмақтардың жерінеді.
Кей сәтте мұңның батып тереңіне
Елжіреп, елін ойлап езіледі.

Сыртынан жасаттырмай жаман қылық,
Жүреді қорғауды үрдіс, амал қылып.
Мәні қыз күнде көріп жүрсе-дағы,
Жасады тіл қатуға табандылық.

…Сәуір ғой. Сәуірдің бұл түні жарық,
Келеді жаз да шығып, күн ұзарып.
Жігітің қой шетінде отырғанда,
Қасына біреу келді қымыз алып.

Бұл да бір осы байдың құлы ма еді,
Құл қашса бар шаруа бүлінеді.
Сімірсе бал қымызды мейір қанып,
Бергеннің ықылас-пейілі білінеді.

Бал қымыз бұл жігіттің мұңы ма еді,
Мұң енді көңілінен түріледі.
Құлыңнан кім берді деп сұрамай-ақ,
Қымызды мейірлене сіміреді.

Сіміріп жібіген соң таңдайы да,
Бұрқырап тер шығады маңдайына.
Өзінше ойланып ол таңданады:
– Пейілдің тап болдым, – деп, –
қандайына.

Құлыңнан имиген сол қынай белді,
– Қымызды кім берді? – деп сұрай берді.
Айтпады арғы жағын құпиялап,
Дейді тек: «Бұл қымызды Құдай берді».
Құлың да құпияны іші білген,
Жігітке сыр айтпайды түсі кірген.
Тағы да қымызбенен ертеңіне,
Марқаның еті келді пісірілген.

– Япыр-ау, ненің сыйы мұның бәрі,
Жасаған кімнің мынау ырымдары.
Білмеймін бағым ба бұл, сорым ба бұл,
Кетпейтін дәмі ауыздан шырын бәрі.

Құлыңнан аш құрсақты қынай белді,
Тағы да «Кім берді?» деп сұрай берді.
Тағы да құл жауабы кешегідей:
– Мұны да сізге арнап Құдай берді.

Ойлады: – Сый берген бұл кім екен? – деп,
Тілегі меніменен бір екен, – деп.
Әлде бұл аруақты Мәні ме екен?..
Аяған – жүдеп мені жүр екен деп.

Тағы да сәуір түні, Ай да жарық,
Табиғат танытқандай майда қалып.
Жігітке Мәні қыздың өзі келді,
Бұл түнді қалу үшін пайдаланып.

Жарық нұр толтырғанда даланы енді,
Жігітке таңғала оқыс қарады енді.
Бұл кім ей: Пері ме әлде Періште ме?
Байлады бір сиқыр сәт араны енді.

Баса алмай тәлтіректеп аяғында,
Қолынан түсіріп алды таяғын да.
Жігіттің перизаттан есі кетіп,
Тұрғанын білмей қалды қай жағында.

Сүт сәуле – көктегі алыс ай қарасы,
Мәні қыз сияқты емес бай баласы.
Келіп тұр пейіш жақтан бір періште,
Жарқырап кетті жігіт айналасы.

Айылын әдеп сақтап жия білген,
Қызға бұл таң қалса да қия жүрген.
– Аулыңа қайтқың сенің келе ме? – деп,
Тіл қатты Мәні қыз да биязы үнмен.

Кім білсін зиянды ой, қырсық-ақ па?
Табанда тіл қата алмай бұл сұраққа.
Сөзіне Мәні қыздың сенбей қалып,
Айта алмай жауап сөзін тұр шыдап та.

Қысылды. Қысылған соң терлемей ме,
Терлейді үрей ойнап өңге бейне.
Жай ғана дыбыстап ол күбірледі:
– Не дейді? Қайтасың ба елге дей ме?

Бір сәтке суытқанда қырау ішін,
Бойынан тасытқандай бұла күшін.
Сенбеді: «Бұл қызың да қулық жасап»,
Ойлады: «Айтты ма деп сынау үшін».

Рас-ақ, бұл сөзден ол күдіктенді,
Бұл сөзден өтірік деп үріккен-ді.
– Аулыңа қайтасың ба? – деді тағы,
Намыс қой жауап бермеу жігітке енді.
– Ой, Алла-ай, айтқан сөзің расың ба?
Бұл сөзге еш тайқымай тұрасың ба?
Құдайым сәрсенбіде жолды берсе,
Менімен ұзақ жолға шығасың ба?

Мәні қыз «дәл солай» деп күлімдеді,
Сөзінен еш күдік те білінбеді.
Қуанып шаттанғаннан батыр жігіт:
– Туды ғой енді менің күнім, – деді.

– Ықылас еттің маған өзің келіп,
Тұрсың ғой уәделесіп сөзің беріп.
Мен сені көтерейін тас төбеме,
Кетпейін шайтаншылық сезімге еріп.

Жігіт те қуанышын жасырмады,
Бар жайды баяндады басындағы.
«Құдайым, құлдықтан бұл құтылам» деп
Көңілдің қандай жақсы тасынғаны.

Сол кезде Мәні қыздан ерік кетті,
Жігітке балқып бойы еріп кетті.
– Жігітім, батырым, –
деп құшаққа алып,
Еріксіз дегеніне көніп кетті.

– Ал енді атым дайым, қару дайын,
Жаныңа мен сияқты ару дайын.
Жүреміз сәрсенбінің сәтінде, – деп,
Мәні қыз лаулай түсті жалындайын.

Жүрегі елі жаққа алып ұшты,
Қоздырып бойындағы сағынышты.
Өтпеді күткен уақыт жылдай болып,
Қайтсін ол – уақытқа бағынышты.

Баяғы әкірең әке Қалдығара,
Бақылап жүргендей іс алдын ала.
Қасына жүріп кетсе зарлауменен,
Айтатын сөзі ылғи: «Малды қара».

Жүргенде көп істерді атқарып-ақ,
Бақыра береді бай мақтанып-ақ.
Жүр енді батыр жігіт кім-кімнен де
Аяғын аңдап басып сақтанып-ақ.

* * *

Кәдімгі мамыражай мамыр айы,
Тамылжып тұрған шағы ауа райы.
Мұнда да көңіл ашар шабыт шақ мол,
Күлімдеп өтіп еді сәуір айы.

Жер беті көкораймен көмкерілген,
Аспан тұр төбеңе кеп төңкерілген.
Гүл иісі жұпар шашып жанды иітіп,
Құс әні көңіл күйін шерте білген.

Сәрсенбі.
Таңның алды. Жігіт ояу,
Жылжып жай келді Мәні еппен баяу.
Қос қара ат жетегінде дайындалған,
Қасына жігіттің кеп тұрды таяу.

– Батырым, сыйынайық бір Құдайға,
Жол болғай келген іс қой бұл ыңғайға.
Бетке ал, ауылыңа бағдар түзе,
Мін атқа. Тарттық әйдә! Елің қайда?

Сол кезде жігіт шапшаң мінді атқа,
Жеткендей ойындағы бір мұратқа.
Ауылдан аяңменен ұзай берді,
Шыққан соң құйындатты бір қыратқа.

Алдағы жүретұғын асу қанша?
Желігі асық көңіл басылғанша.
Жіберді атты еркіне тізгін тартпай,
Күн шығып алдан сәуле шашылғанша.

Екі аты Қалдекеңнің сүлік қара,
Келетін әр бәйгіде шығып дара.
Ақпа еді қара салмас алдына ешбір,
Көнбейтін басын тартқан ырыққа да.

Екі аты Қалдыкеңнің құты еді,
Жасынан сұлы, сүтпен күтіп еді.
Қойса егер қос қара атты ақ жабулап,
Көргендер көзі түссе түкіреді.

Арасын құм шағылдың жарып өтіп,
Шығады өзендерден салып өтіп.
Қалдыкең қос қарадан айрылған соң,
Япыр-ай, қалды ма екен жаны кетіп?!

Құла түз шаба бермей аяулы атты
Бір қарқын жортақтатты, аяңдатты.
Күн көзі тұсау бойы көтеріле
Қыз-жігіт жүрістерін баяулатты.

Аттарға аяң, бүлкіл жүріс берді,
Әр жерде бел босатып, тыныс берді.
Бір көлдің басына кеп тұрғанында,
Мәні қыз: «Батыр, ал» деп қылыш берді.

Босатып бауын артқан көп жүгінің,
Сонан соң аузын ашты қоржынының.
Екеуі отырып алып тамақтанды,
Ие боп қызығына сол күнінің.

Қалмақтың көбіне-көп наны малта,
Жая-жал дастарқанда, қазы-қарта.
Батырға майда сөзбен әзіл айтып,
Отырды Мәні сұлу назын арта.

– Жастарға махаббат та ойын-із ғой,
Мәңгілік тұрмыс құру ойымыз ғой.
Ән салып жіберсейші, батырым-ау,
Бұл біздің кішігірім тойымыз ғой.

Көңілдің ән сарайын қанша ақтамақ?
Әрине өлең десе жан шаттанад.
Қазақша сөз ұйқасын батыр тауып,
Әуенін кетті екеуі қалмақшалап.

Мәні қыз тілге тартты батырыңды:
– Алсаңыз қалт жібермей ақылымды.
Түбінде мен сендікпін Құдай қосса,
Білдір тек ықыласпен мақұлыңды.

– Риза саған мәңгі Мәні, құрбым,
Боларсың өмірімнің сәні, құрбым.
Болғанда жан-жағыңды жарқыратар,
Мен сенің күннен ыстық жарығыңмын.

Сол кезде мейірленіп батырың да,
Деді ол, – Маған бақыт ақылың да.
Тебірене жүрегінен сөйлеп кетті,
Мәніге айтты сөздің татымын да.

Бірінші – құтқардыңыз азабымнан,
Көңілді арылттыңыз нала-мұңнан.
Екінші – туған жермен қауыштырып,
Әкеліп бір шығардың қазағымнан.

Үшінші – ақ дидарың Ай-Күнім боп,
Жүрдіңіз елге бастап айбыным боп.
Жалғанда Құдай қосқан жарым сенсің,
Өзіңнен асқан менде байлығым жоқ.

Мәні де күлім қағып, жүзі жайнап,
Көзінің жанарында нұры ойнап.
«Қоятын шартым бар» деп саған арнап,
Тағы да тәтті тілмен берді сайрап.

– Махаббат жолы ауыр, қиын қанша,
Түбінде мен сендік боп бұйырғанша.
Айтпайық жеңіл сөзді желікке еріп,
Шыдайық ақ некеміз қиылғанша.

Жылы ұстап жүзімізді, бетімізді,
Қадірлейік ықылас-ниетімізді.
Біріміз-бірімізге қосылғанша,
Көрсетпейік жалаңаш етімізді.

Айтылған сөз байласып осы шартқа,
Мінеді кідірмей-ақ тағы да атқа.
Тағы да ілгеріге құстай ұшып,
Келеді көзін салмай шыққан артқа.

Сонымен, жүріп олар үш күн, үш түн,
Басты кеп Мұғалжардай таудың үстін.
Айнала жатқан толып шалқар көлдер,
Өзің біл: шағылға ауна, суға түскін.

Қызықтап табиғаттың құбылысын,
Сырларын құпиялы ұғу үшін.
Тағы да шығыс жаққа бір күн жүрді,
Туған жер кіндігінен шығу үшін.

Қырда гүл, көлде құрақ, сайда қайың,
Табиғат көрінісінен айналайын.
Жағасы нардай қамыс, мөлдір суы,
Бір өзен жарқырады айнадайын.

– Көрмейміз табиғаттың сырын айып,
Өзенге мынау жатқан жуынайық.
Жұмағы дүниенің осы емес пе?
Жағаға ат суытып тынығайық.

Айтты да осы сөзін Мәні кетті,
Жүзуге су төсінде ол кәнігі епті.
Көзбен барлап, көңілі қимаса да,
Жылыстап жігітінен әрі кетті.

Жылыстап жігітінен Мәні кетті,
Кірленбей бойдағы ақ ары кетті.
Сүйді ол дін жолымен әділетті,
Шырмалмай ләззатқа тәні кетті.

Артына күлім қағып бір қарады,
Сол қалпы жадыраңқы түр-қабағы.
Жігітке «Батырым» деп,
үн қатты да,
Жағалап кете барды гүл жағаны.

Жарға жай су толқыны соғылуда,
Жағада жардай қамыс, соны ну да.
Жанынан Мәні алыстап ұзаған соң,
Жігіт те суға түсті шомылуға.
Күтіп ол суда жүрді Мәні қызды,
Сүңгіді сүйрік іздеп жаны қызды.
Салмайды көзін де бір Мәні жаққа,
– Ақтай біз сақтаймыз – деп арымызды.

Батырың күтті, күтті, ұзақ күтті,
Бойынан тағат кетіп мың аптықты.
Көз салды Мәні жаққа дыбыс тыңдап,
Не пайда құс әнінен құлақ бітті.

Шошынып Ырғыз өзен ағысына,
Жүгірді жағажайға жан ұшыра.
Жау болып көрінді әлгі сұлулық та,
Құс әні, суы-нуы, қамысы да.

Жын, пері асырды ма айласын көп?
Аруақ тигізбей ме пайдасын көп?
Жағаға шығып алып, айғай салды,
– Мәнім-ау,
Мәнім менің, қайдасың? – деп.

Япыр-ай, аман ба екен? Мәні қайда?
Мәнісіз дүниенің сәні қайда?
Барымша жүгірейін жүрегімді ап,
Кеудемнің шықпай тұрған жаны қайда?

Әп-сәтте қалды батыр буда жүдеп,
Шулы мұң құлағына тұнады кеп.
Қалтырап буын-буын босап кетті,
Бір пәле сезеді ме мына жүрек.

Бұзды да бұлт қаптады жарқын жайды,
Найзағай оқтын-оқтын жарқырады.
Қап-қара қалың қою бұлт астында,
Қарғалар қаптай ұшып қарқылдайды.

Қоздырып қимылменен делебеңді,
Жүгіріп жаға бойлап келеді енді.
Үрейлі қауіптің ол алдын тосып,
Қолында жарқылдайды селебе енді.

Япыр-ай кездесті ме бір мықтыға?
Өзі жоқ, жер жұтты ма, су жұтты ма?
Жағада жатыр шешкен киімдері
Жүгірді ашуына булықты да.

Жапырып жүрген шөпті бір із жатыр,
Іздеді, іздеді ол қызу, қапыл.
Шығыпты қырға қарай бет алысы,
Таппақшы сол бір жақтан қызын батыр.

Жүгірді жар жағалап сол із жаққа,
Келеді еңіреп те, аңырап та.
«Мәні» деп айғайлайды ауыз жаппай,
Қалғандай күллі дала қаңырап та.

Зерек жан, батыр әр кез түзге күшті,
Бағытын біліп алды – ізге түсті.
Алдында жарқыраған бір дөң жатыр,
Дөңде сол айдаһар да көзге түсті.

Аңдады айдаһарды мықтап батыр,
Қамсыз ол, еш алаңсыз ұйықтап жатыр.
Ашумен бойын тіптен бекем ұстап,
Ішіне селебені салды қапыл.

Күш салып қолындағы бар қаруға,
Жарды ішін, болмайды енді алдануға.
Құйрықтан тіліп, бастан бір-ақ шықты,
Айдаһар келмеді әлі қозғалуға.

Қаншама берсе де ерік шыдамына,
Шыдай ма, дауыстап ол жылады да.
Құшақтап бауырына қысып алып:
«Мәні» деп айқайлады құлағына.

Дыбыс жоқ, аппақ дене сұлық қалған,
Тыныс жоқ, ыстық дене суып қалған.
Дей берді ол: – Тірісің ғой, тірісің ғой,
Не дейін бұл сәтіңе құрып қалған.

Шығарып ыңырана үнін боздай,
Дәмесі келер күнгі сенімге озбай.
Зарлады құлағына ернін тақап,
Іркілмей ішіндегі шерін қозғай.

Көзіңді аш, Мәнім менің, сәнім менің,
Шығуға әзір тұр ғой жаным менің.
Қайғымның қайтарар ем бетін кері,
Бетімді бір шарпыса жалын-демің.

Көтерші басыңды тез, Мәнім менің,
Жиналсын бойыма кеп әлім менің.
Маздатып махаббаттың отын жағып,
Қайтадан шарықтасын әнім менің.

Естілген құлағыма қыз үнің-ай,
Лезде ғайып болған қызығым-ай.
Мәнім-ау, енді қайтып жалғанар ма?
Қапыда шорт үзілген үзігім-ай.

Жол болған елге қайтар бұрымың-ай,
Ар болған ақ ниетті ырымың-ай.
Арманым ақ төсекте бас қосу ед
Япыр-ай, көп көрді ғой мұны Құдай.

Иә, Құдай, жарылқа деп сыйынамын,
Жылаймын, еңіреймін құри жаным.
Жетерлік қызмет еттің өміріме,
Ықылас-ниетіңе ризамын.

Қапыда жанып, сөнген шырағым-ай,
Пәниде шаршамасын пырағың-ай.
Дүние тарлық етті-ау екеумізге
Не жаздық, аямады-ау мына Құдай?!

Мұңдасып қайғы толы тағдырымен,
Осылай жоқтады кеп зарлы үнімен.
Көз жасын төкті келіп табиғат та,
Сабалап дала төсін жаңбырымен.

Сақтайтын жаныңызды әр жаудан да,
Ісінде тағдырыңның таңдау бар ма?
Тапсыру міндет жарын жер қойнына,
Пайда жоқ жылаудан да, зарлаудан да.

Бітпейді ісің босқа жүріспенен,
Болмайды жерлеуде өлік тұрыс деген.
Қасында ақылдасар ешкімі жоқ,
Мәніге қазды қабір қылышпенен.

Айрылып сырласынан, мұңдасынан,
Батырың қазды қабір қыр басынан.
Басына мәңгі белгі қашап қойды,
Даланың ойып алып сұр тасынан.

Шындық қой бұл арналған көпке нағыз,
Жүрекпен, ой көзімен дөп қараңыз.
Оятып көңілдерін ғашықтардың,
Осылай біздерге бұл жеткен аңыз.

АҚТӨБЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.