ЫНТЫМАҚ – ЖОЛ КӨРСЕТЕР БАҒДАР

Тәңірберген ҚАСЫМБЕРКЕБАЕВ,
«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ-нің директоры

Ұлы Даланы мекендеген жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір ұлт өкілдері еліміздегі бірліктің бекемдігін бұзбай, бейбіт өмір сүруде. Осыншама ұлт пен ұлыстың өкілі бірге тұрып, араласа қызмет етуі, ынтымақ пен ырысты жарас­тырып отырғаны – үлкен жетістік. Бұл жерде­ қоғамдық келісім мен этносаралық ынтымақты нығайту мақсатында жұмыс атқаратын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» алар орны ерекше.

Бүгінгі күні Жетісу жерінде ынтымағы жарасқан 105 этностың өкілі өзара тату-тәтті өмір сүруде. Сонымен қатар 71 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның 26-сы облыстық деңгейде әртүрлі шаралар өткізумен айналысса, 35-і аудандарда және 10-ы өңірдегі Талдықорған, Қапшағай, Текелі сынды қалаларда тіркелген. Осыған қарап, елімізде өмір сүріп жатқан өзге этностардың мәдениетінің дамып, салт-дәстүрінің сақталуына лайықты жағдай жасалғанын байқау қиын емес. Облыстық этномәдени бірлестіктер мен олардың аудан, қалалардағы филиалдары Достық үйінде республикалық, облыстық, қалалық, аудан деңгейінде өтетін әртүрлі форматтағы әлеуметтік-мәдени шараларға белсенді түрде қатысады.
Былтыр облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы­ халықтың береке-бірлігін нығайту, мәдени-рухани байланысын жандандыру, ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту мақсатында бірнеше ауқымды жоба ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Бейбітшілік пен келісім жол картасы», «Ұлы Жібек жолы бойындағы сұхбат», «Рухы ­бекем, киелі мекен – Жетісу» ғылыми-танымдық экспедициясы, «Қазақтану» жобасының «Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» мәдени-көпшілік шарасы аясында «Қымызмұрындық» фестивалі, «Туған жер», «Бірлік» халықаралық жастар лагері және «100 жаңа есім: табысты болу жолы» жазғы мектебінің жұмысы жоғары деңгейде өткізіліп, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Енді биылдан бастап «Қымызмұрындық» фестивалі республикалық бағдарлама ретінде енгізілмекші. Одан бөлек, Достық үйлері арасында тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл, Түркістан облыстары­ мен Шымкент қаласында «Ынтымақ шеруі» фестивалі, шекара аймағындағы ынтымақтастық бойынша Татарстан республикасының астанасы Қазан қаласында «Достықта жоқ шекара» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылды. ­Сонымен қатар қоғамдық келісім кеңестерінің қызметіне арналған «Ауылым – алтын қазынам» V облыстық форумы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы «Өзіңді көрсет» стартапы мен «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасын іске асыруда жалпықазақстандық «Астана бейбітшілік бесігі» атты ашық диктант жазу шарасы өткізілді.
Жетісулық этномәдени бірлестіктер еліміздегі мерейлі мерекелер аясында ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтуға арналған шаралар ұйымдастырды. Мысалы, Достық үйінде «Күміс тамыр» облыстық Қытай этномәдени бірлестігі «Абыройы асқақ Астана!» атты форум, облыстық Әзербайжан этномәдени бірлестігі «Астана – мемлекеттік тілдің тірегі» атты дөңгелек үстел, Талдықорған аумақтық «Видергебурт» неміс қоғамы Таубұлақ экокемпингінде «Мақтанышым – Астана» атты жазғы маусым лагерін, облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігі «Аналар күні» атты қайырымдылық акциясын, «Сафар» тәжік қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата Заңым – елдігімнің айғағы!» атты облыстық форумын өткізіп, көрерменнің көңілінен шыққан қадамдар жасады.
Жетісу жерінде өмір сүретін ұлттар мен ұлыстар мемлекеттік тілдің дамуына да өзіндік үлес қосып келеді. Мысалы, облыстық этнос өкілдері арасында «Көркем ой. Көркем тіл. Көркем сөз» атты байқау өтіп, қазақ тілінің мәртебесінің артуына қажетті қадам жасалды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан бірлік шаңырағы ұлтаралық қатынастарды сақтау мен нығайтуға, өңірде ғана емес, күллі республика бойынша ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамытуға үлес қосып келеді. Осындай тынымсыз әрі жемісті жұмыстың арқасында ҚР Президенті – Елбасы құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемде баламасы жоқ қоғамдық институтқа айналып отыр. Соған байланысты Достық үйінің жұмыс ауқымы да, маңыздылығы да жыл өткен сайын ұлғая түсуде.
Достық пен ынтымақ – бұзылмайтын қорған, жол көрсетер бағдар десек, өңірдегі әр этномәдени орталық өз мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік ала отырып, ел игілігі ­жолында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға белсенді қатысу арқылы Тәуелсіз Қазақстанның Көк байрағының аясына топтасу­да. Осыған орай Алматы облыстық Қазақстан халқы ­Ассамблеясы, Достық үйінің қызметкерлері мен белсенділеріне, этномәдени бірлестіктердің мүшелеріне, облыстағы барлық этнос өкілдеріне халықтың достығы мен бірлігін нығайтуға, ұлтаралық келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.