САУАБЫ МОЛ МЕЙРАМ

Мұсылман әлемінің ерекше қастерлі күндерінің бірі – Айт мерекесі. Жексенбі күні Айт мерекесі облыс мешіттерінде құрбан айт намазымен басталды. Бұл күні қараңғылық ыдыраған шақтан бастап мыңдаған жамағат облыстық мешітті бетке алды. Бәрінің ниеті –Айт намазына қатысып, ізгі амал жасау. 

Алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл көпшілікке діни насихат айтып, құрбан шалудың тәртіптері мен ­талабын түсіндіріп өтті. Құрбан айт намазына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, жиналған қауымды айт мерекесімен құттықтады.
Ол сөзінде ізгілік пен мейірімділіктің нышаны болған айтулы мереке адамдарды қайырымдылық пен жанашырлыққа үндейтінін, айт күндері мұқтаж жандарға көрсетілген қамқорлық шаралары жүректерді мейірімге бөлейтінін атап өтті. «Сауабы мол мерекеде елдің елдігі, имандылығы, бірлігі байқалады. Имандылықтың ішінен талай ізгі қасиет туындайды. Көпшіліктің бойындағы мейірім, имандылық арта берсін! Құрбан айт құтты болсын!» деді Асқар Исабекұлы.
Мешіттің арнайы құрбан шалатын орнында өңір басшысы және бірқатар азаматтар құрбан шалды. Мешітте шалынған құрбан малдың еті алдын ала алынған арнайы тізім бойынша мұқтаж жандарға таратылды. Мұнан кейін барша жамағат жақындарына, ағайын-туыс, достарының үйіне айттауға кірісіп кетті. Қай аулада, қай үйде болса да, шынайы көңіл, риясыз тілек айтылып, Құрбан айтқа деген құрмет байқалып жатты. Осы күні ­Тараз қаласындағы төрт мешітте мал сойылып, құрбан шалынды.

Ескен Алдаберген
ТАРАЗ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.