Ағаш егу – сауапты іс

Алматыдағы «Atakent» саябағында «Журналистер аллеясының» салтанатты ашылуы өтті. Аллеяға БАҚ өкілдері өз қолдарымен алма ағаштарын отырғызды.
Жергілікті «Достар клубының» белсенділері қатысушыларға тал егуге қажетті құралдар таратып, ағаштың төлқұжатын тапсырды. Әр ағашқа оны отырғызған журналистің аты-жөні жазылған тақтайша бекітілді. Журналистер аллеясына жалпы саны 70 ағаш егілді.
«Қазір «Атакент» демалыс саябағында 9500-дей ағаш бар. Алдағы уақытта ағаштардың санын көбейту жоспарда тұр. «Өз ағашыңды суар» ­деген ұранмен әр журналиске әлеуметтік желі арқылы эстафета жолдаймыз» деді «Атакенттегі Достар клубының» қоғамдық бірлестігінің президенті ­Бауыржан Баякешов.
Қала орталығындағы бұл жерге күн сайын 10 мыңға жуық тұрғын келіп демалады. Яғни әр адамға бір ағаштан келеді. Алайда қарқынды өсіп келе жатқан қала үшін көк желектің көп болғаны жақсы.
50 гектар жерді алып жатқан сая­­бақ қала тұрғындарының ғана емес, еліміздің өзге өңірі мен шетелден келген туристердің де қызығушылығын тудыруда. Былтыр ол жерлерді өңдеп, веложол мен демалыс орны салынды. Бұдан кейін көгалдандыру жұмысы қолға алынды. Алдағы уақытта жас ағаштарды тұрақты суарып, көшеттерге күтім жасалмақ.
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің журналисі Нұрлан Құмар өз ұжымы атынан ағаш екті. «Ағаш егу – сауапты іс. Өзім көптеген ағаштарды өсіргенмін. Қазіргі таңда елімізде ағаш егу мәселесін бүкіл өңірімізде жаппай қолға алу керек деп ойлаймын. Егер еліміз жасыл баққа айналса табиғатымыз жөнделіп, адам баласының өмір сүруі, денсаулығы жақсаратыны сөзсіз. Жасыл – бұл менің түсім. Сондықтан ағаш егуді мен бала кезден бері қолдап келемін» дейді Нұрлан.
Алманың «Голд раш» түрін ­«Алтын ғажайыбы» деп атайды. Егер бұл алманың сорты жақсы күтілсе, бір талдан 100 келі өнім жинап алуға болады екен.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.