Алтын аймақ

Өркенді өндіріс
Өткен аптада Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы бірқатар нысанды аралап көрді.
Өңірдің индустриялық әлеуетімен ­танысу «Бёмер Арматура» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды. Мемлекет басшысы содан кейін «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Қазақстандағы ескі көлік құралдарын жоятын тұңғыш зауытта болды. «Әлфарух» көтерме-бөлу орталығында кросс-док, климаттық қойма мен көтерме-бөлшек орталығын аралап көрді.
Мемлекет басшысы Пришахтинскі­дегі жаңа балалар емханасына бар­ған­да емдеу кабинеттерін, заманауи­ медициналық құрал-жабдықтарды қарап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті. Сондай-ақ Президентке облыстың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізуге дайындығы жөнінде айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы жөнінде кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанға жаһандық, әсіресе өңірлік нарықта ­та­бысты бәсекеге қабілетті, қуатты әрі технологиялық тұрғыдан прогрессивті өнеркәсіп қажет екенін атап өтті.
«Біз әлемдік конъюнктураның на­шарлаған жағдайында бәсекенің артқанын, сауда қақтығыстарының шиеленіскенін, жалпы жаһандық қарама-қайшылықтарды бақылап отырмыз. Біз көріп отырғандай, әлем бір орнында тұрмайды. Сондықтан біз уақыттан қалып қоймауымыз қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кездесуінің мақсаты экономикадағы құрылымдық өзгерістерді табысты іске асыру үшін шешуге тиісті мәселелерді талқылау екенін айтты.
«Индустрияландыру жылдары­ тартылған инвестиция көлемі 8 триллион­ теңге болатын 1 250 жаңа өнеркәсіп орындары пайда болды. 120 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды» деп, Мемлекет басшы­сы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды.
Мемлекет басшысы отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына серпін беретін бірқатар нақты шараларды ұсынды. Оның айтуынша, перспективті экспорт нарықтарына талдау жасау, осы нарықтарға шығу үшін кедендік салықтарды, тарифтік және басқа да талаптарды зерттеу, тиімді көлік-логистикалық шешімдерді анықтау қажет.
Назар аударатын тағы бір маңызды сала – сапалы маркетинг. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ­жал­пы­мемлекеттік бренд, ал оның базасында инвестициялық, туристік және салалық брендтер қалыптастыру жөніндегі тапсырма әлі орындалмаған. Президенттің айтуынша, мұндай ахуал отандық өнім үшін шатырлы брендтерді қалыптастыруда да байқалады.
Мемлекет басшысы Үкіметке бренд қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды аяқтауға екі ай уақыт берді.
Мемлекет басшысы сөйлеген ­сө­зінде инвестиция саласындағы ахуалға жан-жақты талдау жасады. Атап айт­қанда, Қазақстан Президенті еркін экономикалық және индустриялық аймақтар «инвестиция тарту орындарына» толықтай айнала алмағанын атап өтті.
Сонымен қатар Президент жоғары қайта жасау өндірісінің, индустрия 4.0 элементтері мен инновацияны ­да­мытудың, индустрияландыруға қолдау көрсету құралдарының тиімділігін арт­тырудың перспективаларына тоқталды.
«Жаңа экономиканы құру базалық салаларды инновациялық және ғылыми-техникалық тұрғыдан ілгерілетуге, сондай-ақ «болашақ экономикасының» салаларын дамытуға негізделуге тиіс» деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы «Kazakhmys Smelting» ЖШС-нің Жезқазған мыс балқыту зауытында болғанда әлемде сұранысқа ие мол өнім түрлерін ­шы­ғаратын өнеркәсіп орнының өндіріс цехтарының жұмысымен танысты.
Кездесуде өткен жылы желтоқсанда зауытта мыс өндірісін жылына 100 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік беретін екінші кенқыздыру пеші іске қосылғаны жөнінде айтылды.
Президент зауыт жұмысшыларымен әңгімелесу барысында ел игілігі үшін сіңірген зор еңбектері үшін оларға ризашылық білдіріп, мемлекет тарапынан өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру шаралары жалғаса беретінін атап өтті.

Ұлытауды бағалау –парыз
Мемлекет басшысы «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумының ­жұ­мысына қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде қазақ халқы үшін Ұлытаудың тарихи мәні мен киелілігін, сондай-ақ бұл қасиетті мекеннің этно­графиялық, зияраттық және эко­логиялық туризмді дамыту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
– Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойлас­тыруымыз керек. Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени тур нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік және отандық туристер үшін Қазақстанда тартымды жерлерді қалыптастыру, сондай-ақ этнотуризмді дамыту жөнінде өзінің пікірімен бөлісті.
– Көптеген шетелдік туристерді бес жұлдызды қонақүй, курорт сияқты әмбебап дүниелер жалықтырды. Оларды әртүрлі халықтардың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеу, барған елдің тарихымен танысу қызықтырады. Сондықтан әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға және көне әрі қайта қалпына келтірілген маңызды оқиғаларға қатысуға деген сұраныс артып отыр. Біз осындай үрдістерді пайдалануымыз қажет. Қазақстанның әлемге ұсынатын бірегей орындары бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның туристік әлеуеті мен оны дамытудың міндеттері туралы айта келіп, кәсіби кадрларды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
– Туризм – өте күрделі сала. Тиісті мамандарды дайындауымыз керек. Сондықтан Туризм университетін ашу жөнінде шешім қабылдадық. Дәл осы салада жұмыс істей алатын білікті кадр­ларды дайындауымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент туризмді дамыту аясында өңірде көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру және Қазақстанның барлық рекреациялық аймағында қонақүйлердің, тамақ­танатын және демалатын орындардың құрылысына кәсіпкерлерді тарту қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы креативті және инновациялық шешімдердің көмегімен Қазақстанның туристік әлеуетінің ақпараттық қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
– Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туристерді Қазақстан ­туралы, ең алдымен, Ұлытау және оның басқа да тарихи орындары жөнінде қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін интеграцияланған қолданбалы бағдарлама немесе платформа әзірлеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлытаудың киелі нысандары отандық және шетелдік туристерді тартатын орындарға айналатынына сенім білдірді.
– Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс. Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет. Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдық рухты дамытуға пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.
Форум соңында Қазақстан Пре­зи­денті «Jezkiik» халықаралық музыкалық фестивальінің концерттік бағдарламасын көрді, сондай-ақ қалпына келтірілген ұлттық киімдер топтамасы қойылған және атты-шабандоздардың шоуы көрсетіліп жатқан этноауылды тамашалады.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.