«Көкбастаудағы» аламан

 Алматы облысында ұлттық спорт ­ойындарын насихаттауға жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жарыстар мен дүбірлі додалардың мәні мен мағынасы бөлек. Олардың арасында бүгінде тұрақты түрде өткізіліп отыратын, яғни дәстүрге айналған сайыстар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылған Қазақстан ­Республикасы Президентінің Кубогына арналған ат спорты түрлерінің республикалық жарысы. 

Сарша тамыздың салқын тарта бастаған таңымен таласа тұрып, Көкбастау жазығына қарай жан-жақтан ағылған жұртта есеп болмады. Бәйге десе бәрін ысырып қойып, күндік жерден ат арытып жететін халықтың ұрпағы емес пе, Ата Заң мерейтойы құрметіне Елбасы жүлдесі сарапқа түсетін аламанды қызықтауға келгендер белгіленген уақытта лезде жиналды. Атшабар алаңы мерекеге сай безендіріліп, төбеде түрлі-түсті жарыс жалау­лары желбірейді. Өнерпаздардың орындауын­да ән мен жыр әуелей құйқылжиды. Биыл бұл ауқымды шара осымен 21-рет өткізіліп отыр. Салтанатты түрде ашылған шарада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп, ұлттық ат спорт ойындарының жанкүйерлерін Қазақстанның одан әрі өркендеуі мен қоғамдық келісімінің берік кепілі болып табылатын ел Конституция­сымен құттықтады. «Бүгін Конституция күніне орай ұлттық ат спорты түрлерінен Елбасы Кубогына республикалық жарыс өткізіп отырмыз. Бұл шараны Алматы облысында жыл сайын­ өткізу дәстүрге айналған. Өйткені Жетісу өңірі салт-дәстүрге құрметпен қарап, салауатты өмір салтын насихаттауға, ұлттық спорттың дамуына ерекше назар аударып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ­Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жылқыны қолға үйретудің адамзат тарихындағы рөліне, халқымыздың атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының қыр-сырына ерекше тоқталған болатын. Сол Дала өркениетінің жаңа дәуірдегі заңды жалғасы ретінде ұлттық ат спорты түрлерінен осындай жарыстарды өткізудің маңызы зор. «Ат – ер қанаты» дейтін халқымыздың аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, аламан бәйге, теңге алу сияқты ұлттық ойын түрлері де ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Бүгінгі жарыста аталған ойындардың мән-маңызына, сән-салтанатына спортсүйер қауым тәнті болады деп ойлаймын» деген облыс әкімі шабандоздарға сәттілік тілеп, жарысты салтанатты түрде ашып берді.
Мұнан соң сөз алған Жамбыл ауданы ақсақалдарының батасынан кейін бәйгеге қатысушылар жарысты бастап кетті.
Жарыс қорытындысы бойынша тай ­жа­рысында оқ бойы озып келген Жамбыл ­облысынан қатысқан «Шөнгер» атты жүйрік 200 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды. Тоғыз шақырымдық жорға аттар ­жарысында Қырғыз Республикасының атынан қатысқан «Қабылан» атты жүйрік бірінші келді. Он бір шақырымдық құнан бәйгеде Қарасай ауданының «Қарлығашы» бірінші орынды иеленді. Он алты шақырымға созылған топ бәйгеде бірінші орынды Алакөл ауданының атынан топқа қосылған «Шымбұлақ» атты сәйгүлік иеленді. Жеңім­пазға «Нива» автокөлігінің кілті ­табысталды. Осыдан кейін 25 шақырымдық Аламан бәйгенің де кезегі келіп жетті. Оған еліміздің әр түкпірінен 40-қа жуық жүйрік қосылды. Нәтижесінде жеке дара озып, топты жарған Қарасай ауданының «Қаракөз» атты жүйрігін тізгіндеген Байғұрман Сабыржанға «УАЗ ­Патриот» автокөлігінің кілті табысталды.
Жалпы ат жарыстардың ұтысына 7 автокөлік және 2 миллион 300 мың теңге ақшалай жүлде тігілді.
Сонымен, жұртшылықтың делебесін қоз­дырған бәйге өз мәресіне жетті. Халықтың одан алған әсері көпке дейін ұмытылмасы анық. Ең бастысы – ұлттық спорт ойындарымыздың мерейі үстем болып, насихаты арта түсті.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.