Ұстаз ұлағаты

«Ұстаз! Сенің алдыңда кішірейе, тізе бүгуге мұрсат ет!..». Маған орыстың ұлы жазушысы Николай Некрасов айтқан осы сөздің мәні мен мағынасы тым тереңде жатқандай көрінеді. Өйткені мына өмірге келген әр адам алдына белгілі бір үлкен мақсат қойып, соған жету жолында тынымсыз ізденіспен күресіп өтеді ғой. Сол үшін ол көбіне білмегенін үйрену, қолынан келмегенін меңгеру жолында ізденіп, тыным таппай ойланып жүреді. Себебі сол ойлаған мақсат-мұратымыздың арқасында бәріміз де мына өмірде шын бақытқа қол жеткізіп, орындалған армандарымызбен қызықты да мәнді ғұмыр кешетін боламыз деп түсінеріміз анық… Сол секілді мен де мына дүниеге келген соң, алдыма үлкен мақсаттар қойып өстім. Соның ішіндегі ең маңыздысы – жүрегім қалаған журналист болу болатын-ды. Олай дейтінім, менің ұғымымда журналист болу – әлсіздердің сөзін сөйлеу, әділетсіздікке қарсы күресу және шындықтың шылбырынан ұстап, айырылмай өмір сүру.

Осы ойлаған арман-мақсатта­рымның орындалуы үшін маған өмірде тынымсыз оқып-білу, жатпай-тұрмай іздену мен меңгеру қажет болды. Сондықтан да әрқашан алыңғы қатардан табылып,­ озаттардың ішіндегі үздігі болуға ­тырысып бақтым. Мінеки, түптің түбінде осы ерік-жігердің арқасында өзім қалаған білімнің биігіне көтеріліп, Алматы қаласындағы №45-ші теміржол орта мектебін алтын медальмен бітіріп шықтым. Әрине, бұл ретте мектеп мұғалімдері менің болашақ өміріме айқын жолдама бергенін бүгінде зор мақтанышпен айта аламын. Олай ойлайтыным, олар әр пән бойынша «бестік» деген баға қоя отырып, сол арқылы бізге зор сеніммен, үлкен үмітпен, айқын сүйіспеншілікпен қарай білгенін енді қазір несіне жасырамын?.. Сол себепті ұстаздарымыз бізді шын жүрегімен жақсы көріп, бар ниетімен сенім артты. Оның үстіне, аяулы ұстаздарым бізге үлкен өмірде талмай-шаршамай ұша алатын қанат жасап бергенін де бүгінде біз сезініп, біліп жатырмыз. Сөйтіп, осылай берілген үздік білім мен керемет тәлім-тәрбие біздің болашағымызға үлкен де кең даңғыл жол ашты. Соның нәтижесінде, біз содан кейінгі кездерде оқуда да, жұмыста да ұстаздарымыздың атына жаман сөз айтылмайтындай етіп өзімізді тек жақсы жағымыздан және алдыңғы қатарлардан көрсете білгеніміз өтірік емес. Олай дейтініміз, біз сол кезде-ақ мұның бәрі ұстаздарымызға біздің бақытты да табысты өміріміз үшін айтқан алғысымыздың өтеуі деп білдік және солай түсіндік те…
Мұның барлығы маған содан кейін жоғары оқу орнына, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетіне түскенде де үлкен сеп болды. Осы ретте сабақ беріп, дәріс оқыған құрметті де қадірменді ұстаздарыма шын көңілімнен алғы­сымды білдіремін. Әсіресе, университеттің журналистика фаультетін 1986 жылы бітірген қазақ және орыс бөлімдері түлектерінің барлық ұстаздар қауымына айтар алғыстары өте зор. Өйткені бізге білікті оқытушыларымыздың берген терең білімдері мен саналы тәрбиесі, әсіресе, факультет деканы, марқұм Темірбек Қожакеевтің темірдей тәртібі әлі күнге дейін есімізде мәң­гілікке жатталып қалды. Шынымды айтсам, сол кезде берген қатал тәртіп қыздар мен жігіттерге мықты қасиет пен рух дарыта­ алғанын несін жасырайын. Соның арқасында сол кездегі студенттердің барлығы жігерлі де намысқой болғаны қазір көпшілікке жақсы белгілі болар. Сонымен қатар фаультеттің ыстық-суығын бірдей көрген С.Қозыбаев, Т.Амандосов, Ю.Крикунов, А.Сагалович, Т.Сорокина, В.Мадзигон, Т.Бектуров, В.Скалон, Р.Калимуллин, А.Байдаулетов, А.Абдиманов, М.Барманкулов, Т.Искаков, Ш.Нургожина, Г.Ибраева, Л.Ахметова, А.Капуль, В.Горенман, В.Барчунов, Г.Булгакова, Р.Зуева, Н.Гайнуллина, Н.Хорошилова, С.Барлыбаева, Л.Барлыбаева, В.Тиморшин, В.Редкин, Н.Усачев, С.Матвиенко, Т.Морозова, Н.Омашев, У.Шарипов, Ш.Елеукенов, А.Мищенко, Ш.Сармурзина, Г.Дмитриева, М.Сарсенов, А.Калмырзаев, Н.Дмитровский, П.Сопкин, В.Сова секілді білікті оқытушылардың сабақ беру тәсілдері әлі күнге көбіміздің көз алдымызда. Олардың берген терең білімдері мен дұрыс тәрбиелері нәтижесінде студенттер жаман болған жоқ. Мысалы, сол кезде бізге журналистика негіздерінен басқа ұлдар мен қыздарға жалпы медицинадан, әскери өнерден, медбикелік біліктіліктен, дене тәрбиесінен сабақтар беріліп, оқу бітірген соң, көп жігіттердің әскери билеттер, ал қыздардың медбикелік мамандықтар бойынша кәдуілгі дипломдар алғанын жақсы білеміз. Бұдан басқа, оқу кезінде біздің студенттердің ауылшаруашылық жұмыстарына қатыстырылуы да оларды өзара жақындастыра түскенімен қоймай, бізге ұжымдық рух бергенін де қазір несіне жасырамыз. Бұл ретте Қостанай облысында өткен ауылшаруашылық жұмыстарына қатысқанымыз, картоп қазу және студенттік құрылыс ­отрядтары құрамында балабақшалар, ҚазҰУ қалашығын салу секілді жұмыстарға күліп-ойнап жүріп белсене қатысқанымыз, бәрі-бәрі бүгінде сағына еске алатын және еңбек қадірін білдіре түсетін студенттік қызықты күндер еді-ау!..
Қорыта айтқанда, ҚазҰУ-дың журналистика факультетін сол бір 1986 жылы бітіріп шыққан тү­лек­тердің арасынан бүгінгі таңда есімдері мұқым елге танымал болған қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының тәжірибелі тұлғалары шыққанын мақтанышпен айта аламын. Бүгінде жиі еске түседі, сол кездері аталған факультетте деканымыз Темірбек Қожакеев студенттер арасында көбірек болуды ойлап, күн сайын таңғы сағат ­алтыларда журфактың жатақханасына келіп, студенттерді ұйқысынан өзі ­оятып жүретін. Сосын олардың бәрін оқу корпусына бастап апарып, дауыс­тап түгендеп жүретін еді. Мінеки, ол кездегі журфактың оқытушылары өз жұмыстарын адал атқарып, студенттер біліміне жете мән беретін. Оқытушыларымызға мың тағзым!
Филология ғылымының канди­даттығын қорғап шыққан соң, менің өзім де жоғары оқу орындарында сабақ бердім. Оқытушыларымыздың біздің көңілімізге тоқыған бар байлығын студенттерімнің жүрегіне нұр етіп құюға талпындым. Тәртібін қадағаладым, жақсы білім алуларына көңіл бөлдім. Бір сөзбен айтқанда, біздің оқытушыларымыздың білім беру тәжірибесі мен оқыту әдіс-тәсілдерін қайталадым десем болады. Таза мөлдір бұлақтан алған нәрдей болған тәлім-тәрбиемнің пайдасы аз болмады. Сол үшін де журналистика факультетінің оқытушыларына өзімді мәңгі қарыздар санаймын.
Көбіміз ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген соң, түрлі салаларда белсенді еңбек ете білдік. Мысалы, тағы да қайталап айтуға болады, тек қана менің өзіме ондағы алған білімім қаржы органдары мен медицина саласында, ­сонымен қатар бірқатар өнеркәсіп орнында да еңбек етуіме мүмкіндік беріп, үлкен септігін тигізді. Сондықтан да әлі күнге өзімнің журналистика факультетінде оқығанымды мақтан тұтамын.

Жанна БАЙТЕЛЕСОВА,
филология ғылымының кандидаты,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.