МАМАНИЯ МЕКТЕБІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру қажеттігін алға тартып, бұл мәселені шешудің тиімді тұсы ретінде ауылда туып-өскен кәсіпкерлерді тарту қажет екенін тілге тиек еткен болатын.

Осы жоба аясында Алматы облысы Ақсу ауданы Ақсу ауылындағы жарты ғасырға жуық уақыт аралығында жөндеу жұмыстарын көрмеген Мамания орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл жаңа оқу жылында оқушыларын сән-салтанатымен қарсы алды. Төбесінен су сорғалап, терезе саңылауынан жел азынап, іргетасы қаланған 1964 жылдан бері едені өзгермеген, жылу жүйесі қираған мектеп жабылудың сәл-ақ алдында қалған. 640 оқушыға арналған мектепте бүгінде 250-ге жуық бала білім алып жатыр. Мектеп директорының айтуынша, бұрын ауылдық жерден көшіп кеткендер көп болғандықтан, бала саны азайған. Қазіргі жағдай қалыпты, ауыл халқы тұрақтанып, жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің қатары көбейіп келеді. Биыл 11-сыныпта 9 оқушы болса, 20-дан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.
Мектептің жай-күйін көріп, алыс-та қалған балалық шағымыз еске түсті. Алғашқы қоңырауда тақпақ айт­қан бүлдіршіндердің тәп-тәтті тіліне сүйсіндік. Оларды пәк таза күлкіге ­шомылдырып, қуаныш сыйлаған, ауылының мектебіне қол ұшын созып, дер кезінде көмекке келген, жанашырлық танытқан ақсулық азаматты сөзге тарттық.
«Бұл мекен – менің кіндік қаным тамған жер. Ата-бабаларым да осында жатыр. Отбасыммен келіп, құран оқытып тұрамын. Мен де осы мектепте оқығанмын, 1967 жылғы түлегімін. 640 оқушыға арналған мектепте біздің кезімізде 1000-нан астам бала оқыдық. Ауыл көшіп, тұрғын азайып, мектептің халі мүшкіл күйге түсіпті. Бірде аудан әкімі хабарласып, ол кісіден өзім оқыған мектептің жай-күйін сұрадым. Мектептің жағдайы жоқ, жабылатын түрі бар екенін байқадым. Отбасыммен ақылдаса келе, мектепке қамқорлық жасауды азаматтық парызым деп санап, жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Біраз шаруа жасалды. Атқарылар іс әлі жетеді, оны уақыт еншісіне қалдырайық. Мектеп директоры балабақшаға көмектесіңіз деп отыр. Мен өз басым мектеп директорын танымайды екенмін. Қарасам, 25 шақырымнан келіп істейді екен. Осында туып-өскен баламын ғой, бұл жердің қысының өте қатты болатынын жақсы білемін. Сондықтан мектептің жұмысының жандануына жұмсасын деген ниетпен, астына бір көлік алып бердік. Ауылда ішетін ­ауызсу бар, бақша ексін, ағаш суғарсын ­деген оймен су тарттық. Мектеп жақсы болса жерлестерім елге көшіп келер, ауыл­ды көгертер деген ниеттемін. Бәрін уақыт көрсетеді» деді кәсіпкер Молдияр Нұрбаев.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жан-жақтан демеуші іздеп, хал-қадірімізше жұмыс істеп жатырмыз. Солардың көш басында Молдияр Нұрбаев тұр. Осы ауылда туып-өсіп, Мамания мектебін бітірген Молдияр Қылшықұлы мектептің жай-күйімен танысқаннан кейін, азаматтық ­танытып, үлкен іс ­жасады. Мектептің ­шатырын тұтастай ауыстырып, мектеп ауласына асфальт төсетті. 168 дана терезе­ орнатты, жылу жүйесін жөндеуден өткізіп, мектептің сыртқы жұмыстарына қомақты қаражат бөлді. 10 дана компьютер, 5 дана принтер алып берді. Ағылшын, математика, информатика кабинеттерін жөндеуден өткізіп, мектеп жиһаздарымен қамтамасыз етті. Мектепке «Нива» автокөлігін сыйлады. Бау-бақша егіңдер деп, су тартқызды. Құдай бұйырса, келесі жылы футбол, волейбол алаңын жасап, болашақта ауыл балалары спортпен әуестеніп өссін, босқа уақыт өткізгенше спортқа жақын болсын деген ниетпен спорт кешенін ашу ойда бар. Сондай-ақ мектеп түлегі Қанат Артықбеков музыкалық аппарат, ал осы мектепте 40 жылдан астам еңбек еткен ұстаз, марқұм Ерлан Андабаевтың отбасы тарих пәні кабинетін толық жөндеуден өткізді. 1962 жылғы түлектер екі дана принтер сыйлады. Осындай демеушілердің көмегінің нәтижесінде биылғы оқу ­жылына дайындық бойынша мектеп аудан бойынша 1-ші орынға ие болды» дейді мектеп директоры Алпамыс Қазбанбетов.
Қазір 3 қабатты мектепке өң кірген. Ақсу аудандық білім бөлімінің басшысы Бегімбек Рамазанов аудандағы 41 мектептің 11-іне күрделі жөндеу қажет екенін, ал апатты жағдайдағы мектептің жоқ екенін айтса, Ақсу ауылының тұрғыны, 40 жылдай мектепте мұғалім болып жұмыс істеген, бүгінгі зейнеткер, мектептің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Ақсу ауылы ардагерлер алқа­сының төрағасы Арнай Амантаев мектептің 120 жылдық тарихына тоқталды.
«120 жылдық тарихы бар бұл мектептен кезінде үлкен-үлкен қызметкерлер, Үкімет адамдары шыққан. Қазақстанда алғаш болып Жәңгір хан, екінші Ыбырай­ Алтынсарин мектеп ашса, үшінші мектепті Жетісудың азаматы Маман Тұрысбеков отбасымен, балаларымен жиналып ашқан. Уфадан, Ташкенттен мұғалім алдырып, балаларға сабақ берген. Интернаты болған. Байқасаңыз, мектептің ішінде ескі мектептің макеті тұр. «Елу жылда – ел жаңа» дейміз. Қазір бәрі өзгеріп жатыр ғой, бағдарлама да өзгерді. Маман Тұрысбеков мектебін Ақсу ауылының орталығына әкеліп орналастырған. Ол уақытта бәрі бөре­неден жасалған еді, сол мектептің негізін көшіріп әкеліп,1937 жылдары іске қосқан. Маманның атын өзгертіп, 1999 жылға дейін бұл мектеп Ы.Алтынсарин атындағы мектеп болды. 1999 жылы 100 жылдығында Маманның ұрпақтары келіп, мектепті жаңалап, компьютер ­сыныбын ашып, ономастикалық комиссия арқылы мектептің атын қайтадан Мамания мектебі қылып ауыстырды. Бұл мектепке 1964 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазір, шүкір, «Туған жерге туың тік» деп, мектептің түлектері қол созып, екі жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деді ауыл ақсақалы.
Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов­ мектептің жаңарып, жарқырап тұруына көмек қолын созған демеушіге алғыс айтып, ел азаматтарын, кәсіп­керлерді «Ауыл – ел бесігі» жобасына белсенді атсалысып, туған жердің көркейіп, кемелденуіне үлес қосуға шақырды.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.